Уақиға былай басталды. Төрт би төре кезінде Алтай бетінен ауған елдің тобыры молығып, малдың жайылысы тарылып, ақыры ақтай, бардам, жуанған сияқты көптеген ауылдар Қобда жеріне ауып кетеді, Алтайдағы Бейжиңге беретін он мың сәрі күміс, төре, билердің және Алтайдағы уәкіл әкімнің алмандары да төмендеп қана қалмай, уәкіл әкімнің қолындағы «шекара қорғайды» деп әкелген мыңға жуық әскердің атының жемі мен азығын әзірлеу қиыншылығы туып, амалсыз қалғандықтан, мұндағы елдің салығы ауырлайды да, қалған ел Төрт биге арыз айдап, қалқаға кеткендерді алып келіп, алманды тең алуды өтінеді.
Бұлармен қоса өздерінің «жайлымдарын тарылтып, қоғамымызды тынышсыздандырды» деп іргесіне келген Қазақтарға көз қызылдық істеп арызданып жатқан Моңғұлия ұраңқайларының арызын тапсырып алған чиң үкіметі 1883 — жылы «Алтайдың теріскей бетіндегі Қазақты Алтайға қайтару» бұйрығын түсіреді.
Осы жарлықты атқарушы шабдыр амбы (Қазақтар сол кезде жонғалдай дейді) «Алтайды Тарбағатайға қарату, Алтайдың батыс терістігіндегі Қазақтарды Алтайға көшіріп әкелуге» жауапты болады да, чиң үкіметінің әскерімен бірігіп, 1890 — жылы Қобдаға жетіп, мұнда жәнтекей ішінде базарқұл көбеш ұлы Асылбек пен шеруші ақтайдың ұлы жылқышыны «пәле басы» деп қолға алып, «не елді Алтайға қайтаруға көндіресіңдер, болмаса бастарыңды аламыз» деп қинайды. Ақыры, ел болып бұл екі азаматтың өлімге кеткелі тұрған басын құнға сатып алмақ болған ойын көрген бас алғыштар, «екі жеп биге шығудың ораты келді» деп біліп, әрқайсынан мың ақ, мың қара түсті сажынға (зербеге) өлшемді ат талап етеді, сонда төрт үкірдәйдің бірі найман мен дайыр төренің бұқарасы жұм болып, құнын төлеп алуға төңірекке ат салған еді. Жылқышыға кескен мың қаракер ат табылып, әзір болады да, жылқышыны аман алып қалғанымен базарқұл Асылбекке беретін мың ақ түсті ат табылмай басына қызыл бұл жапқан Асылбектің басын шырыштай елдің алдында майданда кесіп алған амбы мақсатына жетеді де, бұл жолы ерте барған жұртбайды ертіп Алтайға қайтады. Осы оқиғаны көзі көріп, қолмен істегендей болған жұртбай төре ордасына еңірей енген екен.
Ал Моңғұл жеріне барып қоныс алған ел ағалары Асылбектің басын алғанына қарамай тіпті егесіп Алтайға көшпей, Қобдада табан тіреп отырып алады.
Осылайша қаба, сауыр өңірінен Өралтайға бір бөлім елдің алды ағыла жеткенде, батыр — балуандардың алдыға қойған бір ғана ұраны «кімде — кім қандай айла — шарамен елін қоныстандырып, шұрайлы мекен тапса, еліне деген ізгілігі де, ерлігі де сол болады» деген бетәліспен ертіс өзенін өрлеп, Моңғұлдардан ежелгі мекендерін ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен қайтарып алып, судың тұнығын, шөптің шүйгінін қуып, қазіргі шіңгіл, бәйтік, көктоғайдағы қуертыс, балаертыс, қара ертіс, қайырты, Үліңгір өзені бойларын мекендеп, ежелгі ата қоныстарына орналаса бастады.
Байахмет Жұмабайұлы
kerey.kz


