

Сонау Күлтегін, одан берідегі Шыңғыс хан заманын айтпағанда, Алтын Орда мен Ақ Орданың мұрагері боп тарих сахнасына шыққан қазақ хандарының бірі Абылаймен үзеңгілес болған баһадүр. Қазақ халқын алапат нәубет – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретінен аман алып қалуға атсалысқан, жанкешті ерліктерімен көзге түскен, «ту түбінен ту алған, жауды көріп қуанған» Шанышқылы Бердіқожа батыр. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Керей ер Жәнібек, Көкжарлы Барақ сынды бірегей батырлармен бірге Аягөз, Бұланты, Білеуті және Сарысу өзендері бойындағы; Іле басындағы Талқы, Еміл Алакөл; Алтайдағы Ұлансу, Қандысу, Айдынсу, Шар, Шорға Қозымаңырақ, Қоймаңырақ, Ақшәулі маңындағы; Аңырақайдағы шайқастарда жер қайысқан Ұлы жүз ләшкерлерін басқарған Бердіқожа туралы Қазақ ұлттық энциклопедиясында: «Жоңғарларға қарсы қол бастаған аға батыр. Мағлұматтарға қарағанда, қазақ қолбасылары Бердіқожа батырсыз хан кеңесін өткізбеген, жорыққа да шықпаған. Оны Ұлы жүзде Төле биден кейінгі үлкен саяси қайраткер, ұлы қолбасшы мәртебесінде құрметтеген», – деп жазылған.
Бердіқожа батырдың шыққан тегі қазір Ташкент аймағын мекендейтін (Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облысы, Қытай, Қостанай, Ахмет Жұбанов жазатын – Қазанғап күйші шыққан Ақтөбе облыстарында да баршылық) қалың Шанышқылы тайпасынан екені аян. Батырға қатысты жылы лебіз алдымен Мағауинге, кейін «Бердіқожа батыр» деген дастан жазған Несіпбек Айтұлына айтылуы керек. Бірақ, Бердіқожа батыр жайлы алғаш «тыңға түрен салған» Мұхтар Мағауиннің орны да, жөні де бөлек. Шұбартау мен Қарқаралы аралығындағы ескі кесененің жұмбағын шеше алмай жүрген Мұхаңның – өз мақаласында – Иван Андреевтің жазбасын кезіктірген соң, Бердіқожа батыр жайлы жан-жақты еңбектендім дегені ақиқат еді. Енді тағы да…
Ол туралы деректі «Шанышқылы Бердіқожа батыр» атты («Фолиант» баспасы, Астана, 2009 ж.) кітаптан оқып танысуға болады.
Шанышқылы Бердіқожа батырдың есімі мен халыққа сіңірген еңбегі жайлы еліміз тәуелсіздік алған соң мәлім боп жатқаны да заңдылық шығар. Ол – тарих қойнауына көміліп, ұмыт болуға шақ қалған тұлғалардың бірі. Бірақ, құдай жарылқап, олай болған жоқ. Құлағы түрік азаматтар, қазақ ұлтын қастерлейтін жанашырлар табылды. Табылғанда, Бердіқожа жайлы бұрын-соңды жазба мәліметтерді тауып, бел шеше кіріскен де алдымен солар. Олар әуелі батыр жайлы деректерді алғаш хатқа түсірген Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, орыс офицері И.Г.Андреев, қырғыз жазушысы Сапарбек Зәкиевтің жазбаларын тапты (олар дегенімізбен, алғашқысы бір адам – Мұхтар Мағауин, қалғандар одан кейін). Алғашында «Қазақ тарихының әліппесі» атты еңбегінде Бердіқожаның есімін Абылай заманындағы бас батырлардың бірі ретінде атаған Мұхаңның (Мағауин) кейін «Шанышқылы Бердіқожа батыр» деген көлемді мақала жазып, одан алдын «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясына Бердіқожа батырдың Шанышқылы Қабан батыр болып енгенін де айта кетейік. Бердіқожаның ерліктері Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» романы мен одан біраз кейін жазған әңгімесінде де көрініс береді.
Шанышқылы Бердіқожа батырдың кім болғанын жалғанның жарығына тұңғыш шығарған Мұхтар Мағауин мен Қабдеш Жұмаділовтің еңбектерінен кейін Абылайдың бас батырларының бірі Бердіқожа туралы арнайы кітап құрастырып, көпшіліктің рухани азығына айналдыруды қолға алған және кешеуілдетпей бастырып шығарған кім, кімдер, сол хақында да айту парыз, әрі міндет деп қараймыз. Осы шараны қолға алып, жүзеге асырғандар, құрастырғандар – Бақтыбай Қасымбеков пен Дархан Қыдырәлі.
Құрастырушылардың аянбай тер төгіп, өлшеусіз жұмыстанғаны көрініп те, байқалып та тұр. «Шежіре сыр шертеді» айдарымен Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Иван Андреев, Алымбек, Сапарбек Зәкиев; «Тарихтан тағлым» айдарымен Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов, Клара Хафизова, Жамбыл Артықбаев, Үмітбек Бүркітбаева, Айткүл Махаева, Бақтыбай Қасымбеков; «Тереңнен толғап сөйлесем» айдарымен «Тарихи жыр» (Бердіқожа батыр), Тарихи жырдан үзінді (Ер Қабанбай), Бердіқожа батыр (Несіпбек Айтұлы) секілді татымды да тұшымды дүниелер біліктілік, талғампаздық, зияткерлікпен топтастырылған. Қай-қайсысы да қызықты, тартымды, тағлымды (ең бастысы – сауатты), оқиға жеңіл, ұғымды. Кей автордың кей айтқандарындағы ортақ ой, ұқсастық, қайталау секілді бірді-екілі кем-кетіктер онша байқала да, сезіле де бермейді.
Бәрекелді, бауырлар! Бердіқожа батырдың рухы мәңгі сөнбесін! Күллі қазақ үшін тындырған жұмыстарың баршамызға жұғысты болсын!
Зәкір АСАБАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
baq.kz


