
Тоқтар Жақаш
Жақында ғана Ерлан Райымқұлов «Ұлы Отан соғысы» емес, Екінші Дүниежүзілік соғысы» деушілердің аузынан тәпішкемен ұрғысы келетінін жазып еді. Толықтай жауап жазатын уақыт болмады. Тәпішкеден «таяқ жейтіннің» бірі менмін. Енді өз позициямды түсіндіре кетсем:
2 Дүниежүзілік соғысы 1939 жылы 1 қыркүйекте Германияның Польшаға шабуылынан басталды. 17 қыркүйекте Кеңес Одағының әскері шығыстан Польшаға бас салады. Бірақ Ресей тарихшылары ол күні неміс-поляк соғысы басталды деп бұрмалайды. Бірақ 3 қыркүйекте осы соғысқа Англия, Франция, Австралия, Үндістан, Жаңа Зеландия мемлекеттері тартылды. Бұдан сәл бұрын, тамыз айында Риббентроп-Молотов пакты жасалып, Германия мен Кеңес Одағы Еуропаны бөлшектеуге келіседі. Адольф пен Сталин осы уақытқа дейін бірлескен әскери парадтар өткізді. Әскери тәсіл-айлалармен алмасты. Ал 28-қыркүйекте Сталин мен Гитлердің делегациясы Польшаны бөліп алып, «Достық пен шекара туралы» келісімге қол қояды. Соның нәтижесінде Кеңес Одағы 1939-41 жылдар аралығында Балтық жағалауындағы мемлекеттерді, Финляндияның үштен бір бөлігін, Солтүстік Буковинаны, Бессарабияны опасыздықпен басып алды. Яғни, біздің аталарымыз ешқандай «Ұлы Отан» үшін соғысқан жоқ. Басқыншылық соғысқа қатысты. Ресей тарихшылары осы соғысты тек 1941-1945 жыл төңіргеніде ғана қарастырады. Өйткені, Сталин мен Гитлердің ұзақ жылдар ауыз жаласқанын жасырғысы келеді. Соғыс өрті 1941-жылы басталған жоқ. Оның тұтануына Германия мен Кеңес Одағы бірдей қатысты. Кейіннен, Қызыл армия Берлинге дейін барғанда, жол-жөнекей бүкіл Шығыс Еуропаны жаулап алдық. Сондықтан, бұл мен үшін ешқандай «Ұлы Отан» емес, миллиондардың қанын суша төккен Екінші дүниежүзілік соғыс қана!




