Иә, солай. 140 та емес, 130 да емес, тіпті 100 этнос та жоқ көрінеді біздің елде. Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының Қазақстан халқы тілдерінің XV фестиваліне арналған баспасөз маслихатында Қазақ елінде 85-тен астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұратындығы айтылды. Дұрысы, басқарма таратқан баспасөз релизінде солай жазылыпты.
Әрине, қазақ «85-тен астам» деп айтпайтыны белгілі жайт. Біздің жұрт мұны «тоқсанға жуық» немесе «сексеннен астам» деп жуық шамамен айта салады. Алайда, мәселе мәтінде емес. Әңгіме «көп ұлттымыз» дейтін биліктің жылдар бойы айтып келген өтіріктерінен бас тарта бастағандығында болып тұр. Онда да мәнсабы биік шенеуніктердің аузымен емес, ортанқол басшылардың тілімен түзетіп жатыр қателіктерін. Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттік телеарналардың бірі «елімізде 140 этнос бар» деген еді. Сол-ақ екен, саясаткерлер бұрыңғыдай «130 ұлт пен ұлыс» деп емес, «140» дейтін болған. Енді міне, Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешов 85 ұлт пен ұлыстардың өкілдері тұратындығын айта бастады. Демек, жуық арада билік «Қазақстанда мемлекет құраушы ұлт тек қазақ ұлты, өзгелері диаспоралар» деп ашық айтуы бек мүмкін.
Айтпақшы, елімізде Дін істері агенттігі құрылғанға дейін «40-тан астам дін мен діни конфессиялар бар» делінетін. Агенттік құрылып, Қайрат Лама-Шариф дінге қатысты жаңа заң қабылдатып, конфессияларды қайта тіркеу басталғанда биліктің жылдар бойы айтқан өтірігі ашылып қалды. Қайта тіркеуден 17 конфессия ғана өтті. Қазір осы 17-ні Президент те айтып жүр. Олай болса, Ербол Тілешов «сызып» тастаған бірқатар этнос өкілдері қайтадан санаққа қосылмайтын шығар деген үмітіміз бар.
Жебе-ақпарат


