Baq.kz – Қазақтың теннисші қызы Зарина Дияс WTA рейтингі бойынша үздік елуліктің қатарына енді деп хабарлайды Vesti.kz. Жаңартылған тізімде жерлесіміз 46-шы орында тұр. Алдыңғы рейтингпен салыстырғанда ол алты сатыға жоғарылаған.
Жалпы, WTA рейтингінің алғашқы елулігінде бұған дейін қазақтар, тіпті Қазақстанда туылған азаматтар да болмаған. Ал, тізімге енген Ярослава Шведова, Галина Воскобоева және Ксения Первак Қазақстан азаматтығын күні кеше алған теннисші қыздар. Соңғысы қазір біздің ел атынан жарысқа шығып жүрген жоқ.
Көшбасшыларға келер болсақ, алғашқы үштік өзгеріссіз қалды. Бірінші орында америкалық теннисші Серена Уильямс, одан бір саты төмен румын қызы Симон Халеп тұр. Ал, үздік үштікті Қытай өкілі Ли На қорытындылаған.


