Ұлық Алла ешқашан, ештеңеден жаралмаған, әуелден бар зат еді. Әлемнің іші де, тысы да бір өзі. Әлемнен бөлек те емес, бірге де емес құпия қазына болатын. Тәңірі тағала түр-түсі, шет-шегі, бет-келбеті, салмағы, мекені болмайтын мәңгілік құбылыс. Құдай өзінің құпиясын ашып, рухани қазынасы мен шарапатын он сегіз мың ғаламға тарату үшін, өзіне орынбасар жаратуды ұйғарды. Сол кезде тау-тас, орман-ағаш, от-су, аспан-жер барлығы «адамды менен жаратса екен» деп таласты.
– Мен биікпін, менен жарат, – деді тау.
– Мен әзизбін, менен жарат,– деді алтын.
– Мен тасқынмын, менен жарат, – деді су.
– Мен дүлеймін, менен жарат,– деді жел.
– Мен күштімін, менен жарат, – деді от.
– Мен асқақпын, менен жарат, – деді аспан.
– Мен жұмсақпын, менен жарат, – деді ағаш.
– Мен қаттымын, менен жарат, – деді тас.
Сөйтіп барлығы таласып жатқанда, жер ғана сынықтық танытып:
– Мен мақұлық атаулының табанының астында жатамын. Ұлық Алла орынбасарын мұндай қадірсіз заттан жаратпас. Түбім – топырақ. Бүкіл күл-қоқысты маған көмеді, лас суды маған төгеді. Мен бұл құрметке лайықты емеспін, – деп ойлады. Сонда Алла тұрып:
– Әй, тау, сенде бір мін бар, тәкаппарсың, кішіреюді білмейсің. Алтын, сенде бір мін бар, баяның жоқ. Сыртың жылтырақ, ішің қалтырақ. Су, сенде де мін бар, тасығанда өткел бермейсің. Жел, сен – тұрақсызсың, мінезің құбылмалы. От, сенің мінің – қатыгезсің, жанғанда жақсы мен жаманды айырмайсың, жан-жағыңды жайпап кетесің. Аспан, сенің мінің – мақтаншақсың, өзіңнен басқаны көзге ілмейсің. Ағаш, сен – әлсізсің, сынақта сынып кетесің. Тас, сен – мейірімсізсің, жақынға жылуың жоқ, – деді. Сосын жерге қарап:
– Адам тәнін сенен жаратамын, сен – кішіпейілсің. Менің ең жақсы көретін мінез-құлқым осы. Бүкіл тіршілік иесі саған тәуелді болады. Мінезің ауыр, сабырлы. Қойның толған береке. Алтын-күміс, ас-ауқат түгел дерлік сенен өніп шығады. Күллі мақұлық нәжісін саған төксе де, сен одан хош иісті гүл шығарасың. Лас су жерге сіңіп, тәтті бұлаққа айналады. Жасаған жақсылығыңды міндетсіну сенде жоқ. Адам сенен жаралып, өлген соң саған оралады. Адам ұрпағы тірісінде неғұрлым саған ұқсаса, соғұрлым менің алдымда қадірлі болады, – деді.
Ұлық Алла Адамды топырақтан жаратып, барлық мақұлыққа орынбасарын тамашалауды бұйырды. Періштелер жиналып, адамды айналып қарап көрді. Сол кезде Ібіліс «лып» етіп адамның мұрнынан кіріп, оның бүкіл дене-мүшесін, ағзаларын, қан тамырын аралап қайта шықты. Ол періштелерге:
– Бұл мақұлық ұлық Аллаға орынбасар болуға лайық емес, – деді.
– Неге? – деп сұрады періштелер.
– Себебі, бұның тәні ас-ауқатқа, ұйқыға, қызық-рақатқа, тәуелді. Тез шаршап, тез қартаяды. Суыққа тоңғақ, ыстыққа қаталағыш. Қарны ашып, ұйқы қысқанда жыртқышқа айналады. Одан бөлек, көңілі атақ-даңқ, мансап-билікке тез мас болады екен. Жылтыраққа көрсеқызар, дүние-мүлікке тойымсыз. Әйелге шыдамсыз. Құмарлығын қандыру үшін күнә жасап, қылмысқа тез ұрынады. Шектен шыққанда қан төгіп, соғыс ашады. Мұның бізден артық жерін байқамадым. Тек түсініксіз бір нәрсе бар, – деді Ібіліс. Періштелер:
– Ол не? – деп сұрады. Ібіліс:
– Кеудесінің сол жақ тұсында жұдырықтай жүрегі бар. Сол жүрекке кіре алмадым. Ішінде не бары белгісіз. Құпиясын бір Алла өзі біледі, – деді.
Күллі періште Құдайға арыз айтып, жалынды.
– Иә, Алла, сен адамды жаратпа, ұрпағын жер жүзіне таратпа. Бұл ертең тән қалауы үшін күнә жасап, қылмысқа ұрынады. Соғыс ашып, қан төгеді. Зорлық-зомбылық, қиянат-қорлық адамға тән екен, – деді. Сол кезде Ұлық Алла:
– Сендер менің білгенімді білмейсіңдер. Оны қандай хикметпен жаратқанымды Ұлы жаратушы – Өзім ғана білемін. Сендер білгіш болсаңдар, мына заттардың сырын ашып, табиғатын түсіндіріп беріңдер, – деп ғайыптан бір әлем шығарды. Бұрын-соңды білмейтін беймәлім әлемді көргенде періштелер ауыздарына құм құйылып, тосылып қалды. Сол кезде Құдай тағала Адамның тәніне өзінен рух деген затты үрлеп, жүрек көзін ашты.
– Қане, орынбасарым, мына заттардың атын атап, түсін түсте! Ғылымыңды паш ет! – деп Адамға әмір берді. Жүрек көзі ашылған Адам іркілместен табиғаттың бүкіл ғылымын жайып салды. Періштелер Адамның ғылымына қайран қалды. Сосын Құдай:
– Енді менің орынбасарыма сәжде жасап, оған құрмет көрсетіңдер! – деп әмір етті. Адамнан жеңіліп, пұшайман болған періштелер жапа-тармағай сәждеге бас қойды. Адамнан мін іздеп, Алланың шеберлігіне шәк келтірген Ібіліс іркіліп қалды. Адамның артықтығын мойындауға тәкаппарлығы жібермеді. Өзін-өзі жеңе алмаған күйі шалқайып тұрып қалды.
– Әй, Ібіліс, сен неге менің әмірімді орындамайсың, – дегенде, Ібіліс:
– Ол топырақтан, мен оттан жаралдым. Мен одан артықпын, – деді. Сол кезде Ұлық Алла қаһарланып:
– Шық менің дәргейімнен, – деп, оның мойнына қарғыс қамытын кигізді. Алланың қаһарын көрген періштелер шүкіршілік етіп, екінші мәрте сәждеге бас қойды. Ібіліс қуылып бара жатып, Адаммен өштесті.
– Адамның кесірінен қарғысқа ұшырадым. Қиямет қайымға дейін оның ұрпағымен жауласамын. Саған шын берілген таза жүрек момын құлдарыңды азғыруға әлім келмес. Бірақ, «дүние – менікі» деп ойлайтын ғапылдарды түгел азғырамын. Бәрінің бағын байлап, бақытын қайтарамын, – деді. Сонда Алла тағала:
– Маған тура бастайтын жалғыз жол – шын пейіл мен таза жүрек! – деді.
«Әлдиден эпосқа дейін» кітабынан алынған
http://adebiportal.kz/



