Омиртай Лахан facebook парақшасынан алынды
Оралхан Бөкей деген жазушының есім — сойымен таныс болған кезде 8 сыныпта оқитын едім. Ұмытпасам 1980 жылы Жұлдыз журналына «Өз отыңды өшірме» романы жарияланды. Мен, мен ғана емес, менің замандастарымның барлығы оқыды, бәріміз тамсандық. Журналдағы суретін көріп тіпті таңғалдым, менің балалық ойымша мұндай ғажап шығарманы жасы келген, үлкен жазушылар жазатын сияқты, ал романның авторы шашы желкесіне түскен, жап-жас!
Бұдан кейін де талай кітаптарын оқыдым, кітап оқығыш достарыммен талай рет өзімізше «алған әсерді үздіге ортаға салдық». “Мұзтауды” оқығаным әлі есімде: Ақтанның әкесінің мүрдесі жатқан мұз шұңқырға түскен жерін оқығанда үрейім ұшып кетіп еді. Көпке дейін ойымнан шықпай жүрді.
Әңгімелері қандай еді, шіркін…”Тортай мінер ақбозат”, “Күләштің ұршығы”, “Жылымық”…бірінен-бірі өтетін. Ал “Атау кере” хикаяты шыққан кезде талып түстік.
Қазақ әдебиеті газатін басқарған уақытында газет қандай еді. Оралханнан кейін ол деңгейге ешқашан жеткен “Қазақ әдебиеті” газетін көрмедім. Біздің үйде мұқабасы ақжем болып оқылатын екі жазушының кітабы болатын: бірі таңғажайып қалам иесі — Мұхтар ағам Мағауин, екіншісі — Оралхан Бөкей.
Қарғыс атқан 93-тің мамыр айы да есімде. Менен екі жас үлкен ағам, қазір марқұм… радиодан естіген екен, ол кісі үшін Оралхан кім, басқа қазақ кім.. айырмасы жоқ еді. Түйеден түскендей етіп “әлгі Оралхандарың өліп қалыпты ғой» дегені. Ішім астан — кестең болып, жүрегім ауырып кетті.
Сенбедім.
Ертеңінде ауылға кезекті газет — журнал келетін күн еді, таң атысымен поштаға жүгірдім. “Қазақ әдебиеті” газатін қолыма алар-алмастан бірінші бетіне қарадым. Жаманат өтірік болушы ма еді.
Қарамен қоршалған, сол бір сегізінші сыныпта көрген ыстық суреті тұр. Рас болды.
Үйге келсем кітап оқығыш інім отыр екен, аты Нұртай…газетті алдына тастай салдым. Сондағы Нұртайдың түрі лезде қап-қара болып, түнеріп кетті. Тек жылаған жоқ демесең.
Қайран Оралхан ағамыз осылай талайымыздың жүрегін ауыртып қырық тоғыз мүшелінде өмірден өтті де кетті. Мен ұлымның атын Мұхтар (Мағауиннің құрметіне) қойып едім, бір таныс бауырым ұлының атын Оралхан қойды.
Достарының бәрі ол сәбиді Ораш деп жүретін, бүгінде үлкен жігіт болды.
Отыз жыл өтіпті.
Жазушының арманы болған екі баласы бар еді Айжан мен Айхан. Қайда екен, ендігі бір өсіп -өніп Бөкей әулетін жалғастырып жатқан шығар. Жақсының жалғасы аман болсын деп тілеп қоямын, арасында.
Бүгінгі күні Оралхан Бөкей ағамыздың 80 жылдық мерейтойы әр жерде аталып өтіп жатыр. Мен де үлкен қалам иесін есіме алып отырмын…
Солай.


