Өзбек хан мен оның ұлы Жәнібек хан өлген соң, Алтын Орда мемлекетінде құлдырау басталды. 1359 жыл мен 1380 жылдардың аралығында 25 хан ауысып, Ордаға қарасты жекелеген ұлыстар тәуелсіздік алуға ұмтылды. Құлдырау Әмір Темірдің көмегіне жүгінген Тоқтамыс хан (1380-1395ж.ж) мен Едіге бидің тұсында тоқтағанымен, олар Алтын Орданың ынтымағын 40 жыл ғана ұстап тұра алды. 1419 жылы Едіге би өлген соң, Алтын Орда тоқтаусыз бөлшектене бастады. Алғашқыда Ақ Орда және Көк Орда болып қақ айырылған империя одан кейінгі кезеңдерде жекелеген хандықтарға ыдырады. 1420 жылдары Сібір хандығы, 1428 жылы Әбілхайыр бастаған көшпелі өзбектер мемлекеті, 1440 жылдары Ноғай Ордасы, 1438 жылы Қазан хандығы, 1441 жылы Қырым хандығы өздерінің тәуелсіздігін жариялады. Өз кезегінде Әбілхайыр хан басқарған көшпелі өзбектер ұлысы да тұтастығын ұзақ сақтап тұра алмады. Әбілхайырдың қатал авторитарлық саясатына наразы болған Керей мен Жәнібек сұлтандар ханның ордасынан қоныс аударып, XV ғасырдың ортасында Қазақ хандығының іргесін қалайды. Одан бергісі белгілі. Көрші мемлекеттермен жүздеген жылдарға созылған соғыстар қазақ елін әлсіретіп, ақыр соңында орыс патшасына отар болып қабылдандық. Отаршылдарға қарсы хандардың ұрпақтары мен батырлардың жекелеген ұлт-азаттық қозғалыстары күшпен жанышталып отырды. Кеңес өкіметі кезіндегі Алаш зиялыларының интеллектуалды күресі қанды репрессиямен аяқталды. Алайда азамат соғысы, ашаршылық, репрессия тұсындағы қисапсыз қырғындар екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кілт тоқтап қалды. Жоғарыда аталған зұлматтардың біреуін тағы бір рет ұйымдастырып жібергенде кең далада тірі қазақ қалмайтындай еді ғой. Геноцидтің тоқтап қалу себебін жазушы, ғалым Таласбек Әсемқұлов «Аштық пен соғыс» атты мақаласында: «Ең соңғы қазақ ұлтшылдары репрессияланды, интеллигенция түгелге жуық жойылды. Осыдан кейін қазақ сахарасы қанды түнекке батты. Халықта күресуге деген ешқандай ынта қалмады. Бәрі тапталған, жаншылған, жойылған. Адамдар қандай жарлық болса да орындайтын тірі өлікке, роботқа айналған. Қайран қалатын несі бар? Большевиктер жоспарлаған «нұрлы болашаққа» жету үшін қазақ халқы ғана емес, бүкіл совет халқы құрбандыққа кесілген еді ғой. Алайда екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда /біз бұл жерде «Отан соғысы» дегенді әдейі айтпай отырмыз, себебі Екінші дүниежүзілік соғыс әлемдік олжа бөліс, әлемдік үстемдік үшін ұлы державалардың жүргізген соғысы еді, Отанынан баяғыда айырылған қазақ халқына ол соғыстың ешқандай қатысы жоқ болатын/ Кремльдің көсемдері өздеріне түрпідей тиген бір ақиқатқа жетті. КСРО-ның бұратана халықтары әлі де керек екен. Себебі Германия, АҚШ, Жапония сияқты социалистік идеяның жаулары әлі жеңілген жоқ, «нұрлы болашақ» үшін күрес әлі аяқталған жоқ. Және ең масқарасы – қазақ та керек екен. Соғыс кезінде отқа-суға айдайтын әскер ретінде, бейбіт кезде қара жұмысқа салатын құл ретінде. Міне, біз осылай аман қалыппыз. Дәлірек айтқанда, бізге аман қалуға рұқсат етіпті» – деп түсіндіреді.

Азапқа толы XX ғасыр 1991 жылғы егемендіктен басқа тағы бір біз біле бермейтін қуанышын сыйлап кеткен екен. Қазақ ұлты жер бетінен жойылуға тиісті ұлттан құлдықта өмір сүруші ұлт дәрежесіне өтіпті. Ату жазасы өмір бойы бас бостандығынан айыру үкімімен алмастырылыпты. «Жылымық» кезең деп жүргеніміз бізді құлдықта ұстап отырған «ұзын арқан, кең тұсау» болып шықты. Тар шеңберде болса да тарихымызбен, әдебиетімізбен танысу мәртебесіне ие болыппыз.
Бердібектің өз әкесі Жәнібек ханды өлтіруінен бастап екінші дүниежүзілік соғыстан соңғы большевиктердің қазақты қыруды тоқтатқан үнсіз шешіміне дейінгі аралықтағы ішкі дағдарыстардың себебін іздестіру бүгінгі мақаламыздың мақсаты болмақ. 700 жылдан астам уақытқа созылған құлдыраудың алғашқы 350-450 жылы ішкі қақтығыстарға, ортаңғы 100-150 жылдайы жан алысып жан беріскен аймақтық ұлт-азаттық күрестерге, соңғы 70 жылы аянышты, қорқынышты зардаптарға толы болыпты.
Адамзаттың тарихы моншақ тәрізді ғой. Бір жіптің бойына тізілген әр түрлі тастардың моншақты құрайтыны секілді, әр түрлі тарихи кезеңдер де біздің тарихи жолымызды айғақтайды. Дегенмен моншақтың тастары жіптің көмегімен бір-біріне жалғанатыны тәрізді, тарихи кезеңдердің ортақ өзегі бар екенін еске ала бермейміз. Түрік қағанаты, Батыс Түрік қағанаты, Қарлұқ қағанаты, Қарахан мемлекеті, Жошы ұлысы, Алтын Орда, Көшпелі өзбектер мемлекеті, Қазақ хандығы, Қазақ АССР-і, Қазақ КСР-і, Қазақстан Республикасы деп аталатын тарихи бұралаң жолдарымызға жарық түсіру терең герменевтикалық әдіс-тәсілдерді қажет етіп отырғаны жасырын емес.
Кожаметова Дана
blogtime.kz



