Оралман мәртебесі бар азаматтар құжаттарын тапсырса 3 айда Қазақстан азаматтығына қол жеткізе алады. Бұл Алматыда өткен «Көші-қонның бүгінгі жағдайы» деген тақырыптағы дөңгелек үстел жиынында айтылды. Бұл туралы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының сайты хабарлап отыр.
«Былтыр Алматы қаласында 387 адам Қазақстан азаматтығын алды. Бұл Ресейден, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Моңғолиядан, Қытайдан, Түркиядан, Түрікменстан және Ауғанстаннан келген ағайындар. Биыл 4 айда Алматы қаласында азаматтыққа 62 адам қабылданды. Былтыр ықтияр хатты 614 адам алса, биыл 4 айда 417 адам алды. Оның 340-ы ТМД-дан, қалғаны алыс шет елдерден», — дейді Алматы қаласының Көші-қон полициясы басқарма бастығының орынбасары Айдын Белгібаев.
Оның айтуынша, құжаттарды толық тапсырса оралман мәртебесі болса жеңілдетілген түрде үш айда оларға ҚР Азаматтығы беріледі. Оралман куәлігі болса төлем қабілетін растау қажет емес. Оралман мәртебесі болмаса өзге азаматтардың құжаттары ықтияр хатқа да, азаматтыққа да шетелдік ретінде қабылданады.


