Замана дауылымен алысып, ғұмыры ат үстінде өткен бабаларымыздың басы қайда қалмаған?! Мәңгілік мекен туған елінен жырақта, жат жердің топырағынан бұйырған тұлғаларымыздың бірқатарын төменде тізбелеп өттік. Бұл тізімге енбей қалған, бізге аты-жөні беймәлім қаншама қандастарымыздың сүйегі жат жерде қалды?! (Шет мемлекеттерде жерленген бабалар туралы тың деректерді білетін, осы тізімді толықтырғысы келетіндер aynaline.kz сайтының редакциясына хабарласуына болады).
1. Дамаск
Әбу Насыр әл-Фараби. Отырарда туып, әлемге даңқы жайылған шығыстың ұлы ойшылы, философ, математик, астроном, физик, ботаник, лингвист, логика, музыка зерттеушісі әл-Фараби бабамыз 970 жылы Шам шаһарында, қазіргі Сирияның Дамаск қаласындағы Баб әс-Сағир зиратында жерленген. Кесенесі 2010 жылы қазақ үкіметінің ат салысуымен қайта қалпына келтірілді.
2. Мысыр
Бейбарыс сұлтан – 1223-77 жылдары Мысырда билік құрған. Қыпшақ даласында туған даңқты әмірші Каирде жерленген. 2010 жылы қайта қалпына келтірілген 6 тарихи нысанның тізімінде Бейбарыс бабамыздың да кесенесі бар.
3. Үндістан
Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551) – әйгілі тарихшы, әдебиетші, Моғолстан мен оған іргелес елдердің тарихы жөнінде аса құнды деректер беретін «Тарихи Рашиди» кітабы мен «Жаханнама» дастанының авторы. Белгілі ғалым, дінтанушы шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі 1998 жылы Үндістанға арнайы барып, Кашмир штатының астанасы «Мазари-и Салатин» (Патшалар қорымы) қорымынан зиратын тапты.
4. Түркия
Мұстафа Өзтүрік (1954-1995) – қазақ жеріне таэквон-до спортының тұқымын сеуіп, көсегесін көгерткен қаһарман оғыландарымыздың бірегейі. Таэквон-до спортынан әлемнің алты дүркін чемпионы, қара белбеу, 6-шы дан иегері. Бүкіл мұсылман әлемінде осы спорт түрінен осындай биіктікті бағындырған жалғыз адам.
1991 жылы атамекеніне оралған арда азамат 1995 жылы Алматыда белгісіз жағдайда көз жұмды. Сүйегі Стамбұлдағы зиратта жерленген.
Сұлтаншәріп тәйжі Зұһаұлы, Қалибек хакім Райымбекұлы, Хамза Инан, Құсайын тәйжі, Хамза Ұшар, Елісхан батыр Әліпұлы – ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Шығыс Түркістандағы қазақ диаспорасының көсемдері, ұлтының азаттығы үшін күрескен батыр әрі қайраткер тұлғалар.
Хасен Оралтай (1933-2010) – шетелдегі қазақтардың азаттық үшін күресінің символына айналған тұлға. Еуропадағы «Азаттық» радиосының қазақ бөлімін 40 жылға жуық басқарған, азаттық идеясын жер жүзіндегі қазақ баласына ұзақ жылдар бойы насихаттаған қайраткер. 1991 жылы 16 желтоқсанда жер жүзі қандастарына Қазақстанның тәуелсіздік алғанын «Азаттық» радиосынан өз аузымен жариялап, қуаныштан сол мезетте жылап жібергені ел есінде аңыз болып қалды. Бейіті — Түркияның Салихлы қаласындағы мұсылман зиратында.
5. Германия
Серәлі Ләпин. Қоғам қайраткері, шығыстанушы Лапин Серәлі Мұңайтпасұлы 1868 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылында туған. Араб, парсы т.б. шығыс тілдерін жетік біліп, «Шаһнама», «Туһрат әл-Хани» дастандарының парсы тіліндегі қолжазбаларын зерттеген, Фирдаусидің «Шаһнамасын» қазақша тәржімалаған. 1919 жылы Самарқан қаласында белгісіз жағдайда қайтыс болды.
Мұстафа Шоқай (1890-1941) – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, түрік халқының даңқты күрескері. Өмірінің соңғы жылдарында Түркия арқылы Германияға, сонан соң Францияға барып орнығады. Алаш жұртының қайсар ұлы 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлинде жұмбақ жағдайда қайтыс болды.
Мәжит Айтбаев. Ақын, публицист, саяси қайраткер, ХХ ғасырдың басындағы ұлт көсемдерінің бірі – Мұстафа Шоқайдың үзеңгілес серігі. ІІ Дүниежүзілік соғыста ауыр жараланып, немістердің тұтқынында болған. Жазушы Қалтай Мұхамеджановтың «Көктөбедегі кездесу» атты пьесасындағы ақын Асанның прототипі. Топырақ Дрезден қаласынан бұйырды.
Махмет Құлмағамбетов (1930-2008) – қазақтан, тіпті күллі Орта Азиядан шыққан тұңғыш диссидент. Саяси көзқарасы үшін жазықсыз бас бостандығынан айырылып, жеті жыл түрменің дәмін татқан. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Жоғарғы соттың үкімімен ақталды. Мюнхенде көз жұмды.
6. Қытай
Ақыт Үлімжіұлы (1868-1940 ж.ж) – ақын, ағартушы, белгілі қоғам қайраткері. Құранды тұңғыш рет қазақ тіліне аударған. Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі саналады. Шың Сысай түрмесінде жауыздықпен өлтірілді.
Оспан батыр. Шығыс Түркістанның ұлт азаттығы жолындағы көсемі, ел басқарған әйгілі батыр. 1943 жылдың күзінде Қызылқия деген жерде жұртшылық оны ақ киізге отырғызып хан көтерген. Батырды қытай коммунистері қапыда қолға түсірген. 1951 жылы 28 сәуірде Үрімжіде атылды.
Зұқа Сәбитұлы (1867-1929) – Қытайдың жергілікті қазақтарға жасаған озбыр саясатына қарсы шыққан батыр. Ел аузында «Зәбір көрсең, Зұқаны ізде» деген сөз қалған. Батырды қапыда қолға түсірген қытайлар оның басын екі құлағынан көпірге іліп қойған.
Әсет Найманбайұлы (1867-1923) – қазақтың әйгілі ақыны, әнші сазгері. Әсеттің Кемпірбаймен қоштасуы, «Мақпал», «Қара көз», «Майда қоңыр», «Жиырма бес», «Қысымет», «Ардақ» секілді әндері халық арасына кеңінен танымал. Аңдаусызда алмаспен уланып қалған қазақтың маңдайына біткен айрықша дарын иесі қапыда көз жұмды. Қабірі Құлжа ауданы Көкқамыр жайлауында.
Бүркітбай Тұяқұлы. Оспан батыр бастаған көтеріліске қатысқан батырлардың бірі. Батырлығымен қоса, әншілігімен де танымал. Бүркітбай шығарған «Ой, Ғайша» әні — қазір қазақтың дәстүрлі ән өнеріндегі шоқтығы биік шығармалардың бірі.
Әзімхан Тішәнұлы. 1929-1996 жылдары өмір сүрген. Аудармашы, әдебиеттанушы ғалым. «Үш патшалық қиссасы», «Таң дәуіріндегі таңдамалы өлеңдер», «Су бойында», «Қызыл сарайдағы түс» сынды қытай классикалық шығармаларын қазақшалаған.
Бейсенбі Дөненбайұлы – атақты күйші, Алтай өңіріндегі атақты төрт бидің бірі. 17 жасынан шешендігімен көзге түскен. Құнанбайға арнаған «Бодау кеңес» күйін, «Жеке батыр», «Жеңілдім», «Қымыз күйі», «Арман-ай» сынды көптеген күйлерді шығарған.
Сәдіқожа Мошанұлы. Қытай қазақтарынан шыққан арқалы әнші, сал-сері. Қазақтың дәстүрлі ән өнеріндегі «Сарыбидай», «Ақалайын» сынды танымал туындыларды шығарған.
Жүсіпбек Шайхысламұлы. Әйгілі ақын 1857 жылы Әулие ата жерінде туған. Араб, парсы тілдерін жетік білген. «Қасен мен Ғайнижамал», «Мұңлық-Зарлық», «Айман-Шолпан», «Біржан сал мен Сара қыздың айтысы» сынды шығармалардың авторы.
Нүсіпхан Көнбайұлы. (1896-1986 ж.ж) – әскери полковник, қоғам қайраткері, ағартушы.
Әсет Жүнісұлы (1924-1994)– саяси қайраткер, Қытай қазақтарынан шыққан әскери полковник. Алтай атты әскерлер полкында штаб бастығының орынбасары, Алтай әскери районы қолбасшысы болған.
Басбай Шолақұлы Бапин (1879-1941 ж.ж). Қытай қазақтарынан шыққан атақты бай, қоғам қайраткері. ШҰАР Тарбағатай аймағының алғашқы уәлиі (губернатор).
Мейрамбек балуан, Байқозы Жасақбайұлы, Бұланбай Көлбайұлы –Қытай қазақтарынан шыққан атақты балуандар.
Мүтәліп Әміреұлы (1928-1988 ж.ж) – Қытай қазақтарынан шыққан әйгілі театр және кино актері. «Тян-Шань қызыл гүлі», «Қыз бейіті», «Жетім қыздың махаббаты» сынды атақты кинофильмдерде басты рөлдерді сомдаған.
Дәлелхан Сүгірбайұлы (1906-1949 ж.ж) – саяси қайраткер. Алтай аймағының уәлиі (губернатор), Алтай атты әскерлер полкының командирі. 1949 жылы Бейжіңге мемлекеттік дәрежедегі арнайы жиынға ұшып бара жатып, Байкал жерінде ұшақ құлап қаза тапты.
Ниғымет Мыңжанұлы (1922-1993) – ақын, жазушы, әдебиетші. Бірнеше көркем шығармалар жинағының, «Қазақтың қысқаша тарихы», «Қазақтың мифтік аңыздары» зерттеу кітаптарының авторы.
Таңжарық Жолдыұлы (1903-1947 ж.ж) – әйгілі ақын, Қытай қазақтарының жазба әдебиетінің негізін салушы тұлғалардың бірі. 1940 жылдан бастап Шың Сысай үкіметі қазақтың бетке ұстар тұлғаларын аяусыз басып-жаншыған тұста түрмеге қамалып, жан төзгісіз азапқа ұшырайды. 1947 жылы ауыр науқастан көз жұмды.
Қажығұмар Шабданұлы (1925-2011) – жазушы. Саяси жаламен өмірінің қырық жылға жуығын жазалау лагерінде, түрмеде өткізген. «Қылмыс» трилогиясының авторы. 2011 жылдың ақпан айында өмірден озған қаламгердің сүйегі Шәуешек қаласындағы мұсылман қорымында жатыр.
7. Тибет
Бөке батыр Жырғалаңұлы (1846-1904). Шыңжандық қазақ жазушысы Шәкен Құмарұлы «Бөке батыр» атты тарихи романына сүйенсек, 1846 жылы туған. Артына халқын ертіп, Тибет асып, Үндістанның шекарасына ат тұмсығын тіреп тоқтайды. Бұл 1900 жылдардың шамасы. Бөке батырды 1904 жылдың жазында Тибет төрелері ел астанасы Лхаса қаласына шақырады. Осы сапардан еліне оралған тұста Бөке ауырып, қайтыс болды. Сүйегі Тибет автономиялы районы, Алтынтоқ ауданына жерленді.
Чиң әскерлері Бөке батырдың денесін көрден суырып алып, басын кесіп әкетіп, Үрімжі көшесіне іліп қояды. Кейін баласы Рабай әкесінің басын сұрап алып, байырғы мекені Алтай өлкесіндегі Шіңгілінің бойы, Аралтөбе ауылына қарасты Обаты қыстағына әкеліп жерлеген. Тибет пен Алтайда жерленген Бөке батыр Жырғалаңұлының басы мен денесі бір-бірінен 3 мың шақырым қашықта жатыр.
8. Ресей
Қадырғали Жалайыри (1530-1605) – атақты ғалым, шежіреші. Тәуекел ханның сарайында қызмет етіп, ақылшы міндетін атқарған. Оразмұхаммед сұлтанмен бірге Ресей патшасы Годуновтың қоластында аманатта болған. 1602 жылы жарық көрген «Жылнамалар жинағы» еңбегінің авторы. Ресейдің Рязань облысы Қасымов қаласындағы мұсылман қорымына жерленді.
Бөкей хан Нұралыұлы (туылған жылы белгісіз-1815) – Бөкей ордасының ханы. Еділ мен Жайық өзендерінің арасындағы қазақтың атақонысын 1580 жылдан Ресей патшалығы иеленіп келген. Бөкей хан Ресей патшасы ІІ Павелден қазақтардың осы жерге қоныстануына рұқсат алды. Осылайша, Бөкей Ордасының іргесі қаланып, еліміздің батысындағы Ресеймен арадағы шекара шегенделді. Бөкей хан 1815 жылдың 21 мамырында көз жұмды. Зираты қазіргі Ресейдің Астрахан облысы Красный Яр ауданы Малый арал ауылына жақын жерде.
Құрманғазы Сағырбайұлы (1823-1896) – қазақтың ұлы күйшісі. «Адай», «Сарыарқа», «Ақсақ киік», «Төремұрат», «Балбырауын», «Қуаныш», «Көбік шашқан», «Кішкентай», сынды отызға тарта күйдің авторы. Күйшінің сүйегі Астрахан облысына қарасты Құрманғазы төбе деп аталатын жерде жатыр.
Әлихан Бөкейхан (1874-1937) – ұлт тарихында өшпес із қалдырған, Алаш жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі бар байлығы қазаққа қызмет етуін армандап өткен аса көрнекті тұлға. 1937 жылдың тамызында нақақ жаланың құрбаны болып ату жазасына кесілді. Ұлтымыздың көсемі 1989 жылдың 14 мамырында КСРО Жоғарғы сотының қаулысымен ақталды.
Сәлімгерей Жантөрин (1864-1926) – ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерінің бірі, меценат. Атақты «Ғалия» медресесін салуға қаржылай ықпал еткен, «Әл-Ғалами әл-Ислами» (Мұсылман әлемі) діни-саяси газетінің құрылтайшысы һәм идеялық бағыттаушысы болған. Алаш партиясының көсемдерімен араласып, оларға қолдау көрсеткен. І Мемлекеттік думаның мүшесі. Мемлекеттік дума депутаттығына сайлауға қатыстыру үшін өзіне тиесілі жердің бір бөлігін Санкт-Петербург университетінің студенті Мұстафа Шоқайға берген. 1926 жылы Қазанда жұмбақ жағдайда өмірден озған Сәлімгерей Жантөрин Уфада жерленді.
Жүсіпбек Аймауытов (1889—1931) – ХХ ғасыр басында қазақ халқының азаттығы үшін күрескен ұлт қайраткері, Алаш қозғалысының өкілі, қазақ әдебиетінің классик жазушысы, ағартушы ғалым. 1929 жылы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген жаламен тұтқынға алынып, 1931 жылы ату жазасына кесу туралы сырттай үкім шығарылды. Ресей астанасы Мәскеуде жерленген Аймауытовтың қабірін 1973 жылға дейін белгісіз біреулер тазалап, күтіп тұрған. Кейін зират үсті тегістеліп кетті.
Мағжан Жұмабаев (1893-1938) – ХХ ғасыр басында қазақ поэзиясының көгінде жарқырай жанған жұлдыз. «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз» деген алашшыл, азатшыл ақын қызыл саясаттың құрбаны болды. Зерттеушілердің дерегінше, Мағжанның сүйегі Ресейдің Магадан облысы Сусуман ауданы Берелех поселкесінің жанындағы зиратта жатыр.
Елизавета Әлиханқызы Сәдуақасова (1903-1971 ж.ж) – Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхановтың қызы, даңқты қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың жары. Дәрігер-терапевт, медицина ғылымының докторы. ІІ Дүниежүзілік соғысқа өзі сұранып аттанған.
Мәриям Сейдалина – қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш журналистердің бірі, белгілі заңгер Жансұлтан Сейдалиннің қызы, ұлт қайраткері Сейілбек Жанайдаровтың зайыбы. І дүниежүзілік соғыстағы қазақтарға көмек көрсету үшін жарымен бірге майданға аттанып, сонда қайтыс болды. Невель қаласында жерленген.
Нығмет Нұрмақов (1895-1937 ж.ж) – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, қаламгер публицист. Алаш арысы Әлихан Бөкейханов пен бір күнде, бір статьямен Мәскеуде атылған.
Сұлтанбек Қожанов (1894-1938) – мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист. Кеңес өкіметінің ұлттық мәселені кейінге ығыстырып тастауға бағытталған әрекетіне қарсы тұрған тұлғалардың бірі. Астананы Орынбордан Қызылордаға көшіруде, бұрмаланып келген «киргиз» деген атты «қазақ» деп түзетуде ерен қайрат көрсетті. 1938 жылы ату жазасына кесілген тұлға 1957 жылы ақталды.
Нәзір Төреқұлов ( 1892-1937) – мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақтан шыққан алғашқы кәсіби дипломаттардың бірі. КСРО-ның Сауд Арабиясындағы өкілетті өкілі болған, Дуайен лауазымына (сол елдегі елшілерге басшылық жүргізетін дәреже) жеткен тұңғыш қазақ. Ұлт мүддесін өз өмірінен биік қойған ардақты азамат 1937 жылы ату жазасына кесілді. Нәзірдің атылғанына наразылық ретінде Сауд Арабиясы Кеңес Одағымен 39 жыл бойы қарым-қатынас жасаудан бас тартты. Қазір Сауд Арабиясында Нәзір Төреқұлов атындағы орталық пен көше бар.
Тұрар Рысқұлов ( 1894- 1938) – мемлекет және қоғам қайраткері. Кеңестер Одағының Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты төрағасының орынбасары дәрежесіне дейін көтерілді. 1937 жылы 21 мамырда Кисловодскіде демалыста жүрген Рысқұлов «пантүрікшіл», «халық жауы» деген айыппен тұтқынға алынды. Мәскеу түрмесінде жүрек ауруынан қайтыс болды.
Ғани Мұратбаев (1902-1925) – Орталық Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі Коммунистік Жастар Интернационалының қайраткері. Өкпе ауруынан қайтыс болып, Мәскеудегі «Ваганьков» қорымына жерленді. Ғанидың өмір жолын суреттейтін «Біздің Ғани», «Осындай қысқа ғұмыр» атты фильмдер түсірілген.
Ахмет Бірімжанов (1871-1927) – Алаш жұртының азаттығы үшін күрескен тұлға. Ресейдің І және ІІ Мемлекеттік Думаларына депутат болып сайланып, Мұсылман фракциясы төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Ленинградта қайтыс болған Ахметті ақтық сапарға Ә.Бөкейханов, Ә.Сейдалин, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, ұлы Батырбек және татар зиялылары шығарып салған. Сүйегі Ленинградтағы Волков зиратында жатыр.
Қайырболат Майданов (1956 – 2000) – Ауғанстандағы соғыста Кеңес Одағының батыры атанған жалғыз қазақ. Ауған жерінде барлығы 1250 тапсырманы орындап, 1100 сағат уақытын әуеде өткізген. Қарулас достары «летчик от Бога» деп бағалаған. 2000 жылы Шешенстандағы соғыста ерлікпен қаза тапқаннан кейін Ресей Федерациясының батыры атағы берілді. Қазақтың қыран қанатты қаһарман ұлы Санкт-Петербургте жерленді.
Ерік Құрманғалиев (1959-2007) – әйгілі опера әншісі, актер. Кейбір деректер бойынша, КСРО-дағы тұңғыш контратенор (операдағы ерлер дауысының ең жоғарғы диапазоны). 1988 жылы Бостонда өткен музыка фестивалінен кейін америкалық БАҚ-тар оны бірауыздан «Феномен» деп бағалады. 1992 жылы «Мадам Баттерфляй» спектакліндегі басты рөлі үшін Ресейде «жылдың үздік актері» атанған. Аса сирек кездесетін дауыстың иесі 2007 жылы көз жұмып, Мәскеудегі Ваганьков зиратына жерленді.
Қамбар Медетов (1901-1938) – атақты күйші, өнер қайраткері. Күйшілік өнерімен Сталиннің өзін таңғалдырған. 1937 жылы репрессияға ұшырап жер аударылған күйші Солтүстік Қиыр Шығыста қайтыс болды.
Арынғазы хан Әбілғазизұлы (1758-1833) – көрнекті мемлекет қайраткері, төре күйлерінің негізін салушылардың бірі, дәулескер күйші. Халқына жағымды болғаны үшін ел аузында «Тыным хан» атанған. 1823 жылы патшалық Ресей үкіметі оны қапыда алдап қолға түсіріп, Калугаға жер аударды. Арынғазы хан айдауда жүріп белгісіз жағдайда қайтыс болды.
9. Иран
Жарылғап Қырықмылтық (1908-1990) – Иран қазақтарынан шыққан әйгілі ақын. Туған елге деген жүрекжарды сезімнен туған жырлары қазақстандық мерзімді басылымдарда жиі жарияланып тұрды. Гүмбез-Қауыс қаласының іргесіндегі қазақ ауылында өмірден озды.
10. Моңғолия
Күлтегін (684-731) – Қапаған мен Білге қағанның тұсында өмір сүрген түркі мемлекетінің даңқты қолбасшысы. Ежелгі тарихи-поэзиялық жазба деректер бойынша, 7 жасында жетім қалған, 16 жасында бес қаруын асынып, ел қорғаған. Ағасы Тоныкөк дананы таққа отырғызып, өзі өмірінің соңына дейін ат арқасында ғұмыр кешкен. 47 жасында соғыста қаза болды. Тасқа қашалған Күлтегін жазуы – бүкіл адамзаттың баға жетпес мұрасы.
Мукрас Зайсанов (1916-1976) – алғашқы қазақ генералдарының бірі, аты аңызға айналған әскери ұшқыш. 1945 жылы Жапониямен болған ұрыстағы теңдессіз ерлігі үшін генерал-майор атағын иеленген, Монғолия әскери-әуе күштерінің бас қолбасшысы дәрежесіне дейін көтерілген. 1976 жылы қайтыс болған даңқты батыр Ұлан-Баторда жерленді.
Ноғай Шымшырұлы (1902-1973) – Монғолияның танымал саясат және қоғам қайраткері. Шыңжаңда Шығыс Түркістан үкіметін құруға белсене ат салысқан. Маршал Чойбалсанның тікелей тапсырмасымен Шыңжаң асқан қазақ ауылдарын Қобда аймағына қайта әкеліп орналастырған.
Жәмила Әбсаланқызы (1901-1963) – Моңғолияның тұрақты парламенті – Кіші Құрылтайдың басқарма мүшелігіне сайланып, «Жәмила Сайд» атанған алғашқы қазақ әйелі.
Көпеш Айтбайұлы, Барлам Сабылдықұлы – 1850-70 жылдары Моңғолия асқан қазақ көшін бастаған қайраткерлер.
11. Өзбекстан
Тәуекел хан – 1583-1598 жылдары билік құрған қазақ ханы. Өзін «қазақ пен қалмақтың ханымын» деп атаған тұңғыш хан. Бұқар хандығымен күресте Мәскеумен одақтасуды жөн санап, 1594 жылы елші аттандырған. Бұқара қаласын алу үшін болған ұрыста ауыр жараланып, Ташкентке келіп қайтыс болды. Самарқан қаласында жерленген.
Шығай хан – 1580-1582 жылдары билік жүргізген қазақ ханы. Шайбани мұрагерлерінің арасындағы тақ тартысын қазақ мемлекеттілігін нығайтуға сәтті пайдаланған. Самарқан қаласында жерленген.
Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы (1576-1656) – батыр қолбасшы, би. Батырдың денесі Самарқан өңірі Дағбид қыстағында жерленген.
Төле би (1663-1756), Әйтеке би (1644-1700) – қазақ халқының бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан атақты билер. Тәукені хан етіп сайлап, үш жүздің ұлыстарын бір ортаққа бағындыруға ұйытқы болған. Төле би Ташкенттегі Шайқантәуір зиратына жерленген. Әйтеке бидің қабірі Ташкенттен 75 шақырым жердегі Қауыншы және Шыназ ауылдарының маңында.
Сырым Датұлы (1723-1802) – қолбасшы батыр, би, шешен, 1783-1797 жылдардағы Кіші жүз руларының орыс отаршыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшісі. Патша әскерінен бас сауғалаған Сырым Хиуа хандығының жеріне өтіп кетеді. Ел арасына атағы кеңінен тараған батырдан қауіптенген Хиуа ханы оны қапыда улап өлтірген. Зерттеушілердің дерегінше, Қарақалпақстанда жерленген.
Ер Қосай (1507-1594) – халық батыры. Қазақ хандығының алғашқы кезеңінде өмір сүрген, қазақ ұлты мен мемлекеттігін нығайтуға үлес қосқан тарихи тұлға. Ер Қосай түркіменнің Ер Сары көсемінің қызы Оғылмеңліге үйленген. Одан жорық жыршылары, ақындар, жыраулар, өнер шеберлері Қалнияз, Абыл, Нұрым, Қашаған сынды дүлдүлдер тараған. Ер Қосай мен Оғылмеңлі ана Нүкіс қаласының Бестөбе жерінде жерленген, бастарына мазар орнатылған.
Сабыр Рахымов (1902-1945) – Кеңес Одағының батыры, гвардия генерал-майоры, даңқты қолбасшы. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданында туған. Ұлты қазақ болса да, құжаты «өзбек» деп қате толтырылып, ұзақ жылдар бойы өзбек ұлтынан шыққан тұңғыш генерал саналып келді. 1945 жылдың наурыз айында көз жұмды. Ташкенттегі Кафанов саябағына жерленді.
Хайретдин Болғанбаев (1894-1937) – Алашорда үкіметінің белсенді мүшелерінің бірі, публицист, әдебиеттанушы, журналист, қоғам қайраткері. 1937 жылы Ташкентке этаппен жіберіліп, «үштіктің» шешімімен атылды. 1957 жылдың тамыз айында қылмыстың құрамы дәлелденбегендіктен ақталды.
12. Украина
Ғұбайдолла Жәңгірұлы Бөкеев (1840-1909) – әскери қайраткер, Ресей армиясының генералы. Орыс-түрік соғысында айрықша қолбасшылық қабілет көрсеткені үшін генерал-майор атағын, «Ерлігі үшін» алтын қылышын иеленген, І дәрежелі Анна орденімен марапатталған. Көптеген қазақ жастарының Ресей оқу орындарына түсуіне, қызметке орналасуына жағдай жасаған. Нақақ жаламен абақтыға қамалған атақты Ақмолла ақынның босап шығуына көмектескен. Отставкаға шыққан соң 1902 император сыйға тартқан Ялтадағы иелігіне көшіп барып, өмірінің соңына дейін сонда тұрды.
13. Түркіменстан
Құныскерей Қожахметов (1895-1964) – қызыл чекистерге қарулы қарсылық көрсеткені үшін қуғындалған, «банды Құныскерей» атанған халық батыры. Атырау облысы Қызылқоға ауданы Тайсойған құмында туған. Кеңес өкіметі тұсында қандықол қарақшы деген жала жабылса да, әділдігімен, ерлігімен есімі аңызға айналған. 1933 жылы Түркіменстанға бас сауғалауға мәжбүр болды. Сол жақта Әбілқайыр Жаманов деген атпен өмір сүріп, 1964 жылы өмірден озды.
Жат жердің топырағын жастанған тұлғаларымыздың сүйегін Атамекенге әкеліп жерлеу ісіне қатысты еліміздегі зиялы қауымның пікірі әрқилы.
Тұрсын Жұртбай, жазушы, филология ғылымдарының докторы:
– Смағұл Сәдуақасов сияқты, Нығмет Нұрмақов, Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейхан, Жүсіпбек Аймауытов, Қайыр Ғаббасовтардың қайда жатқаны белгілі. Оларды сұратып алу жеке азаматтардың қатысуымен шешілетін шаруа деп ойлаймын. Ал осы іске мемлекет араласып, солардың барлық сүйектерін жиып алу туралы қаулы шығарса, бұл үлкен ұжымдық жұмыстың бастамасы болар еді. Бүгінде Санкт-Петербургтің кунсткамерасында Кейкі батырдың бассүйегі жатыр. Ал оның ішіндегі ең қиыны ол – Кенесары батырдың бассүйегі. Ресейде 38600-дей бассүйек сақталған. Соның 2 мыңдайы Қазақстанға қатысты бассүйектер. Олардың бәрін әкелу мүмкін емес. Бірақ Кенесарының басын елге қайтару Президент пен Қауіпсіздік кеңесінің қатысуынсыз шешілмес. Себебі, бұл жұмыстың ерекше саяси астары бар.
Бейбіт Қойшыбаев, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты:
– Бұл орайда қазақ мемлекеттілігін алпауыт жаулаушылардан он жыл бойы қорғап, сол жолда мерт болған Кенесары ханның, азаттық үшін жан берген өзге де батырлардың, мәселен Кейкінің бас сүйегін Ресей мұражайы қорынан елге қайтару мәселесін шешуді парыз деп ұққан жөн.
Дүкен Мәсімханұлы, ақын, аудармашы, филология ғылымдарының докторы:
– Жалпы, шет мемлекеттерде жерленген тарихи тұлғаларымыздың сүйегін жаппай атамекенге оралтуға мен қарсымын. Мәселен, Қытайда жатқан тарихи тұлғаларымыздың көпшілігі шейіт кетсе де, сүйектері мұсылманша рәсіммен жер қойнына берілген. Мұның барлығы шет мемлекеттерде қазақтың жері болғандығын, онда қазақтар мекендегенін айғақтайтын тарихи куәлар болып табылады. Күні ертең ондаған жылдардан кейін заман өзгерген кезде, бабаларымыздың басына қойылған құлпытастар, олардың зираттары біздің қазақтың артында қалдырған ізінің, тарихи дәлелдің рөлін атқарады.
Әзірлеген Айбын АҚПАТША
aynaline.kz



