Бүгін Қазақстан премьер-министрі Серік Ахметов қызметтен кетті.
Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Серік Ахметов «президент Нұрсұлтан Назарбаевқа өзі өтініш жазғанын және оны қабыл алған, осы уақытқа дейін сенім білдіріп келген президентке алғысын айтқанын» үкімет отырысында мәлімдеген.
Қазақстан заңнамасы бойынша премьер-министр орнынан түскенде үкімет мүшелері толығымен қызметінен кетеді.
Қазақстан президенті әкімшілігі баспасөз қызметінің хабарлауына қарағанда Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан тағайындалатын премьер-министрдің кандидатурасы туралы парламент мәжілісі фракцияларының жетекшілерімен кеңескен. Осыған қатысты парламент палаталарының бірлескен отырысы өтетіні хабарланған.
Серік Ахметов Қазақстан үкіметін 2012 жылдың қыркүйек айынан бері басқарды. Оның алдында Қарағанды облысының әкімі, премьер-министрдің орынбасары қызметтерін атқарған. Серік Ахметовтен бұрын Қазақстан үкіметін қазір Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Кәрім Мәсімов басқарған болатын.
Азат Еуропа / Азаттық радиосы


