Аңызы мен ақиқаты Алты Алаш түгілі, жер шарының арғы-бергі бетіне мағлұм болған Оспан батыр Сіләмұлының дүниеден өткеніне бүгін, яғнй 2014 жылдың 29 сәуірі 63 жыл толыпты. Өткен күнге қайрыла қарағанда халқым деп қан кешіп, елім деп еңіреп өткен шаһиттердің есімінің талай жүректерге алтын әріптермен жазылғаны көрінеді. Бақилық болғанына жарты ғасырдан ұзақ уақыт өтседе Оспан есімі де замана сынынан сүрінбей өтіп, бүгінгі буынға өлмес өнегесімен, ерлігімен жетті.
1951 жылы 19 ақпан күні қазіргі Қытай аумағына қарасты Гансу өлкесінің Хайзы деген жерінде қолға түскен батыр, әуелі түйеге артылып, сосын машинамен Үрімжі қаласына жеткізіледі. Сол жылы 29 сәуір күні қытай әскери сотының үкімімен ату жазасына кесіледі. Не бәрі 52 жасында шаһит болады.
Оспан атылғанымен оның ұлдары Шердиман, Нәби бастаған қанды көйлек сарбаздары тізе бүкпей күресті жалғастырады. Алайда осы кездегі нақтылы жағдайдан қарағанда екінші дүниежүзілік соғыс толығынан аяқтап, жер бетінде бейбітшілік орнап, билік басына келген қытай қызыл комунистері өзінің империялық құдіретін әйгілей бастаған еді. Сол себепті де бір жылдан астам күрес жүргізген Оспан сарбаздары 1952 жылға келгенде комунистік қытайдың келісімге келу шартын қабылдайды. Күрес жетекшісі Шердиман Оспанұлы қытай жағының өкілдерімен жан-жақты келісе отырып, бейбіт бітім жасайды. Сол бейбіт келісімнің бір шарты ретінде әкесі Оспан Сіләмұлыны сүйегін қайтарып алып, мұсылман жолымен қайта жерлеу талабын қояды. Ұзақ соғыстан қалжыраған қытай жеңімпаз қосындары соңғы жылдары тау-тас далдасындағы қазақтармен соғысып, онсызда талай әскерінен айрылған еді. Әрі өздерін «халықтық партия» ретінде онан ары дәлелдеуді мақсат етіп, Шердимандардың барлық өтініш-тілегіне бірден мақұл болады.Бұл 1952 жылдың 13 қыркүйегі еді.
Әке мұратын жалғап, ел мен жердің парызын өз мойнына алған Шердиман аталған келісім-шарт негізінде өзіне ілескен барлық халықты қалаған жеріне қайта отырақтандырады. Түрлі шаруашылықпен айналысуына жол ашып береді.
1952 жылдың қараша айының соңында қасына қарақас руынан шыққан Құмархан Жаңқабайұлы, қайып молқы рулы Кеден, қарақас Дәлелхан Мешелұлы сынды үш азаматты ертіп, жиыны төрт адам болып Үрімжі қаласына барады.Таяз жерге кебінсіз көмілген батырдың сүйегін тауып, машинамен Алтайға беттейді. Оларды Жемсары жеріне түйе әкеліп күтіп тұрған Нәби Оспанұлы мен Зархан батыр қарсы алады да, ары қарай Құбының құмын басып, сүйекті түйемен алып жүреді.
Осы жайлар сөз болғанда қариялар Шердиманның әкесінің сүйегін алғанда жыламағанын, тек қана сүйекті түйеге артып алып жүргенде, марқұмның түйе жүнінен істелен күпісінің бір шеті желпен желпінгенде: «әкемнің иісі мұрныма келгендей болды» деп көзіне жас алғанын аңыз етуші еді.
Шердиман, Нәби бастаған сүйекшілер он неше күн жүріп, ұлы Алтайдың аңғарына таяғанда бүкіл даланы қапалақтаған қар басып қалады. Мүмкін өз оғланын жоқтаған такаппар даланың бір мінезі шығар. Тіпті жүрудің өзі қиындайды. Сөйтіп Үліңгір өзені бойындағы Дүре ауылына жеткенде амалсыз жүрістерін тоқтатады. Онсызда торғайдай тозған елдің
көші-қон жұмысының әр түрлі әбігерлігі мен қиындықтары да аяқтамаған еді. Сөйтіп батырдың сүйегі Дүре ауылына уақыттық «аманат» ретінде жерленеді.
1953 жылдың көктемі келісімен Алтайдың жон тауларына қарай аяңдаған халық, батырдың сүйегін арулап, өзінің байырғы мекені – әкесі Сіләмнің сүйегі жатқан Көктоғай ауданының Тамырлы деген жеріне әкеліп жерлейді. Жоғарыда айтылған келісіммен Оспан ұлдары Шердиман мен Нәбидің бастамасындағы байырғы сарбаздар батырын ардақтап оның басына жылқының ақ қылын араластырған айбатты күмбез орнатады. Ат шаптырып ас береді. Бұл қабырлықтықастерлеген ел-жұрт «Оспанның ақ қамыры» атап, батырдың басына дұға оқып, жанынан жаяулап өтетін болған.
Арада жылдар өтті, заман өзгерді, заң тозды. Ежелгі уағданы ұстанатындардың көбінің көзі жоғалып, қытай қоғамында ұраншыл жаңа топтар көбейді. 1966 жылдан басталған «Мәдениет төңкерісі» аталған солақай саясат он жыл дәурендеді.«Оспанның ақ қамыры» аталған батырдың күмбезі де көзсіз қозғалыстың жас «батырлары» жағынан талқандалды. Нәби сүргінге айдалып, «ит көзі түтін танымас» дегендей ауыр еңбектің азабынан бас көтере алмады. 2000 жылы аурудан қайтыс болды. Шердиман тоқпақталып, Құлжа түрмесіне түсіп, аштық пен соққының құрбаны болып, 1970 жылы көз жұмды.
Коммунизим елесінің еңсе көтерген бұл шағында Оспан есімі тек қана «банды» деген қаралаудың көлеңкесінде болды.
Алла Тағала қазаққа бақ беріп, 1991 жыл тәуелсіздігімізді ғана емес, жер бетіне тарыдай шашылған қазақ сынды қайсар халықтың ұлттық рухы мен ұжданын да қайтарып алуға орай тудды. Оспан есімі халқымен қайта қауышты. Том-том кітаптар жазылды. Алматы қаласында 100 жылдығы аталып өтті. Алматы облысынан көше аты берілді.
Ал, сүйегі жатқан жер?
Оспан ұлдарынан көзі тірі жалғыз тұяқ бар. Ол қазірде сол байырғы мекенінде – Алтайдың Көктоғайының Күртісінде отырған – Әмақ Оспанұлы. 1950 жылы туған. Әкесі шайт болғанда бесікте қалған. Дегенменде тектінің ұрпағы, қаны таза қаһарманның ұлы да әке алдындағы өз қарызын өтеген сияқты. Немере інісі Махан Нәбиұлымен бірге бір-ақ түнде туыс-туғанның басын қосып, әкесі – Оспан Сіләмұлының басына 2004 жылдың күзінде дөңгелек қорған тұрғызды. Кеш білген қытай құқық қорғау органдарына: «мен әкемді көрген емеспін, бідмеймін де. Бірақ әке сүйегін жалаңаш жатқызбау ұлдың қарызы. Сол үшін саясатқа еш қатысым жоқ, ұрпақтық міндетімді орындадым» деп қасқайса керек. «Алсаң басымды ала ғой» дегенді айтқысы да келген шығар.
Сөйтіп осы мақалаға қосымша беріліп отырған суреттегі Оспан батырдың Көктоғайдың Күрті ауылына қарасты Тамырлы деген жеріндегі зираты осылай орнаған екен.
Бұл бір қарағанда аңыздың ақыры сияқты. Бірақ алтын Алтай мен оның Алпамыстай ұлдарының аңызы әлі аяқтаған жоқ.
Жатқан жерің жаннат, топырағың торқа болсын, Оспан батыр!
Жәди Шәкенұлы,
жазушы



