Тұрсынбек Кәкішұлы — 1927 жылы 15 тамызда Ақмола облысы, Бұланды ауданы, Берлі аулында туған. Әдебиет зерттеуші.
Филология ғылымының докторы (1972), профессор (1973), Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1979). Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін (1950), Қазақ КСР ҒА Тіл және әдебиет институтының аспирантурасын бітірген (1960). 1944—1945 жылдары Ақмола облыстық Қазақ драма театрының актері, «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде бөлім меңгеруші, 1950 — 1958 жылдары Партия тарихы институтында кіші ғылыми қызметкер, 1960-1968 жылдары Қазақ КСР ҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер. 1968 жылдан ГазМУ-де аға оқытушы, доцент, профессор, филологияның сырттай 1978-1985), күндізгі (1985-1986) факультеттерінің деканы, көп жыл осы университеттік, филология факультетінде «Қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны» кафедрасының меңгерушісі болған. Қазір осы университеттің профессоры.
Қазақ әдеби сынының даму жолдары, жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің, оның көрнекті өкілдерінің шығармашылықтары хақында ғылыми ізденістер жасап, өкімді еңбек етіп келеді. «Қазақ әдебиетінің тарихы» (3-т., 1 —2-кіт., 1967), «Қазақ совет әдебиетінің тарихы» (1970, Мәскеу, орыс тілінде), т.б. іргелі еңбектерді даярлап, жазысуға қатысты. С. Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізді: «Сәкен Сейфуллин» (1967), «Қызыл сұңқар» (1968), «Сәкен Сейфуллин» (Мәскеу, ЖЗЛ, 1972, орыс тілінде), «Сәкен Сейфуллин» (1976), «Сәкен және Гүлбаһрам» (1994), «Сәкеннің соты» (1994), «Сәкен Сейфуллин» (1997), «Тар жол, тайғақ кетудің тағдыры» (К.Ахметовамен бірге, 1997), «Сәкен сүйген сұлулар» (1997), « Маржан-Сәкей » (2000), «Сәкен аялаған арулар» (2003) деген он шақты кітап жазды.
Қазақ әдебиеті сынының тарихын зерттеп, «Сын сапары» (1971), «Оңаша отау» (1982), «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» монографияларын жазды. Соңғы еңбегі жоғары оқу орындарында оқулық ретінде қолданылып келеді. «Үштасқан үш өзенмен» (1978), «Жол үстінде 80 күн» (1983), «Садақ» (1986), «Жасампаз өлке» (1989), «Сандалбай «садақ» (2002) сияқты ғылыми-көпшілік кітаптары қазақ халқының әдеби-мәдени мұраларын іздестіру барысында өмірге келді. «Санадағы жаралар» (1992), «Ескірмейді естелік» (1994), «Кер заманның кереғар ойлары» (1995) жинақтары, «Мағжан-Сәкен» ғылыми эссесі (1999), «Сәбең әлемі» (2000), «Сайыс» (2001), «Мерей» (2002) кітаптары жарық көрген. Сәкен шығармаларының көп томдығының құрастырушысы (10 томы шықты).
Қазақстан Жазушылар одағының С.Сейфуллин атындағы сыйлығының иегері. Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының құрметті академигі, Халықаралық Айтматов академиясының академигі. «Парасат» орденімен және бірнеше медальдармен мара-патталған.



