« Халықаралық болжамдарға сүйенсек, ХХІ ғасырдың соңында қазақ жерінің қазына-байлығын игеру үшін Қазақстан аумағына 100 миллион адамды орналастыру қажеттілігі туатын көрінеді. Ал, қазіргі Үкіметтің ресми болжамы бойынша, 2050 жылы елдегі халық саны небәрі 26 миллион болмақ. Демек, осы кезеңде жеріміздегі қазына байлықтың заңды иелері және мұрагері – қазақтар елде мүлде азшылыққа айналып, Қазақстан дегеніңіз КСРО кезіндегідей шетелдік алпауыттардың жаппай тонауына ұшырауы әбден мүмкін. Әрине, бұған жол бермес үшін, тұрғын үйге, жер учаскесіне, азық-түлікке зәрулікті жойып, халқымыздың санын еселеп арттырып, 2020 жылы 20 миллионнан асырып, 2050 жылы 50 миллионға, ғасырдың соңында 100 миллионға жеткізу үшін барлық мүмкіндікті қарастыру қажет» дейді Алматы Мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының балалар хирургиясы мен неонатология кафедрасының меңгерушісі, профессор Әбдісабыр ӨМЕШҰЛЫ .
Жалпы, халықтың қалыпты өсуі жағдайында әрбір 25 жыл сайын қазақ халқының саны екі есеге артып отыруы тиіс. Қазақтың тарихына қарасақ, осындай өсім ешқашан тоқтаған емес. Біздің жер бетінен жойылып кетпей отыруымыздың бір себебі де осы болса керек. Мысалы, 60–80-жылдары қазақ халқының саны екі еседен астам өссе, содан кейінгі 25 жылда мұндай өсім болған жоқ. Неге? Міне, осы сұраққа жауап іздеуге тиіспіз. Ана мен баланы әлеуметтік қорғау – демографиялық жағдайды жақсартудың бір жолы ғана. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін әлеуметтік және арнаулы жәрдемақы төлемдерінің мөлшерін арттыру – көптеген елдердің тәжірибесінде бар дүние. Бірақ біздің Үкімет ана мен баланы алақанына салудың орнына жетім баладай жәутеңдетіп қойды. Мемлекет қазынасынан қарастырылған жәрдемақы мөлшері олардың жыртығына жамау болды дегенге илану қиын. Ойлана қарасақ, бала – мемлекеттің басты байлығы, қазынасы және болашақ тірегі. Демек, баланы асырап-өсіру – тек ата-ананың ғана емес, мемлекеттің де басты міндеті. Балалар да қарттар мен мүгедектер секілді қоғамның қорғансыз мүшесі. Демек, Үкімет қажетінше жәрдем беріп отырса, аналар жаппай бала туудан бас тартпас еді және балаларының да денсаулықтары анағұрлым жақсарар еді. Сонымен қатар олар балаларын бағып-қағып, дұрыстап өсірер еді. Ал мұның өзі дені сау, білімді, білікті ұрпақ өсіруді қамтамасыз ететіні даусыз. Қазір статистикалық мәліметтер мен зерттеулерге қарағанда, еліміздегі 5 миллион баланың басым көпшілігі тұрмыстары нашар отбасыларда кедейшілікте күн кешіп келеді. Түрлі ауру-сырқау көбеюі мен мүгедек балалардың осындай қазақ отбасыларынан шығуы жиілей түсуде. Мен өзім 40 жылдан астам бала дәрігері болып жұмыс атқарып, қазір де Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтында 30 жылдан астам балалар хирургтарын даярлауға еңбек сіңіріп келе жатқандықтан, педиатрияның өзекті мәселелері жүрегімді ауыртады… Ертеңімізге алаңдасақ, бүгіннен бастап ұрпақ денсаулығын және тәрбиесін басты мәселе етіп қарағанымыз жөн. Әуелгіде Үкімет «өтпелі кезең» деп алдаусыратып келді. Қазір де оңып жатқанымыз шамалы. Ең өкініштісі – әлі де сорлап жатқан сол өз халқымыз: үйсіз-күйсіз, жұмыссыз, базар жағалап, арба айдайды, қалталарында табақтай дипломдары бола тұра. Ауылда жұмыс жоқ, ал, қалада тұратын үйлері жоқ, салынып жатқан үйлер тым қымбат, жердің барлығы шекпенділерге сатылып кеткен. Тұрмыс жағдайлары нашар болғандықтан, балалары да ауру-сырқау. Себебі екіқабат аналардың өздері аш-құрсақ, аурушаң, тойып тамақ жемеген соң, кез келгені анемияға (қан аздыққа) шалдыққан. Ондай аналардан қай бір дені сау нәресте дүниеге келсін?! Себебі дүниеге ұрпақ әкелетін ананың денсаулығы жақсы болуы керек және ол құрсағындағы шаранасын да қажетті қоректік тағамдармен қамтамасыз етуі қажет. Оның үшін тамағы тоқ, уайымы жоқ болуы керек. Халық санын арттырудағы ең оңтайлы тәсілдің бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету болып табылады. Ал бізде қалай? Тұрғын үйге, жер алып-үй салып, мал бағып, бау-бақша өсіруге зәру емес қазақ жоқ қазір. Демографтар 1960 жылдардың бедерінде қазақтардың өсімінде зор дүмпу болғаны, дәл осы кезеңде көпбалалы отбасылар күрт көбейгені жөнінде деректерді келтіріп жүр. Алайда мұндай дүмпудің нақтылы қандай себептен болғаны жөнінде сараптаулар жасалған жоқ. Біздің ойымызша ол дүмпудің ең басты себебі халықтың жаппай тұрғын үймен қамтамасыз етілгендігінен және хал-ахуалдарының жақсарғанынан болды. Өркениетті елдерді былай қойғанда, ең жақын көршіміз Ресейдің өзі демографиялық мәселені шешуге соңғы жылдары білек сыбанып кірісіп кетті. Салыстырып қарасақ, Ресейдің халқы Қазақстан халқынан он есе көп. Жан басына шаққанда байлығы көп емес. Сонда да Ресей 23 миллионға жуық балаға жәрдемпұл қарастырған. Жіліктеп отырып, баланың күтіміне қанша қаражат керек екенін жіті есептеген. Енді біз сол есепті орыстарың қамқорлықты ананың құрсағында бала пайда болғаннан бастапты. Яғни, тоғыз ай бойы мемлекет көмек береді. Әр айда 170 мыңға жуық теңге төленеді. Бала туылып, жарық дүниеге келгендегі біржолғы көмекпұлдың мөлшері 53 мың теңгеден асып жығылады. Бұл бірінші балаңыз өмірге келсе. Егер екінші нәрестеңізді қолыңызға алсаңыз, бұл сома екі есеге, үшіншісінде үш есе көбейеді. Егіз сәби дүниеге келсе – 360 мыңнан астам, үшем туылса – 770 мың теңгеден астам қаражат аласыз. Және үш жасқа дейінгі, үш жастан он алты жас аралығындағы балаларға жеке-жеке жәрдемақы беріледі. Оның ішінде жалғыз басты аналар екі есе артық көмек алады. Сонымен қатар оларда «Ана капиталы» деген бар. Онда әрбір ананың есепшотына 1 миллион 670 мың теңгеге жуық қаражат құйылады. Бұл бала туу деңгейін көтеруге тиімді ме? Тиімді. Бұндай қаржылық көмек Ресей аналарына 2007 жылдың қаңтар айынан бері төленіп жатыр.Тіпті отбасы осы ақшаның көмегімен жергілікті жерден баспана алып, тұрмыстық жағдайын жақсарта алады…. Ал біздегі ахуал қандай? Қазақша айтқанда қарның ашады. Неге дейсіз ғой? Ана мен балаға қамқорлық жақсарып, туу көрсеткіштері күрт өсетін болса, онда елде қазақтардың саны үстемелеп арта түсер еді. Алайда Үкімет басындағылар, көпке топырақ шашпайық, бәз- біреулер қазақ тіліне қырын қарағаны сияқты, қазақ санының артқанын да қаламайтын секілді. Ресми зерттеулер демографтардың болжамдарына қарағанда халық саны 2020 жылы 18,33 миллионға әрең жетпек. Демек, аналар мен балаларға қамқорлық жасау, жәрдемақы концепциясы қайта қаралмаса, олардың болашақта елімізге тірек болуы неғайбыл… Бір сөзбен айтқанда Қазақстанның демографиясын өсіруге, ана мен баланы әлеуметтік қорғауға бағытталған жұмыстар қағазда ғана бар да іс жүзінде жоқ нәрсе. Қарапайым ғана мысалды алайық…
Осыдан 2-3 жыл бұрын өмірге үшем әкелген Алмагүл атты батыр ананың әлеуметтік жағдайы туралы теледидардан қайта-қайта көрсеткені есімізде. Тоғыз құрсақ көтерген ана сол балаларына берілетін жәрдемақысының өзіне қол жеткізе алмай зыр жүгірді. Барлық мәселе тіркеуге (алты жыл жалдамалы екі бөлмелі тар кепеде тұрып, тіркеуге де ілінбеген) тіреліп тұр екен. Шала туылған Айсұлу, Күнсұлу және Жансұлуларды неонатолог-педиатрлар қаншама күш-жігер жұмсап, аман алып қалды. Ал, осындайда демографиялық серпіліс жасағысы келетін мемлекеттегі саясат Алмагүл сияқты аналарға барлық көмекті үйіп-төгуге бағытталуы керек еді ғой. Тоғыз баланы бағып-қағып отырған (үшемді өмірге әкелген) батыр анаға Алматыдан пәтер берсе де, үй салатын жер телімін берсе де артық болмас еді. Шіркін, әншейінде не істесе де, Үкіметте не жоспарласа да, Ресейге қарайлайтын шенді-шекпенділер демография мәселесін көтеру жолдарын неге солардан үйренбейді? Қанша айтқанмен де, осындай министрліктерге (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, көші-қон мәселесін шешетін және т.б.) қазаққа жаны ашитын, ұлтжанды азаматтар келмей, демография мәселесі ешуақытта шешілмейді. Әйтпесе ана мен баланың қажетін өтеуге Қазақстанның қазынасы молынан жететінін Сіз де, Біз де білеміз….
Әңгімені жазып алған Шынар НИЯЗБЕКОВА
zhebe.com