Кенді атырап Сарыарқаның орталығында Наурыз айтыс игі дәстүрге айналып, биыл осымен сегізінші мәрте өткізіліп отыр. Шаһар орталығындағы Кеншілер мәдениет сарайында, таңертеңгі сағат 10-нан бастап халықтың қарасы көп болды.
— Шараны өткізудегі басты мақсат — Сәкен бабамыздың рухына тағзым ету, сүйікті қаламыздың сексен жылдық мерейтойын ұлықтап, айтыс өнері арқылы көнеден келе жатқан дәстүрлі Наурыз мейрамын дәріптеу, шаһарымызыдың бүгіні мен ертеңін, бүгінгі жеткен жетістіктерін, ұлттар мен ұлыстардың мызғымас татулығын, достығын, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын кеңінен насихаттау болып табылады, — деген облыс әкімінің бірінші орынбасары Бейсембай Жұмабеков айтыскер ақындарға сәттілік тіледі.
Жалпы саны 14 ақын қатысқан айтулы дода таңертеннен кешке дейін созылды. Айтыскерлерге әділқазылық ету үшін сонау Астанадан ат терлетіп, талай аламан айтыстың дүбірінде жеңімпаз атанған жерлесіміз ф.ғ.д., профессор Аманжол Әлтаев келді. Айтыстың әділқазы төрағасы да өзі болды. Қазылар құрамында айтыскер ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Қойлыбай Асанов, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Абзал Бөкен, аймақтық «Той» журналының бас редакторы Қуаныш Сейітжан, «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторының орынбасары Еркін Мұсабеков «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының аға қызметкері, журналист Әли Тойжігіттер болды. Айтыс десе ішер асын жерге қоятын Арқа жұртшылығына азулы ақындар жырларын арқалай келіпті. Жиналған жұртшылық алдында іркілмей, астарлы сөзбен ақиқатты жеткізген жас ақындар халықтың көңілін серпілтіп тастады. Жүректері жыр деп соққан жас ақындар да айтыстан шет қалмады. От ауызды, орақ тілді өнер иелері көрермендер залында халықтың аз жиналғанын дұрыс насихаттың жүргізілмеуінен деп біледі. Сондай-ақ бұл күні айтыскер ақындардың көңіл-күйі төмен болды. Себебі Арқа жұртшылығының ыстық ықыласына бөленгелі келген ақындардың үміті су сепкендей басылды. Десе де, айтыс додасы жиылған жұртшылыққа аз да болсын көңіл-күй сыйлады. Дегенмен ұлттық брендіміздің тамаша тартуына Кеншілер мәдениет сарайы лық толуына болушы еді.
Айтыскерлер Сәкен Сейфуллин бабамыздың ерен ерліктерін, ұлт үшін жасаған жақсылықтарын дәріптей келе, Қарағандының бүгінгі жай-күйін де сынға алып, шешуін таппаған көше тағдырының мұңын билікке жеткізуге тырысты. Наурыз айтыстың айрықша бір табысы жас таланттардың жарқырай ашылғандығы болды. Әсіресе Шахтинск қаласынан келген жас ақын Нұрмұхамед Байсүгірдің әуезді әуеніне тапқырлығы үйлесіп, үлкен-кішіні түгел тәнті етті. Ұлытаудың өрені Сейітқазы Мұқағали осы кеште өзін табиғи талантымен қоса, ізденімпаз ақын ретінде танытты. Әлихан Шағала, Нұрсұлтан Рымбай, Мұхтар Әділов, сынды жастардың ұмтылыстары үмітке үміт жалғайды. Бүгінде республикалық айтыстарда Арқаның намысын қорғап жүрген, азулы ақынға айналып үлгерген Алаш айтысының жас перісі Дидар Қамиев биіктеп те, тереңдеп те риза етті. Ең тартысты айтыс Дидар Қамиев пен Қайрат Иманбековтің кездесуінде болды. Бүгінгі әлемдік саяси сахнадағы ахуалды, Жириновский мен Лимонов сынды шіріген жұмыртқалардың бәлду-бәлду сөздерін жырларына арқау еткен ақындар өлеңмен Наурыздың да қасиетін ұқтырып өтті. Айтыстың ақтық сыны «Құлмамбет айтыс» үлгісінде өтіп, халыққа ерекше көңіл-күй сыйлады. Нағыз ақындық өнердің тапқырлығы да, суырыпсалмалығы да осы кезеңде танылды. Жеті бірдей ақын сахна төрінде бірінен-бірі қалыспай, бар өнерлерін ортаға салды. Нағыз шоу айтыстың өзі делебемізді қоздырып, айғай-шуға ұластырды.
Сонымен, облыстық Наурыз айтыс та мәресіне жетті. Қазылар алқасының шешімімен Арқаның намысын аламан айтыстарда қорғап, талай рет республикалық айтыстарда бас жүлде иелегенген Дидар Қамиевтің бұл жолғы айтыста да бағы жанды. Бірінші орынды қос бірдей ақын Ақтоғайдың үмітін үкілеген Қайрат Иманбеков пен Астанадан келген ақын қыз Ботагөз Мұхиден өзара бөлісті. Екінші орынды Шет ауданынан келген ақындар айтысының ең жас өрені Ұланғасыр Қамиев пен қаламызда өткен оқушылар айтысының жеңімпазы Доскей Ботпай иеленді.Үшінші орынды Жаңаарқадан келген Медет Жаманов, Шахтинск қаласынан келген Нұрмұхамед Байсүгір, Ұлытаудың жас ақыны Мұқағали Сейітқазы, Баянауылдан келген Нұрсұлтан Рымбайлар еншіледі. Бұдан бөлек арнайы жүлде тапсырылып, айтысқа қатысқан барлық ақындарға ақшалай сыйақы тапсырылды.Осылайша кенді өлке Қарағандыда өткен Наурыз айтыстан ешкім құралақан қайтқан жоқ ■
Алтынбек Құмырзақұлы



