Соңғы кездері қазақ газеттерінің басына қара бұлт үйіріліп тұрғаны ешкімге де жасырын емес. Мәселен бұған дейін оқырманға жол тартқан «ҰЛТ TIMES» газетінің ашылғанынан жабылғаны жылдам болды. Енді міне, белгілі журналист Ғабит Мүсіреп басқаратын республикалық «Нұр Астана» жастар апталығы өз жұмысын тоқтататын көрінеді. Яғни, бұдай былай шығармашылық ұжым газеттің орнына сайт ашып, бұқара халыққа қызмет көрсетпек. Сондай-ақ оқырманның ыстық ықыласына бөленген «Халық сөзі» газеті әні міне жабылады деген сыбыс шығып еді. Әйтсе де аптасына екі рет шығып келген басылым ендігі уақытта аптасына бір рет қана шығатын болды. Бұған әрине «шүкір» дейміз. Бірақ көкейімізде «неге осы қазақ газеттері жабыла береді?» деген заңды сауал туындайды. Өйткені, байқап қарасаңыз «орыс тілінде шығатын газет-журналдар жабылыпты» дегенді бұрын-соңды естімеген екенбіз.
Баспасөздің бұқара халыққа қаншалықты пайдалы екенін алаш арыстарынан артық айтқан жан жоқ. Мәселен бұл жөнінде Міржақып Дулатұлы «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» деп, газет-журналдың маңыздылығына ерекше мән берген. Ал енді мемлекеттің мықты болуына бірден-бір септігін тигізетін қазақ басылымының қарымы қалай? Әрине қазақ газет-журналдары орыс баспасөзінен әлдеқайда мықты. Оған белгілі саясаткер Ерлан Қаринның «Қазақ баспасөзі ұлттық партияның рөлін атқарып келді» деген сөзі дәлел бола алады. Бірақ «ұлттық партияның рөлін атқарып отырған» журналистердің әлеуметтік жағдайы орыс тілді журналистерден төмен. Бұл туралы жазушы Дидахмет Әшімханұлы «Тағы бір түсініксіз жайт, қазақ журналистеріне қарағанда орыстілділердің айлығы әлдеқайда көп. Мемлекет тарапынан тендер бөлінгенде де бірнеше есе көп тиеді орыстілділерге. Неліктен?» дейді. Дидахмет Әшімханұлы «Неліктен?» деген сауалына белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы «Халықаралық тәжірибелерге сүйенсек, БАҚ-қа тиесілі қаражаттың 70 пайызы қазақтілділерге тиесілі болуы керек. Қалған 30 пайызын өзгетілділерге бөліп берсін. Неден қорқады? Баяғыдай тапа-тал түсте бір мемлекет бір мемлекетке тарпа бас салатын заман өтті. Мен кейде билік басында отырғандардың саяси еркі жоқ па деп қаламын. Егер қазақша және орысша еркін сөйлемейтіндер жұмысқа алынбайды деген талап қойылса, мүдделілер, әсіресе, шала қазақтар Ана тілін жетік меңгеруге жанталаса кірісер еді» деп жауап берген екен.
Мекемтас Мырзахметұлы айтса айтқандай қазақ баспасөзінің тағдыры билік басында отырғандардың саяси ерік жігеріне байланысты болып тұр. Өйткені биліктегі біздің атқамінерлер әлі күнге дейін орыс газет-журналдарына жалтақтауын қояр емес. Жалтақтағаны сол болар, тендер бөлгенде абайтанушы айтқан БАҚ-қа тиесілі қаражаттың 70 пайызы қазақ баспасөзінің уысынан шығып қала береді. Аталған жағдайдан ең бірінші зардап шегетін редакцияның отымен кіріп, күлімен шығатын журналистер қауымы. Ал журналистердің жағдайы мәз емес басылымның күні ертең-ақ жабылып тынары белгілі. Сондай деймін-ау қазақ басылымының тендерге телмірмей-ақ шығып тұруы мүмкін емес пе? Мүмкін әрине. Ол үшін газет таралымы кемінде он мың данаға жетіп, оқырманын өзіне баурап алуы керек. Бірақ та қазіргі кезде қазақ қоғамы газет-журнал оқып, өзіне қажетті ақпартатты алуға құлықты емес.
Жалпы газет тарылымының азайып кетуінің бірнеше себебі бар. Оның біріншісі, соңғы жылдары әр газет өзінің арнайы сайтын ашып алды. Аталған жағдай әлемеуметтік желінің қыр-сырына қанық азаматтарға қолайлы болғанымен, редакция ұжымына ауыр соққы болды. Себебі газет таралымының артып, кіріс кіруіне кедергі пайда болды. Десе де заман талабына сай газеттің интернет нұсқасын шығармасқа тағы болмайды. Екіншіден, билік пен халықтың арасындағы қарым қатынас мүлде суып кетті. Ашығын айтсақ үкімет мүшелерінің халықтың жағдайына қабырғасы қайыспайды да. Оны күні кеше Байқоңырға «Протон-М» зымыран-тасығышы құлағанда анық аңғардық. Сондай-ақ газеттің көркі парламент депутаттары деп атар едім. Өкінішке қарай парламенттегі үш партиялы парламент заң жобасын бір ауыздан мақұлдаудан арыға асар емес. Депутаттар бір-бірінің қателескен жерін дөп басып айтып отырса нұр үстіне нұр болар еді. Өкінішке қарай үш партиялы парламент мүшелерінің бірін бірі сынап мәлімдеме жасағанын осы уақытқа дейін кездестіргеніміз жоқ. Атышулы мәлімдемені айтпағанда қарапайым мәселеге байланысты депутаттардың пікір білдіруі мұң болып қалды. Депутаттардың сиқы осы болған соң үкімет мүшелеріне өкпелеп керегі жоқ. Міне, осындай томаға-тұйық қоғамда жұртшылықтың газет-журнал оқуға деген қызығушылығы қайдан оңалсын. Керісінше қазақ бұқаралық ақпарат құралдарының жағдайы күннен күнге нашарлап, біртіндеп жабылып жатыр. Бұдан бөлек, тендерге телмірген басылым Үкіметті сынап, өткір мақала жаза алмай қалды. Ал бірыңғай «бәрекелдінің» бұқара халыққа ұнамасы бесенеден белгілі жәйт.
Ұзын сөздің қысқасы қазақ басылымын шыңырауға батқан жерінен не Үкімет, не болмаса бұқара халық құтқарады. Үкіметтің сиқы орыс газеттеріне жалтақтаудан арыға асар емес. Ал қарапайым халық ел болып газет-журналға жаппай жазылса үміт оты тұтанар ма еді, кім білсін. Айтпақшы 1996 жылы мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Біз ұлт болатын болсақ, біз мәдениетімізді, тілімізді өркендететін болсақ, «Егемен Қазақстанға» неге жаппай жазылып, осы газетті қолдамаймыз? Осы газет арқылы біз мемлекетіміздің саясатын барша жұртқа таратып отырмыз ғой. Неге «Қазақ әдебиетіне» жазылмайды бұл қазақ? Неге жастар газеті «Жас Алашты», «Ана тілі», «Қазақ елі», «Түркістан» газеттерін жаздырып алмайды бұл жұрт? Әрбір жанұя бір-бір газеттен жаздырып алса несі кетеді? Қолдау деген осы. Құр әншейін үйде отырып алып, «қазақтың тілі, қазақтың ұлты» деп босқа даурыға беретін болсақ ештеңе өнбейді, ешкім бізге мәдениетімізді, тілімізді дамытып бермейді» деп айтқан екен.
Расында «Құр әншейін үйде отырып алып, «қазақтың тілі, қазақтың ұлты» деп босқа даурыға беретін болсақ ештеңе өнбейді». Әйтсе де мемлекет басшысының бұл сөзді бұдан 17 жыл бұрын айтқанын қаперден шығармаған жөн. Аталған уақыт аралығында көптеген өзгерістер орын алғандықтан 1996 жылмен қазіргі 2013 жылды еш салыстыруға келмейді. Өйткені бүгінгі таңда интернет арқылы ақпарат алу мүмкіндігі жоғарылап келеді. Сондықтан да газеттің түбіне теледидар емес, осы интернет жететін сияқты. Әйтсе де еліміздегі 17 миллион халықтың барлығы ғаламтор игеріп кетті дей алмаймыз. Олай болатын болса, қазақ газет-журналдарының жабылуы жақсылықтың белгісі емес. Сондай деймін-ау, қазақ басылымының басынан бақ тайды ма, қалай өзі?

Дидахмет Әшімханұлы, Жазушы, «Түркістан» газеті Бас редакторының орынбасары:
Әзірге ешкімге өкпеміз жоқ.
Қазақ газеттерінің біртіндеп жабылуы жақсылықтың белгісі емес. Сондықтан да бұл мәселеге ешқайсымыз бей-жай қарамауымыз керек. Өйткені Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы «Газет — халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» деп бекер айтып кетпеген. Ал енді ана тілінде шығатын газеттердің жабылуы бұл қазақтың көзі көрмей, құлағы естімей әрі тілсіз мылқау күйге тап болғанын аңғартады.
Жалпы қазақ тілінде шығатын газет-журналдар қандай мәселе көтерсе де ұлттық мүддені назардан тыс қалдырған емес. Қазақ баспасөзі азаттығымызды алғалы бері осы елдің мұң-мұқтажын жылдары бойы талмай көтеріп келеді. Өздеріңізге белгілі бұған дейін орыс тілді басылымдар болмағанды болды деп, талай рет ұлттық араздықты қоздыруға әрекет етті. Ал қазақ газет-журналдары ешқашанда солар сияқты жаңсақ пікір таратып, абыройдан жұрдай болған емес.
Менің ойымша қазақтың бір басылымы жабылатын болса еліміздің мақсат-мұратына жетуіне айтарлықтай кедергісін келтіреді. Ал ұлттық баспасөздің мүшкіл жағдайға тап болуы шенеуніктердің мемлекеттік тілге деген көзқарасының төмендігінен болып отыр. Біздің Ата заңымызда «қазақ тілі мемлекеттік тіл» деп тайға таңба басқандай жазылған. Өкінішке қарай біздің саясаткерлер мемлекеттік тілдің мерейін өсіретін қазақ БАҚ көңіл бөліп отырған жоқ.
Ал баспасөзге берілетін тендерге байланысты айтарым, кей кезде 70-80 жылдық тарихы бар газет-журналдар тендерден құр қалады. Есесіне күні кеше шыққан, аты-жөні бұқара халыққа белгісіз басылымдар іргелі басылымның бағын байлайды. Мен аталған жағдайды нағыз әділетсіздік деп есептеймін. Әйтсе де бұған Мәдениет және ақпарат министрлігі кінәлі емес. Өйткені бұған қаржы бөліп отырған Қаржы министрлігінің қызметкерлері жауапты. Өкінішке қарай олардың қазақ баспасөзіне жаны ашымайды. Ашығын айтсақ оларға «екі қойым бір сом». Көптеген азаматтар бұған Мәдениет және ақпарат министрлігі кінәлі деп, аталған ведмостваны айыптап жатады. Шын мәнісінде оған басты кінәлі Қаржы министрлігі. Мен бұл ретте Мәдениет және ақпарат министрлігінің қызметкерлерін ақтап алайын деп отырған жоқпын. Шындық солай.
Кеңес үкіметі кезінде елімізде не бәрі бес-ақ газет шығатын. Қазіргі таңда елімізде жүздеген газет-журнал шығып тұрады. Респуликаны айтпағанда бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысында жүздеген газет-журнал шығады екен. Міне осы газет-журналдың бәріне қарапайым халықтың жазылуы мүмкін емес. Өйткені таңдау еркіндігіне байланысты әр адам өзіне қызықты басылымды сатып алады. Бұл нарық талабы. Ал билік өзіне тиесілі газет-журналдарды мүмкіндігінше қаржыландырып отыр. Ал өзім қызмет ететін «Түркістан» газетінің жағдайы жаман емес. Әзірге біздің ешкімге өкпеміз жоқ.

Қуат Әуесбай, «Халық сөзі» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы:
Газет шығарудың пайдасынан шығыны көп
– Қазір бір қызық жағдай қалыптасты. Оқылымды газеттер өтілімді емес, өтілімді газеттер оқылымды емес. Жаңылтпашқа ұқсап кетсе де, шындық осы. Халық газет оқымайды емес, оқылатын газеттер халыққа жетпейді. Бұл бір күрмеуі қиын күрделі мәселеге айналды. Оған көптеген себеп айтуға болады. Бүгінде мемлекеттің қамқорлығымен шығатын газет-журналдар қаржыны қайдан табам, таралымды қайтіп көбейтемін деген мәселеге көп бас ауырта бермеуі мүмкін. Сол қамқорлықтан шет қалғандар өз күнін өзі көре алмай, ақыры жабылып қалып жатады. Қазір жасыратыны жоқ, газеттің таралымын жасаудың ең басты жолы – әкімшілік ресурстар арқылы мәжбүрлеп жаздыру болып қалды. Ал бір аудандық, бір облыстық, бір партиялық, бір (бірнеше деуге болады) республикалық газетке мәжбүрлі түрде жазылған ел өз еркімен, өз қалауымен тағы да бір газетке жазылуы қиын. Міне, оқылымды газет халыққа жете бермейді деп отырғаным осы. Жалпы, газет шығарудың пайдасынан шығыны шашетектен. Он жерден оқылымды газет болса да, дүңгіршекке қойған газетіңнен табыс емес, көп жағдайда шығын келіп жатады. Еліміздің екі ірі қаласы Астана мен Алматыда қазақша газеттердің барлығын дүңгіршектен таба аласыз ба мысалы? Жоқ. Есесіне өзімізде шығатыны бар, Ресейден келетіні бар орыс тілді газет-журнал толып тұр. Ал солардың барлығы өтімді деп кім айтты?! Оқылымды деп кім айтты?! «ҚазПресс», «Дауыс» секілді газет сату жүйесі қазақ тілді басылымдарды таратуға, сатуға мүдделі емес. Темір жол вокзалында, әуежайда, ірі-ірі сауда кешендерінде қазақша газет-журналды емге таппайсыз. Орыс тілдісі самсап тұр, тағы. Мұны қолдан жасалып отырған қастандық демеске лажымыз жоқ! Олар газетіңізді сатқаны үшін әкесінің құнын сұрайды. Мысалы, 70 мыңнан астам таралымы бар «Жұлдыздар отбасы» журналы сол «Дауыс» пен «ҚазПресстің» дүңгіршектерінен табыс тауып отыр дей алмас едім. Оқылымды, өтілімді журнал ғой, мысалы. Табыс таппаса не үшін қояды деуіңіз мүмкін, жарнама үшін дер едім мен. Дүңгіршектің алдыңғы сөрелерінде тұрған басылымға бұл бар болғаны жарнама. Ал сол алдыңғы сөреге қоя үшін қыруар қаржы төлеп отыр. Міне, көп газет-журналдың «Дауыс» пен «ҚазПресстің» дүңгіршектерінде болмауы осыған байланысты. Әйтсе де, бұл көп проблеманың бірі ғана. Жалпы, бізде қазақ тілді басылымдарға деген көзқарас әлі де түзу емес, өкінішке қарай. Әйтпесе, мемлекеттің саясатын, идеологиясын жүргізіп, еліміз тәуелсіздік алғалы жоғымызды түгендеп, мемлекет болып қалыптасуында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір кісідей үлес қосып келе жатқан қазақ тілді басылымдар екені даусыз. Қазақ тілді газет-журнал қазақ мемлекетінен басқа ешкімге керек емес. Тиісінше қазақ елінің мүддесі ең әуелі қазақ тілді басылымдарға қажет. Мемлекет құраушы ұлттың ең аяулы, ең қастерлі құндылықтары үшін шырылдап жүрген өзге тілді қай басылымды көрдіңіз сіз, мысалы? Қайта орайы келсе орға жығып кетуді ойлап тұратындарын көріп жүрміз талай. Ал сондайларды зор тұтып, жоғары деңгейдегі сыйлықпен марапаттап, қаржыдан қағажу етпей мәпелеп жататымызға таңым бар менің. Бір қазақ тілді газет жабылса, бұған бей-жай қарауға болмайды. Газет-журнал – бұл идеологиялық қару, үлкен күш. Сондықтан ақпараттық кеңістікте мемлекет құраушы ұлттың сөзі басым болуы тиіс. Әйтпесе, тап осы мәселеден опық жеуіміз әбден мүмкін.
«Жебе» газеті, 22 тамыз 2013 жыл


