
«Каспий астанасы» аталып кеткен Астраханда Каспий жағалауы елдерінің 4-саммиті аяқталды.«Каспий бестігінің» қатысушылары Каспидің құқықтық мәртебесін және аймақтағы қауіпсіздік мәселесін талқылады. Ресей, Әзірбайжан, Иран, Қазақстан, Түркіменстан президенттері кездесу нәтижесінде үш келісімге қол қойып, біріккен мәлімдеме жасап, қорытынды коммюнике қабылдады.
Владимир Путин бес мемлекет арасындағы қарым-қатынасты нәтижелі деп атады. Путиннің осы пікірін түсінуге болар, ал Қазақстан президенті Назарбаевтың ресейлік әріптесіне жалтақтап, оны қоштауы түсініксіз. Өйткені Ресей өзінің мақсатына жетті, Қазақстан болса, әдетінше оның саясатының ықпалына еріп келеді.
БІРАЗ ТАРИХ
1991 жылға дейін Каспий бойынша барлық мәселелерді екіжақты негізде, алдымен Ресей Империясы мен Парсы елі, кейін КСРО мен Иран шешіп келді. Ұзақ уақыт бойы Каспидің басты байлығы бекіре мен қара уылдырық саналды. Қазіргі таңда Каспий акваториясында бекіре тұқымдасының әлемдік қорының 90% шоғырланған. Мұнда орасан мұнай қорлары табылғанға дейін солай болып келген.
КСРО құлағаннан кейін, Иранды қоспағанда,жаңа ойыншылар – тәуелсіз Ресей, Әзірбайжан, Қазақстан, Түркіменстан пайда болды. Нәтижесінде елдер құқықтық тығырыққа тірелді. Өйткені құқықтық мәртебе жөніндегі конвенция тек барлық мүдделі тараптардын келісімімен, консенсус арқылы қабылданады. Ал тараптар келісімге келе алмады.
Каспидің болашақ мәртебесін анықтайтын келіссөздер дереу басталды.
Каспий – көл ме, әлде теңіз бе деген мәселе келіссөздерді қиындата түсті. Халықаралық құқық талаптары Каспиге қатысты қолданылуы үшін, Каспий жағалауы мемлекеттері оны теңіз депмойындауы қажет.
Бұл мемлекеттер ұзақ уақыттан бері әзірлеп, әлі де қабылдай алмай келе жатқан конвенция Каспидің түбі мен акваториясын делемитациялау принциптерін бекітіп, теңіздегі әскери әрекеттер мәселесін және кеме қатынасы мен балық аулаудың жалпы ережелерін бекітуі тиіс.
Жоғары деңгейдегі бірінші «Каспий саммиті» Түркіменстан астанасында 2002 жылы өтті. Мемлекеттердің ұстанымы мынадай болған.
Ресей «түбін бөлгенімізбен – суы ортақ» принціпін ұстанды. Бұл жағдайда Қазақстан Каспий түбінің ең үлкен бөлігі –29% иелік етеді. Әзірбайжанға 20-21%, Ресейге – 19%, Түркіменстанға–17-18% үлес беріледі. Теңіз түбінің ең аз бөлігі Иранға қалды, оған тиген үлес –14% қана. Сондықтан,мұндай нұсқаға Иран қанағаттанбады. Оның үстіне теңіздің Иранға тиесілі секторында көмірсутектер тапшы. Тегеран сол себепті теңіздің құқықтық мәртебесін анықтап алғанға дейін теңіздің энергия ресурстарын игеруді тоқтата тұруды сұрады.
Жоғары деңгейдегі кезекті бас қосу 2007 жылғы қазан айында Тегеранда өтті. Сол кезде Қазақстан президенті су қоймасының құқықтық мәртебесін анықтауда өз нұсқасын ұсынды. Ол акваторияны ішкі суларға, территориалық теңізге, балық аулау зонасымен жалпы су кеңістігіне бөлу принциптерін басшылыққа алды. Бұл ұсыныстың Қазақстан мүдделеріне сәйкес келмейтінін атап өту керек, өйткені Иран–45% иеленсе, Ресейге 27% тиесілі болар еді, ал Қазақстан, Түркіменстан мен Әзірбайжан қалған 28% үлесті місе тұтар еді.
Каспидің құқықтық мәртебесі 2010 жылғы қарашада Бакуде өткен кездесуде де анықталмады. Каспий жағалауы мемлекеттерінің басшылары тағы да энергетика және көлік саласындағы серіктестік, жаңа технологиялармен қаржы тарту, теңіздің экологиялық жүйесін қорғау, терроризммен, теңіз қарақшылығымен, табысты жасыру, контрабанда, адам саудасы, браконьерлікпен бірлесе отырып күресу және басқа да мәселелерді талқылаумен шектелді.
Бакудегі кездесуде мемлекет басшылары жыл сайын бас қосып тұруға уағдаласқан болатын, алайда, олар Астраханда тек төрт жыл өткеннен кейін ғана жиналды.
НӘТИЖЕСІЗ САММИТ
Өткен саммиттің басты қорытындысы–2016 жылғы Каспидің құқықтық мәртебесі жөніндегі конвенцияға қол қоюдың тағы да кейінгі қалдырылуы болды. 20 жыл ішінде төртінші рет шегерілген конвенцияға қол қою мәселесі әлі де біраз уақытқа созыла түсуі мүмкін.
Ең үлкен мәселе –шельфті бөлу. Мемлекеттің көмірсутектер қорынан алатын үлесі оның шельфтің қандай бөлігін еншілейтініне байланысты. Ал бөлетін дүние жеткілікті. Каспиде болуы мүмкін деп болжанып отырған көмірсутектер қоры 18 млрд тоннаға жуық шартты отынды құрайды. Дәлелденген мұнай мен газ қоры – 4 млрд тонна. Бұдан артық қор тек Парсы шығанағында бар.
Ресей, Қазақстан мен Әзірбайжанның ұстанымдары едәуір ыңғайлас және өзара қарама-қайшылықтар жоқ. Бұл мемлекеттердің әрқайсысы теория жүзінде Каспий түбінің 20% астамын ала алады. Жоғарыда айтылған себептер бойынша, Иран Каспий жағалауы мемлекеттері теңіздің акваториясы мен түбін пайдалануда тең құқылы болуын талап етуде.
Ресей, Әзірбайжан және Қазақстан Каспий шельфі мен суын қалай бөлу керек екенін өзара келісіп алған, Иран мен Түркіменстан бұл идеяны бір жағынан қолдамайтын сияқты, бірақ, екінші жағынан одан бас тартпайды да. Осылайша, «қызық жағдай» қалыптасып отыр.
Ресей басшылығы басты құжатқа осы жолы да қол қойылмайтынын алдын-ала білгенін айта кету керек. Сондықтан, күн тәртібіне екінші кезектегі мәселелер шығарылды. Ресей БАҚ-тарының өзі күн тәртібі ретсіз болғанын атап өтті. Каспидің түбін, суын, теңіз үстіндегі әуе кеңістігін қалай бөлу керек екендігі туралы нақты ұсыныстар айтылмады.
Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев оның елі Ресей және Қазақстанмен келісілген теңіздін түбін шектеу және әр мемлекетке 25 миль теңіз аумағын беру жөніндегі үш жақты келісімді ұстанатынын тұспалдап жеткізді.
Иран басшысы Хасан Роухани мәнді ештеме ұсынбай, тек жалпы «Каспий бейбітшілік пен көрші татуластығының нышанына айналып, оны ұрпаққа мирас етіп сақтау керек» деген сынды жалпылама, еш міндетсіз сөздермен шектелді. Және ол Каспий қару-жарақ жарыстыратын орынға айналмауы тиіс екенін алға тартып, мұнда өзге мемлекеттердің әскері болуына тыйым салуды заңдастыруды ұсынды. Бұл мәлімдеме Ресей басшылығына жаққаны анық. Саммит басталуынан бірнеше күн бұрын Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Каспий аймағына «аймақтық емес державалардын қарулы күштерін» жібермеу туралы алдын-ала келісім бар екенін айтты. Бұдан АҚШ пен НАТО туралы айтылғаны түсінікті болар.
Бұл Ресей мен Иранға тиімді болғанымен, Әзірбайжан мен Қазақстанға тиімсіз. Бұл жөніңде Назарбаев үнсіз қалса,Әзірбайжан басшысы пікірін «Каспий теңізінде әскери күштердің қатысуы мен әскери іс-қимылдар Каспий жағалауы мемлекеттерінің барлығы үшін теңдей қауіпсіздік шарттары қамтамасыз етілуі ұстанымы негізінде жүзеге асуы тиіс» деп білдірді.
Қазақстан басшысы болса, өзіне тән стильде, «Каспидің құқықтық мәртебесін ретке келтіргенге дейін экономикалық ықпалдастық негізін қалау үшін» Каспий маңы еркін сауда аймағын құру мәселесін қарастыруды ұсынды.
ЕУРОПА ОДАҒЫНА ГАЗ ӨТКІЗБЕУ
Ашхабад кездесуіне дейін-ақ Путин Ресейдің Каспидегі көршілерімен көмірсутектерді өндіру және мұнаймен газды әлемдік нарыққа тасымалдау бойынша ынтымақтастыққа дайын екенін айтқан. Ол Мәскеудің энергия қорларын тасымалдау жобалары мен өз мүдделеріне қарамастан,энергия ағыстарының көп нұсқалылығына “аллергиясы жоқ екенін» атап өткен.
Бірақ, бүгінде жағдай түбегейлі өзгеріп, Путин олай ойламайтын болды. Мәскеу қазір Каспидің құқықтық мәртебесін нақтыланбағанын Әзірбайжан мен Түркіменстанның кез келген энергетикалық жобаларына (атап айтқанда,Түркімен газы Ресейді айналып өтіп Еуропаға жеткізілуі мүмкін Транскаспий газ құбыры)тосқауыл қою үшін белсенді пайдалануда.
Бұл жобаны болдырмау арқасында, Кремль өзінің Орталық Азияның энергия қорларын Еуропаға тасымалдайтын монополист мәртебесін сақтап қалуды көздеп отыр.Әзірбайжан мен Түркіменстан Сердар, Осман және Омар мұнай кең орындары кімге тиесілі екенін келісіп алса, олар Ресейдің жақында қайта жанданған «Южный поток» жобасына бәсекелес – «Набукко» жобасы үшін газ тасымалдаушыға айналмақ. Сондықтан да Каспидің мәртебесі әлі ұзақ уақыт бойы анықталмауына Ресей барын салады.
«Набукко» жобасынан өз газын Ресейге 1 мың текшесін 200 доллардан сатып отырған Қазақстанда ұтар еді. Өз кезегінде Ресей ол газды Еуропаға екі есе қымбатқа сатады. Ал Назарбаев болса, Путинге қосылып, сәтсіз өткен саммитті нәтижелі деп жалтақтап отыр. Бастысы–нәтиже қандай болғанын нақтылап айтпады да. Бәлкім, адал және сенімді одақтас ретінде елбасы Ресейдің кезекті жеңісіне қуанған болар. Ал Қазақстан мүддесін ол әдетінше кейінге қалдырды.
Берлібек Әлімов, «Саяси Қалам» (Трибуна)
Орысшадан аударған Әнуар Шотбай facebook парақшасынан алынды.


