1954 жылы 29 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Үлкен Қаратал ауылында туған. Еңбек жолын 1971 жылы облыстық «Коммунизм туы» («Дидар») газетiнде корректорлықтан бастаған. 1977 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін, «Қазақстан пионері» («Ұлан») газетінде, «Жазушы» баспасының поэзия редакциясында қызмет істеген. 1983–1985 жж. М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курсты бітірген. Бұдан кейін Қазақстан телеарнасының жастар редакциясында, «Жазушы» баспасының сын редакциясында редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде сын бөлiмiнiң қызметкерi, 1988–1991 жж. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, 1991–1993 жж. «Жас қазақ» газетінің Бас редакторы, 1993–1997 жж. ҚР Сыртқы істер министрлігінiң ЮНЕСКО iстерi және мәдени байланыстар басқармасында, 1997–2001 жж. ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Тілдерді дамыту департаментінде бөлімдер басқарған. 2001 жылдың басынан бері ҚР Үкiметiнің әлеуметтікмәдени даму бөлімінің сектор меңгерушісі. 2002–2008 жж. «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, 2008 жылдан берi «Жұлдыз» журналының Бас редакторы. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы.
«Көздеріңе ғашықпын» (1974), «Жұлдыз жарығы» (1977), «Алтайдың алтын тамыры» (1979), «Ұлыстың ұлы күні» (1982), «Ақ керуен» (1985), «Жаратылыс» (1989), «Жүректегі жарылыстар» (1995), «Перевалы Алтая» (1988), «Заманай» (1999), «Киіз кітап» (2001), «Ахиллесова пята» (2003), «Қара пима» (2006), «Ынтық зар» (2009), «Әбiлхаят» (естелiктерэсселер, 2009) кiтаптары, Таңдамалы шығармаларының 2 томдығы (2006), Шығармалар жинағының 6 томдығы (2006–2009) жарық көрген.
Бірқатар өлеңдеріне сазгерлер ән жазды. «Заманай» өлеңi халықаралық антиядролық қозғалыстың гимнiне айналған. Республикалық жабық конкурстың жүлдегерi «Қара пима» поэмасы бойынша көркем фильм түсiрiлген.
Өлеңдері көптеген халықтар тілдеріне аударылған.
Ұ.Есдәулет аударма саласында да өнiмдi еңбек етіп жүр. Ол үндi, түрiк, фин, африка, араб, украин, әзiрбайжан, қырғыз, моңғол, абхаз ақындарының жырларын, М.Лермонтов, А.Блок, Н.Рубцов шығармаларын қазақ тiлiне тәржiмалаған.
Қазақстан Журналистер академиясының толық мүшеакадемигi, Гуманитарлық ғылымдар академиясының құрметтi академигi (2004), М.Әуезов атындағы Семей университетiнiң құрметтi профессоры (2007), Еуразия әдеби журналдары Конгресiнiң тұрақты кеңесiнiң мүшесi (2008).
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. «Құрмет» орденімен (2001), Ресейдiң Есенин алтын медалiмен (2007), Қазақстан Журналистер академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығымен (2007) марапатталған.
«Ақ керуен» атты өлеңдер жинағы үшін Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты (1986), «Киіз кітап» жинағы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2002) атанды.
writers.kz


