Дулат ТҰРАНТЕГІ
Ерлері, батырлары жоқ халық – бишара халық.
(Б. Брехт)
Қасиетті Созақ топырағының төл перзенттерінің бірі – Ер Едіге. Алтын Орда ыдырай бастаған шақта сол тұтастықты қалай да сақтап қалам деп жаңа Ноғай ордасын құрып, Әмірі болады. Өзі қарадан шыққандықтан, хан болуға құқығы жоқ болғандықтан Жошы хан ұрпақтарынан Тоқтамыстың таққа қайта оралуына жәрдем етеді. Одан соң Ақсақ Темір жасағында қолбасшы болады. Тоқтамыс ханның әкесі Құттықияны өлтіргенін біліп, оған қарсы шығады. Бұл ниетін сезген хан Сыпыра жыраудан бұл баланың кім екенін сұрайды Сонда көп жасаған жырау:
Құба ұлдың шынты асылы сол
Баштағысы ұлы атасын мен айтсам,
Баба Түклас нарт еді
Қағбада патшалық құрған нарт еді, – деген екен.
Едіге батыр туралы толық деректі 1927 жылы Қаныш Сәтбаев шығарған кітапта және тағы да осы ұлы ғалым атамыз Ұлы Отан соғысы қызып тұрған шақта Қазақстан Халық комиссарлар Кеңесінің төрағасы Н.Оңдасыновқа Мұрын жыраудан «Қырымның 40 батыры» жырларын ертерек жазып алу керектігі жөнінде мәселе қояды. Бұл жырлар сонау Сыпыра жыраудан бері ауызекі сақталып келе жатқаны, енді ертерек қолға алмаса, көзі тірі айтушылар дүниеден өтіп кеткен соң кеш болатыны ескертіледі. Сол 40 батырдың ішінде Ер Едіге және оның түп-тұқияны түгел берілген. Ол: Ала тайлы Аңшыбай батыр, одан Баба Түкті Шашты Әзіз, одан әрі Ер Көкше, Ер Қосай, Парпария батыр, оның ұлы Құттықия батыр, оның ұлы Едіге, оның ұлы Нұрадын, одан Мұса, одан Мамай, одан әрі Орақ пен Қази боп жалғаса береді. Едіге жайлы зерттеу жұмыстары «Дүние жүзі тарихында» (3-ші том), орыстардың Никонов шежіресінде кездеседі. Алғаш рет Едіге батыр туралы жырдың мазмұны 1820 жылы «Сибирский вестникте» қара сөз түрінде баспа жүзінде жарық көрген. Ал, шет тілдерден ағылшынша нұсқасы 1842 жылы «парсы өлеңдері» жинағына еніпті. Онан соң орыс зерттеушілері Радлов, Потанин, Диваев, Жирмунский, Шоқан жинаған жыр нұсқалары әр жылдарда жарық көріп келді.
Едіге батыр, оның шыққан тегі жайлы мақалалар соңғы кездерде де жиі шыға бастады. Бірақ бұл мақалалар ғылыми пікір алысудан гөрі кейде басқа пиғылдарға бағытталатын сияқты.
Қандай да болсын жария сөз азды-көпті мүдделерді қозғаудан туындайды. Тарихты тұтастай қарастыру ауқымды ойдың ұлы рух зәрулігінің көрінісі. Тарих дегеніміз – ұлт рухының қозғалыс баяны. Бұл сайып келгенде, тұтас халықтың, мемлекеттің, оның идеологиясы мен аңсар-мүдделерін қозғайтыны белгілі. Қай тарих болмасын ірі, тұтас тұлғалар төңірегінде өрбіп, солар арқылы нақтылана түседі. «Тарихтың пәлсапалық мәселелерін қарастырудың қиындығы оның жекеленген тұлғаларының, тұтастай халықтардың, мемлекеттік саясаттың мүдделерін қозғайтынымен байланысты» (Д.Кішібеков «Философия истории и современность» кітабы 2002 жыл, Алматы, «Ғылым». 47-48 беттер)
Ата текті түгендеу жолындағы жаппай ұмтылыс тәуелсіздікпен бірге туған еркін кеңістіктің бірі. Әрине бұған дейінгі қазақта тарих болған жоқ, ол Ресейге қосылғаннан кейін ғана басталды деген ұлы державалық, кеңестік солақай ойдың салқынынан зәрезап болған біздер сияқты халықтар үшін өткенін тану, іздену, түп-тұқиянның кімдер болғанын білуге құмарлық сезімі ешқандай да мансұқтауды көтермейтін оң құбылыс.
Әйтсе де осы жолда қыза-қыза келе жеке топтар шығып, қалайда өз ата-бабаларын асыра мақтауға, немесе бұрыннан келе жатқан Әлемге ортақ ұлттық тұлғаларды жеке иемденуге ұмтылу сияқты теріс, асыра сілтеу көріністері де орын ала бастағаны жасырын емес. Өз ата-тегін ұлықтау төмпешікті төбе деп, төбесін асқар тау деп, рушылдықты, жүзшілдікті қоздыратын бұл көріністер әлі де тұтас халқымыздың тарихты тану мәдениеті жетіле қоймаған кезеңде аса қатерлі. Бұл жаппай жекешелендірудің рухани құндылықтарға әсер етуінің мысалы.
Мұраты биік, арман-аңсары асыл, бүкіл қам-қарекеті ел жұртына арналған ұлы тұлғалар төңірегінде ұлт рухы қалыптасады. Сананы сүзіп, тарихты таңбалай бастасақ, сол ұлы тұлғалар қазақтың қара тауындай алыстан мұндалап адастырмайды. Алып мұхиттың қалың ортасындағы жарқылдаған теңіз маржан таулары әу баста зәрредей түйіршіктен жаралып, тітіркене-тітіркене тас тегіне жан кіргендей халықтың асыл сөз, аяулы сезімдерінен құрылған құндылықтары теңіздегі әлгі түйіршіктерден құралған тау-тау маржандардай, ұланғайыр тарих кеңістігіне қасқайған қара жартастардай биік-биік ерлер пайда болады. Сол тұлғаларды мынау менікі еді деп жеке-дара еншілеудің еш қисыны жоқ. Әу баста жұмыр басты пендеден жаралғанмен, оның бүкіл өмір жолы енді оны пенделіктен көтеріп, тұтас ұлттың ұлы тұлғасы деп білетін кез болады.
Бұл әңгімелерге себеп болған жайт – Баба Түкті Шашты Әзіз бен оның ұрпағы Едіге батырды бүкіл қазаққа ортақ етпей, белгілі руға апарып, меншіктеп алу жайындағы мәселе. Бұл бір жағынан орынды да шығар. Жақсыда жаттық жоқ. Өз асылдарымыздың өзгеге қимай бауырына басып, ішке тартуы ұлы тұлғаға деген ел-жұрттың махаббатының белгісі шығар.
«Едіге деген ер екен, Елдің қамын жер екен..» деп келетін жыр – таза қазақы. Ел бірлігін аңсаған, тұтастығын сақтауға көп қайрат күш жұмсаған, осы жолға бар ғұмыр мақсатын жұмсаған ұлы тарихи тұлға болғаны ақиқат. Ал осы ықылас, осы сүйіспеншілік тек қазаққа ғана тән деп ұғынсақ, өзге жұрт өкілдері үрпиісіп өре тұра келеді. Едіге, Идигу, Идике, Итиге деп келетін есімдер түркі тектес халықтардың көпшілігінде бар, түпкі нұсқаларының әр қайсысы дәл біздердегідей – Едігені тарихи тұлға ретінде де эпос кейіпкері ретінде де басыбайлы өздеріне тән етіп, қолмен қойып, көзбен көргендей ғып еншілеп алған.
Сондықтан да болар, ауыз әдебиетінде ең көп нұсқасы бар жыр да осы «Едіге батыр» жыры. «Едіге мырза», «Едіге» болып түрленіп келе береді.
Сонымен бірге, ауыз әдебиетінде ең көп зерттелген, ғалымдар мен саяхатшылардың назарына көбірек түскен де — осы Едіге.
Жырдағы Едіге мен тарихи тұлға Едіге мидай араласып кеткен (Орыс зерттеушілері В.М.Жирмунский, «Сборник материалов, относящиеся к истории Золотой орды», 1884ж.; В.Г.Тизенгаузен, «Тюркский героический эпос»)
Академик В.В.Бартольд, ноғай М.Г.Сапарғалиев («Распад Золотой Орды»), Радлов, Мелиоранский, А.Диваев, Шоқан Уәлиханов, араб Арабшах, үнді Шараф ад-дин Йезид, өз ғалымдарымыз Қ.Сәтбаев, М.Ғабдуллин, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Р.Бердібай, М.Қойгелді, Р.Сыздықова, М.Омарбековтердің зерттеулері тарихи Едіге мен жыр қаһарманы Едігені әр қырынан зерттеп тиісті тұжырымдарын жасап отырған.
Қазақтың белгілі тарихшы-жазушысы М.Мағауин Едігені бір адамдай зерттегені бар, тіпті өз ұлының атын Едіге қойып, ол ер жеткенде оған осы тұлғаны одан әрі зерттеуді тапсырған. Өз тарапынан бала Едіге Мағауин әке аманатын зор ықыласпен орындап, үлкен ғылыми жұмыс жүргізіп ғалымдық дәрежеге жетіп, ойдағыдай қорғап шыққан жайы бар. Ердің биік атақ мақсатын жеке бір руға теліп салуға барғандар сыртқы сөз ұқсастығына қарай қорытынды жасауға барулары асығыстық.
Бұл жұмысқа бөксеге батпан тас артып, зердеңді күнде жасартып, айларды айдан оздырып, әлденеше көзәйнек тоздырып, инемен құдық қазып, зерттеу ісіне белсене кіріскенде ғана жұрттың көңілінен шығатын шындыққа жақындай түсетінің хақ. Өз басымыз «Бәріне қайта қара, бәріне күмән келтір» деген ұстанымды жақтаймыз. Талаптанғандарға сенген абзал, ал өз көзіңнің жеткені тіптен жақсы.
Қилы-қилы деректер
Осы талапты ойға ала отырып, тарихта бірнеше Едіге атты тұлғалар өткенін аңғардық. Қарасаңыз: академик В.В Бартольд не дейді: «Во время существовал два Едигей. Один из них главный сподвижник Тимура, принадлежавшему к тому же роду Барлас, из которых происходил Тимур – это Едигей (в то же время бывшего наместника Сайрама), благодаря ему Тохтамыш прибыл в Бухару. В это время прибыл Едигей, из рода Мангыт (по Абд-ар-Раззаку: Едигей – монгол) один из эмиров улуса Джошы бежавший от Урыс-хана» (В.В.Бартольд соч. том ІІ. стр 800. Москва 1963г)
Міне бұл үзіндіден маңғыттардың моңғол тайпаларының бірі екеніне көзіміз жетті. Ал екінші Едіге ол Ақсақ Темірдің туысы барлас болып шығады. Бұлар Шағатай ұлысынан Шыңғысханнан, кейін оның ұрпақтары бір-бірімен қырқысып өмір кешкені белгілі. Одан кейін өзге де таза қазақ Едігелер бар. Бұлар да екеу. Оның бірі Едіге Танашұлы, ХІV ғасырда өмір сүрген батыр ашамайлы Керей-Едіге. Кезінде Әмір Темірдің жойқын соғыстарына қатысқан. Соғыс кезінде ауыр жараланып, Самарқанға әкеле жатқанда Ұлытауда қайтыс болады. (Қаз. Ұлттық энциклопедиясы 3 т. беті 345. 2001 ж. Алматы)
Тағы бір Едіге ХVІІ-ХVІІІ ғ.ғ. Тәукеханда билер кеңесінің мүшесі болған би. Арғын тайпасының Қаражал руы. (Т.Омарбеков «Едіге тарихына жаңа көзқарас.» Қ/Ә газеті 02.04.2004)
Міне, осы көп Едігелердің ішінде әңгімеге арқау болып отырған негізгі тұлға Ақ орданың Әмірі болған Едіге. Мұның туған жері қазақ жері, Қаратау бауыры Құмкент шаһары екені даусыз. Бұл өлкені сол үшін де «Едігенің майлы жұрты» деп атайды. Бұл барлық жырда бар. Сонда да болса, деректер әркелкі. Мәшһүр Жүсіптің жазуларында Едіге айтыпты, деген сөзді келтіреді. «Нұралы жер үстінде бар болса, ат айналып қазығын табады, диірмен айналып шүмегін табады дегендей, мені Қаратаудың баурайында Қарақалпақ атасы Созақтың қара обасының қасында Баба Түкті Шашты Әзиз атам бар, соның қасына апарып қойыңдар» дейді.
Тағы бірі, Машһүр Жүсіп қазақ шежірелерін тарқатып отырып «Созақтан Қарақалпақ, ал одан Баба Түкті Шашты Әзиз туған» деп те айтқан екен.
Едіге туралы деректерді нақтылай түспек болып Ноғай еліне барған қазақ зерттеушісін (Жұбаназар Асанов) аналар тоң-теріс қабылдап, тіпті маңайларына жолатпайды. «Ешкімнің ортағы жоқ. Едіге туа-бітті Ноғай жұртының батыры. Онда шаруалардың болмасын» деп, ер-тоқымын бауырына алып тулаған екен. Бұл бүгінгі күнгі әңгіме.
Едіге есімі Алтын орда, Ноғай Ордасы мемлекетімен тығыз байланысты. Барлық деректер Едігенің Алтын Орда хандығын қалпына келтіру, жолындағы қажырлы еңбектеріне назар аударды. Осыған байланысты бүкіл түркі тектес халықтар арасында Едіге батыр жайлы көптеген жыр-дастандар туған.
Біз осы жолы 15-тен астам эпосты қарап шықтық. Бұл жырлар жайлы бірқатар ғалымдардың еңбектеріне де назар аударуға тура келеді. Академик Р.Бердібай «Едіге батыр», «Эпос – ел қазынасы», «Едіге батыр» атты қалың-қалың арнайы кітаптар жазып, сол жырлардың көркемдік, тілдік композициялық, әлеуметтік-тарихи жақтарын жан-жақты талдайды. «Едіге деген ер еді» атты үлкен (алты бөлімнен тұратын) мақала жариялады. Дәл осы сияқты Татарстанда, Қарақалпақта, Ресейде Едіге жайында арнайы ғылыми диссертациялар жазылғаны белгілі. Мысалы Қарақалпақ нұсқасында ол Хорезм патшасы делінеді. Бұлардың бәрінде де тарихи Едігені әр ұлт өзіне қарай тартып, өз перзенті, өз батыры етіп көрсетуге тырысады. Осы жағдайларды саралай келе біз тарихи тұлға Едіге мен жырдағы Едігенің ара жігін ажыратып қараудың мәні зор екеніне көз жеткіздік. Көптеген белді, беделді ғалымдар да осы пікірде. «Тарихи Едіге мен эпостағы Едіге екі бөлек, эпостағы кейіпкер жиынтық кейіпкер» (татар ғалымы И.Надиров). «Тарихтағы Едіге мен эпос қаһарманы арасындағы күрделі айырмашылық бар екені, кез-келген тарих оқиға эпосқа ауысқанда көркемдік шындықтың өз заңына бағынарлығы мойындалмай келеді» (Р.Бердібаев)
Демек тарихи қайраткерлермен эпостық кейіпкерлердің арасына тепе-теңдік қойылуы әбестік. Ғылымның өз жолы, әдеби өнердің өз жолы бар. Ғылым нақтылайды, әдебиет дәріптейді.
Айқұш-ұйқыш пікірлер
Тарих ғылымы өзінің байсалдылығымен, объективті жиынтықтар мен көкейге қонымды қисындарды алға тарта білуімен құнды болмақ. Белгілі ұғымдар төңірегіндегі пікір қайшылықтарының көп болуы – мәселенің тұтас тұрғыда емес әр тараптанып кетуінен. Едіге сынды тарих аренаға шыққан тұлға тұтастықты, бірлікті мақсат еткен әрекетінен ұлылана түседі. Сол үшін оның бедел-атағы, даңқы көп тарап кеткен. Парадокс: Ол тұтас, ұлы бола тұра, бөлшектенуге әуес пікірлерге көп ұшыраған. Алтын Орда ыдырап, жойылып бара жатқанда сол керемет алып империяны немесе сондай бір тұтас мемлекетті сақтап қалуға деген құлшыныс енді жаңа сапада, жаңа есіммен Ноғай Ордасының қалыптасуына әкелді. Бұл тарихи уақиға. Мұны ойдан пішілген қалыпқа салу мүмкін емес. Енді сол тарихты жасаушы ұлы тұлғаның кім екендігін анықтау жолындағы пікір-талас тұтас түркілік, ұлы империялық Шыңғыс хан – Жошы құрған қағанат ұғымынан алшақтап кеткендік.
Мәселе Едігенің түп-тұқияны, шыққан тегін анықтауда. Барлық деректер оны монғолдың маңғыт тайпасынан екенін айтады. Ал монғолдың бұл тайпасы өте көнеден келе жатқан өзге тайпалармен деңгейлес. Оның туыс-сыңарлары Таңғұт, Сұлдыз, Керей, Меркіт, Қоңырат, Арлаттар сияқты Шыңғыс ханның жорығымен келіп, көпшілігі қазақ даласына, жергілікті халыққа сіңіп ассимиляцияға ұшыраған. Төрелер, хандар, қазақ хандары деген сияқты бұлар да бұрынғы тегін сақтамай тілі, діні өзгеріп, жергілікті тайпалармен мидай араласып кеткен. Барлық зерттеушілер қоңырат руларының басқа халықтарда да бар екендігінің баса айтады. Маңғыт қоңыратпен деңгейлес тайпа. Демек, қоңыраттың ішіне туыстық жағынан кіруінің қисыны жоқ. Олай болса, кейін айтылып жүрген маңғытай руы — ол анау маңғыт емес. Ол екеуінің уақыт алшақтығы – ең кемі екі ғасыр. Оның үстіне қоңырат тайпасы тек қазақ халқы емес, исі түркі жұртының қалыптасуында айрықша орын алатын тайпалардың бірі. Бұл тайпаның да түп-төркіні қасиеті ерекше «алтын аяқтан пінә болған» деп келетін аңыздарға ұласады.
Жорлақ мерген, Қабай шере, Тастұдай батыр сынды текті тұқымнан тараған ру еді деп сипатталады. Қоңырат осы үш ағайындының үлкені-Жорлақ мергеннің үлкен ұлы. Қалған ұлдардан тараған ұрпақтар да әр қайсысы бір-бір руға жете қабыл аталық болып, өскен, өнген тамыр. «Жеме-жемге келгенде, үлкеніміз еді» деп қоңырат төңірегіне топтасады. «Мәселен, Шыңғыс ханның анасы Әуелім қошын (бәйбіше) Қоңыратқа енетін Елқоныт руынан (бұл Қабай шереден тарайды) Шыңғыс ханның өз әйелі Бөрте де солай – Қоңырат қызы (Еркін Қыдыр. «Отырар кітабы, «Фолиант», Астана, 2009, 17 бет).
Бұл шежірелерде маңғытай айтылмайды, өйткені, ол әлі өмірге келмеген кез. Осыдан келіп Маңғытпен арасы алшақтай түседі.
Бұл жыр, дастан емес, шежіре жүлгесі. Ал, жыр дастандарды аралап кетсек. Мұнда да Едіге батыр бірде араб, бірде қарақалпақ, бірде диуана (өзбек нұсқасы), көбіне ноғай болып кетеді. Осы секілді алшақ-алшақ пікірлер Едігенің бірде әкесі, бірде атасы, бірде түп бабасы, бірде рухани пірі, рухани тегі саналатын Шашты Әзиз әулиеге байланысты одан әрі тереңдей түсетіні, ара жігі ажырай түсетіндігіне куә боламыз. Баба түкті шашты Әзиз әулие жайлы біз бұдан көптеген жыл бұрын біраз зерттеп (1996 ж.) «Егемен Қазақстан» газетіне көлемді мақала жариялаған болатынбыз. Онда ол Әзиз тұлғаны бүкіл иісі мұсылман түркі тектес халықтарға ортақ әулие деп, қазақ халқын қалыптастыратын көптеген рулардың әлі пайда бола қоймаған заманда, сонау VIII-IX ғасырдың адамы деп таныған едік. Шашты Әзиз әулиенің басын жаңартып, бүкіл қазақтан асып, еларалық деңгейде ас берілгенде осы тұтастық алтын арқау болған еді. Сол шараның аяғында Баба Түкті Шашты Әзіз туралы әр елде бірқатар мақалалар жарық көрген болатын. Солардың ішінде, ақын Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғайдың «Қазақ елі» газетінде жариялаған мақаласында мүлдем тың пікірлер ұсынылды. Бұл мақалада «Баба Түкті Шашты Әзіз әулие – Едігенің әкесі де, атасы да, арғы бабасы да емес, бақсы да, әулие де емес. Едіге батырға рухани тірек, ұстаз болған, ғұлама Низам-ад-Дин Мұхаммед Азиз-аш-Шаши деген кісі, – дейді, – Ақсақ Темірдің замандасы, «Усул-Шаши» деген кітап жазған ғалым екен» дейді. Ғалым болса, ғалым шығар, Әш-Шаши болса, Әш-Шаши шығар, бірақ, аттары ұқсас болғанына қарай, оны Баба түкті Шашты Әзизбен қалай байланыстырмақшы болғанына таңым бар. Аты ұқсастыққа келсек, бір ғана академик В.В.Бартольдтте Ақсақ Темірді зерттеуге байланысты 6 (алты) – Низам-ад-Дин, 4 (төрт) аш-Шаши жүр. Бұлар да ғалым, бұлар да талай еңбектер жазған. «Аш-Шаши» деп атаған (Баба Түкті Шашты Әзиз) кісі Ақсақ Темір заманының адамы болса, (ол 1336 жылы туылып, 1405 жылы өлген), Баба Түкті Шашты Әзиз әулие Ысқақ бабтың замандасы, бұл сонау VIII ғасырда өмір сүрген адам. Темір заманымен екі арада бес ғасырдан астам уақыт жатыр. Міне, осылайша Едігенің бабасы Шашты Әзиз әулие туралы да, Едігенің өзі туралы пікірлер қым-қиғаш.
Бір даусыз нәрсе – екеуі де тегін адамдар емес, ерекше жаратылған, табиғаты бөтен қасиетті құбылыс. Барлық жырларда Едіге перінің қызынан туған, әкесі (не бабасы) Баба Түкті Шашты Әзиз делінеді. Енді бір жырда тек Баба Түкті Шашты Әзиз әулие ғана емес, оның ұрпағы Едіге ғана емес, Шашты Әзиздің түп атасы ала ат мінген Аңшыбай батыр да періден туып, періге үйленген боп шығады. Даусыз нәрсе – Шашты Әзиз бабаның дала түріктерінен Исламды алғаш қабылдаған жергілікті сақ тайпасы екендігі. Әзірге бізе белгілі 3 (үш) Шашты Әзиз бар. Оның бірі – Құмкентте болса, енді бірі – Маңғыстауда, ал, үшіншісі Татар-Ноғай нұсқасы бойынша Барқал деген атпен белгілі болған, үсті-басын түк басқан, ерекше қасиетті күшнаш адам. Алғашқы екеуінде де Шашты Әзизді отқа салып, қасиетін сынайды. Сол арқылы ерекше жаралған адам деп табады. Жырдың бәрі солай дейді.
Осы жырлардың татар-ноғай нұсқасында жыр өзгеше бір қызықты сипат алады. Әлгі тегі тылсым деген жайт мүлде ерекше айқын көрінеді. Қысқартып мазмұнын беріп кетсек былай болады. Бір қойшы далада адамның қу бас сүйегін тауып алады. Әрі-бері айналдырып қараса, маңдайында жазуы бар екен. Хат танитын адамға оқытса, «Мен өлмей тұрып, сан мың адамды өлтіргенмін, өлген соң да 40 адамды өлтіремін» деп жазылған екен. Қойшы қатты шошып кетіп, бас сүйекті талқандап, ұн қып үгетеді. Сөйтіп шүберекке түйіп, тығып ұстайды. Әкесі қойға кеткенде, қызы әуес көріп, әлгі ұнды көріп, тіліне салып, бір шымшымының дәмін көреді. Содан қыз жүкті болып қалады. Айы-күні жетіп, ғайыптан пайда болған ұл табады. Оның атын Барқал деп қояды. Ол судан балық аулап, далада аң қуып, еркін өседі. Үсті-басы жүн-жүн, сақалы ұзын, бітімі ерекше, оның үстіне ақылы да мол, көріпкелдігі бар адам болып шығады. Жұрт оны Баба Түкті Шашты Әзиз деп атап кетеді. Бұдан ары қарай жыр өзге нұсқалары сияқты Парпария, Құттықия, Тоқтамыс хан, Сәтемір хан (Ақсақ Темір) сияқты кейіпкерлермен өрбіп, қазақи сипаттағыдай тарихи, батырлық жыр боп жалғасады.
Енді бір деректерде Едігенің түп атасы араб жұрты делінеді. Академиктер Р.Сыздықова, М.Қойгелдиевтің «Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалары» кітабында (Алматы 1991ж). Бұл Едігені неғұрлым құдіретті етіп көрсету үшін ойдан телінген жырда суреттелген пікір екенін ескерген жөн. Қадырғали бидің бұл пікіріне сүйеніп, Ә.Оспанұлы да, Мұхтар Құл-Мұхаммед те, жуырда мақала жазған Кемел қажы Жүністегі де, тағы «Мәулімнияз» жырында да Едігенің тегі пайғамбар әулетінен дейді. Дәл солай болса, көптеген қожалар шежіресінің ешбірінде де Шашты Әзизге не Едігеге орын берілмеуі неліктен?
Түйін
Жырдың түп мәні, ол – қай ұлттан болсын, ашкөздік пен зорлық-зомбылыққа қарсы хан билігі үшін елін мансұқтаған хандар мен бектердің елді алауыздыққа ұшыратып, бөлшектеніп кетуіне себепші болған пиғылына қарсы бағытталған халықтың биік, бітімшіл, бірлікті қалайтын, тұтастықты ту етуді армандайтын ізгі ниетінің жемісі деп ұғуымыз керек. Жыр кейіпкерлері Едіге, оның түп атасы Баба Түкті Шашты Әзизді әр ел өзіне еншілегісі келетіні – оларға деген, олардың ер қамын жеген ерен еңбегіне деген ризашылығы.
«Едіге деген Ер дүрмін,
Үзілмес жібек, кендірмін.
Өзі білмегенге,
Білгеннің тілін алмағанға
Еменнен шоқпар шекесіне
«Шақ» еткізетін мен дүрмін»
деген өсиет сөзі әлі де қасиетін жойған жоқ шығар.
Түйіндеп айтар болсақ, ұлы М.Әуезов айтқандай, жұртшылықтың құлағына әбден сіңіп қалған жайттарды өзгертіп айтудың өзі әбестік. Ал, бүкіл иісі қазақ, қала берді, түркі-мұсылман жұрты әулие, пір тұтып, ортақ әулие санаған тұлғаларды сол ұлы тұлға қалпында руға, жүзге бөлмей, тұтас қалпында қалдырғанымыз абзал. Әйтпесе, соңғы кезде Абылайды Үйсін деп, Махамбет Өтемісұлының өзін де қазаққа қимай, арғы тегін «Қызылбас екен» дегеннен не ұтамыз? Біле білсек, бұл тұлғалар байырғы Аттила (Еділ, Аттылы), Томирис (Тұмар ханшайым) Сұлтан Бейбарыс сияқты Ұлы Даланың перзенттері – өзге жұртқа айбынымызды асыратын қазіргі тілмен айтқанда тарихи брендтер емес пе?
Қаншама дәуірлерде әлденеше рет «Әттеген-ай!» дегізген алауыздық, сөзге тұрмау, түптің түбінде қалай боп тынарының эпос тілімен жеткізілуі – халқымыздың керемет көрегендігінің көрінісі деп білуіміз керек. Едіге тұлғасы – тұтастық, бірлік, елдік аманаты.
Жұлдыз журналы



