ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,
Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор
Келесі жылы 200 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде атап өткелі отырған «Жетісудың жыр сүлейі» атанған өлең сөздің ұстасы Сүйінбай ақын Аронұлы жайлы ой тарқатып көрсек дейміз.
Сүйінбай ХІХ ғасырдағы Қоқан хандығы билігінің қазақ еліне жасаған зорлық-зомбылықтары мен қанды жорық қиянаттарын: «Қазақ, қазақ болғалы, Қазақ атқа қонғалы, Не көрмеді бұл елім?! Батырдан тапқан тірегін… Қоқанның қолы көп болды, Жетісуда жатқалы, Бар жақсыны талап жеп, Сүбеңе қолы батқалы. Бейсенбі күні бесінде, Ғизрат күні кешінде, Қордайдың биік төсінде, Қоқанның ханы Құдияр, зорлық қып алған көп малды, Әндіжанға айдатты. Қол-аяғын кісендеп, Көнбеген ерді байлатты, Қауызын әлі жармаған, Сұлуларды зорлапты. Араша тұрар пенде жоқ, Еліңді сөйтіп қорлапты», – деп батыл сынап, оған қарсы шыққан.
Ақынның бұлай дейтіні, ол бұл жағдайлардың бәрін өз көзімен көрген, сол заман оқиғаларының бел ортасында жүрген адам. Оны қайталанбас ақындық дарын иесінің өмірі мен қызметі жайлы соңғы табылған деректер айғақтайды. Өйткені, Сүйінбай сол кезеңде от ауызды, орақ тілді ақындығымен қоса, алты жыл ауылнай, 23 жыл бойы Ұзынағаш болысында билік еткен көзі ашық, сауатты адам болғанын тарихшы-ғалым Д.Рахымқұлов «Қазақ әдебиеті» газетінде (2011 жылғы 3 маусымда) тарихи құжат-деректерге сүйене отырып жазды. Мақалада Сүйінбайдың аумалы-төкпелі қоғамда өмір сүргендіктен сал-серіліктен гөрі қоғамдық-әлеуметтік істерге белсене араласқаны, еліміздің Орталық мемлекеттік мұрағатында сақтаулы тұрған «Алатау округі және Үлкен орда қазақтарының бастығы» атты үшінші нөмірлі қорда алғаш рет ақын есімі 1860 жылдан бастап кездесетіні, онда оның аты Сарыбай бимен қатар аталатыны, соған қарағанда ол Сарыбайдың үзеңгі жолдасы, жақын серігі әрі айнымас досы болғаны, ел басқару ісіне, ұйымдастырушылық-басшылық жұмысқа белсене араласқаны айтылады.
Мәселен, 1864 жылы Алатау округінің шенеуніктері құрастырған «Ұлы жүз қазақтарының рулары мен қызмет иелерінің тізімі» атты құжатта Сүйінбай Аронұлы ауыл старшыны (ауылнай) ретінде көрсетілген. Ол бұл қызметке екі рет сайланып, 1870 жылға дейін мүлтіксіз жұмыс атқарған.
1871 жылғы қаңтарда Ұзынағаш болыстығы болыс басшылығына, би қызметіне, ауыл билігіне жаңа сайлау өткізеді. Сол кезде Сүйінбайдың кандидатурасы би қызметіне ұсынылады. Содан көпшілік халықтың қолдауы мен елубасылардың жақтап дауыс беруінің арқасында ол Ұзынағаш болыстығының №2 әкімшілік ауылының биі болып сайланады. Сөйтіп, бұдан кейін, жоғарыда атағанымыздай, 23 жыл бойы – 1895 жылға (өзі сексен жасқа толғанға) дейін үзіліссіз би қызметін атқарады. Мұның өзінде ол 8 рет сайлауға түсіп, бірауыздан орнына қайта сайланып отырған. Сондай-ақ, мұрағат деректерінде Сүйінбай Аронұлының Жетісу аймағында өткен билердің төтенше съезіне қатысып, өлкедегі айтарлықтай күрделі де маңызды мәселелерді шешуге тікелей атсалысып отырғаны да көрсетіледі.
Ақынның ауылнай, би қызметтерінде осындай абыройлы жұмыс атқарғаны, елдің ең ықпалды адамы саналғаны бұрындары айтыла бермейтін. Соңғы тарихи деректер, мұрағат құжаттары бойынша ақиық ақынның қызметтік өсу баспалдағына зер салғанда, оның Ұлы жүздің аға сұлтаны Тезек төре Нұралыұлына айтқан сөзіне назар аудармай кетуге болмайды: «…Балаң өліп төсектен тұрмай қапсың, Өлмесе қайда кетті Нұралы хан? Хан Тезек жатырмысың тұрмаймын деп, Сүйінің келді ордаңа жырлаймын деп, Балаң өліп төсектен тұрмай қапсың, Балаңды алса Құдайдың өзі алды, Жатырмысың Құдайдың жылқысын ұрлаймын деп», – деген сөздермен төренің «ұры», «кәззап», «қорқау», «сайтан», «жемқор», «қарақшы» болғанын тайсалмай бетіне басуы Тезек төремен иық тірестіре алатын биік лауазым иесі, ел ішінде халықтың құрметіне бөленген аса беделді кісі болғандығын көрсетеді. Сондықтан Сүйінбай ақын «Арғымақтың тәуірі арбада кеткен, Ер жігіттің тәуірі арманда кеткен» зар заманның куәгері ретінде қазақ қауымының қоғамдық-саяси өмірін, әлеуметтік-экономикалық жағдайын, елдің тыныс-тіршілігін өте жақсы білді деп сенімді түрде айта аламыз.
Қоқандық дәуір жөнінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, профессор Серік Қирабаев: «…Қоқан хандығының билігі – оңтүстік қазақтарының отаршылдықта көрген қиянатының ең бір сорақы беттері. Адамды кісілік қасиеттерінен айыратын, азаматтың жазықсыз қанын төгетін, әйелдерге деген зорлықтың неше түрлі айуандық түрлерін қолданған, қолындағысын тартып алып, жалпы жұртты зар еңіреткен жендеттік тәртіп орнатқан бұл хандықтың сыры тарихтан белгілі», – дейді.
Бұл, рас әңгіме. Шындығында да қазақ қоғамы ол кезеңде осындай ауыртпалықты басынан өткерді. Сүйінбай өз қызметінде жүріп, күнделікті өмірде байқаған ел ішіндегі ханның көзі секілді болған жағымпаз датқалардың, сатқын, екі жүзді, дәрменсіз би-болыс, басшылардың сорлылығын әшкерелеп, беттеріне басады. Ал қара орман халықтың жоғын жоқтаған иісі қазаққа әйгілі ардагер азаматтардың, баһадүр батырлардың аттарын атап, олардың жанқиярлық ерлік істерін, қайсарлығын, еліне деген жанашыр-лығын, ерекше қамқорлығын дәріптеп, үлгі-өнеге етеді.
Соның бірін Ұлы жүздегі Дулат тайпасының Ботбай руынан шыққан атақты батыры ер Сыпатай асындағы айтысынан байқауға болады. Онда әр жүзден, әр рудан келген ақындар бір-бірімен айтысқа түскен.
Сүйінбай ақын Майлықожамен айтысады. Жыр жарысын Сыпатайға арнап көңіл айтудан бастаған Сүйінбай «Сексен беске жеткенде, дәу Сыпатай бұл дүниеден өткенде» деп толғап алып, Ысырапыл, Ноғай, Бұрымқұл атты ұрпақтары Қоқан хандығына қарайтын барша елді асқа шақырып, 40 жігіт хабаршы жібергенін, оған қазақ жұртынан Тезек төре, Атамқұл, Жайнақ, Тазабек, Естемес, Шаншар, Қожмамбет, Жаңабай, Сәмбет, Тілеуберді, Құдайберген майыр, Сыйқымбай, Әйтпен, қырғыздың саяқ руынан – Садыр, Қаработадан – Нәдір, Сарыбағыштан – Ниязбек, Үмбетәлі, Шарғын, хан Жантай Қарабекұлы сияқты белгілі адамдар шақырылғанын айта келіп:
Екі кісі жіберді,
Шапырашты еліне.
Екі кісі шаптырды,
Ыстының жеке Шоқай бегіне.
Екі кісі жіберді,
Қаңлы, Шанышқылы еліне.
Дұғай сәлем жіберді,
Молда Қошық бегіне, –
деп жыр төгеді.
Осы жерде «Сүйінбай ақын Молда Қошықты қайдан біледі?..» – деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Бұл сұраққа жауапты мына бір тарихи құжаттан табуға болады. Ташкенттегі Түркістан әскери округінің мұрағатында Сібір корпусының қолбасшысына Верный бекінісіндегі Алатау округі бастығының 1860 жылғы 8 қыркүйектегі №2147 «Аса құпия», «Өте қажетті» деген белгімен жолдаған хаты сақтаулы. Онда Қанағатшах Қоқан хандығы тапсырмасымен құрамында ташкенттіктер мен құрама көшпелі рулардан тұратын 10-15 мың әскермен Әулиеатаға жеткенін, олардың 24 лафеттегі қаруы (зеңбірек), бұдан басқа 600 жалдамалы парсылардан құралған жаяу әскері бар екенін, бұлардың мақсаты – Пішпекті қайырып алу және орыстармен келіссөз жүргізбек ойы бар екенін, онда хандық шекарасын бұзып, қазақ жеріне өткеніне орыс әскерилерінен жауап алу туралы ханнан тапсырма алғанын, одан жауап алудан бөлек отаршылдардың тұтқынына түскен датқалар мен оларға өткен адамдарды қару-жарақтарымен қайтаруды талап ететінін, егер ол талаптарды орындамаған жағдайда соғыс жарияламақ ниетте екенін жазады.
Құпия хатта қоқандықтардың отрядында Ташкенттің Нармұхаммед құшбегісі, Қанағатшах әскеріне Әндіжаннан келіп қосылған қырғыз Әлімбек датқаның жауынгерлері, Ниязқұл пансат, Керімқұл пансат, Молда Қошық датқа және т.б. келе жатқаны айтылады. Бұл ресми жазбаша хабардың 1860 жылы 23 қазанда қабылданғаны жайлы белгі соғылыпты. Осы дереккөздерден біз 1860 жылғы әйгілі Ұзынағаш соғысының тарихын, Қарақастек өзенінің бойында Қоқан хандығы әскерлерін подполковник Г.А.Колпаковский басқарған отаршылдар зеңбіректің оғына орағанын, оған қоқан әскерінің құрамында қазақтың Сыпатай, Сұраншы, Тойшыбек, Байсейіт, Керімбек, Байзақ, Момынбек, Андас, Арыстан, Ақмолда секілді т.б. ел қорғаушы батырлары мен өзбек, қырғыз, тәжік сияқты Орта Азия халықтарының өкілдері белсене қатысқанын көреміз. Тарихта «Ұзынағаш шайқасы» деген атпен қалған сұрапыл соғыс 1860 жылдың 18-21 қазанында Қарақастек өзенінің бойында өткен.
«Оған қоқандықтар тарапынан Отан қорғау үшін жергілікті түркі жұртының 40 мыңнан астам жауынгерлері қатысты» деп жазады А.Кенесарин. Осы соғыста отаршылдар жеңеді. Бұл жеңісі үшін әскери округ басшысы подполковник Колпаковский полковник шеніне жоғарылатылып, төртінші дәрежелі Қасиетті Георгий орденімен марапатталады, ал Қастек пен Пішпекті тас-талқан етіп, басып алғаны үшін ол 1862 жылы генерал-майор атағына ие болады.
Мұны айтып отырғанымыз, Қарақастек – Сүйінбай ақынның туып-өскен жері. Ақын ол кезде 45 жаста. Ал сол соғысқа сонау Ташкенттен келіп қатысып жүрген Молда Қошық датқа 64 жаста екен. Демек, Майлықожа айтқандай, «40 мың ләшкер ілескен батырбасы» Молда Қошық датқаның бұрынғы қимыл-әрекеттеріне, елшілік-мәмілегерлік істерінің мән-жайы мен Түркістан, Иқан, Шымкент, Ташкент жеріндегі отаршылдарға қарсы қарулы шайқастардағы әскери қолбасшылық қызметіне Сүйінбай ақын әбден қанық болғаны анық. Оған дәлел – жыр жампозы Сүйінбай ақынның өз шығармалары. Соның бірі әрі бірегейі – ұлы ақын Жамбылдың шәкірті Өмірзақ Қарғабайұлы жазып тапсырған Сүйінбай мен қырғыз ақыны Қатағанның атышулы айтысы. Бұл айтыс халықаралық, ұлтаралық деңгейдегі айтыстың озық үлгісі дерлік. Мұны ҚР Ұлттық Ғылым академиясы кітапханасының қолжазба қорынан жақында ғана тауып, ұсынған белгілі әдебиетші-ғалым, Жамбылтану және халық ақындары институтының директоры, профессор Бекен Ыбырайым мырза. Осы көлемді жәдігерлік мұраның 55-56-беттерінде Сүйінбай айтысының мынадай жолдары бар:
Қарақалпақ, түрікпен,
Бет алған жауы үріккен.
Одан былай құрама,
Құрамадан сөйлемей.
Сүйінбай қарап тұра ма?
Қазаққа байлық нәсіп қып
Қырғызды құдай ұра ма?
Құраманың байлығын
Есебі жоқ сұрама.
Онан былай еліміз,
Жұпар тауын жайлаған,
Өгіз-қойды айдаған,
Майданталды баспаған,
Сабырлықтан саспаған.
Қайрақты деген сақ жұртым,
Байрақты деген мол жұртым,
Толып жатқан ол жұртым.
Қырық пенен жүз дегенің,
Есебі жоқ көп жұртым,
Қорасының шетіне
Құс та ұшып жетпеген.
Бақ пен қыдыр басынан,
Шыр айналып кетпеген.
Тоғай-тоғай бұлтылдап,
Найзаның ұшы жылтылдап,
Қаңлы, шанышқылы көп елім,
Онда жатқан бек елім,
Ел-қауымның ішінде
Молда Қошық батырым.
Оның айтқан сөзіндей,
Жан таппайды ақылын.
Атты мінген жиреннен,
Тәшкенді кеше билеген.
Сөйлесе кеткен кісінің,
Сөзіне бойы үйренген.
Батырлық пен бектікпен
Солайша өтті дүниеден.
Айтыстың осы жолдары, неге екені белгісіз, Сүйінбай шығармаларының барлық жинағынан түсіп қалған. Сондықтан бұл үзінді баспа бетіне тұңғыш рет ұсынылып отыр. Біз, бұл орайда, келтірілген үзіндінің ақын шығармалары жинағына енбей қалуының екі түрлі себебі болуы мүмкін деп ойлаймыз. Біріншісі – зерттеушілер, ақын шығармаларының жинағын құрастырушылар Ташкент айналасында өмір сүрген қазақтың руларының ішіндегі қарақалпақ, түрікпен, құрама (кейіннен өзбекке сіңіп кеткен) атты аталары болғанын жете білмей, «оларды қайтеміз» деп қазіргі дербес ұлттармен шатастырып алған болуы мүмкін, екінші себебі – кеңестік кезеңде Қоқан билігі дәуіріндегі қайраткер адамдардың бірі ретінде Молда Қошық аты әдейі алынып тасталуы да ықтимал.Үшіншіден, «Сүйінбайтанушылар» ең әуелі бұл дауылпаз ақынның жырларының жер жанаты Жетісу өңіріне сыймайтынын, оның өр даңқы бүткіл қазақ даласынан әрі асып, халықаралық дәрежеге емін-еркін көтеріле алатынын аңғармағаны, әрине, өкінішті. Мәселен, айтыста ауызға ілінетін тұғырлы тұлғалар тек қазақ елінде ғана емес, көршілес қырғыз, әрмен қарай құлаш ұрсақ Қоқан хандығындағы өмір сүріп жатқан өршіл өрендерімізді бауырына тартады емес пе?! Соларды мақтаныш етеді емес пе?! Қалай дегенде де, бұл үзінді ел билігін, ұлт тұтастығын жырлаудағы «айтыс өнерінің алтын діңгегі» (М.Әуезов) атанған Сүйінбайдың ақындық өресінің жоғарылығын, ақыл-ой көкжиегінің кеңдігін, азаматтық танымының биіктігін танытатын жарқын мысал. Қуаныштысы сол – келесі жылы 200 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған ұлы ақынның жыр-жәдігерліктері бір жарым ғасырдан астам уақыттан кейін ортамызға толығып оралуы. Өйткені, айтыс мазмұнынан көрініп тұрғандай, ақын «көппін» деп мақтанған Қатағанға жауап ретінде қазақ халқының Албан, Суан, Жалайыр, Қаңлы, Шанышқылы, Сіргелі, Сыйқым, Жаныс, Ботбай, Шымыр, Арғын (Атығай, Қарауыл), Найман, (Бегімбет, Қызай), Керей, Қыпшақ, Қоңырат, Он екі ата Байұлы, жеті аталы – Жетіру, Әлім, Шөмекей, Алшын, Жаппас, Тама, т.б. секілді руларының аттарын тұтастай атай келіп, оларды бел тұтады, өзіне арқау етеді. Осылайша ол туған халқының қадір-қасиетін ардақтайды. Онымен қоса өз елінің Сұраншы, Саурық, Қарасай, Сыпатай, Андас, Байсейіт, Биназар, Дәуітәлі сынды батырларын мақтан етеді. Сөйтіп, Сүйінбай елдік пен ерлікті, ынтымақ пен бірлікті, ата-тек пен бата-тілекті, әділет пен әділетсіздікті, жақсылық пен жамандықты жыр етіп, анадан ұлы перзент туылатынын, туған елі үшін белін буынатынын дәріптейді.
Бұл айтысқа Тезек төре Нұралыұлы, Бөлтірік шешен Әлменұлы, Боранбай манап Бекмұратұлы (Шоқан Уәлиханов суретін салатын), Жантай манап Қарабекұлы, Орман хан Ниязбекұлы, Бәйтік датқа Қанайұлы сынды қазақ-қырғыз елінің жақсы-жайсаңдары қатысады. Ақындық көркем сөз өнерінің осынау әйгілі сайысын туыстас екі жақ, екі халық та жоғары бағалаған. Қырғызша нұсқасында Сүйінбайдың:
«Андан бери мен келсем,
Сөзүңдүн жок чаласы,
Сен Буйлаштын баласы.
Анжыянга барыпсың,
Азынатып жетелеп,
Айгыр аттан алыпсың,
Ангиге жакшы жарыпсың,
Ат сурайт деп ардыкпа,
Айта берип кардыкпа,
Бий баласы болсоң да,
Бий үйүнө батпаган,
Бий өргөсүн баспаган,
Сен салбардан тууган карыпсың.
Айыл сөзгө жакыным,
Тегиңди айтып мактандың,
Мени тексиз деп айтып какшадың,
Менин ата-тегим ыр болгон,
Ыр менен күүге пир болгон,
Сөз чынына келели,
Силерде Кабандай ырчы ким болгон?
Бак дарыган бабамдын,
Баскан жери сыр болгон,
Барган жери ыр болгон…
Текти сөздөн кеп кылгын,
Мактана турган жайың жок,
Жаш кезиңде Арстанбек,
Карагай, тикен аралап,
Колу-бутуңды жаралап,
Козу бактың кокуйлап,
Кой кайтардың чокулап,
Бакканың болчу козу-лак,
Калыпсың эми сөз улап», –
деп жыр маржанын нөсерлеткені айтылады. (Мұндағы Арыстанбек – Қатағанның азан шақырып қойған аты болса, Ал «Қатаған» – лақабы, ақын шыққан рудың атауы).
Сүйінбайдың Қатағанмен айтысындағы аттары аталған туыстас екі халықтың азаматтарының қай-қайсысы да қазақ-қырғыз тарихынан, ел жадынан ерекше орын алған тарихи тұлғалар.
Айтулы тарихи айтысты Сүйінбай:
«Орай сайға қондырып,
Келтірді құдай кезіңді.
Қозғалма енді Қатаған,
Оярмын екі көзіңді!
Мен бір емен ағашпын,
Білесе де сынбаймын!
Алдаспанға жолықтың,
Түбіңе жетпей тынбаймын!
Сөз бастаған бұлбұлмын,
Топ бастаған дүлдүлмін.
Судан шыққан сүйрікпін,
Бәйгеден озған жүйрікпін!
Шығарма, Қатаған, үніңді,
Есіңде сақта құлаған,
Қанатың сынған күніңді.
Қырғыз, қазақ жиылып,
Жалпылдатпа мұныңды!» –
деп аяқтайды. Сонан екі ел жақсылары жеңісті Сүйінбайға береді. Бізге жеткен аңыз әңгімеде, «қазақтың көп екені, мықты, жауынгер халық екені рас-ақ қой, тек ауызбіршілігінің аздауын айтқанда, сөзден сүріндіруге болар ма еді…» деп өкінген көрінеді…
Сөз орайы келгенде айтысқа байланысты мына жайтқа зерттеушілер назарын аударғаны жөн деп білеміз.
…Қазақ, қырғыз басылымдарында Арыстанбек Буйлашұлының туған жылы 1824, 1828 ж.ж., енді көпшілігінде 1840 жыл деп үш түрлі көрсетіліп жүр. Ал айтыс 1850 жылдар шамасында болған делінеді. Сонда соңғы 1840 жылды ақынның туған жылы деп есептесек, 10 жастағы Қатаған 35 жастағы Сүйінбаймен айтысқан болып шығады. Бұл – ақылға қонбайтын дерек. Сондықтан оның туған жылын алғашқы жылдардағы қырғыз ғалымдарының деректеріндегідей 1824 жылы деп алсақ, қисынға келуі мүмкін. Сонда Қатаған 26 жастағы кезінде, Сүйінбай 35 жас шамасында айтысқан болып шығады.
Сүйінбайдың Молда Қошықтың ғибратты ғұмырын, жарқын бейнесін, тұғырлы тұлғасын суреттеуге мән беруінің себебі – оның (датқаның) туған халқының, қала берді, бүкіл Орта Азияны мекендейтін барша түркі жұртының қамын ойлаған елжандылығын терең түсінгендігінен, әрі оны айрықша бағалап, қадірлегендігінен деп білеміз. Бұл ақын шығармашылығының өзіндік ерекшелігін, көтерген тақырыптарының өзектілігін танытады әрі оның бүкіл елдік сипаты мен жалпыхалықтық мәнін аңғартады.
Елбасымыз – Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев 1999 жылы жарық көрген «Тарих толқынында» (1999 ж.) атты еңбегінде: «…Қазақтың сана-сезімі өткендегі, қазіргі және болашақтағы – тарихтың толқынында өзінің ұлттық… қасиетін түсінуге енді ғана мүмкіндік алып отыр… Бірақ бұл мүмкіндік қана; ол шындыққа, тек қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактіге айналуы қажет. Ал осы міндет біздің алдымызға тек қана бір ұлы мүмкіндік түрінде ғана емес, қатал қажеттілік түрінде де қойылып отыр. Оны шешсек, біз тарихтың өзімізге шақталған мезгіліне сәйкес боламыз…», – деген еді.
Расында да, Тәуелсіздіктің талап-тілегін терең тамырлатар болсақ, патшалық Ресейдің отарлау саясатына байланысты тарихи мұраларды, одан бертіндегі кеңестік дәуірдегі тарихи-мәдени туындыларды танымдық әрі тағылымдық тұрғыда қайта қарап, оларға көп кешіктірмей әділ бағасын беру, халыққа шынайы ақпарат-мәлімет ұсыну қажет деп ойлаймыз. Соған сәйкес ол өзгерістер барлық білім буындарындағы оқулықтардан, оқу-әдістемелік құралдардан, ғылыми-танымдық еңбектерден, өнер туындыларынан заңды орын алуы заман талабына сай болар еді.



