

Қазақстан Республикасының Украина және Молдова Республикасындағы Елшілігі «ҚазЭкспортГарант» экспорттық-кредиттік сақтандыру корпорациясы және Киев қаласының сауда-өнеркәсіптік палатасымен бірлесіп, Украинаның іскерлік топтарымен кездесу өткізді.
Қазақстанның Украинадағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі А.Оспанов кездесу қатысушылары алдында сөз сөйлеп, Қазақстанда инвестициялық климатты жақсарту, инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер енгізу және визалық тәртіпті жеңілдету бойынша қолданылып жатқан шаралар туралы баяндады. Ол қазақстандық-украиналық сауда-экономикалық ынтымақтастықтың болашағына баса назар аударып, украиндық компанияларды қазақстандық нарықта белсендірек жұмыс істеуге шақырды.
Киев қаласының сауда-өнеркәсіптік палатасының президенті Н.Засульский Украинаның сауда серіктестерінің қатарында Қазақстан Республикасы ТМД елдері бойынша 3-ші орында және сауда мемлекет-серіктестері арасында 8-ші орында тұрғанын айтты. Сонымен қатар, Украина мен Қазақстан серіктестерін іскерлік ғана емес, достық қарым-қатынастар да байланыстыратынын атап өтті.
«GRATA» заң фирмасының серіктесі Е.Есімханов Қазақстанда бизнес жүргізу ісінің құқықтық аспектілері туралы, соның ішінде салық жеңілдіктері және мемлекет тарапынан бизнеске көрсетіліп жатқан қолдау туралы хабардар етті.
Іс-шара шеңберінде «ҚазЭкспортГарант» АҚ мен Украинаның жетекші сақтандыру компаниясы «Еуропалық сақтандыру альянсы» арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды


