Бүгінгі төрткүл дүниенің бастан кешіп отырған жаһандық төңкерісі айғай-шу, дабыраға ұласты. Египеттегі саяси ахуал тынышталмай, Украинадағы Еуромайдан әлем назарын өзіне қаратып отыр. Батыс пен Шығыстың тіпті алыс материктегі алпауыт АҚШ-тың өзі дабырдың бел ортасын өзінің бақылау нысанына айналдырды. Аласапыран уақыт ендігі жерде мақсаты мен мүддесі бір, тарихи тамыры тереңнен байланысып жатқан елдердің өзін бір-біріне жауластырды. Әйтпесе, Украина жұрты мен орыстың жақындығы тарихымыздан белгілі. Бірақ Жириновский мен Лимоновтай оттаған ұлдары бар орыстың халқы астарлы оймен туыстас жұрты Украина мен де, экономикалық әріптес Қазақстанға тисуді қоймай келеді. Тіпті қаншама елдер осындай төңкерістер арқылы ақпараттар тасқынын жиілетіп отыр. Тыныш отырмай, екі ортаға іріткі салып отырған осындай әлемде кіммен ортақтасып, кіммен әріптес боламын деп те ойлайтынымыз тағы бар. Бүгінгі әлем елдері экономикалық әріптестік пен саяси реформалар үшін ортақ одақ құру жайын ғана көздеп жүр. Осындай кезде Елбасы: «Ресеймен жақындасу, біздің басты экономикалық мүддеміз үшін» деген болатын. Ал, әлемдегі аласапыран уақытта, кез келген қиындықтан жалғыз шығу мүмкін емес. Ендігі жерде мақсаты мен мүддесі ортақ, тарихи тамыры бір-біріне туыстас Түркі тілдес елдер одақтасып өмір сүруді ойлау керек. Қазірден жақындасуды ойлаcақ, бүгінгі славян тілдес елдердің кесірін кешпеуіміз анық.
Жалпы қазіргі әлем назары түркі жұртының ортақтасу мәселесіне басты назар аударып отыр. Алайда мұндай ортақтасудың нәтижесі бізге , саяси-экономикалық, тарихи-мәдени тұрғыдан орасан ұпай алып келетіні сөзсіз. Бірақ басқа одақтар бұл мақсаттарымыздың жүзеге асуына тосқауылдар қойып келеді. Тіпті кешегі кеңестік идеология салтанат құрып тұрған дәуірде түркі халықтары бір-бірінен айтарлықтай алшақтап, бас-басымен қайғы болып кеткені тарих парақтарында жазулы тұр. Дегенмен дәл бүгінгі кезеңде бұрынғы қол жетпеген құндылықтарымызды жандандыра түсуге, түркілер тарихын қайта парақтап, жаңаша бағытта одақтасуымызға мүмкіндіктер туды. Осы орайда Түркі одағын құрып, бұл ортадан қазақ халқы өзге түркі тілдес елдермен рухани жақындасуды ойлау қажет. Қазіргі қазақ халқының ұлттық рухани даму үрдісіндегі үлкен бір жолайрықтың бірі ұлттық мәдениетімізді одан ары дамыту бағыты. Руханиятымызға батыс мәдениетін үлгі еткеннен гөрі, түркі тектестерді тұтастыратын тура жолды тандайтын руханиятқа көшкеніміз дұрыс сияқты. Жаһандану бағытына бүтіндей бейімделе отыра, оның ауыр талаптарына шартсыз мойынсұна отыра, дербес рухани ұлт ретінде өмір сүруіміз қажет. Ендеше осы орайда үлкен күрдеулі мәселенің бірі тіл мәселесі. Тіл мәселесі – аса күрделі, аса жауапты мәселе. Тіл мәселесін тілге тиек етерде Түркі әлемін, түркі рухани дүниесін санамыздан ұмыт шығармау қажет. Бүгінгі күні Кеңес Одағы сияқты алып империяны құрағаннан гөрі, тілі, ділі, діні, әдебиеті мен мәдениеті ұқсас Түркі Одағын құрғанымыз дұрыс жол сияқты. Өйткені Түркі дүниесінен әлем елдері мойындаудан гөрі, осы алып Одақтың бірігуіне қарсы сияқты. Біз түркі әлемін ортақтастыру үшін, алдымен түркі елдерінің тілдерін латын графикасына толықтай бірізділік пен енгізгеніміз жөн. Сонда әлем елдерінің алдында барлық орыс, ағылшын, испан тілдерінің алдына шыға аламыз. М.Мағауин өзінің «Мен» атты роман-эссесінде: «Қазіргі әлемдегі ең дамыған жұрттар тілінің өзі біздің түркі текті ана тіліміздей әрі бай, әрі айқын, және осыншалық ұзақ тарих кешуін өткермеген… Қазір бүкіл әлемге тараған ағылшын тілінің де, жарты дүние тұтынып тұрған испан тілінің де, өткен ғасырда ұлы әдеиет жасаған орыс тілінің де тарихи ғұмыр жасы біздің жарым жолда ғана»,-деген болатын. Алып империя құрған Түркі дүниесінің әдебиеті мен тілі ерте ғасырдан қалыптасып, бүгінгі күнге дейін мәңгі өлмей жасалып келеді. V-VIII ғасырлардағы тасқа қашалған руна жазуы түркі мұрасының алтын қазығы. Жүсіп Баласұғұн, Махмуд Қашғари, Қожа Ахмед Иассауи, Сайф Сарай, Әлішер Науаи, Әбу Насыр әл Фараби, сынды түркі саңлақтарының әдеби мұрасы, «Манас», «Алпамыс», «Қобыланды», «Қожанасыр» жырлары мен әңгімелерін жасаған біздің түркі халықтарымыз болатын. Енді осы Түркі одағының алып кеңістігіне кіретін елдің бірі – біздің қазақ халқы. Қазақстан елі де латын графикасына кіру арқылы, түркі дүниесімен ортақтасуды құп көреді. Десе де еліміз тәуелсіздік алған кезеңдерден бері айтылып та, талқыланып та келе жатқанымен, күні бүгінге дейін тоқтамды, әрі бір байламды шешімге келе алмай отырған тақырыптың бірі – латын әліпбиіне көшу мәселесі. Бұл жайында жиырма жыл бойы тіл мамандарымен қатар, қоғам қайраткерлері де, саясатшылар да, түрлі БАҚ өкілдері де айтып та, жазып та келеді. 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Латын әліпбиін қарайтын кез келді. Бұл мәселені кезінде кейінге қалдырған едік. Қалай болғанда да, латын әліпбиі бүгін де телекоммуникациялық салаларда басымдыққа ие болып отыр. Сондықтан да, бұрынғы кеңестік елдердің көпшілігінің латын әліпбиіне көшуі де кездейсоқ емес. Мамандар осы мәселені зерттеп, нақты ұсыныстарын жасауы тиіс. Біздің балаларымызды ағылшын тілінде оқытудың өзі латын әліпбиімен байланысты. Ал, біз қазір барлық мектептерде ағылшын тілін оқытамыз. Сондықтан мұнда тұрған қорқынышты ештеңе жоқ», деген болатын. Латын әліпбиіне көшірілген көршілес мемлекеттердің тәжірибесін назардан тыс қалдырмауды да осы жиында тапсырған еді. Кезінде түркі мәдениеті және өнерін зерттеу, оны әлемдік деңгейде насихаттау мақсатында құрылған ТҮРКСОЙ-дың жиынында түркітілдес елдер латын әліпбиіне көшуді бір ауыздан қолдаған болатын. Түркі халықтары тілі ұқсас болса да осы кезге дейін әр түрлі әліпбимен жазып жүр, латын әліпбиін пайдаланатынтүркі тілдес мемлекеттердің жазуы да бір ізге түсірілген емес. Елбасының осы тапсырмасы мен латын әліпбиіне көшудің қаншалықты маңыздылығына қарамастан, бұл мәселе қазіргі таңда тек талқылаудан, ұсыныс айтудан әріге бара алмай отыр. Бүгінгі еліміздің саяси, экономикалық, ғылымилық, халықаралық маңызы бар мәселелер тоғысында, ғаламтор мен ұялы байланыстың жазармандары мен пайдаланушылары, әсіресе жастар латын тілінің қажеттілігін ерте түсінген сияқты. Түркі тілдес елдер үшін латын графикасын енгізу арқылы біздер, Бүкіл дүние жүзіндегі қазақ халқын біріктіру идеясы жүзеге асырамыз. Қазіргі кезде Түркияда жүрген қазақтарымыз латынша, шетелдегі қырықтан астам мемлекетте тұратын қазақтарымыз латынша, Қытайдағы қазақтарымыз араб жауында, Маңғолиядағы қазақтар кирилица, бізде кирилица. «Латынша көшсек» дегендегі мақсаттың бірі де осылардың бәрінің басын қосу, бір текті ету болатын. Мысалы қытайдағы қазақтар біздің кирилицамен жазылған шығармаларды төте жазуға айналдырып, бізде ондағы мұраларды кирилицаға аударып, том том кітаптарды шығару үстіндеміз. Мұның барлығы айналып келгенде қаншама, бәленбай қаржыны ысырап етеді. Осылардың барлығы бір жүйеге түссе жаман ба? Латын графикасына көшу үшін жоба жоспарсыз қандай да бір істің нәтижесін көру мүмкін емес. Ендеше түркі одағын біріктіретін ортақ жазу латын графикасының жобасын бәрімізде еншімізге жазайық.
P.S. Осыдан екі-үш жыл бұрын латын графикасына көшу туралы мәселе төңірегінде айғайлы мақалалар мен ғылыми зерттеу жобалар үкімет назарын өзіне аударып, Елбасы тарапынан қолдау тапқан еді. Бір өкініштісі, бұл орынды ұсыныста қазақтың дауысы бәсең естілді. Бұған қарсылар көп болды. Бірақ, бұл мәселе төңірегін енді тек қазақ жұрты болып қана емес, кешегі Күлтегін бабамыздың ұрпағы ретінде барлық түркі тектес елдер болып ұсынысты қабылдауды жөнге айналдырғанымыз дұрыс болар. Латиницаға барар жол, оны қабылдау өркениет есігін ашатын қақпа, әрі әлемдік мәдениетке жаһандасуға жететін бірден бір тура жол. Осы арқылы ғана кешегі Тоныкөк, Қорқыттардың асыл мұраттары ортақтасқан алып империя Түркі Одағын құра алатын боламыз. Сонда әлем елдері құлықсыздан жеңіліс тауып, біздің Түркі Одағын мойындауы ғана еркі қалады.
Құмырзақұлы АЛТЫНБЕК



