Стив Джобс
Стив Джобс журналистердің есінде ашық жарқын сұхбаттарымен, бүкпесіз әңгімелерімен қалған тұлға. Өзінің өмірбаянын жазғысы келген биографтарға қарсыластарынан, жауларынан, бәсекелестерінен де пікір алып, кітапқа баса беруге рұқсат етіпті. Ол әлемнің үздік бизнесмендерінің қатарына енгеннен кейін, арнайы детектив жалдап, өзінің биологиялық әке-шешесін іздеп таптырады. Ұзақ уақытқа созылған іздеудің нәтижесінде туған ата-анасымен де қауышады. Төмендегі мақалада өмір үшін күресуді сәби кезінен бастаған Стив Джобстың балалық шағы мен жасөспірім шағы туралы айтылмақ.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, еліне оралған Пол Джобс армян қызы Клара Агопянмен отау құрады. Екеуі үйленгеннен кейін, Сан-Францискоға келіп тұрды. Пол Джобс қаржы компанияларының біріне қызметке алынып, бос уақытында ескі-құсқы машиналарды сатып алып, жөндеп, қайта сатумен айналысты, ал әйелі бухгалтер болып қызмет атқарады. Алайда жас өтбасының тұрмыстары тәуір болғанымен, Клара ханымның денсаулығы нашар болып, бала көтермеді. Жанұя құрғандарына он жыл толғанда, яғни 1955 жылы, амалы таусылған ерлі-зайыптылар бала асырап алуға шешім қабылдайды.
Ал Абдулфатта Джандали сириялық мұнай магнатының ең кенже баласы еді. Мұсылман болса да, иезуиттік тәрбие көріп өскен Абдулфатта, Америкадағы Висконсин университетінде «политология» мамандығы бойынша аспирантуралық білім алады. Оқуын тәмәмдағаннан кейін, өзі білім алған университтетте оқытушының ассистенті болып қызмет істейді. Күндердің күнінде ол Висконсин университентінің магистранты, неміс қызы Джоан Шиблемен көңіл қосады. Көп ұзамай Джоан сириялық азаматтан жүкті болады. Бірақ Джоанның әкесі Артур Шибле
С.Джобстың биологиялық ата-анасы Абдулфатта Джандали мен Джоан Шибле
қызының айдаладағы арабқа тұрмысқа шығуына қарсы болып, екеуін үйлендірмей қояды. Онысымен қоймай ол қызына аборт жасатуға кеңес береді. Әкесінің соңғы ұсынысына келісе алмаған Джоан Шибле Сан-Францискоға келіп, 1955 жылдың 24 ақпанында құрсақтағы нәрестесін дүниеге әкеледі. Одан соң жалғызбасты әйелдердің баласын қабылдап алып, оны басқалардың қамқорына берумен айналысатын дәрігермен жолығады. Анасы баласын жоғары білімі бар ерлі-зайыптылардың қолына бергісі келетінін айтады. Ондай адамдар алғашқыда табылғанымен, олар Джоанның қыз емес, ұл туғанын естіп, келісім-шарттан бас тартады. Бала асырап алуға өтініш білдірген келесі ерлі-зайыптылар Пол Джобс пен Клара Агопян еді. Бірақ отағасының жоғары білім түгілі орта білімі жоқ, ал жұбайы қарапайым бухгалтер болып шықты. Сол себепті Джоан нәрестесін оларға беруден бас тартты. Пол мен Клараның жаңа туған сәбиге бауырлары езіліп, еміреніп тұрғандықтан, бірнеше апта өткен соң, Джоан ханым ол екеуіне баласын беретін болып келіседі. Ол Пол Джобс пен оның келіншегіне бір ғана талап қойды: олар баласы өскенде оны ақылы түрде болса да колледжге оқытуы тиіс. Пол мен Клара нәрестенің биологиялық анасының талабын орындайтын болып, келісім-шарттың ақиқаты ретінде жазбаша уәдехат қалдырады. Жас сәбиді құшақтарына қысқан орта жастағы жұбайлар балаларына Стив деп ат қояды.
Стив Джобс асыранды бала екенін кішкентай кезінен біліп өсті. Қамқорына алған ата-анасы да оны жасырмайтын. Әрине, бірге ойнайтын құрдастары мұнысын бетіне басқанда қиналатын. Тек әкесі Пол мен шешесі Клараның «Біз сені көп балалардың ішінен арнайы таңдап алдық» деген сөздері ғана Стивтің жүрегін жібітетін. Сондықтан Стив оларды жақсы көрді. Басқалар «Пол мен Клара сенің шын әке-шешең емес» десе, оларға ызалана қарайтын. Ерлі-зайыптылар Стивтен бөлек Патти есімді қыз баланы да асырап алады.
Үлкен Джобс жұмысына байланысты Пало-Альто қаласына, сосын Маунтин-Вью қалашығына қоныс аударады. Гаражда машина жөндер кезде, қасына Стивті көмекші етіп алатын болды. Ол электроника, дизайн, сауда деген ұғымдармен әкесіне қолғабыс етіп жүріп танысты.
Стив енді Пол Джобстың баласы
Стив Джобс мектеп табалдырығын аттамай тұрып, анасы оған оқуды үйретті. Мектепке барған соң, білімі одан сайын шыңдала түседі деген атан-анасының үміті алғашқыда ақталмады. Стив үшінші сыныпқа дейін ешкімге бағынғысы келмейтін мазасыз, тентек оқушы болды. Рик Феррентино деген сыныптасы екеуі бірігіп, істемеген нәрселері қалмады. Бірде мектеп қабырғасына «Ертең барлық оқушылар мектепке бір-бір үй жануарын алып келсін» деген хабарландыру іліп, ертесіне мектептің іші-сырты ит, мысық, бұзау тағы басқа жан-жануарларға толып кетеді. Мұғалімдер шара қолданып жазалағанымен, одан нәтиже болмады. Тағы бір күні құрдастары мініп жүрген велосипедтердің құлыптарының кодтарын біліп алып, олардың орындарын ауыстырып тастайды. Сабақтан шыққан оқушылар кешке дейін бір-бірлерінің құлыптарын ашып берумен сандалды. Үшінші сынып оқып жүргенде Стив пен Рик мұғалімнің орындығының астына кішкене жарылғыш зат орнатып, оны іске қосып, мұғалімнің жүрегін тоқтатып қоя жаздайды. Мектеп басшылығы Стивті мектептен шығармақ болып, әрекет жасағанымен, әкесі баласының кінәсі жоқтығын айтып, оны оқуға қайта алдыртады.
Төртінші сыныпқа жеткенде мектеп директоры Стив пен Рикті екі сыныпқа бөліп тастайды. Сол жылы оған Имоджен Хилл есімді әйел мұғалім сабақ берді. Ол білікті тәрбиеші екен. Имоджен Хилл Стивтің алдына математикалық есептер жинағын қойып, қолына үлкен мұз кәмпит ұстатады, егер осы есептерді түгел шығарып әкелсе, тағы бес доллар беретінін айтады. Стив Джобс есептерді екі күнде шығарып тастайды. Бір ай бойы мұғалімнің тапсырмаларын ұқыптылықпен орындап, «ақысына» тиісті тарту-таралғыларын алып жүрді. Бір айдан кейін Имоджен ханым сыйлық беруді тоқтатқанымен, Стивтің сабаққа деген ықыласы бәсеңдемеді. Ол енді мұғалімдердің көңілінен шығу үшін сабақ оқитын болды. «Егер Имоджен апай
Стив Джобс 12 жаста
болмағанда, мен түптің түбінде түрмеден бір-ақ шығатын едім» деп еске алады кейіннен Стив Джобс.
Төртінші сыныпты ғажайып үлгеріммен тәмәмдаған Стивті мектеп директоры бірден алтыншы сыныпқа секіртеді. Оған өзінен бір жас үлкен оқушылармен тіл табысу оңай соқпады. Ең қиыны алтыншы сынып орта сыныпқа жататындықтан, олардың оқу корпусы Криттенден ауданында орналасқан еді. Ол жер бұзақыларға, қылмыскерлерге, тонаушыларға, ұры-қарыларға толы аумақ болатын. Стив мұнда бір жыл әзер шыдады. Балаларының қиын халін түсінген Пол мен Клара өзге ауданға көшіп, Стив Джобсты сондағы мектепке береді.
Пол Джобс пен Клара Агопян діндар адамдар болмаса да, ұлдарына діни тәрбие бергісі келіп, оны лютеран шіркеуіне алып барып жүрді. Бірақ Стив діни ілімнен тез жеріді. Ол шіркеудегілерді догматиктердің қатарына қосты.
Стив тоғызыншы сыныпқа өткен соң, қабатында кәсіби жұмыстарға араласа бастады. Дәлдік пәндерді жақсы оқығандығының арқасында «HP» («Hewlett-Packard») компаниясының ғылыми-зерттеу клубына кіріп, персоналды компьютерді ең алғаш сол кезде көрді. «HP» компаниясының бөлшектері мен приборларын пайдаланып, электронды сигналдың бір секунд ішіндегі импульс санын анықтайтын цифрлы жиілік өлшеуіш жасап шығарады. Стив Джобс ресми еңбек жолын «HP» компаниясынан бастады, одан бөлек ол газет сатты, электроника дүкенінде қызметкер болды.
Стив Джобс сыныптасы Билл Фернандес арқылы электрониканың білгірі, болашақ серіктесі Стив Вознякпен танысады. 1969 жылы екеуі бірігіп, шағын компьютер жасап шығарады. Возняк компьютердің микросхемаларын жасаса, Джобс ұсақ бөлшектер мен схемаларды құрастырады. Алайда бұл компьютерден гөрі калькуляторға қатты ұқсайтын, тек есептеуге арналған құрылғы еді.
Стив Джобс пен Стив Возняк
1971 жылы Джобс пен Возняк халықаралық телефондарға тегін қоңырау шалатын аппарат ойлап табады. «Көк қорапша» деп аталған бұл аппаратты пайдалану, әрине, заңға қайшы келетін. Екі дос аты-жөндерін өзгертіп, лақап атпен «көк қорапшаларды» 150 доллардан сатады (ал, оны дайындауға 40 доллар жұмсалатын). Едәуір табыс тапқандарымен, бұл коммерциялық істі ұзаққа созуға болмайтынын екеуі де жақсы білетін. Сондықтан көлеңкелі бизнестерін орта жолдан тоқтатты.
Стив Джобс мектептегі соңғы оқу жылында алғашқы махаббаты Крисэнн Бреннанмен танысады.
Джобс 1972 жылы Портлендтегі жекеменшік оқу орны Рид университетіне қабылданады. Бұл уақыт Вьетнамдағы соғыс аяқталуға жақын қалып, жастардың өзін-өзі жетілдіруге ден қойған кезі еді. Стив университет қабырғасында вегетерианшылдыққа, дзен-буддизмге, медитацияға, рухани практикаға, хиппиге әуестенеді. Жергілікті Харе Кришана храмын, дзен-буддизм орталығын аралайды. Жалаңаяқ жүретінді шығарады. Ет, ботқа, нан, сүт тағамдарынан тыйылып, тек көкөністер мен жемістерді азық қылды. Асқазанын тазалап, өзін сергек қалыпқа түсіреді. Ас қорытуға артық энергия жұмсамайтын болды.
Рид университетінде студенттерге еркін жүріп-тұруға мүмкіндік мол болғанымен, оқытушылардың білім алушыларға қоятын қатаң талаптары да бар еді. Мәселен, студенттерге «Илиада» поэмасы мен Пелопоннес соғысының тарихын жаттау тапсырылады. Ал мұндай сабақтар Стивті мүлдем қызықтырмады. Ол зауқы соққан курстарға ғана баратын болды. Би сабағы мен каллиграфия курсынан қалмайтын. Көп ұзамай Стив Джобс университеттегі білімін ары қарай жалғастырудың пайдасыз екенін түсінді: біріншіден, бұл ортадан нағыз кәсіби білімді ала алмады, екіншіден, әке-шешесінің өмір бойы жинаған ақшасын босқа рәсуалап жатырмын деп өзін кінәлады. Осыларды ескерген Джобс оқудан шығып кетеді. Бірақ декан Дж. Дадмэн мырза Стивке оқудан шыққаннан кейін де өзі қалаған курстардың дәрісін тыңдауға рұқсат етті. Каллиграфия курсынан қол үзбеген Джобс шрифтердің ноқатты және ноқатсыз болып бөлінетінін, олардың арақашықтығы қандай болу керек екенін, дұрыс шрифтің қандай пішінде болатынын білді. Курста алған білімі оны ІТ саласына бір табан жақындатты.
Стив Джобс Рид университетіндегі оқуын бір жарым жылдан соң тастап кетті
Сөйтіп Стив Джобс Рид университетінде бір жарым жыл ғана оқыды. 1974 жылы Лос-Альтостағы ата-анасының қолына келеді. 1970 жылдардан бастап техникалық мамандарға сұраныс артқандықтан, Стив жұмысқа оңай тұрды. Видеоойындар өндіретін «Atari» компаниясы оның өтінішін бірден қанағаттандырды. Джобс «Atari»-дегі алғашқы елу қызметкердің бірі болды. Компания жетекшісі Нолан Бушнеллге жас жігіттің алғырлығы, пысықтығы, еңбекқорлығы ұнайды. Стив ұрда-жық мінезіне салып, басқа қызметкерлермен сөзге келіп қалған тұстарда, ол Стив Джобсты жақтайтын. Сонда да екеуінің еркіндік, бостандық туралы философиялық көзқарастары әр түрлі болды. Бушнелл барлық нәрселер о бастан программаланып қойылған, егер сол программаның тілін білсең, басқа адамдардың да іс-әрекетін алдын ала болжауға болады деп санаса, Джобстың ойынша қажыр-қайраттың күшімен ол программаны өзгертіп тастауға болады екен.
1974 жылы Джобстың әріптесі Р.Фридланд Индияға жасаған сапарынан оралады. Стив Джобс оның сырт әлем туралы әңгімелерін тыңдағаннан соң, ол да Индияға баруға бел байлайды. «Мен өзімді іздеу үшін барамын. Мен кіммін, ары қарай қалай өмір сүруім керек деген сауалдарға жауап тапқым келді»,– деп жазады кейіннен Стив Джобс. Достарының айтуынша, шын ата-анасының оны басқалардың қолына тастап кетуі Стивтің көңіліне жара салып, ол үңірейген кеудесін әлденемен толтырғысы келіп жанталасқан. Джобстың Мюнхенге дейінгі авиабилетінің құнын «Atari» компаниясы көтерсе, Мюнхеннен Индияға дейінгі жол шығынын өз қалтасынан төледі.
19 жасар жігіт Индияға келе сала шыжыған ыстықты көтере алмай, іш ауруына шалдығады. Жергілікті тақуалардың бірі оны емдеп жазып, ұзын шашын тықырлап алып тастайды. Асқазанды аш ұстап, тақуалыққа салынса да, жұпыны өмір сүрсе де, Стив Джобстың жүрегі тыныштық таппады. Бес айдан кейін, туған елі АҚШ-қа оралған соң да медитациясын тоқтатпады. Ол кемелдікке жету үшін әр түрлі тәсілдерді қолданды. Шығыс философиясына, индуизмге, дзен-буддизмге жүгініп, интуициясын жетілдіргісі келді. Өзі тұратын қаладағы дзен-буддизм орталығының кешкі лекциясына қатысып, басқа шәкірттермен бірге медитацияға еніп жүрді. Таңертеңгі уақытта да медитация жасап, күндіз физика бойынша Стэнфорд университетінен дәріс тыңдады.
Жаны жай таппаған Стив Джобс Лос-Анджелестік психотерапевт Артур Яновтың терапиялық курсына жазылады. Терапиялық орталық бала күнінде қайғыға душар болған адамдардың санасына, есіне сол азаптарды қайта түсіру арқылы, жылатып, еңіретіп, емдеп жазумен шұғылданатын. Стив шын әке-шешесінен айырылысудан туған жан азабынан айыққысы келетінін жақын достарына мойындайды. Биологиялық ата-анасын іздегісі келгенімен, ішкі реніші оған
Pong автомат ойынына арналған микросхеманың тарихы екі Стивті біраз дауластырды
жібермеген, оның үстінен асырап алған әке-шешесін де өкпелеткісі келмеді. Стивтің айтуынша Яновтың емі де оған көмектеспеген көрінеді.
1975 жылы Нолан Бушнелл «Pong» автомат ойынын құрастыру үшін, Стив Джобсқа тапсырыс береді: егер ойын автоматын құрастыруға 50 детальдан кем бөлшек жұмсаса, үнемделген әрбір бөлшек үшін қосымша ақы төлейтінін жеткізеді. Джобс бұл іске Вознякты тартып, ол төрт күннің ішінде 45 микросхема дайындап береді. Джобс ойынды сатудан түскен табысты Вознякпен тең бөліскенімен, қосымша төленген сыйақыны өз қалтасына басқан дейтін алып-қашпа әңгіме әлі күнге дейін бар. Бірақ ол толық дәлелденген ақпарат емес, Стив Джобстың өзі де оны тірі күнінде жоққа шығарған.
Джобс пен Возняк өмір бойы серіктес, дос болып өтті. Возняк ғажайып туындыны өмірге әкелсе, Джобс оны жетілдіріп, тұтынушылардың талғамына лайықтап, тауарды сатып өткізу жұмыстарын ұйымдастырды. Болашақта екеуі бірлесіп әйгілі «Apple» компаниясын құрды.
Авторы: Бейбіт Нәлібаев
kultobe.kz









