(1859-1921 ж.ж.)
Құдабайұлы Киікбайдың туған нағашысы Меркіт руының атақты биі аты Абақ Керейге әйгілі «Меркіттің әкесі Керейдің Жәкесі» атанған Жәке Қойтанұлы. Қысқаша айтқанда сол бидің қарындасынан Киікбай атамыз туыпты. Жас кезінде нағашы жағында жүріп Жәке бидің тәрбиесін алған. Мұнда жастайынан шешен алғырлығы танылып, сондықтан нағашысы қандай бір дау-шарды шешуге жиі араластырып, билік айтқызып, жол көрсеткен.
Сол уақытта Ителінің билері даудан жеңіліп, өз еселерін басқа рулардан қайтара алмай жүрсе керек. Осы кезде Ителінің Жидебай бастаған бірнеше ақсақалдары жиылып, Абақ Керейді билеген Тары деген кісіге сәлем бере барады. Төбесіз би, төресіз ел болмайды тақсыр, бізге Ителіні бастайтын бидің көрсетуіңізді қалаймыз дегенде, Тары: «Е! Жидебай деген атынды естуіші едім, жидіген жіптей кісі ме десем, ескен жіптей шымыр екенсің»- деп бір тоқтаған. Ақыл кеңес сұрап келгеніңе рахмет дей келіп, кеңес-жиын соңында, «Сенің еліңе ие болар нағашысы Меркіт биі Жәкенің қолында Киікбай деген балаларың бар. 12 жілігі 12 Керейге татиды. Тап сол бала еліңе би, жеріңе ие болады, қулығы мен ақылы тең»-деген екен. Артынан көп ұзамай Ителінің бірнеше ақсақалдары Жәке биге барып, Киікбайды еліне қайтаруды өтініп, сол кісінің рұқсатымен Ителі ішіне көшіріп әкеліпті.
Сол кезде Ителінің Зәңгісі Топай ұрпағынан Мондай деген кісі екен. Ол өзі момын, сөзге шорқақ, ақыл айласы шамалы, қысқаша айтқанда жуастықтан басқа міні жоқ адам болса керек. Ителінің ақсақалдары кеңесе отырып Киікбайды зәңгі етіп сайлау әрекетіне көшіп, зәңгілік шен – «қаракөк тас» және «мөрді» алып беріпті. Ел аузынан естуімізше атамыз Киікбай 20 жасқа толмаған, бірақ та сол күннен бастап Ителі қай бір дауда жеңіліс көрмей, басқа Керейлермен терезесі тең болады.
Киікбай елі құмыл аймағы Боғда, Бәйтік, Қаптық таулары арасында көшіп-қонып, кейбір жылдары Қара Ертіс, Сұмды-Айрыққа дейін барып мекендеп жүргенін апамыз (зәңгінің бәйбішесі Әтібайқызы Нүкей) айтып отыратын. 1928 жылы Зұқаның, 1931 жылы Жантайлақтың, 1932 жылы Әліптің басын Қытай алады. Осы кезде Ителі ауылын (Киікбай зәңгі елін) баласы Құнапия залың, шаңия Шұдабай, бай Ақмер, Құйқабайлар бастап Монғолияға аяқ-асты асырып, қазіргі Қобда аймағының Бұлғын Сұмынын (Жалпақты) қыстағаннан бастап сол жерді тұрақты мекен еткен.
Киікбай атамыз кенже ұлы Қабидолда туылып қырқынан шыға қоймаған, күз айының орта кезінде Үрімжіге шақырылыпты. Жолға шығарда бесіктегі баласының бетін ашып, маңдайынан иіскеп, «Ел баласы ма десем, үй баласы екенсің. Ғұмыр жасың ұзақ, шаңырақ иесі боласың»-дегені, баласымен қоштасуы екенді. Себебі, Үрімжіге барып қайтқан жолда аурып, Бәйтік тауының батысындағы құдаларының ауылы Сәржанқызының үйінде жатып дүние салған. Өтер алдында: «Өлім қайдан болса топырақ сонан, мені ешқайда апармаңдар»-дегені бойынша, Оранбұлаққа қойып қорған тұрғызыпты.
Зәңгі атамыздың қанша жас жасағаны жайында бір нақты дерек мынау: Үлкен баласы Құнапия аурып жатып нашарлай бастаған шағында, апам екуіміз (мен Қабидолдаұлы Әкіштай) сонда едік. Құнапия атамыз: «Әкем 62 ден 63 ке қараған кезінде дүниеден озған еді. Мен де әкемнің жасынан озбаймын»-деп ақырғы сөзін айтқанын өз құлағыммен естігенмін.
Құдабайұлы Киікбай зәңгі атамыздың
мөрі және зәңгілік шен белгісі «көк тас» туралы
естелік.
Мұны апам Әтібайқызы Нүкей (атамыздың бәйбішесі) былай әңгіме етуші еді. 1938 жылы жазда Шілде айында «эсэргүү» деп (бұрынғы зәңгі ұрпақтары, бай манаптың балалары, молда қожаларды) ұстап әкеткеннен кейін көп ұзамай, олардың артындағы мал-мүлкін конфескелеу жүрілді. Мұңғылдан Уртнасан, қазақтан ителі Боқанай бастаған адамдар келіп, дүние мүлікті шашып, кебеже сандықтарды ақтарды. Сонда зәңгі атамыздың тақиясын алғанда, төбесінде зәңілік шен белгісі «көк тас» (ұзындығы бір сүйем, алты қырлы) үкі, тотықұстың қанаттары болған. Бұдан көк тасын ғана алып, басқасын лақтырып тастайды. Ал мөр жүзік апамыздың қалтасында (әдейі жасырып) білімбей қалған. Мінеки сол мөр жүзікті мен жоғарғы мектепті бірітіп келгеннен кейін апам маған беріп: «Мынау атаңның мөрі, осыған сен ие бол»-деген еді.
Мен сабаққа кірмеген 4-5 жас шамасында едім. Қабдолда (1938 жылы жазда эсэргүү, зәңгі ісін жалғастырушы деп ұсталған) атамыздың бәйбішесі Ақатанқызы Қанипа апамыз (Сағайдың апасы деп атайтынмын) біздің үйге келіп: «Зәңгі атаның белбеуін, кенжемнің (менің әкем Киікбайұлы Қабидолда ны солай атайтын) баласы ғана буына ма, менің де балама беріңдер»-деп отырып алды. Ақыры белбеуді кісе, оқшантайымен керегенің басынан алып екіге бөлді. Кісесі бар бөлігін маған, оқшантайы бар бөлігін Қабдолдаұлы Солтанның ұлы Сағынғанға (Сағай) берген еді.
Міне сол кісе мен мөр осылай менің қолыма келіп бүгінге дейін сақталуда.
Жазған: Қабидолда улы Әкіштай



