Суырып салма ақын, халық композиторы, әрі әнші Құлтума Өтемісұлы өзінің туып өсіп, кіндік қаны тамған Ақмола өңірінде ғана емес, Ақтөбе, Сыр елінде, Орынбор, Қызылжар, Троицк, Кереку қалаларында да өнер көрсеткен.
Ақиық ақын айтысар алдында ұшар қырандай қомданып, дүр сілкініп, алдында отырған қарсыласын мысымен басады екен.
Мінуші ем көш алдында Тайпалманы,
Жүрісі жануардың байқалмады.
Алтайда Құлтумамен болдым жолдас,
Осылай салады екен “Тайпалманы”.
Біржан сал.
Өнер адамдарының барлығы да, шабыт құшағында отырғанда қуатты келетіні анық. Құлтуманың шабытқа берілетіні сонша, айтысқанда шиыршық атқан тұлпардай тіпті, бір орнында отыра алмайты болған. Оған Асаубай шешенмен қақтығысында, Асаубайдың мына сөзі куә:
Нағыз ақын болсаңыз,
Жақсы сөзбен былпылда.
Байлаулы тұрған бурадай,
Жыныңды шашып бұлқынба.
Сондай-ақ, белгілі ғалым, профессор С.Негимов Құлтума ақын турасындағы зерттеу еңбектерінде: “Еу!” – деп айқайлап алып, есіктен төрге дейінгі аралықта аққан селдей, ескен желдей, ақындықтың ырғағына тұтас беріліп, қанаттанып кетеді екен” – дейді. Әсіресе, ақсақал ақынымыз, Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың Құлтума жөніндегі мына өлеңі ақынның шабыт тұлпарының үстінде отырған кезеңін дәл бергендей.
Құландай құйқылжыған құйын ақын,
Құлтума – жүйрік ақын, қиын ақын.
Төбесі көрінгеннен құдіреттінің,
Халайық қаптай дүмеп жиылатын.
Қарық қып, ағыл-тегіл өлеңіне,
Өзендей таудан құлап құйылатын.
Шабыты шамырқанбай діңкелетсе,
Қылышпен шарт кескендей тыйылатын.
Лебізін естігенде арқалының,
“Пірім!” – деп жас таланттар сыйынатын.
Ал, өзінің мына жыр жолдары дүлдүл ақынның рухының биік, сөз саптасының асқақ, бейнелі екенінің айқын дәлелі.
Аузымнан лебіз бұрқылда,
Қаламдай біткен он саусақ,
Дөңгеленген он тырнақ
Сом алтындай жылтылда.
Қиылып біткен екі қас
Көз алдында бұлтылда.
Мен – өр Алтайдың өрені
Атақты жүйрік Құлтума…
Құлтума Өтемісұлының әнші-композиторлығы жөнінде қазақ музыка өнерінің асқан білгірі академик Ахмет Жұбанов: “Құлтума әндерінің ішіндегі бір шарықтау шегі, биігі, шыңы “Үш көтерме”, әнде үлкен рухани күш бар. Онда лирикамен қатар, бір драмалық элемент те бар сияқты. Өрлеп басталған күш көпке дейін әлсіремейді. Қайта үдей түседі. “Үш көтерме” Құлтуманың шығармашылық түйіні десек те қате болмайды. Ол үшін қолға ұстата салатын мұрағаттық, не кітаптан алған деректеріміз жоқ болғанымен, мұндайда ең әділқазы музыкасы бар. “Үш көтерменің” музыкасы ғасырдың куәсі болуға, Құлтуманың өзі жоқ болса да, көзі болып, жоғын жоқтауға жарайды”, – десе, ақынның басқа да шығармаларына жоғары баға бере келе: “Әрине, өмірінің қай кезеңінде, қай әннің шығарылғанын білмесек те әндердің дамуына қарай шығу кезектерін әңгіме етуге болады”, – деген.
Құлтума “Үш көтермеден” басқа елге мәлім “Тау қиялап”, “Желкек”, “Дөңбек”, “Пау-ой”, “Демалыс”, “Жамал – Шамшид” , “Шайқалма”, “Құла атым”, “Қуандық”, “Соқпай – соқпа”, “Тайпалмалы”, тағы басқа да (ел есінде қалмаған) көптеген әндермен қатар 28 вариантты дастан “Мақпал-Сегіз” ғашықтық қиссасын қалдырған.
Әнші-композитор Құлтума Өтемісұлының өзінен кейінгілерге үлгі боларлықтай сазгерлік сарынын атап айтуымыз керек. Бұл да Құлтума шығармашылығының арнайы зерттеуді қажет ететін бір қыры. Мысалы жерлесі, әйгілі әнші Қосымжан Бабақовтың әншілік өнері, ән айту мәнері Құлтума үлгісі десек болады. Сол Қосымжанның арқасында оның көптеген әндері ел есінде қалып, осы күнге жеткен. Атбасарлық әйгілі әнші-сазгер Қапаш та, әу баста Құлтума әндерінен сусындап, оларды насихаттай жүріп, кейіннен өзі де ән шығарып, дүйім елге танымал болған. Жыршылық, жыраулық, ақындық жағынан Құлтумаға өзінің немере інісі, серігі Тоқа Жұмабайұлы ( 1846-1919ж.ж.), Доскей Әлімбайұлы, Күдері Жолдыбайұлы (1861-1933ж.ж.), Қалмағамбет Ақпанұлы (1868-1915ж.ж.) сияқты жыраулар және Қапан ақын ізбасар болып, жолын қуған. Құлтума әндерінің Жаяу Мұсаға да ықпалының болғанын А. Жұбанов “Замана бұлбұлдары” кітабының “Жаяу Мұса” тарауында: “ Жаяу Мұсаның еркелеген “Көгершін”, өр кеуделі “Хаулау”, “Баянауыл”, “Сұрша қыз”… Бұл әндер Біржанның, Ақанның, Құлтуманың… ән шығару дәстүрін әбден меңгеріп барып, творчестволық құлаш ұрған адам екені көрінеді” – дейді, Жаяу Мұса шығармашылығы жөнінде. Жаяу Мұсаның өзі “Ер Сегіз” деген тарихи толғауының ішінде Құлтумаға мадақ айтады.
Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди Құлтума сазгердің “Үш көтерме”, “Тау қиялап” әндерін атақты “Абай” операсының бірінші және үшінші актілерінде пайдаланса, Мұқан Төлебаев “Біржан Сара” операсында Біржан сал және басқа да сазгерлердің шығармаларымен бірге қолданған.
Құлтума Өтемісұлы әнші, композитор, айтыс ақыны ғана емес, жыршы-жыраулық өнерімен де (шәкірттерінің бар екені айтылды) қалың елге мәлім болған адам. Жоғарыда айтып өткендей ақын “Мақпал Сегіз” атты ғашықтық қиссаның бір нұсқасын жырлап шығарған. Өкінішке қарай, бұл дастанның атауы ел арасында қалғанымен бүгінгі күнге жетпеген. Құлтума Қазақстанның көптеген өңірлерінде болып, жырлары мен толғауларын өз аузымен айтқан. Жезқазған, Ұлытау елінде болған кезін Ұлытау ауданы “Алғабас” кеңшарының тұрғындары Бейсенәлі молда Нәубетұлы (1885-1976 ж.ж.), сыбызғышы Орманбек Мамажанұлы (1883-1975 ж.ж.) ақсақалдар ересек бала кездерінде Құлтуманың атақты Жоламан жырау Тәттібайұлының (1836-1922 ж.ж.) ауылына келіп жүрген кезінде көріп, таңды таңға ұрып айтатын жырларын естігенін растаған. Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Төменарық темір жол стансасына таяу жердегі Екпінді ауылында тұратын белгілі шежіреші, ауыл жыршысы Бекен Төлегенұлы (1885-1975ж.ж. ) ақсақал да Құлтуманы бала кезінде де, жігіт кезінде көріп, бәйіттері мен ұзақ жырларын өз аузынан естігенін айтқан.
Ел, жер аралап жүріп, Құлтума жырау сол кезеңдегі қоғамдық өмірде кездесетін әділетсіздіктерді, күштілер мен әлсіздердің теңсіздігін қара қылды қақ жара батыл айтқан, әділ жырлаған. Әкімдігін дұрыс пайдаланбаған ел ағаларына да, беделдерінен қаймықпай “қара қылды қақ жарған” сын айтқан. Ақмола дуанының алғашқы аға сұлтаны болған, төре Қоңырқұлжа Құдаймендіұлының, Атбасар дуанының аға сұлтандарының бірі – Ерден Сандыбайұлының әділ үкім шығармаған кейбір істерін беттеріне басқан. Мысалы, Ерден Сандыбайұлына:
Сопақ бет, селдір сақал, қуалған мұрт,
Жұлқар жақ, күрек тісте суалған ұрт.
Ей, Ерден, сені жақсы деп кім айтады,
Ер жігіт бір қыз үшін сата ма жұрт.
Бұрынғы қазақ тұрмысында сот ісіне төрелікті билердің айтқаны мәлім. “Билер жөнінде” деген сын өлеңінде:
Билері бұл заманның алман-жалман,
Бес тиынға “жақсылар” көзін салған.
Бір кедей “ақым бар” деп арыз етсе,
Шыбын жанын “аямай” малын алған.
Өлеңнің мән- мағынасы осы күнге дейін құнын жоймаған. Құлтуманың ғибратты, парасатты жырлайтын нақыл термелері де баршылық. Онда алды-арты шолақ, аз ғұмырда мағыналы өмір кешуге үндейтін терең ойлар: жақсы адамның аты арып, тоны тозбайтынын, халықтың этикалық кодексін паш етеді, жақсылық пен жамандықты, жарық пен қараңғылықты айыра білуді насихаттайды. Осынау ағартушылық мұраттарға тән ізгі қасиеттерді айтып, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге үгіттейді.
Олақ адам – міншіл келеді,
Оңбаған адам – күншіл келеді.
Көп ойлаған адам – сыншыл келеді.
Орынсыз сөз – былшыл келеді.
Сондай ақ:
Өзімнің мініме – құлағым керең,
Кісінің мінін – қырымнан көрем, – дейді.
Арынды ақын, тұлпар мінезді Құлтума саналы ғұмырын ел аралап сән-салтанатпен өткізіп, бозбалалық пен кемел шақта бақ-беделдің адам өмірінде алар орны қандай болса, (қарттық кезеңді де басынан өткізген ақын) адамның өзінен күш кеткен уақытта сол береке-беделдің көз алдыңда мұздай еріп, сағымға айналатынын “Базыл болысқа” деген өлеңінде былай суреттеген:
Біз енді қайда барып сыя аламыз,
Сынған бір шам үстіне пиаламыз.
Бұл күнде тұрымтайдай сыйқымыз жоқ,
Төсекте босқа отырып, жыланамыз.
“Осы шал тамақ аңдып келді ме?” деп,
Айтуға аз нәрсені ұяламыз.
Құлтума Өтемісұлының айтыс өнері әлі жеке, жете зерттеуді қажет ететін ақын мұрасының үлкен бір бөлігі. Суырып салма ақын өз кезінде Намаз, Тайжан, Ырысбай, Асаубай, Жанқиса, Әбутәліп, Көккөз, Қожабек, Қожабай, Балтекей, Исабек, Шөже, Орынбай, Тоғжан, Айна, тағы басқа ақындармен айтысқандығы жөнінде деректер бар. Осы аты аталған атақты ақындармен сөз қағысуларының өзінің толық нұсқасымен бізге жеткені аз. Қолда бары Асаубай шешенмен Қара Қыпшақ Ырысбай ақынмен (екі нұсқасы) айтысы, Намаз ақынмен, Қожабай Тоқсанбайұлымен, найман Қожабек ақынмен және Исабек Есенқұлұлымен, Тайжан ақынмен айтысы.
Арғын-қуандық-алтайдың белгілі мырзасы, он екі мың жылқы айдаған Аққошқар Сайдалының ұйымдастырған асында Құлтума Намаз ақынмен кездесіпті. Намазға дейінгі тоғыз ақынды жеңіп, асқа жиналған халықтың құрметіне бөленіп жүрген Құлтума үйге кіргенде, өз жақтастарының ақылымен айтысар үйге бұрын кіріп, жайғасып алған Намаз Құлтуманы жорта көрмеген сыңай танытады. Құлтума өзгелер амандасса да жас жігіттің амандаспағаны шамына тиіп, айтыспақшы пиғылын сезіп: “Мынау қай неме?” – деп домбырасын қолына алып төгіп жіберіпті:
… Мен өр Алтайдан шыққан,
Атақты жүйрік Құлтума.
Өзге ақындай сен көрме,
Аяғың ақсап қалмасын,
Балам, маған ұмтылма! – десе, Намаз да дүрсе кетіп, кекесін аралас:
Бәрің бай Ыбырайдан туған бала,
Ұрт мінезің бар екен, Құлтума аға.
Тоғыз күндей бұл астың бәрін жеңіп,
Әлі тоймай жүр ме едің, жүзіқара!
Құлтума:
Аптығыңды баспасам жөн болмайды,
Тәңірінің бақ берген жаны кем болмайды.
Томар су тасығанмен көл болмайды.
Шіркінде иманы жоқ өң болмайды.
Терең сай шөккенімен бел болмайды.
Осы балам көбексіп бара жатыр,
Біраз соғып алмасам, ел болмайды, – деп салмақты, бейнелі, орынды сөздермен Намаз ақынның арынын басады.
Айтыс дәстүрлі тақырып шеңберінде өткен. Тілі шұрайлы. Намаз ақын жастығына қарамай, жұрттың: “Құлтума бірде бір ақынды беттетпей, шаңдай шашып, тозаңдай тоздырып, құтын қашырып, қарсыластарын жапырақтай отап жатыр” – дегенінен қаймықпай, сол аста тәжірибелі Құлтума ақынмен сөз сайысына түсіп, кейін халыққа танымал болады.
Ертеден, халқымыздың саяси-әлеуметтік және тұрмыстық өмірінде жер дауы мен жесір дауының алатын орны ерекше. Ел мен елдің, ру мен рудың арасының алшақтап, тіпті бітіспес жауға айналып кетуі немесе табысуы осы даулардың қалай шешілуіне байланысты болып отырған. Сол кезде дау шешкен билермен қатар, ел құрметіне бөленген ақындардың да кесіп айтқан бір ауыз өлеңі мен аталы сөзге тоқтауы ел мен елді жақындастыратын да, ажырататын да құдіретке ие болған. Құлтуманың Асаубай шешенмен қақтығысуы хақында жұрт алтай-қуандық пен қанжығалы-бәсентин елі арасында жесір дауы болып екі ел көпке дейін бітімге келе алмай жүріпті дейді. Екі жұрттың басы қосылған бір жиында алтай елі Құлтума ақынға, қанжығалылар Асаубай шешенге жүгініп, жақтас болып төрелігін айтуды өтінеді. Сондағы екеуінің айтқандары:
Сенің атың мәлім-ді,
Қанжығалы Асаубай.
Асау болып кетіпсің,
Бас білмеген асаудай.
Сөзің өткір көрінді,
Қайралған өткір қашаудай.
Неғып шыдап отырсың,
Шаш орнына бас алмай.
Сөйлеушіге сөз бермей,
Айтушыға кез келмей,
Бетіңменен кетіпсің… – депті Құлтума. Сонда Асаубай шешен отырып:
Түбің алтай-қуандық,
Атағың шыққан Құлтума.
Нағыз ақын болсаң да,
Онша маған ұмтылма.
Жетік ақын болсаңыз,
Жақсы сөзбен былпылда.
Байлаулы тұрған бурадай,
Жыныңды шашып бұлқынба.
… Арасында екі елдің,
Жесір дауы қаулаған.
Май құйғандай көтермей,
Сөндіруге ауқымда! – дегенде Құлтума тоқтап, дау оң шешімін тапқан деседі.
Құлтуманың қыпшақ Ырысбай ақынмен айтысуына қазақ елін жоңғар шапқыншылығынан қорғаған батырлардың бірі – Сәркеннің шөбересі, өзі ақын, әрі батыр Ер Сейіл себепкер болған. Айтыстың бір нұсқасын 1930 жылы Ақмола облысы Атбасар ауданында жүріп жазып алған қоғам қайраткері, жазушы Сабыр Шәріпов. Екінші нұсқасын Құлтума ақынның жерлесі жүз жасаған Бибіжамал әжеден жазып алдық. Екі ақын Сыр елі мен Арқа жұртының намысын жыртып өз елдерінің шаруасын, тұрмысын мадақтайды. Сабыр Шәріпов жазып алған нұсқада ақындардың дін саласына байланысты сұрақ-жауап айтысы түсіп қалған. Соған қарағанда, кеңес заманындағы дінге қарсы идеологиялық күрестің болуы себепті әдейі қалдырылып кеткен тәрізді. Бұл айтыстан екі ақынның да дін ілімі саласында терең білімді екені көрінеді. Бұдан ақындарды өз заманының оқығандары десе де болады.
Ал енді сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесінің туып өскен жері қайда дейтін болсақ, Қараөткел – Ақмола өңірінің Қорғалжын топырағы. Дәлірек айтсақ, Қорғалжын ауданына қарасты бұрынғы Жартытөбе ауылында өмірге келді. Бүгінде бұл елді мекеннің орны қазіргі Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының ішінде, Қақай көлінің жағасында. Мәңгілікке орын тепкен жері де, сол жерде ата баба қорымында.
Сол замандағы ақын, әнші, сал-серілердің өмірбаянына көз жүгіртсеңіз Біржанды, Ақанды Көкшетаудың сұлу табиғаты мен сексен көлінің аясы, Жаяу Мұсаны әсем Баянауылы, Сүйінбай мен Жамбылды жер жәннаты Жетісуы, Мәдиді Қарқаралысы рухани қанаттандырып, олардың суреткерлік, шығармашылық таланттарының ашылуына, дамуына әсер еткенін сезінесің, түсінесің. Өнер алыптарын тіпті, сұлу табиғат ананың өзі туғандай күй кешесің.
Құлтума тәрбиеленген Қорғалжын елі негізінен Арқаның қалың қарынан нәр алатын ұзын-ырғасы 120 өзен-көлі бар үш ауданның жер көлемін( Қорғалжын, Егіндікөл, Қарағанды облысының бұрынғы Теңіз ауданы) алып жатқан кең өлке. Қорғалжын – Теңіз өзен-көлдерінің жағалауы ну қамысты, көк шалғынды, балығы мол, айдыны құстан көз сүрінетін, аңы жыртылып айырылатын Арқадағы молшылығы тасыған өңірдің бірі. Жазда көлден ескен қоңыр жібек желді сая қылып, кең айдынды Қақай көлінің құм қайрақты мөлдір суына шомылып, сұлу жанын аялаған толқыны шабыт берсе, қыста күнге күйіп қураған сарғыш сұлбалы селеуі мен қалың шөбін қар жапқанда түлкі ішік кигендей түрленіп, қоянжонданып шыға келетін Қорғалжын табиғаты өнер тарланына қуат бергені ақиқат. Ал, Құлтума Өтемісұлын осы уақытқа дейін кейбір зерттеушілердің Қарағанды облысында туды деуі, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында Қорғалжын ауданынан Қорғалжын елінің оңтүстік бөлігі, Теңіз көлінің күнгей бетінің Теңіз ауданы деген атпен бөлініп шығуы себеп болды. Кейін бұл әкімшілік-территориялық құрылым өзгеріп, Қарағанды облысының Нұра ауданының құрамына қосылды. Жаңсақтық сол кезден басталса керек. Бірақ, Құлтума ақынның туып-өскен жері осы күнге дейін Ақмола облысы Қорғалжын ауданының бір бөлігі.
Құлтума ақынның ата-жұрты – Орта жүз, одан арғын – қуандық-алтай. Бұған Құлтуманың “Қуандық” әніндегі “Сұрасаң менің атым Құлтума-ды, Алтайдан Құлтумадай ұл тумады” деп басталатын сөздері дәлел бола алады. Алтайдан Әлке, Мұрат, Тінібек (Сарыатты деп те атаған), Жақсылық, Бердеу, Өтеміс. Өтемістен Құлтума ақын дүниеге келсе, Құлтума Өтемісұлынан: Жақып, Асқар, Қосбол, Шәріп, Зада деген бес ер бала өмірге келеді. Бұдан осы күнге дейінгі зерттеушілердің (Қаратай Биғожиннен басқасы) ақыннан ұрпақ жоқ деген сөздерінің қағыс екенін көрсетеді. Құлтуманың үлкен баласы Жақыптан: Асар, Шыныбек, Мәлібек, одан тараған немере, шөбере, шөпшек, неменелер осы күні бір ел. Асқар мен Қосболдан ер бала жоқ, қыздар тарайды. Шәріптен – Аллаберген (жастай қайтқан), Төлепберген. Құлтума ақынның кіші баласы Зада өзіне тартқан отты ақын екен, ол көз тиіп ауырып, 25 жас мүшелінде атақты Сағынайдың асына бара жатқан жолда, Қараөткелдің тұсында қайтыс болып, содан Құлтума ақын кері қайтқан екен. Бүгінгі ұрпақтарынан хабардар боламын деп, қызығушылық білдірген оқырманға көп жылдар ұстаздық еткен Байұзақұлы Сағындық ақсақалдың “Алтай шежіресі. Әлке және Байдалы” шежіре кітабынан толық мағлұмат алуларына болады.
Белгілі жазушы Сәбит Мұқанов “Айтыстар туралы” деген еңбегінде, Ахмет Жұбанов “Замана бұлбұлдары” кітабында басқа ақындармен қатар Құлтуманың туған, қайтқан жылдарын топшылап қана білетіндерін айтқан. Бұған, сол кезде қол астында дайын мәліметтері мен нақты зерттеушілердің жоқ болуы себеп болса керек.
Шынтуайтына келгенде, Құлтума Өтемісұлы 1828 (тышқан) жылы туып, 1911 жылы қайтыс болған. Бұған ақынның өзінің досы, әрі құрдасы қуандық – арғынға жататын тоқа руынан шыққан Шоң Телқозыұлы қайтыс болғанда (1902 жылы күзде), оған арнап шығарған жоқтауы айғақ болады:
Өзіммен құрдас аталас,
Аты шыққан Шоң еді.
Ісімен көпке әйгілі,
Тәуірлердің соңы еді.
Алланың сүйген құлы еді,
Телқозы бектің ұлы еді.
Қуандық, тама, алшынға,
Айтқан сөзі пұл еді.
Шоң болыспен екеуміз,
Тышқан жылы туған ек,
Талаптанып жас кезден,
Елдікке белді буған ек.
Бірге көріп молда алдын,
Дін оқуын оқыдық.
Мұхтасарды тәмәмдап,
Жадымызға тоқыдық.
Бозбалалық күндерді,
Бастан бірге өткердік …
Шоң мырза Телқозыұлы 1828 (тышқан) жылы дүниеге келіп, 1902 (барыс) жылы дүниеден өткен. Шоң болыс хақында “Сұлу терек” деген кітап шықты. Онда бұл атақты адамның өмірге келіп, кеткен уақыттары мұрағат деректерімен көрсетілген.
Құлтума ақын қабірінің басына немерелерінің тірі кезінде қойылған көне таста араб жазуымен қатар кириллицамен “Құлтума Өтемісұлы. Руы сарыатты. 82 жасында қайтты. 1911 жыл”, – деп жазылған. Әу баста қойылған белгі жоғалып кеткен. Соңғы құлпытас 40 жылдай кейін қойылған.
1969 жылы Қарағанды облысы Ұлытау ауданы “Алғабас” кеңшарының тұрғыны Бейсенәлі молда Нәубетұлы Құлтума қайтқанда 26 жаста болғанын, Орманбек Мамажанұлы ақсақал 28 жаста болғанын, олардың Құлтуманың жырларын естіп, көзбен көргендерін, сондай-ақ, 1982 жылы ақынның жерлестері, Ақмола облысының Қорғалжын ауданы “Коммуна” кеңшарына қарасты Жұмай аулының тұрғыны, зейнеткер қария, шежіреші Байзақ Жүкенұлы Құлтума ақын қайтыс болғанда 14 жаста екенін, ал Теңіз ауданы “22 партсъезд” атындағы кеңшардың тұрғыны, шежіреші Бекалы Жүнісұлы Құлтума ақын дүниеден озғанда 12 жаста болғанын ауыз әдебиетін зерттеуші Қаратай Биғожин қарттардың өз ауыздарынан естіп, жазып алғанын айтады.
Немерелері қойған тастағы жазу мен көзін көрген ақсақалдардың сөзін қорытындылай келіп, жоғарыдағы Шоң Телқозыұлына арнаған жоқтауындағы туған жылы жөніндегі өз мәліметін алға тартып, ақын 1828 жылы туып, 1911 жылы 82-ден 83-ке қараған шағында қайтқан деген қорытынды дұрыс болып шығады. Ал осы күнге дейінгі 1840 жылы туып, 1915 жылы, немесе 1860 жылы туып, 1916 жылы қайтқан деген деректердің қате екенін баса айтқымыз келеді. Құлтума ақынның үлкен баласы Жақып 1850 ит жылы туған, бұған қарап та, Құлтуманың 9 жасында үйленіп, 10 жасында сәбилі болуы мүмкін емес екендігін ескерткен жөн.
Өткен жылғы маусым айында Құлтума ақынның зиратының басына (жоғарыда айтқан Жартытөбеде) 180 жыл толуына байланысты ел болып, артында қалған тікелей ұрпақтары болып, көлденеңі 4 метр, биіктігі 2,5 метр қаланған тас қабырғаға үш көк тас орнатып, бірінші тасқа ақынның өзінің екі жол жыр шумағы, ортадағы екінші тасқа туған жылы мен қайтқан жылының дұрыс мерзімі, үшінші тасқа М. Әлімбаевтың жоғарыдағы өлеңі қашап жазылды. Ақын суреті Шәріптен туған немересі Төлепберген марқұмның суретін негізге ала отырып салынды. Алдында айтқандай, көзін көріп, жырын тыңдаған ақсақалдардың сипаттауынан осы немересінің түр-сипаты ақынға көбірек келетін болғандықтан осылай ұйғардық. Олардың айтулары бойынша, Құлтума Өтемісұлы денелі, бойы ортадан жоғары, мойны жуан, басы үлкен, кескіні қызыл шырайлы, жазық кең маңдайлы, үлкен көзді, сымбатты кісі болыпты.
Жинақтай келгенде, Құлтума Өтемісұлы өнер тарландары Жанақ Қамбарұлы, (1760-1857 – қазақ әдебиеті тарихындағы екінші Жанақ ақын), Нияз сері Бекдәулетұлы (1818-1893), Шәрке сал Қорабайұлы (1824-1907), Біржан сал Қожағұлұлдарымен (1825-1891) араласқан, тығыз қарым-қатынаста болған. Осы ортасымен де, жас шамасымен де, бойын кернеген тума талантын таразылай келгенде де, ол ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы жыр, музыка саңлақтарымен бірге қазақ өнерінің атақты дүлдүлдерімен қатар тұрғанын аңғарамыз.
Авторы: Болат ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ, әдебиеттанушы.
egemen.kz


