Батыстағы оқушы балалар бір-бірінің қандай бағамен оқығанын білмеген күйі мектеп бітіреді. Мұғалім әркімге өз бағасын жеке хабарлап отырады. Өйткені әркімнің оқу үлгерімі жеке бас мәліметі болып саналады. Ал ата-аналар жиналысында әр әке-шешемен мұғалімдер нақты уақыт белгілеп, 20-25 минут бөліп, бөлек кездеседі. Баласының үлгерімі мен мінез-құлқын жеке талқылайды. Көптің көзінше бірін көкке көтере мақтау, екіншісін жерге тығып ұялту жоқ;) Ал жалпы жиналысты ата-аналар комитеті өткізеді. Ол жерде жалпы ұйымдастыру мәселелері ғана талқыланады. Мұғалім баланың тәртібіне жауап бермейді, тек үлгеріміне жауапты. Тәртібі нашар болып, өзіне де, өзге балаларға да сәл зияны тие бастаса, ата-анасына ары кетсе үш ескерту беріледі. Одан ештеңе өзгермесе, ол оқушы мектепке кіргізілмейді. Және осы процестің бәрі — балаға, ата-анаға ескерту жасау, мектепке кіргізбеу өте сыпайы, тып-тыныш түрде өтеді. Ешбір мұғалім дауыс көтермейді, эмоцияға салынбайды, оқушыға мораль оқымайды. Киіміне қатысты да сын айтпайды. Өйткені әр мектептің қалыптасқан киім немесе киіну үлгісі бар. Сол ережеге сай болса, мектепке кіреді, сай болмаса, есіктен қайтарылады.
Балалар класта өзін еркін ұстайды. Туалетке сұранбай шыға береді. Кейбір мектептер оқушылардың класс бөлмесі ішінде су ішіп, жеміс-жидек жеп отыруына да рұқсат берген. Файза оқитын мектепте таңертең ұйқысы қанбай келген балалар жарты сағаттай мызғып алатын арнайы бөлме бар. Ыстық тамақты әркім ланч-боксына салып, үйінен әкеледі. Қақалып, я уланып қалса, ата-анасынан көрсін;)
Батыстағы көпшілік орта мектепте сабақ тамыз айының ортасында басталып, маусымның соңында бітеді. Жазғы каникул бір жарым-ақ ай. Бірақ есесіне жыл бойы балаларды көп демалтады. Балалар аптасына бес-ақ күн оқиды, әрбір үшінші аптаның дүйсенбісі мұғалімдер күні болып белгіленген. Ол күні сабақ болмайды. Мұғалімдер алаңсыз оқу-әдістемелік жоспарларын жетілдірумен айналысады. Ал әрбір тоқсанның соңында бейсенбі және жұма күндері және сабақ болмайды. Өйткені дәл сол күні мұғалімдер жоғарыда айтқанымдай әрбір ата-анаға 20-25 минут уақыт бөліп, жеке-жеке кездесіп, баласының оқу үлгерімі туралы жан-жақты есеп береді. Ал тәрбие, патриотизм, иба-ұят, ар-намыс, ұлттық дәстүр, «Нұр-Отан», Елбасы мен «Қазақстан-2050» деген сияқты нәрселерге мұғалімдер басын ауыртпайды;) Оның бәрі ата-ананың міндеті мен баланың талғамы һәм еркіне салынған. Тәрбиенің ең басты ошағы — әр оқушының өз отбасы екеніне анық меңзеу жасалған. Мектеп — шеберхана. Білім алу һәм әлеуметпен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйрететін шеберхана.
Батыстың мұғалімдері балалардың мектеп тысындағы қауіпсіздігіне де жауап бермейді. Балаларды таситын көлік компаниясы мектеп арқылы ата-аналармен тіке келісім-шарт жасайды. Ата-ана сенсе, сол көлікке баласын мінгізеді, сенбесе, өзі тасиды.
Осының бәрін Астанадағы бір мектепте сабақ беретін жеңгеме айтып беріп ем, аң-таң қалып біраз отырды да, «Мен класымдағы балаларыма сабақ берем; тәрбиесіне жауаптымын, патриоттық сезімнен жұрдай болса, сөгіс алам; әр сөзіне, киім киісіне ескерту жасаймын; терезе сынып қалса, мектептің шатырынан су өтсе, бор таусылып қалса, ақша жинаймын; мемлекеттік телеарналардың ешкім бармайтын хабарларына студияны толтыру үшін шұбыртып апарып жүрем; ешкім көрмейтін спектакльдер мен концерттерге зорлап билет сатам; телестудия мен театрдан шыққанда әрқайсысын аман-есен үйіне жеткізуге міндеттімін; күн сайын жоғарыға өткізетін қағаз есептерімді айтпай-ақ қояйын; үкімет пен партияны насихаттау жұмыстарын және қоспай-ақ қояйын. Өстіп аптаның алты күні өзімді де, балаларды да болдыртам. Кешке келіп құлаймын. Сайлау болса, жексенбінің не екенін ұмытып кетем. Осылайша денем де, жүйкем де тозып, сіркем су көтермей селкілдеп отырғанымда бір оқушым кластан туалетке менен сұранбай, рұқсатсыз өз бетімен шығып көрсінші, не тура алдымда қаршылдатып алма жеп отырсыншы — желкесін үзейін!» деді;)
Батыстағы орта білім беру орындарындағы кейбір кемшіліктерді де айта кетейін.
Біріншіден, Батыстағы кәсіби тұрғыдан мықты мұғалімдердің көпшілігі бағасы удай қымбат жекеменшік мектептерде сабақ береді. Оған елдің бәрі бірдей баласын оқыта алмайды. Жекеменшік, бай мектептерде балалар арасында сәнді киім мен қымбат гаджет жарысы ара-тұра байқалып қалады.
Екіншіден, балалардың құқығын қорғау ісі тым қатты қолға алынғандықтан, мұғалімдер көп жағдайда оқушыны бауырына тартып құшақтап, я арқасынан қағып жақын тарта алмайды. Яғни мұғалім мен оқушының арасында әлеуметтік жылы байланыс орнамай қалатын мектептер де бар.
Үшіншіден, либералдық индивидуализмге үйренген, көп жағдайда аз балалы отбасынан шыққан оқушылар бір-бірімен көп араласа бермейді. Саяқ, оқшау күй кешетіндер баршылық.
Басқа кемшілік көре алмадым. Бірақ осы кемшіліктердің жағымды жақтары да бар.
Біріншіден, елдің бәрі баласын жеке меншік мектепте оқыта алмаса да, тегін (қоғамдық) орта мектептегі білім беру сапасы соншалықты нашар емес. Ең бастысы, бұл мектептер «үкіметтің берген қаржысы жетпейді» деп ата-аналардан ақша жинамайды. Көптеген мектептерде оқушылар бірыңғай форма киеді. Устав бойынша зергерлік әшекей бұйымдарын тағуға, татуировка салып жүруге, көзге қораш прическа қоюға рұқсат жоқ.
Екіншіден, мұғалімнің оқушының денесіне қол тигізе алмауының керісінше жақсы жақтары да бар. Яғни балаға қатты сөз айтып, немесе қол жұмсау туралы мүлдем әңгіме тумайды. Ондай жағдайда мұғалім айыппұл төлейді, тіпті сотталып кетеді.
Үшіншіден, либералдық индивидуализм принциптері орнаған ортада әр оқушы жеке тұлға, дара құбылыс ретінде қабылданады да, оның үлгерімі, қабілеті, я таланты басқалармен салыстырыла бағаланбайды. Яғни күніне бір мәрте көзге түспесе, өліп кете жаздайтын «круглый отличниктер» мен «белсенді старосталар» немесе соңғы партада бұғып отыратын «двоечниктер» синдромы жоқ;) Айтпақшы, Батыс мектептерінде біздегідей қатар-қатар парта қойылмайды. Әр адамның шағын жеке орындығы мен партасы болады, оны кластың қай тұсына қойып алса да, өзі біледі. Әлбетте кез-келген қоғамдағы сияқты белгілі бір деңгейде жасөспірімдер арасындағы бәсекелестік, талас-тартыс бар. Бірақ классикалық «дедовщина» мен «атамандар төбелесі» жоқ. Әркім өзімен өзі.
Facebook парақшасынан алынған пост


