Бүгін Оңтүстік Америкадағы француздық Гвианадағы Куру ғарыш айлағынан қазақстандық KazEOSat-1 спутнигі ұшырылды деп хабарлайды 24.kz телеарнасы.
Қазақстандық спутник тиелген еуропалық «Вега» зымыран тасығышы Астана уақыты бойынша сағат 07:35-те әуеге ұшырылған. Спутник енді Жерден шамамен 700 километр қашықтықтағы күннің синхронды орбитасына шығарылмақ.
Жерді қашықтан зондылауға арналған KazEOSat-1 спутнигі «Қазақстан ғарыш сапары ұлттық компаниясы» мен француздың «Airbus Defence and Space» компаниясы арасындағы келісім бойынша жасалған.
KasEOSat-1 спутнигін ұшыру әуелде 29 сәуірге жоспарланған болатын. Бірақ ауа-райының қолайсыздығына байланысты ұшыру бір күнге кейінге шегерілді.
Мейірбек Молдабеков, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары:
— Бұл жерсеріктің ең үлкен пайдасы ауылшаруашылығына тиеді. Егіннің жағдайы, қанша өнім беретінін жерсерік арқылы білуге болады.
28 сәуір күні Байқоңыр ғарыш айлағынан ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышымен қазақстандық «ҚазСат-3» спутнигі ұшырылып, бірнеше сағаттан соң спутниктің Жер орбитасына шығарылғаны хабарланған еді.


