Сапар Қазақ Байбақты
Уа дала, кәрі дала, ана дала,
Төсіңді еміп өскен қанша бала!
Не көрмедің, нелер көріп жатырсың сен,
Жоқ сенде үндеместен өзге шара…
Есіңде бәрі сенің ақтармассың,
Жадтағыны айтатын біздер ғана.
Қойныңда сыр еткенді кейде-кейде,
Тауып алып жатамыз қазып қана.
Және сенде ашу жоқ тау, теңіздей,
Келесің әзел бастан болып қойма.
Сен көрдің, куә болдың, ғалам білер,
Талай-талай нәсіл мен замандарға.
Куәсің, Түрік бабам ерлігіне,
Шомылған төсің үшін қызыл қанға.
Сол бабамның: “Анам дала менікі!”-деп,
Көкке дейін дабысы жаңғырғанға.
Аяғын созып жатып ембек үшін,
Еділден өткеніне, жетіп Донға.
Пайғамбарлар Мөрі әкелген нұр зиядан,
Бабам Түрік ақ жүрекпен нәр алғанға.
“Түркістанда бір қожа шығыпты”-деп,
Бұхара бір көрмекке зар болғанға.
Небір шайыр, шешендер Қорқыттайын,
Кезе жүріп жырларын шалқытқанға.
Уа Дала! Кәрі Дала! Қайран Дала!
Қарап жаттың сен налып жұт монғолға.
Жетісу, Сыр мен Ертіс, Еділ, Жайық,
Теріс ағып, қызыл іреңге боялғанға…
Обырлардың қылышынан жүз мыңдап бас,
Домалап, кеуделерін бөрі тартқанға.
Киелі қойының сасып күлімсі иіс,
Қызыл қан қонышыңды толтырғанға.
Үзгент, Жент, Баршынкент пен Отырардай,
Жексен болып базар-жайың қирағанға.
Кең төсіңді қамсыз емген перзенттерің,
Босқанға ит арқасы қияндарға.
Сен куәсің, мың шабылып, мың гүлдеген,
Бабам Түрік алған беттен қайтпағанға.
Хұданың һидаяты тәжәлли боп,
Хан Берке өткеніне дін Исламға.
Ақ Орда, Көк Ордалар түркі болып,
Төбемізге дәулет құсы кеп қонғанға.
Тағы да төсің думан, жағаңда той,
Етек-жеңің ұлылықпен қымталғанға.
Франкистан, Русия бар бәйек қағып,
Жызиямен астанаға ағылғанға.
Бердібектей сұмдарға да куәсің сен,
“Нар мойыны кесілген” тоқырауға.
Тарғайдың баласы Әмір Темір,
Тас үйдіріп жәдігер қалдырғанға.
Тоқтамыс, Едігелер бітім таппай,
Жауды көрмей бірін бірі талағанға.
Алтын Орда, қайран орда бағы тайып,
Ұсақталып тұс-тұсына таралғанға.
Желмаяға мініп сонда дана Асан,
“Жерұйық қайдасың”- деп барлағанға.
Уа Дала! Ұлы Дала! Ана Дала!
Көрдің сен хан ордасын Қозыбасыда.
Жәнібек Керейменен бірлік қылып,
Қазақ деген дәулетті жар салғанда.
Бұрындық, Қасым, Тоғым, Есімдерді,
Айнала орыс пен шин таң қылғанда.
Жаттың-ау сол сәттерде куә болып,
Соншалық шым-шытырық тарихтарға.
Тағы бір Шыңғысханның кішісі кеп,
Төсіңде едіреңдеп шаң қылғанда.
Зарлаған қалың қазақ “Елім-ай”лап,
Анадан бала айрылып жылағанға.
Он мыңдап баһадүрлер шығып сонда,
Бірінен соң бірі шәһид болғанға да.
Абылай Үш Алаштың басын қосып,
Жүндей түтіп жоңғарды жүз шапқанға…
Бұхардай асыл перзент теңсетіліп,
Нақылмен қалың елді ұйытқанға.
Екі жүз жыл созылған со тартыстың,
Соңында Қазақ аман қалғанына.
Нелерге куә болып жатпадың сен!
-“Қарағай басын шортан шалғанға” да.
Жоқтан өзге майданы кек қылысып,
Төре, сұлтан қырық пышақ тартысқанға.
Батыстан доңыз жеген гәуір шығып,
Көкшіл көзін саған қарап алартқанға.
Жолкесері Жармақтайын қойныңдағы
Мұсылманның сүйегін қорлағанға…
Жарақаттап бойыңа тізбектетіп,
Ауызы түкті гәуір қамал салдыртқанға.
Төсіңді жын ойнаққа айналдырып,
Арақ ішіп, доңызын баққанға да…
Ұзақ түн мас боп алған аттылары,
Ұйқыдағы ауылды шапқанға да…
“Шортан шалды” дегені сол емес пе,
Шіркеу соқты Арқаға, аңдағанға…
Қандай ерлер “Алаш”- тап дүрліккенін,
Сен білерсің біз емес, анығында.
Қаншасын бүркеп жатсың қойныңда енді,
Біздің тек білгеніміз тамтық қана…
Сырым мен Жанқожа бар, Исатайды,
Көрдің сен, біз естідік осы ғана…
Кенесары, Сыздықтың жортуларын,
Әлбетте бақыладың болып пана.
Бай-батша, сұлтан, төре дүние көздеп,
Ұрпағын орысшалап оқытқанға.
Шығар деп кім ойлаған сондайлардан,
Тегіне тартпай туған масыл бала.
Дұшманға қызыметші болды сөйтіп,
-тышқан аулап азғаны арыстан да…
Уа Дала! Асыл Дала! Есіл Дала!
Хұданың жазымышына шара бар ма?!
Куәсің біз білмеген сырларға сен,
Біздікі құр әншейін мағлумат та.
Не халде болдың екен, Кәрі Дала,
Қызыл жалау төсіңе қадалғанда?..
Өзгені біле алмаспын, мен әйтеуір,
Дәтім жоқ созып оны жатпаққа да.
Жараңды жоқ еткенмен сол орыннан,
Еш нәрсе ете алмаспыз қалған даққа…
Уа Дала!
Қазақ қайта оянып ел болысты!
Бір жола қайғыңды ұмыт Киелі Ана!
Мың өліп мың тірілген Ер Түріктің,
Құтты мекен бола берші ұрпағына!


