BAQ.KZ – Ер Жәнібек батырдың өмірі туралы орыс тілінде шыққан деректер қазақ тіліне аударылады. Бұл туралы бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнде қазақтың әйгiлi батыры Жәнiбек Бердәулетұлының 300 жылдығына арналған конференция кезінде ғалым Дихан Қамзабек айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Ер Жәнібек туралы орыс тілінде шыққан деректер қазақ тіліне аударылады. Сонымен қатар, батырдың 300 жылдығына арналған шаралар еліміздің барлық аймақтарында жалғасын табуы тиіс. Ер Жәнібекті насихаттау үшін қазақ анимациясын тиімді пайдалануды да қолға алу керек. Алдағы уақытта Ер Жәнібек және Қазақ хандығы зерттеулер жүйесі құрылады. Зерттеулерді түрік, ағылшын тілдеріне аудару қолға алынады», — деді Д.Қамзабек.
Айта өтейік, аталған бастама Жәнiбек Бердәулетұлының 300 жылдығына арналған конференцияның Қарарында айтылды. Бастаманы конференцияға қатысушылар бірауыздан қолдады. Конференцияға академик Тұрсынбек Кәкішев, профессор Ханкелді Әбжанов, жазушы Жәди Шәкенұлы тәрізді еліміздің беделді бірнеше ғалымдары қатысты.
Аталған конференция Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығын тойлау аясында өткізілген шаралардың жалғасы болып табылады. Осыған дейін Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарымен қатар Түркия Республикасында да ауқымды шаралар өткізілген болатын.
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС,
Ғабит МАДАЛИЕВ (фото).




