
Дидахмет ағаны, белгілі жазушы Дидахмет Әшімханұлын бір кісідей білем. Көңілі толмаған дүниеге онша-мұнша пікір білдіре бермейді. Ал, оқырман көзайымына айналған»Салт-дәстүр сөйлейді» кітабына Дидахмет ағам өзінің жоғары бағасын берген екен, оқып риза болдым.

«Мен бұл кітапты оқып шыққан кезде есіме Паустовскийдің «Золотая роза» деген шығармасы түсті. Ғашығына не сыйларын білмеген бас кейіпкер күнде зергердің қоқыс жәшігін ақтарады. Үгіліп түскен алтын ұнтақтарын жинап, одан алтын раушан гүлін жасап шығады. Айтайын дегенім – шын ғашықтың мақсатына жету үшін талмай еңбектенгені. Қажымай қаншама тер төккені. Құмнан да ұсақ шаңды, тіпті тозаңды жинап отырып, тұтастай дүние шығарғаны. Мына кітапты құрастырған азаматтардың еңбектері соған пара-пар. Олар соңғы жүз жылда басы бірікпей, шаң-тозаңдай болып шашырап кеткен барлық аңыз-қиссаларды шебер құрастырып, тұтас бір дәуірдің жойылып кеткен мәдениетін қайта сомдап шыққандай. Шын мәнінде, солай деп бағалау керек. Ендігі мәселе: егер біздегі педагогтар, ойлы азаматтар бұл кітаптың қадірін шын бағаласа, бұл – дайын тұрған оқу құралы» дейді жазушы.
Халқымыздың тереңнен бастау алатын рухани құндылығына, салт-дәстүріне расында тереңнен бойлай білген кітап авторларына мың алғыс! Осындай аса құнды дүниелердің жалғасын табуына тілектеспіз!


