Айдың соңында Иасауи университетінің туған күні аталып өтпекші екен.. Атаулы күнге орай алғашқы түлек ретінде маған бірнеше сауал жолдапты. Солардың біріне жауап бере отырып ФБ достарыммен де бөлісейін дедім….
Студенттік жылдардағы қызықты оқиғаңыз? Қызықтар көп болды ғой…Студент кезімде университетте «айтыс ошағын жандандыру» деген біз үшін үлкен шабыт көзі болды. Жыл сайын өзім бітіріп кеткенше осы студенттер арасындағы айтысты қолға алдым. Бірінші курста оқитынмын. Бір күні, қалалық мәдениет бөлімінің бастығы Әбдікәрім ағам келіп, «Түркістан ауданының 60 жылдық тойы болады. Соған екі жұп ақындар айтысын ұйымдастырып бер» деді. Бірінші жұпқа Асқар Дүйсенбі мен Жұмахан Дүйсенбиев бар, ал енді екінші жұп жоқ. Сонымен бір ойланып мың толғанып, бүгінгі атақты ғалым, теология докторы, Паттеев Мұхитдинді көндіріп, екеуміз айтысатын болдық. Дайындыққа қызу кірісіп кеттік. Айтатын шумақтарымызды күні бұрын апробациядан өткізіп өзара келісіп алғанбыз. Айтулы күн де келіп жетті. Той. Айтыс басталды. «Суырып салып отырмыз». Тыңдаған жұрт аң таң… Кезек айтыс шумақтарын абыроймен аяқтаған соң келесі шумақты еске түсіріп іштей қайталап отырғам. Қарсыласымның не айтып отырғанында шаруам жоқ. Сөйтіп отырып, Мухитдиннің бір шумақты ұмытып тастап кеткенін байқамай қалыппын. Ол шумақта маған «Осы жасқа келгенше бойдақ жүрсің» деп қағытатын еді. Мен оған жауап ретінде «әпкеңді» берейін деп пе едің деп дүрсе қоя беретін едім. Сол жерін ұмытып қалған да келесі шумаққа өтіп кеткен, ал мен болсам, кезегімен дайын «патрондарды» атқылап жатқанмын. Айтыстың бітуіне әлі талай шумақтар бар. Сол кезде күлкі қысқан Мухитддин орнынан тұра қашпасы бар ма… Мен де қуа жөнелдім.. Жұрт аң таң ….Сөйтіп екеуміз айтыс сахнасына құйындатып келіп, шаңдатып кетіп қалғанбыз…



