Өлең өлкесіне өзіндік өрнегімен келіп, қалам тартар тақырыбы басқа мен бірдей болса да, жеткізу жағында шеберлік ерекшелікке арналған қолтаңбасы бар, жалынды жас ақын.
— Кейде ақындық табиғат деп ағат кетіп, Жаратушыны естен шығарып жататын қаламгерлер бар, сіз қалай қарайсыз?
— «Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз жол емес. Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі хаққа қол емес.»- депті ғұлама Абай.
«Құдай – бір, құран –шын, пайғамбар – хақ.» Мен, осыған иланатын һам шүбәсіз сенетін көп қазақтың бірімін. Бірақ, «Алла, Алла!» деп әсіре ұраншылдыққа ұрынып, өзін жарнамалайтындардың қатарында жоқпын. Мұны айтып отырған себебім: қазіргі таңда әлеуметтік желілердің беті «Жаратушыдан қорық, өлімнен қорық, қәбір азабынан қорық т.б» үрейге толы уағыздар мен өлең шумақтарына толып кетті. Дінді бұлай қорқынышпен насихаттауға бола ма? Жаратушым – дара, пәк, мейірімді, кешірімшіл емес пе. Ислам діні – адалдық пен пәктікті, жақсылық пен тазалықты, береке мен татулықты үлгі етуші дін.
Асыл дінімізде ғылым, білім, өнер туралы керемет айтылған.
Өлең – өнер. Ал өнерді пенденің бойына дарытушы — Жаратушы. Ендеше, Жаратушының бойға дарытқан өнерін, ақын табиғатпен үйлесімді етіп, оқырманның жүрегіне жеткізе алса оның несі айып.
Абайша айтсақ, Алланы еске алғанда «ауыз емес, ынталы жүрек» керек.
— Алланы ұлықтап жыр жазатын сәттеріңіз бар, осы тақырыпқа қалай келдіңіз?
«Бисмилласын» аузына жиі алатын жер бетінің күнәхарымын… Ақын болу дегеніміз – ой мен мұң да жалқы болу дер едім. Ақынның ішкі құлазуы мен жалғызсырауын сөзбен айтып жеткізе алмаспын. «Адамдар көп, адалдар аз» қоғамда сүйеніш іздейсің. Сол сәттегі сыйынушым да, демеушім де АЛЛА! Сондай сәттерде туған біршама өлеңдер ғой бұл.
Жалғызсың ба!?
Менде ойда жалқымын.
Мұңым да көп, сырым бөлек жартымын.
Жалғыз-жалғыз келіп едік жалғанға,
Жалғыз-жалғыз аттармыз арманда,
Жалғызсырап отырамын қара түн,
Төңірекке қара тілін салғанда.
Маңайымда адамдар жүр қаптаған,
Олардан да сырлас біреу таппағам.
Жалғыздықтың жаяу кешіп аралын,
Тағы міне, жалғыз кетіп барамын.
Бала күннен түскем жалғыз соқпаққа,
Ей, жолаушым енді мені тоқтат па?
Осы жолда тоқтағанша жүрегім,
Ең ақырғы сәттке дейін жүремін…
…Білесің бе?
Жалғыздықтан жалықтым!
Жол таба алмай, жөн таба алмай қамықтым!?
Кімге керек малым-мүлкім жиғаным,
Керек екен адалдығым иманым.
Жалғыз-жалғыз аттанамыз бақиға,
Ажал деген қарамайды жақынға!
Өлім деген бір Аллаһтың қақпаны,
Құтқара алмас, ағайын да, досың да!?
Бұл фәниде сүрсеңде өмір ғаламат,
Шыбын жаның бір Аллаһқа аманат.
Өлгеннен соң азық болар сауап жи,
Құран оқы, намазға ұйы жамағат!
…Іздеп-іздеп таптым оның дерегін,
Құранда екен менің барлық керегім.
Жалғыздықтан құтқаратын ҚҰДІРЕТ,
Аллаһты іздеп келемін!
— Салт- дәстүрді жырлай беру көнешілдік, жаңашыл формаға ауысу керек дегенге айтарыңыз?
Бұл енді әркімнің өз еркі. Сен көнешіл бол, сен жаңашыл бол деп ешкімге ақыл айта алмайсың. Мәселен, бүгінгі таңда биікке көтерілген қазақ поэзиясының ішінен өзіне ғана тән өрнек салсаң, сен мықтысың. Өзімді көшпенділік дәстүрден қол үзбеген көне қазақпын деп ойлаймын.
— Жыраулар поэзиясындағы суреткерлік пен тебіреніс, бүгінгі шығармалардан кездеспейтіні қалай?
Өлең — қоғамның айнасы. Қоғам өзгерді. Осыдан ІV-V ғасыр бұрыңғы поэзияны бүгінгі поэзиямен салыстыруға болмайды. Жыраулар шетінен батыр, қолбасшы, жауынгер болды. Аттың үстінде жүрді, ел мен жер үшін «қар құрсаулап, мұз құшты». Жыраулар поэзиясындағы өрлік пен ерлік рухты заманы қалыптастырды. Ақындықтың алғашқы ұстаздары — Дулат пен Махамбеттерде де жыраулық сарын басым.
Абай, Мағжан, Мұқағали үшеуінің өмір сүрген қоғамдары бір-біріне ұқсамайды. Бірақ, байқасаңыз дәстүрлік үндестік үзілген жоқ. Бірін-бірі толықтырып отырады. Бүгінгі поэзияда сол дәстүрлі үндестіктің жалғасы. Жағымпаздыққа бой ұрып, рух әлсіреді демесеңіз, меніңше суреткерлік керісінше шексіз қоюлана түскен секілді. (Ұзақ әңгіме бұл негізі, бұрын да талай айтылғандықтан көп созбайын)
— Нағыз қазақы қара өлең бояуымен сурет салу, бүгінгі жастарға тар шеңбер болып жүр ме?
Тар шеңбер болып жүр деп ойламаймын. Қараөлеңнен қоғам алшақтағалы біраз уақыт болды. Қараөлеңнің отаны көшпенділік болатын. Отырықшылық қара өлеңнің тамырына балта шапқандай көрінеді маған. Өзің көрмеген, өзінде жоқ дүниемен қалай сурет саласың? Оқу мен көру, есту мен тату екі түрлі дүние. Шынайы жете білмегеннен кейін салған суретің өшкін, өңсіз болып тұрады. Сосын еріксіз басқа шеңбер іздейсің?! Әйтпесе, қараөлеңнен артық қазына бар ма.
— Имандылыққа жастардың бет бұруы жақсы, ғаламтор желісінен теріс насихат алуы қоғамға қауіп төндіре ме?
Дінтанушыға қойылатын сұрақтар екен көбі! Дегенмен, өз пікірімді білдірейін. Иманды жастардың көбеюі әрине қуантады. Жастар ғылым мен техниканы меңгерумен қатар адал кәсіппен шұғылданып, ар мен ұятты, обал мен сауапты біліп өссе жаман адам болмасы анық. Өз басым дінге соқыр сезіммен баратындардан қорқам. Дін – нағыз үлкен ғылым. Ғылымға әр адам ізденіспен, шынайы жүрекпен келу керек.
Ғаламтор бүгінгі таңдағы ең үлкен – Машина. Үлкен машинаға сақтықпен келмесең шайнап, жұта салуы кәдік. Жасыраты жоқ, бүгіндері ғаламтор желісі діни теріс насихат айтушыларға толы. Қаншама қаракөздеріміздің алдауға түскенін күнде естіп, оқып жағамызды ұстаймыз. Мемлекет, ұлт болып жат ағыммен күреспесек ертең кеш болуы әбден мүмкін.
— Ұлттық сана, мұсылмандық қасиетті қалай сақтауға болады?
Күрделі… Бесіктен басталуы керек. Балабақшадан бастап патриоттық, ұлттық мәні мен тәрбиесі зор сабақтар жүргізілуі тиіс. Мектепте «Ұлттану» деген жеке пән болуы керек. Ұлттанудың іші ұлттық қазынамызға толы болса шіркін!
Қазақ тілі – ұлттық сананың қайнар бастауы. Тілді көркейтпей, жалпы қазақ ана тіліміз де жаппай сөйлемей ұлттық рух, елдік сана толық ояна алмайды. Қәзір сөз бен ісіміз қабыспай жатыр. Бұған тек мемлекеттің емес, әрбір қазақтың басы ауыруы керек!
Нағыз қазақ болу – мұсылмандық қасиетті сақтау деп ойлаймын.
Шынайы жүрекпен қайтарған көптен көп рахмет.
Әңгімелескен; Көгедай Шәмерханұлы


