Бүгінгі таңда балалар тәрбиесіне қатысты сын пікірлер көп айтылуда. Әсіресе балаларға арналған, қазақы дүниетанымды толыққанды суреттейтін кітап іздегенде тосылып қаларымыз анық. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Ғылым ордасына қарасты Ғылыми кітапханада қазақтың дәстүрлі танымы негізіндегі бала тәрбиесіне қатысты таптырмас еңбек – «Әлдиден эпосқа дейін» атты отбасылық хрестоматияның тұсауы кесілді. Аталған кітап «Орхон» Баспа үйінде жарық көріп отыр. Отбасы хрестоматиясында бесік жырынан бастап батырлық дастандарға дейінгі аралықты қамтитын рухани мұралар топтастырылған. Кітап тұсаукесеріне қатысқан филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы халқымыз қайта тәрбиелеу жағдайында тұрғанын айта келе, жарыққа шығып жатқан отбасылық хрестоматияның көпшілік қолдауына ие боларына сенім білдірді. Кітапты құрастырушылардың бірі Мұхит Төлегеновтің айтуынша, бала тәрбиесінде бесік жырының да, қарапайым тақпақтар мен батырлар жырының да маңызы зор. Осы орайда, кітапты құрастырушылар шығармаларды мейлінше бала тіліне лайықтап жазуға тырысыпты. Психология және педагогика ғылымдарының әлемдік және қазақы тәжірибесін терең талдау арқылы дайындалған бұл кітап жас баланың алғыр, зерек әрі білімді болып өсуіне негіз болары анық. Кітап редакторы Нұраддин Садық бұл кітаптың басқа кітаптардан ерекшелігі бесік жырынан бастап батырлық дастандарға дейінгі аралықты қамтитын рухани мұралардың жүйелі жинақталғанын жеткізді. Кітапты құрастырушылардың бірі Әділбек Нәбидің айтуынша, кітапта батырлар жыры бала тіліне лайықталып қара сөзбен жазылған. Бұның өзі балаға ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге септігін тигізері анық. Онымен қоса аталмыш кітапта шағатай тілінен аударылған аңыздар мен дүниетанымдағы ырымдар мен тыйымдардың астарында жатқан аңыздар енгізілді. Кітапты жинақтауда қазақ ғалымдарының естеліктерінде жазылған материалдар, Ғылым ордасының сирек кездесетін кітаптар мұражайы қорында сақталған қолжазбалар, шетелдік баспалардан шыққан зерттеу еңбектері негіз болды. Сондай-ақ құрастырушылар ұжымы отбасы хрестоматиясының электронды нұсқасы мен әр бөлімінен жеке-жеке кітап шығаруды жоспарлап отырғанын жеткізді.


