Baq.kz – Шотландияның танымал саяхатшысы, фотооператор Дэвид Баксендэйл жуырда Моңғолияның батысына сапарлап, көшпелі қазақтардың өмірімен танысып қайтты. Назарларыңызға сол саяхат барысында әзірлеген фоторепортажды ұсынамыз.
Моңғолияның Баян-Өлгей аймағын мекендейтін халықтың 90%-ы қазақтар. 100 мыңға жуық қазақ жұрты осы өлкеде бытырай тұрмыс кешуде. Олардың барлығы мұсылман және тек қазақ тілінде ғана сөйлейді, жат мәдениет енбеген. Моңғол тілін тек өзгелермен қарым-қатынас шеңбері негізінде ғана қолданып жатады.


Қазақтар бұл маңға 18 ғасыр шамасында ауып келген. Көшпенділер бүгінде Қытаймен шекаралас жатқан құла дүз таулы аңғар – Дайын жайлауын мекен етіп келеді.
Мұндағы қазақтар салт-дәстүрден еш жаңылмаған. Малдарына жайлы болуы үшін бір жылда үш-төрт рет қоныс аударады. Киіз үйлері моңғолдардікінен өзгеше: биік және кең.
Әрбір қазақтың үйінің қақ ортасында үлкен пеш бар. Ол әрі тамақ істеуге, әрі үйді жылытуға арналған. Қабырғаларды айнала жүк жиналған. Әр көрпе-төсектің тұсында көз тартар қолдан тігілген кілемдер ілінген.


Мұнда отбасы мүшелерінің барлығы бір шаңырақ астында өмір сүреді. Үй керегесіне әдетте күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар ілінеді. Ал, қазақтардың киімдері мен төсеніштері жабайы аңдардың терісінен тігілген.
63 жастағы Тавай ақсақал ел арасында жомарт, қонақжай ретінде танылған сыйлы кісі. Үйіне келген құдайы қонақты кез-келген уақытта аспен және қымызбен қуана қарсы алады.

Дайын жайлауындағы қазақ әйелдері үй шаруасымен бірге қорадағы малды да күтіп-бағумен айналысады. Мұндағы қазақтардың қорасында ұсақ малдан бөлек жылқы және қодас та бар. Оларға жем-шөп беріп, сүтін сауу әйелдерге жүктелген міндет.


Қазақ ауылдарында еңбексіз жатқан ешкім жоқ. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін шаруада. Сол секілді бойжеткен қыздардың да өзіне жүктелген міндеттері бар. Солардың бірі – саумал пісу.


Моңғолияның қазақтары өте қонақжай. Бізді жылы қарсы алып, ұлттық тағамдарын ұсынды. Сүт қатқан шай, ірімшік, бағлан етін асып бешбармақ әзірледі. Бұл тағамды қолмен жегендіктен осылай атаса керек.
Шілде айының бір күнін қазақ жігіттері асау атты жуасытуға арнайды екен. Яғни жайылымда жүрген он шақты жылқыны алып келіп, мініске үйретеді. Бірнеше сағаттық еңбектен кейін осынау жануарлар адамдардың көлігі мен серігіне айналады.



Асауды жуасытқан соң міндетті түрде үлкен дастархан жайылып, айналадағыларға ас беріледі. Арнайы мал сойылып, ағайындардың тілегі айтылады.
Аударған: Ая Өміртай




