
«…Актердің Алматыдағы баспасөз мәслихатында осы жолдар авторының «Сіз киноға балалармен жиі түсесіз. Олармен жұмыс істеу қызық шығар?» деген сауалына Пьер Ришар былай жауап берген-ді:
– Әрі қызық, әрі қиын… Мәселен, «Қашқындардағы» кішкентай қыз естеріңізде ме? Ол алғашында камера алдында еш ойнаған да жоқ, өйткені, ойнауды білмейтін де. Тек өзінің кәдуілгі қалпымен жүріп-тұрды, және онысы өте шынайы шықты. Бірде продюсер оған «олай емес, былай ет» деп, актерлік техниканың қыр-сырын ұғындыруға тырысып еді, көп ұзамай бүлдіршіннің әрекетінде жасандылық пайда бола бастады… Мен дереу жас балаға «актерліктен дәріс оқуға» тыйым салдым. Ол бірте-бірте әу бастағы еркіндігіне ауысты… Білесіз бе, балаларда үлкендер әлдеқашан жоғалтқан жан тазалығы, шынайылық, адалдық бар, оларда біз ұмытқан пәк күлкі, саф сезім сақталған… Әлгі продюсер кейін менен: «Кішкентай қызға көп нәрсе үйреткен шығарсыз, болашағы қалай екен?» – деп сұрады. Мен оған: «Ештеңе де үйреткем жоқ, қайта өзім одан біраз нәрсе үйренгендеймін», – дедім. Ол, сірә, қалжың деп ұққан болуы керек, күлді де қойды, бірақ мен шынымды айтқан болатынмын.
Келесі сауал актерге Алматының қаншалықты ұнағаны туралы еді.
– Алматыға мен алғаш келіп тұрмын, – деген-ді ол. – Шынымды айтсам, салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі мүлде бөлек, әрі Франциядан тым шалғай жатқан сіздердің елдеріңіздің дәм-тұзы бұйырады деген ой қанша ұйықтасам да түсіме кірмеген болатын… Қалаларыңызды дұрыстап аралай алмасам да, біршама шолып шықтым, көлік терезесінен болса да, көшелерден талай жарқын жүзді, көрікті жандарды көрдім. Осы қонақ үйдегі бір еденші жуушы әйел мені көре сап, қолымды қысып, фильмдерім үшін көп-көп рахмет айтып, тіпті көзіне жас алды. Өзін осындай шет мемлекеттерде де өте жақсы көретінін сезіну – актер үшін үлкен бақыт.
Жалпы мені көрген адам әйтеуір күлімдеп шыға келеді. Әрине, мұндай сәтте олардың есіне менің өзім емес, экрандағы «есалаңдарым» түсетінін де сеземін. Сонда да елдің мұндай ыстық ықыласы мені ерекше қуантады. Мен өзімді… Күн сияқты сезінемін. Өйткені, айттым ғой, мені көрген жанның жадырап сала бермейтіні кемде-кем!»
(«Ділдің дерті» атты кітабымнан)


