Сәуірдің 2-сі күні Астанада шұғыл түрде өткен отырыста мәжіліс депутаттары президент ұсынған премьердің жаңа кандидатурасын «бірауыздан қолдаған» соң Кәрім Мәсімов 2007 жылы осы қызметке алғаш тағайындалғанда айтқан сөздерін тағы қайталады. «Бірінші жолы да айтқам, қазір тағы қайталаймын – сіздің көмекшіңіз болғам, қазір де көмекшіңізбін, болашақта да әркез көмекшіңіз болып қала беремін» деді Мәсімов. «Осылай тұрақты болғаны жақсы» деді оған президент Назарбаев. Конституциясы бойынша президенттік басқару жүйесі орнаған деп сипатталатын, халықаралық және жергілікті құқық қорғау ұйымдары автократиялық режим деп сипаттайтын бұл саяси ортада мұндай диалогтар кәнігі көрініске айналған.
Ал Қазақстан үкіметін 2012 жылдың қыркүйек айынан бері басқарып келген Серік Ахметовтің нақты не үшін қызметінен алынғаны да әдеттегідей түсініксіз болып қалды. Оның «орнынан түсетіндігі» туралы болжамдардың шығуына былтырғы қазан айында президент Назарбаевтың үкіметтің кеңейтілген жиынын өткізіп, премьер-министрді сынауы себеп болған. Мәсімовтің кандидатурасын ұсынған кезде президент Назарбаев «жаңа үкіметтің инвесторларды тартуға күш салуы керек екенін, экономиканы күшейту үшін ұлттық қордан бір триллион теңге бөлдіру туралы шешім шығарғанын, ал Ахметовтің тұсындағы үкіметтің бұған қатысты нақты жоспар ұсына алмағанын» айтты.
Азаттық саясаттанушы Досым Сәтпаевпен сұхбаттасып, үкімет басындағы өзгерістердің себептері туралы пікірін сұрады.
Азаттық: — Премьер-министр Серік Ахметовтің отставкаға кетуіне не себеп болды деп ойлайсыз?
Досым Сәтпаев: — Былтыр күзде Серік Ахметов пен оның үкіметіне қарата мемлекет басшысы тарапынан қатаң сын айтылған болатын. Сол кезде-ақ Серік Ахметов қызметінде ұзақ отыра алмайды деген болжамдар жасалды. Сондықтан оның биыл көктемге дейін қызметінде отыруының өзі таңданарлық жайт. Ең қызығы, президенттің сынын сол кезде Қазақстан тарихында алғаш рет мемлекеттік ақпарат құралдары әрі қарай жаппай іліп әкетіп, баспасөз бетінде ашық сынауға көшті. Оған тіпті парламент депутаттары да белсенді түрде қосыла кетті.
«Үкімет қайда қарап отыр?» науқаны туралы Азаттықтың мақаласын оқыңыз.
Сөйтіп Серік Ахметовтің өзі мен командасына күшті соққы беру жөнінде жоғарыдан бұйрық түскендей әсер қалдырған еді. Сол кездің өзінде жоғары элитаның өз ішінде премьер-минитсрлік үшін әлдебір тартыс басталғаны, Серік Ахметовтің «құрбандыққа шалынатыны» түсінікті болды.
Азаттық: — Қалай дегенмен де Серік Ахметов бір жарым жылдай премьер-министр қызметін атқарды. Қазақстанда үкіметтің саяси мәселелерге араласпайтыны белгілі. Бірақ экономикалық табыстары бар ма?

Досым Сәтпаев: — Сұлу сөзбен суреттелген бағдарламалар жасаудан өзге Серік Ахметовтің үкіметі айта қаларлықтай экономикалық табыстарымен мақтана алмайды. Тек ол ғана емес оған дейінгі үкіметтер де әдемі бағдарламалар жасағанымен оны шын мәнінде жүзеге асыра алған жоқ. Бұл ретте үкімет пен премьер-министрден өзге мемлекеттік аппарат және әкімдер де бар екенін ескеру керек. Экономикалық реформалардың жүзеге аспауында олардың да «үлесі» бар. Сондықтан мемлекеттік аппаратқа реформа жасалмайынша қандай ақылды премьер-министр болса да, толымды жетістік болады деп айта алмаймын.
Азаттық: — Кез-келген қарапайым адамның ойында «премьер-министрлікке тағайындайтын басқа адам жоқ па?» деген сауал тууы мүмкін ғой?
Досым Сәтпаев: — Ең қызығы соңғы кезде билік жиі қолданатын терминдердің бірі – меритократия. Мемлекеттік қызметті сатыға бөліп, «А», «Б» корпустарын жасады. Бірақ соған қарамастан бәз-баяғы кадрлық колода айналып жүр. Осыған қарап Қазақстанда өзгертуге болмайтын адамдар пайда болған ба деген сезімде қаласың. Мен мұны бір сөзбен «кадрлық дағдарыс» деп атаған болар едім. Бұл бір жағынан шенеуніктер ауыздарынан тастамайтын «әлеуметтік кадрлық лифтердің» сөз жүзінде ғана қалғанын көрсетеді. Кадрлық мәселелерді шешуге қатысушы ықпалды ойыншылар сырттан келетін «бөтен» адамдарды жібергісі келмейді. Сондықтан көпшілігі өз кандидатарын өткізе алмаса, тым құрығанда бүгінгі мысалдағыдай «үйреншікті» адамды көргісі келеді.
Азаттық: — Сұхбат бергеніңізге рақмет.
Азат Еуропа / Азаттық радиосы


