Сабырбек ОЛЖАБАЙ.
«Әзіреті Қаратау, Әулиенің кені еді» деп келетін батырлар жырының әр жолында шындық жатыр. Сондай-ақ қабырғалы қарт Қаратаудың әрбір тасы терең тарих тұңғиығынан тылсым тағылым тәспірлейді. Қалай десек те, талай баһадүр батырлардың, әулие-әмбиелердің, сөз бастаған шешендер мен ел бастаған көсемдердің, дүлдүл ақындар мен жыраулар табандарының ізі қалған көне Қаратау талай тарихтың куәсі. Осы Қаратаудың теріскейінде Жылыбұлақ бастауының жағасында Баба Түкті Шашты Әзиз бабаның жаңартылған еңселі күмбезі сонадайдан менмұндалайды. Өткен жолғы мақаламызда біз осы Баба Түкті Шашты Әзиз бабаның кім болғанына шама-шарқымыз келгенше тоқталғанбыз. Бұл жолғы әңгіме осы ұлы әулие бабаның текті тұяқтарының бірі ер Едіге туралы болмақ. Өйткені, Едіге батыр өз заманының аса белгілі, ықпалды тұлғасы. Батыр десең – батыр, шешен десең – шешен, көсем десең – көсем. Кезінде ер Едіге туралы мол мұра хатталды. Солардың ішінде құндыларының бірі Шыңғыс Уәлиханов жазып алған нұсқа. 1905 жылы осы нұсқаны ғалым П.М.Мелиоранский Санкт-Петербург қаласына ала кетіп, жеке кітапша етіп шығарды. Арада жиырма екі жыл өткенде, яғни, 1927 жылы академик Қаныш Сәтпаев ел аузынан Едіге туралы жазып алған жырларды өзі алғысөз жазып, Москва қаласында қайта бастырады. Алайда, жас кезінде жасаған осы ерлігі оған 1950 жылы басына таяқ болып тиді. Ұлтшылдық қамытын киген ғалым қуғынға ұшырады.
Міне, осы саяси қуғыннан соң Едіге туралы еңбектер жарты ғасыр бойы тұншығып жатты. Тек 1989 жылы ғана «Қазақ халық әдебиеті» көп томдығының батырлық жырларға арналған топтамасында Мұрын жырау жырлаған «Қырымның қырық батыры» циклі бойынша «Едіге» жыры бесінші томда жарияланды. Қ.Сәтпаев жариялаған нұсқа 1995 жылы «Ер Едіге» деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап болып жарық көрді. 1996 жылы О.Ә.Нұрмағамбетованың құрастыруымен «Едіге батыр» жинағы басылып шықты. Оған академик Рахманқұл Бердібаев алғысөз жазды.
Жалпы, Едіге батыр жөнінде жазбас бұрын, бізге дейін оны кімдердің зерттегеніне, жырлағанына тоқталған абзал. Тарихта Едіге батырдың Алтын орданың зұлым ханы Тоқтамыспен текетіресіп өткені таңбаланады.
Алтын орда хандарының қамқоршысы, халық қамқоры болған Едіге батырдың осы Тоқтамыспен арада өткен соғысын талай жырау жырлап, олар ел арасына аңыз, әңгіме, дастан, жыр болып кеңінен тараған. Едігенің батырлығы, тапқырлығы мен бітімгерлігі, соғыстағы ерліктері жөніндегі жырлар тек қазақ қана емес, қырғыз, татар, ноғай, қарақалпақ, башқұрт, құмық, түркімен, тағы басқа да халықтар арасында кездеседі.
Кезінде жырдың дәстүрлі нұсқаларын Ш.Уәлиханов, П.М.Мелиоранский, Г.Н.Потанин, В.В.Радлов, И.Н.Березин, А.Беляев, Н.И.Веселовский, Ә.Диваев, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов секілді ғалымдар мен жазушылар зерттеп, жоғары бағалаған. Академик В.М.Жирмунскийдің айтуынша, «Ер Едіге» жырының орыс тіліне аударылған 30 нұсқасы бар екен. Оның он бесі қолжазба күйінде сақтаулы тұр. Егер мүмкіндік туып осы жазбаларды кітап етіп бастыра алсақ, тарихымыздың ортаң түскен бір бүйірі толар ма еді? Қазақстанның Орталық ғылыми кітапханасында жырдың 6 нұсқасы сақталған.
Едіге батыр жөніндегі алғашқы сөз Сыпыра жыраудың ауызынан тарады. Ол шамамен ХІV-ХV ғасырларда өмір сүрген қазақ ақыны. Сыпыра жырау «Едіге би» эпикалық жырының авторы ретінде тарихта есімі қалды. Жоғарыда айтқанымыздай, ауыздан-ауызға тараған осы жырдың бірнеше нұсқасы бар. Оның бергі жағында Ш.Уәлиханов нұсқасындағы «Едіге жыры», Қ.Сәтбаев нұсқасындағы «Ер Едіге», Ә.Диваев нұсқасындағы «Мырза Едіге», Мәшһүр Жүсіп нұсқасындағы «Ер Едіге», Мұрын жырау нұсқасындағы «Едіге», Нартуған нұсқасындағы «Мәулімнияз-Едіге» жырлары пайда болды. Қарақалпақ жырауларында «Едіге батыр эпосы» деген нұсқа тағы бар. Осы жазбалардың қай-қайсысында да Едігенің ерліктері, елді ұйыстырудағы ерен еңбектері, өмірлік мұраты мен асқақ рухы, тапқырлығы мен мырзалығы көрсетіледі. Әу баста Едігенің бабасы Баба Түкті Шашты Әзиздің перінің қызына үйленетін тарихы ел аузында кеңінен тарап кеткендіктен болар, жыршы-жыраулар батырды сөз еткенде осы нұсқаны үнемі жадыларында ұстайды. Сондықтан жырдағы тарихи оқиғалар эпостық-ертегілік сарында болып келетінін түсінуге болады. Жыраулар өз жандарынан қосып, қияли-ғажайып әңгімелерді сіңістіре келе әсерлеп те жібереді. Осындай сарындар барлық жыршыға тән. Тіпті Едігенің өзін өкшесі екі айырық, қолтығынан өкпесі көрініп тұратын, бас терісін алдына алып жуып, тарайтын анадан таратады. Біз Баба Түкті Шашты Әзиздің оның (Едігенің) бесінші бабасы екенін ескерсек, жыршылардың «періден туды» дегені жаңсақ пікір екенін пайымдаймыз. Сонда да ақиқаттан алшақтау болса да жыраулар:
Қолтығының тесігі,
Ұшатын қанат орыны.
Пері халқы ұшады,
Өзгертіліп болымы, – деп те суреттеп жібереді.
Осыған қарап халық жыршыларының елі сүйген Едігенің өзгешелеу ерекше болмыс иесі екенін көрсеткісі келгендерін танимыз. Жалпы, халықтың ой-арманынан туындаған бейне түрлі бояумен, әсірелеу, кейіптеу тәсілдерімен зорая түседі. Оның заңғар тұлғасы осылай халық қиялында асқақтап, батырлық жырдағыдай бөлекше бейнеге айналғаны белгілі.
Жоғарыдағы баяндалған жәйттерге қарап, Едіге ойдан, қиялдан туған деген жаңсақ пікірден аулақ болғанымыз жөн. Едіге өмірде нақты болған тұлға. Әр замандардағы жыршылардың сол дәуірдің дәстүріне сай батыр тұлғасын сомдауы салдарынан жыр қаһарманы әр қырынан түрлене түседі. Мысалы, мына бір нұсқаны алып қарастырайық. Онда Құмкент қаласының әмірі Құттықия қапылыста қаза табады да, Едіге іште қалады. Әйелі ұлын жат көздердің сұғынан сақтау үшін Жылқыбай дегеннің үйінің сыртына апарып тастауға мәжбүр болады. Бұл кезде Тоқтамыс ханның дүрілдеп тұрған шағы болса керек, соның ел аралап жүрген жансызы бірде ойнап жүрген Едігені көріп қалады. «Бұл Жылқыбайдың тұқымынан емес. Өйткені, жауырыны қақпақтай, шекесі торсықтай, мойыны құрықтай, көздері от жайнаған бала» екен деп ой түйеді. Осы ойын Тоқтамыс ханға жеткізеді. Әрине, хан ерекше баланы алдыма келтір деп жарлық етеді. Хан қолына түссе Едігені өлтіретінін білген Жылқыбай оның орнына өз баласын беріп жібереді. Өйткені, Тоқтамыс хан Құттықияны өлтірген болатын. Одан туған бала өзінен кек алатынын жақсы біледі. Осы есеппен хан Едіге есімімен келген Жылқыбайдың баласының басын шауып тастайды. Ажал құшқан бейкүнә баланың бөгденікі екенін білмейді. Осы оқиғадан хабардар Едігенің бойын ашу-ыза кернейді. Содан Сәтемірдің еліне барып, көп аттың ішінен өзі таңдап алған Көкшұбарды баптайды. Едіге осы тұлпарды үйірлердің арасынан үш ай іздепті дейді жыршы. Сонымен, Қобыланды, Алпамыс батырлардай ол да ерекше атымен хан әскеріне қырғидай тиіп, Тоқтамысты ажал құштырады.
Бұл енді жыршылардың бұрыннан қалыптасқан жыр-дастан үлгісі сарынында кеткенін көрсетеді. Негізінен, көне ғасыр жыршыларын жазғырудың жөні жоқ. Өйткені, олар осындай тәсілдер арқылы ұлт намысын оятып, жігерлерін жасыды, елді бірлікке, ынтымаққа үндеді. Осы тұрғыдан алып қарағанда ел ішіндегі жырау-жыршылардың, ақын, абыздардың насихатшылық, үгітшілік ролдері аса зор болды. Расында, кімсің Едіге десе Едіге еді. Ол (Едіге, Идигу, Идике) ешқашан ұмытылмайтын тұлға болса да, оның өмірінде ақиқаттан гөрі аңыз басым.
Ықылым заманнан келе жатқан хиссалар, дастандар мен толғаулар, зерттеулерге жүгінсек, әулие Баба Түкті Шашты Әзиздің немересі Едіге 1352 жылы туған. Оның шыр етіп дүние есігін ашқан жері – Құмкент шаһары. Ол кезде әкесі Құттықия (Құтлу Қия) Құмкент қаласының әкімі, яки қалабасы. Осы қаланың түстігінде Бабата, терістігінде Созақ жатыр. Кішігірім қала болғанымен керуен мұнда соқпай кетпейді. Сауда жолының үстіндегі Құмкенттен шыққан керуен бұдан әрі Сарысуды бойлап, Арқаға бет түзейтін болған. Құмкент аласа дуалмен ғана қоршалған, биік бекінісі жоқ қала болыпты. Мұны көне шаһардың қазіргі орнынан-ақ аңғаруға болады. Қала болды деген жер үлкен төбе болып тұр. Мұны жергілікті тұрғындар «Құмкенттөбе» деп атайды. 1950 жылдары бұл төбені Әлкей Марғұлан бастаған археологтар келіп қазып көрген. Төрт бұрышты етіп қазылған шұңқырдан үйдің қам қыштан өрілген дуалы, ошақ орны көрініп тұратын. Қазба жұмыстарын жүргізгендер ерекше жәдігер тапты деп естігенбіз. Оның қандай ерекше екенін біле алмадық. Ал, төбенің үстінде құмыраның сынықтары әр-әр жерде шашылып жатыр. Осында бірнеше қылыш, найза, жебе, қалқан, тіпті дулыға да табылған. «Осында киізге орап көмілген кітаптардың үлкен қоры бар» дейтұғын да әңгіме бар. Алайда, Құмкент қаласының көне орнына содан бері ешқандай археолог аяқ басқан жоқ. Бұлай деуімізге осы қаланы зерттеудің кешеуілдеп келе жатқаны дәлел. Әйтпесе, талай тарихты басынан өткерген көне кенттің іште бүгулі қаншама сыры әлі де құндақтаулы жатыр десеңізші. Құмкент қаласы аймағының «Едігенің майлы жұрты» деп аталуы да көп сырды бүгіп жатыр.
Дәуренінде Құттықия даңқты қолбасы, жиһангер Ақсақ Темірмен үзеңгілес дос болған адам. Талай жұртты шауып, сансыз елді бағындырған Әмір Темір Құмкентке келгенде достық рәуіштен аспаған. Осыған қарап бір кездері Құмкент қаласына Әмір Темірдің де атының басы бұрылғанын білеміз.
Атақты Әмір Темірдің қаһарынан аман қалған қала Ұрыс ханның табанында тапталды. Ол Көкорданың ханы еді. Шөжетай дүниеден өтісімен орнына осы Ұрыс хан отырған. Әкесі марқұм бейбіт өмірді қалап өткен. Ал, Ұрыс хан таққа отырысымен кеудесіне желік кіріп, Алтын Орданың астанасы Сарай түсіне енетін болған. Ал, көнеден келе жатқан дәстүр бойынша Алтын Орданың билігі тек Бату ханның ұрпағының уысында болуы тиіс еді. Кеудесін есірік билеген Ұрыс хан енді Сарайды шаппақ. Бұл, тегі, шығынсыз болатын ба еді? Оның үстіне қасиетті Алтын Ордаға шабуылдау қиянат емес пе? Енді осы Ұрыс хан айналасына ат шаптырып, қол жинап жатыр деген хабар қалабасы Құттықияның да жүрегін дір еткізген. Алайда, абырой мен азаматтылықты биік қоятын Құттықия абыройсыз соғысқа баратындар қатарынан емес.
Жарлығына құлақ аспаған Тайқожа ханның ауылын шауып, өзін өлтірген Ұрыс хан енді Құмкентті бетке алады. Ал, Тайқожаның ұлы Тоқтамыс қашып құтылады. Сауда-саттықпен бейбіт жатқан ауылды басып алу сан мың әскері бар Ұрыс ханға қиын болып па? Ол Құттықияны өлтіріп, бағынбаған батырларды дүрелеп жазалай бастаған. Көпшілігін дарға асты. Міне, осы кезде қолға Едіге де түскен. Алайда, оны хан жазасынан Есе би құтқарып қалады. Баба Түкті Шашты Әзиздің аты аталғанда Ұрыс хан да тосылады. Сөйтіп, Едігені Есе бидің құзырына береді.
Осы кезде Құттықияның інісі Балташық Ұлытау жақтағы қайынжұртынан оралып келе жатыр еді. Ол Құмкенттегі қанды қырғыннан хабарсыз болатын. Алдынан шыққандар алаңсыз амандасып, алдарқалаулатып мойнына арқан тастап жібергенде белдегі қылышын суырып үлгере алмай қалады. «Тұтқынның жазасын Ордада береміз» деп оның қол-аяғын байлап алып жүреді. Сол күні Ұрыс хан қолы белгісіз себептермен далада қонып қалған. Таң қылаң бере Балташық ысқырынған әлдебір дауыстан селк етіп көзін ашып алады. Қараса басын қақшитып алған улы жылан Ұрыс ханға тақап қалыпты. Осы кезде сарт еткен қанжар жыланның басын қырқып түсіреді де, құйрығы ханның мойнына барып тиеді. Хан шошына оянады. Қынынан қылышын суырып, жан-жағына алара қарап, долдана ұмтылады. Сонда ғана аяғының астында оратылып өліп жатқан кереқарыс жыланды көреді. Жыланның кесілген басының қасында қанжар жатыр.
–Мынаны сен бе өлтірген? – деп хан тұтқындағы Балташыққа қарады.
–Иә, мен.
–Қанжар кімдікі?
–Менікі.
–Қолыңды шылбырдан босатып алыпсың. Жыланның емес, менің басымды кесіп алуға мүмкіндігің бар екен. Неге жыланды өлтіріп, мені қорғап қалдың? – дейді хан.
Сонда Балташық тұрып:
–Тақсыр, елімізде хандардың бірін-бірі қырып жатқаны аз ба еді? Енді олар даланың жыланы мен тышқанына қор болып өлуі керек пе? Сонда адамдық намыс қайда? – дейді.
Мұны естіген Ұрыс хан ойланып қалады. Сөйтіп, Балташыққа бостандық береді. Сонымен қатар оны өзіне кеңесші етіп тағайындайды. Балташық інісі Едігені бидің үйінен тапқан. Содан Балташық Едіге мен әйелі Күнайдың інісі, өзінің қайнысы Аңдасын екеуін жауынгерлік ойынға баулиды. Әуелі қылыштасуды, содан садақ атуды, ат үстінде найзаласуды үйретеді. Алайда, осы алаңсыз күндері көпке ұзамаған. Ұрыс хан жандайшаптары мен жасауылдары, жансыздары арқылы Едігенің жаужүрек болып өсіп келе жатқанын білді де дереу хан сарайына алдырды. Жүрегінде жалыны, бойында өнер мен білімнің оты маздап тұрған ұланды айлакер хан алысқа жібергісі жоқ еді. Едігенің ертеңінен қорыққан хан оны өз маңында ауыздықтап ұстауды жөн көрген. Едіге осында жүргенде тапқырлығымен, шешендігімен, айтқыштығымен көзге түседі. Болашақ би әкесі Құттықия арқылы Алтын Орданың арғы-бергі тарихына жүйрік еді. Ондағы хандардың қақтығысын әкесі қаз-қалпында ұлына баяндап берген болатын. Сонымен бірге Құттықия сыртқы саясатқа да жүйрік болған. Баласының болашағынан үлкен үміт күткен әке Едігенің бойына өнер, біліммен қатар саясат әліппесін де дарытқан еді. Осындай жан-жақты бала ел арасындағы дауға да араласып, дұрыс шешіп те жүрді. Оның шешіміне екі жақ та риза болып тарасатын.
Әрине, Едігенің осындай жан-жақты қырлары кейбіреулерге ұнай қойған жоқ. Сөйтіп жүрген Едіге өзін «жетімек» деп қорлаған Мәнжүр деген есерсоқтың есесін береді. Осылай Ұрыс ханның ордасын тастап кетуге мәжбүр болады. Оған досы Аңдасын ілеседі. Құмкентке қайтып келген Едіге ағайыны Мәулімнияздың кеңесімен Ақсақ Темірге барып қосылады. Артынша Тайқожа ханның қашқындағы баласы Тоқтамыс та нағашысын ертіп барып Әмір Темірден пана сұрайды. Сөйтіп, хан баласы көп нөкерлердің бірі болып сарай маңында қалған. Көп ұзамай Сайран қаласының билеушісі қаза болады да «хан баласы ғой» деп осы орынға Тоқтамысты қолай көреді. Сондай-ақ, «әлің жетсе ата-бабаңның көне жұртын Ұрыс ханнан тартып ал» деп Тоқтамысқа міндет те жүктейді. Тоқтамыс Сауранға келісімен қаланың сыртқы бекінісінің тозған жерлерін қайта жаңғыртады. Содан соң әскерін жауға жорыққа әзірледі. Көп кешікпей ата кегі бар Ұрыс ханға соғыс ашады. Алайда, Ұрыс хан да осал жау емес еді. Әскері жеңіліп, көбісі ажал құшады. Тоқтамыстың енді айналып Сауранға оралуы қиындау еді. Енді ол Самарқанға Әмір Темір алдына келіп тағы да тізе бүкті. Әмір бұл жолы оны кінәламады. Бәлкім, бір есебі болған шығар. Бұл жолы Тоқтамыс Әмірдің жақын адамдарының санатына қосылды. Артынша шақырып алып Хорезмнің ханы етіп тағайындады. Мұнда келген соң да Тоқтамыстың ескі жарасы жазылған жоқ. Хорезмде мүмкіндік мол еді. Жарты жылдай әскерді соғыс өнеріне баулыған соң ол туын көтеріп тағы да жорыққа аттанды. Өз-өзіне деген сенімі соншалық, бұл жолы Саурандағыдай жасырынып келген жоқ. «Дайын тұр. Мен соғысуға келе жатырмын» деп алдын ала хабар да жөнелткен. Амал нешік, Тоқтасын ханның бұл жолғы жорығы да сәтсіз аяқталды. Аяғына найза тиіп, ұрыстан әупірімдеп зорға қашып шықты. Әскері тоз-тоз болды. Қалың қамыстың арасында қояндай қалтырап жатқан Тоқтамысты сонда ер Едіге келіп құтқарады. Оны Әмір Темірдің өзі «ұрыстың барысын біл» деп жұмсаған еді. Едіге жаралы Тоқтамысты арқалап қалың қамыстың шетіне шығарды. Содан ат тауып әкеліп, артына мінгестіріп ұрыс даласынан аман-есен алып шығады. Төніп тұрған тажалдан аман қалған Тоқтамыс:
–Едіге, осы жақсылығыңды өмір бойы ұмытпаймын. Қарыздармын, – деп құтқарушысына ант береді.
Алайда, аяр хан антында тұрмаған. Өмір бойы өзімен жағаласып өтерін сол кезде Едіге батыр қайдан білсін?!
Жеңілістен көз ашпаған Тоқтамысты бұл жолы да Әмір Темір сыртқа теппейді. Қарамағына бір жүздік беріп, басшысы етіп тағайындаған. Әйтсе де, екі бірдей өзі жариялаған соғыстан абыройсыз болып оралған Тоқтамысты жұрт тәлкекке салды. Осы кезде ол тағы да Едігеден ық іздеді. Сөйтіп жүріп «Ұрыс ханда сенің де кегің бар еді ғой» деп Едігені қайрай түсті.
Арада аз ғана уақыт өткенде Ұрыс хан да өз ажалынан өледі. Орнына баласы Темір Мәлік отырады. Оның әлі орныға алмай жатқан ұрымтал шағын пайдаланып қалғысы келген Тоқтамыс өзінің жасағына олжа іздегендерді қосып Көк Ордаға аттанды. Тиянақсыз Тоқтамыс бұл жолы да оңбай таяқ жеді.
Дегенмен, Темір Мәлік тосын бақты көтере алмады. Тағына отырғанын және Тоқтамысты қуып тастағанын ұзақ тойлаған ол күн мен түнді ажыратудан қалды. Алғашқыда жаңа ханның шашбауын көтерушілер уақыт өте тойдан мезі бола бастады. Қымыздан арақ дайындайтын өнер тапты. Ханның жандайшаптары мен айналасындағы басбұзарлар елдің тыныштығын алып болды. Мұндайда басу айтқан ақсақалдар сақалынан сүйретіліп, сыртқа шығарылып тасталды. Есі барлар ханнан бойын аулақ ұстай бастады. Ұрыс ханның да талай теперішін тартқан Балташық орданың іргесі беки бастағанына өзі едеуір үлес қосқандықтан осы маңнан ұзаңқырай алмай жүр еді. Темір Мәлік оның да тілін алмады. Осылай от пен судың арасында қалған Темір Мәлікті аз ғана топпен келген Тоқтамыс қолы оңай қолға түсірді. Ханның басын алып, Ордада қалып қойған қыз-келіншектермен Тоқтамыс біраз күн сауық-сайран құрды. Темір Мәлікке арашаға ұмтылған Балташық абайсызда жан тәсілім етті. Тымырық Тоқтамыс оны танып тұрса да ара түспеді. Осыдан соң-ақ Едігенің Тоқтамысқа деген өшпенділігі басталған. Өзін Көк Орданың ханымын деп жариялаған Тоқтамыс ер Едігенің алдында жүзі мың құбылып, көздері сырғанақтап, ішкі арпалыс-қорқынышын баса алмай тұр еді.
Әйтсе де Едігенің ендігі еншісі Көк Ордада еді. Ол жастайынан атастырылып қойылған Әл Омардың қызы Қағазбен жақында ғана шаңырақ көтерген болатын.
Ханнан айла артылған ба? Тоқтамыс талай жылдар салық төлемеген Төке ханнан есе қайтару үшін Едігені әдейі жұмсап, топ арасына жансыздарын қосқан. Олар сусыма құмның арасында зорға жүріп келе жатқан болдырған топ мүшелерін азғырып, Едігенің мысын баспақ. Егер Едіге осы тапсырманы орындай алмай қайтса, жарты жолда серіктері тоз-тоз болса немесе Төке хан жасақтары қолынан қаза тапса Тоқтамыстың есебі түгенделмек. Едігенің ағасы Балташықтың сұрауы боларын Тоқтамыс түсінген.
Бірақ, ханның арам пиғылы жүзеге аспай қалды. Едіге қарсыластың Бахадырбек деген батырын өлтіріп, Төке ханды тізерлетті. Сосын қырық жыл төлемеген салығын жинаттырып, кері қайтты. Арамза Тоқтамыс мол олжамен оралған Едігені жылы қабақ танытып қарсы ала қойған жоқ.
Жолдан шаршап-шалдығып келген Едіге тобын Тарқас ханның ішкі тыныс-тіршілігін біліп қайту үшін қайта жұмсайды. Бұл жолы да Төке хан еліне жасаған жорықтағы құмды боран, көзге түрткісіз шаңды дауылда жол бастаған Сейтәлі ақсақал топқа қосылған. Алайда, осы сапардан Сейтәлі аққсақал қайтпай қалды.
Көп ұзамай Едіге мыңбасы болады. Тоқтамыс хан өзіне қарасты барлық әмірлерді жинап, қаптаған қалың қолмен батысты бетке алады. Бір аптадай суыт жүрген әскер Сарайшыққа басып кіреді. Бұл кезде бас қаланың қамқоры Мамай орыс ұлысын тәубеге келтіріп қою үшін жорықта жүрген. Қамсыз отырған қала халқы қарсылық та танытпады. Кезінде Ұрыс хан Сарайшықты әбден бүлдіріп, тонап кеткен-ді. Мамай бас қаланы барынша көркейтуге тырысыпты. Соғыспай алған Сарайшыққа кірген Тоқтамыс өзін Алтын Орданың ұлы ханымын деп жариялады. Сөйтіп, жеңіс тойын тойлады.
Алтын Орданың ұлы ханы атанған Тоқтамыс тағы қулық ойлады. Едігеге қалың қол беріп орыс ұлысын жуасытуға аттанған Мамайды желкесінен соғу үшін аттандырды. Бірақ, Тоқтамыстың аярлығына көзі жеткен Едіге Алтын Орда әскеріне төтеннен тиісуден бас тартты. Бұл кезде ол түменбасы еді. Өзімен серіктес әрі ниеттес Қажы Мұхаммедті оңаша жолықтырып, сөзге тартты. Екеуінің көзқарастары бір жерден шықты. Екеуі ақылдаса келіп, Қажы Мұхаммедтің немере інісін Мамайға жасырын аттандырды. Оған жолдаған хатта өзінің жау емес екенін, реті келсе бірге соғысатынын жазған-ды. Өкініштісі сол, жаушы жігіт жолай орыс шолғыншыларының қолына түсіп, қаза табады.
Бұл күнде Мамай «Сарайшықты Тоқтамыс басып алды» дегенді есітіп амалсыз кері шегінген-ді. Мамайдың босқынға айналған әскері іркес-тіркес әр-әр жерде шашырап келе жатты. Сарайшыққа келген Едігені Тоқтамыс хан тергеудің астына алды.
–Мамай әскерін неге шаппадың? – деп ызбарланды.
–Мамай онсыз да орыстардан жеңіліп қалды. Босқын елді бас салу Сіздей ұлы ханға жарасады ма? Дешті Қыпшақ даласын өлікке толтыр, сол ұлы даланы орыс билесін дегенді Сіз айтар деп ойламаппын, – деп Едіге қайтпай жауап қатты.
Бұдан әрі Едігені уыстан шығарып алмау керек екенін Тоқтамыс та түсінді. Әрі ойлап, бері ойлап ақыры Тоқтамыс хан бойжетіп отырға қызы Жәнікені Едігеге қосты. Осы тірлігін Едігемен ежелден келе жатқан достығының куәсі, сонымен бірге оның ерлігінің өтеуі деп түсіндірген. Қыз ұзату тойы Тоқтамыстың ұлы хан болуы, Мамайдың жеңілуі деген желеулермен созыла түсті. Тоқтамыс хан өзінің кіші әйелі Толымбике сұлумен тайраңдай түсті. Кіші бике Толымбикенің Едігеде көңілі бар-ды. Батырды уысына түсіре алмайтынын білген Толымбике қызғаныш-күйіктен у қосылған сусынды той үстінде Едігеге береді. Ол амалын тауып сусынды ішпей қояды.
Талай түнге созылған түннен кейін Тоқтамыс хан орыс ұлысының есін жидыру үшін Едігеге екі түмен әскер беріп ұрысқа аттандырады. Өйткені, орыс ұлысы «Алтын Орда әскерін Донда қырып жеңдік» деп күпініп жүрген. Әскерін аса ықшам да тәртіпке сай ұстаған Едіге Еділдегі орыс көпестерінің қайық-биржаларын тартып алып, әскерін арғы бетке өткізеді.
«Едіге сансыз сарбазбен келіп қалды» дегенді есітіп, Москваның ұлы князі атанған Митрийдің бажасы Нижгород князі кіші Митрий көптеген сый-сияпатпен екі ұлын жіберіп, Едігеден кешірім сұрады. Мамайға көмекке келмей қалған Рязань князі Олег де Едігені шекарада қол қусырып қарсы алған. Едігенің дақпыртынан қорыққан Москваның ұлы князі Митрий (Дмитрий) Москваны тастай қашады. Жолай кезіккен адамдарға «әскер жинап әкелемін» деген желеу айтқан. Ұлы князьге қосыла орыс шіркеуінің басшысы Киприан да Тверьге тайып тұрады. Қашқын князьдің орнын литвалық Остей деген алмастырған көрінеді. Остейдің де оңып тұрған ештеңесі байқалмаған. Осы Остей қапысын тауып Едігенің ту сыртынан қанжар салмақ болғанымен, онысынан түк шықпаған, қайта өз қаруы өзіне кіріп, опат болады. Мұнан соң тас қамалды Москваны Едіге жауынгерлері оңай алады.
Осылай біздің бабаларымыз Москва төрінде ат ойнатып, жеңіс тойын тойлаған!
Бұдан әрі Алтын Орда әскеріне Можай, Владимир, Дмитров, Звенигород, Юрьев қалалары қарсылықсыз беріледі. Қала боярлары Орда әскерінің алдынан дәм-тұз алып шыққан. Өздерінің антқа адал екендіктерін дәлелдеп баққан. Переславль қаласының тұрғындары тіпті тоғайға барып тығылған. Москваның ұлы князі Дмитрий хан алдына барудан қорқып, кешірімге ұлы Владимирді жіберді.
Осы тұста Тоқтамыс үнді, парсы жұртын бағындырған Ақсақ Темірдің өзіне ауыз салуды армандай бастаған еді. Қазаншы секілді қолшоқпарлары шоқты үрлей түскен. Астамсыған Тоқтамыс енді өз орнын Әмір Темір маңайынан іздестіре бастады. Бас уәзір Кенжек, Құлман би отқа май құя түсті. Ақсақ Темір парсылармен соғысып жатқанда Тоқтамыс нөкерлері Дербент, Ширванды көлбей өтіп, Табризге жетеді. Осыдан соң Миронда, Нахичеван қалаларын да басып алып, түгін қалдырмай тонады. Мұны естіген Ақсақ Темір баласы Мираншахты қолбасшы етіп, Кавказға аттандырады. Оның тегеурініне Тоқтамыс төтеп тұра алмады. Тоқтамыс әскерін тастай қашты. Кезінде Тоқтамыстың таққа отыруына Әмір Темірдің өзі ықпалшыл болып еді. Әкесімен де жақсы қатынаста болатын. Сондықтан Тоқтамыстың бұл қателігін көреген кешті. Арғы бабалары ұлы пайғамбар Мұхаммедке (с.ғ.с) тірелетін Сейд Береке деген ғұлама Әмір Темірдің ақылшысы болатын. Тоқтамыстың жазадан оңай құтылуына оның да септігі тиді.
Әмір Темір қолға түскен бас уәзірден бастап барлығына сый-сияпат беріп аттандырды. Мұны Тоқтамыс өзінше жорыды. «Маған келер қарсы күш жоқ» деген сенім оны шалқақтата түсті. Әмір Темірдің ұсынысына жауап қатуды қажет деп таппады. Әмір әскерлеріне бүйірден соқтығысуын тимады. Ақырында Әмір Темір әскері Тоқтамысты Дербенттен асыра түре қуып шығады. Алайда тоқмейілсіген Тоқтамыс тыным таппады. Оның ендігі ойы Мәуренахрға шығыстан қатер төндіріп, Хорезмнен қуат алып, Үргеніш пен Бұқараны бетке алу. Жаралы арыстандай ызалы Тоқтамыс бір кездері өзі билеген Сауранды қоршады. Осы кезде алдын ала сөз байласқан моғолстан ханы Камиридин мен Аққозы бастаған қол Самарқанды алу үшін шайқасып жатқан. Алайда, ол оңбай жеңілді. Әмір Темір Самарқанды қорғау үшін отыз мың әскерін шұғыл аттандырған.
Тоқтамыс түрік сұлтаны Баязит пен Египет патшасын да өзіне ниеттес етпек еді. Әмір Темірмен шайқасқа орыстың князі Константиннің Борисі де келіп жеткен. Алайда, оның қолын Едіге басқарған әскер тоз-тозын шығарды. Ер Едіге Тоқтамыстың Мамайға жасаған қастандығынан соң-ақ онымен ат құйрығын кесіскен. Алтын Ордада жан-жақтан қаумалап өзіне қатер көбейген соң Едіге батыр Әмір Темірге барып қосылған еді. Мәуренахрда Әмір Темір әскері Тоқтамыс қолына тағы да соққы береді.
Әмір Темір парсыдағы Кермене билігін Едігеге ұстатты.
Дегенмен, Тоқтамыс елге тыным бермеген. Оған қарсы аттанатын жасақтың біріне басшылық ету үшін Әмір Темір оны шақыртты. Әр-әр жерді жаулап алып жүрген Тоқтамыстың әскері Әмір Темір қолынан екі есе көбейді.
Шешуші шайқас Күндіршін өзенінің бойында өтті. Бұл жолы да Тоқтамыс қашып құтылды. Орыстың орманында тығылып жүріп, ақыры литва князі Витовтті барып паналады.
…1399 жылы тамыздың 12-сі күні Барысқылы (Броскла) өзенінің бойында Литва князі Ойтопит (Витовт) пен қашқын Тоқтамыстың біріккен қалың қолы шиыршықтай атылып шеп құрып жатты. Осы аса үлкен армияға қарсы (оларда зеңбірек, мылтық бар еді) Едігенің аз ғана қолы қарсы шықты. Едіге әскері дұшпандарын дала әдісіне салып, түрлі әдіспен шабуылдап, тас-талқан етіп жеңді. Осы шайқаста Едігенің әскербасылық қабілеті тағы да танылды.
Барысқылы бойындағы орасан зор шайқасты орыс тарихшысы Н.М.Карамазин суреттеп жазған. Әшейінде бұра тартып жазатын орыс тарихшысы бұл жолы шындық ауылынан шалғай кете алмапты.
«Керек болса Шыңғыс хан да, Бату да мұндай жеңіске жете алған жоқ… Егер түрік пен татар халықтарының тарихын зерттеп көрсең, олардың қаһарман да қайсар, бірақ бірлігі жоқ ел екені аңғарылады» дейді Н.М.Карамазин мырза.
Едіге осы екпінімен 1408 жылы Москваны басып алып, Кремлімен бірге өртеп жібереді. 1416 жылы Витовтпен қайта соғысып, Литва жерін ойрандайды. Киев қаласының күлін көкке ұшырады.
Қалай дегенде де орыстың тарихшысы шындықтың бетін ашып тұр. Расында, Алтын Орданың күйреуіне ауызбіршіліктің болмауы бірден-бір әсерін тигізді. Тақталас үстінде қаншама ханның басы алынды. Алтын Орданың әлсірей бастауы Тоқты ұлы Елбасардың кезінен басталады. Елбасар аса қызғаншақ, күншіл болыпты. Бату тұқымын қырып тастаған. Ол түгілі туған інісі Тоғыршынды өлтіріп, сұлу келіні Баялынды әмеңгерлік жолмен өзі алады. Тоқтыхан қайғыдан қан жұтып жатып қалады. Сол Тоқтыхан өлгенде Әмір Тоқбұға ұйғыр өзін хан деп жариялаған. Тоғыршынның 14 жасар ұлы Өзбекті әкелуге кеткен Исатай мен Алатай Тоқбұғаны өлтіріп, басын қадаға шаншып көтереді.
Сол замандарда Алтын Орда хандары қолғапша жиы ауысқан. Алтын таққа небәрі үш күн ғана отырған хандар да өткен. «Қардың басын қар алар, ханның басын хан алар» деген сөз бәлкім содан қалған шығар. Әрине, мұның барлығы айналып келгенде таққұмарлықтан, баққұмарлықтан, ел арасында ауызбіршіліктің жоқтығынан туған қасірет.
Тарихта өзіндік орны бар Едіге батыр Алтын Орданың еңсесін тіктеуге қолынан келгенін аямаған. Ол уақытша Батыс пен Шығыс арасын сақтап қалуға бар күшін салды. Кәрілік жеңіп, бойынан жастық қызуы басылған шақта да ел мен жер, айналасының қамын ойлады. Соның бірі өзі күні кеше қырғиқабақ болып аяусыз соғысқан Литва князіне үш жампоз бен жиырма жеті жүйрік жіберіп, хат жолдауы. «Алауыздықты тияйық. Жұрт босқа қырылмасын. Екеуміздің де ақырғы күндеріміз таянып келеді. Қалған ғұмырымызды бейбітшілікпен өткізейік» делінеді хатта. Әрине, бұл Едігедей ердің бітімгершілігін де танытады. Жолбарыс жүректі батыр қартаң шағында абыз ақылмандыққа бет бұрды.
«Қаншама қарама-қайшылыққа киліксе де Алтын Орда әлеуметтік-қоғамдық құбылыстарда күрделі күй кешіп жатты. Әскери құрамаларды қауқарсыз ханзада ұғландар басқарып, даруғабек (даруғашы), бақауыл, тұқауыл, жасауыл, басқақ, тамғашы, тартынақшы, әрқайсысы өздеріне тартқыштап қаптап жүргенмен «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығаратын бірауыздылық жоқ еді. Оның үстіне ХV ғасырдың басында Тоқтамыс пен Едігенің арасындағы бақталастық одан сайын күшейіп, тақ таласы тереңдей түсті. Қалан мен Қапшыр салықтары жыртықты жамай алмай, мөлшері мейлінше көбейді. Толқулар жиіледі» деп жазады белгілі ақын, жазушы Аян Нысаналин.
Едіге өмірінің соңғы жылдарын Ұлытауда өткерді. Қаратал өзенінің іргесіне кішкене қамал соқтырып, сонда тұрды. Алтын Орда үшін ат үстінен түспей өткен ол Ұлы би атанды. Сарайға қауіп төнгенде үнемі осы маңнан табылды.
Жазушы Кәмел Жүністегінің «Едіге» атты тарихи романында Едігенің баласы Нұралы әкесінің қас жауы Тоқтамысты найзамен түйреп өлтіреді. («Нұра-Астана» баспасы. 2012 жыл, 347 бет). Ал, Едігенің өзі 1419 жылы Ұлытау жерінде Тоқтамыстың кіші баласы Қадірбердімен өткен жекпе-жекте алған жарақатынан қаза табады. Талды еспе өзенінің бастау алар жағында «Нұралы жатқан жер» делінетін аймақ бар деседі. Осы өңірдегі өзен бірте-бірте Нұра атанып кетеді.
Едіге батырдың Нұралы, Ғазиз, Мансұр, Жақсыбай деген ұлдары болған. Сол кезеңнің тарихшысы, Едігені көзімен көрген ибн Арабшах «Ол (Едіге) қоңырқай жүзді, нығыз денелі, айбатымен қарадай жаныңды шошытатын, көзсіз ержүрек, шексіз кемеңгер, жұмсақ күлкілі, жомарт, айтпай түсінетін елгезек, табанды шешім табатын сергек, ғалымдар мен жақсы адамдарға үйір, жымия күліп, әзілдесе сөйлесетін, ораза тұтып, намазын қаза жібермей, шариғатты мықтап ұстаған жан еді» деп суреттейді.
Едіге бидің денесі Ұлытаудың шыңына қойылады. Осында Едіге тауы деген тау бар. Едігенің қабірі биіктеу екен де оның қасындағы екі зират аласалау. Жергілікті жұрт соның биіктеуін Едігенің мәңгі тұрақ тапқан жері деседі. Осыған сенейік десек, Баянауылдың қазағы, көзі тірісінде-ақ әулие атанған қаламгер Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Бұл аманат орны. Бұнда Едіге батырдың денесі бір жыл сақталған. Себебі, биік таудың басы салқын болады, мүрде бұзылмайды. Бұнда ол өз өсиетімен туып-өскен топырағы Құмкентке, Жылыбұлақ жағасына, Баба Түкті Шашты Әзиздің қасына апарып жерлеу үшін апара жатқанда аманат есебінде тұрған, бұл да мола есепті. Ал, Едіге батырдың сүйегі Құмкентте» деп жазады.
Мәшһүр Жүсіптің осы сөзі қисынға келеді. Өйткені, оның балалары, немере-шөберелері ұлысты билеген азаматтар болған. Олардың әке аманатын орындамаулары мүмкін емес. Сондықтан әке денесін ұлы баба жанына әкеліп қайта жерлеуі бек мүмкін.
Құмкент жерінде біз де жалаңаяқ жүгіріп өскенбіз. Бір қызығы Ұлытаудағы сияқты мұнда да «Едігенің майлы жұрты» делінетін жер бар. Сосын Баба Түкті Шашты Әзиз кесенесінің іргесіндегі бір төмбешікті аталарымыз «Едігенің моласы» деп атайтыны есте қалыпты.
Енді Едіге батырдың шыққан тегі туралы. Кейбір жазғыштар оны қоңырат руынан шыққан деп мәселенің мәнісіне толық бойламай-ақ шуласып жүр. Әрине, бір атаны ұлықтау үшін қиянатқа жол берілмеуі керек-ақ. Негізінен Едігенің әуелі маңғытқа, кейіннен қоңыратқа телінуі Шоқан Уәлихановтың жазбаларын жаңсақ түсінуден туындаған. Академик А.И.Шренкпен бірге болған сапарында Шоқан Уәлиханов: «Ұлытау шыңдарының бірінен маңғыт ордасының негізін салушы Едігенің моласын таптық. Оның моласы тас үйіндісі. Оның ғұзыры өзі орналасқан тау қиясының биіктігімен сәтті ұштасып тұр» деп жазады. («Таңдамалы шағармалар». Алматы. 1985 жыл, 105 бет).
Осыған қарап маңғыт ордасы дегенді маңғытай руына бұрып, одан қоңыратты шығарып, Едігені осы рудың адамы ретінде көрсету дәлелсіз. Бұл жерде олар «біздің ұлысты қалыптастырды» десе, жарасады. Ал, белден басып бұрып алу негізсіз. Ел аузында, қазақ ертегілерінде «Маңғыт – ауызыңа саңғыт» деп ұша жөнелетін құс бар. Жоғарыдағы қисынға сайсақ, осы құс та маңғыт руынан шығар.
Баба Түкті Шашты Әзиз бабаның түпкі атасы арабтар екенін дәлелдейтін құжаттар жеткілікті. Айталық, Қайырғали Жалайырдың 1602 жылы жазған «Шежірелер жинағында» Едіге батырдың шежіресі таратылып, тайға таңба басқандай көрсетіледі.
Кітапта «Әуелгі бабасы Әмір әл Момын Әбу Бәкір әл Садық Разидің төрт ұлы бар еді» деп басталады. Мұнда көрсетіліп отырған Әбу Бәкір әл Садық ұлы пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с) төрт халифінің бірі және пайғамбардың ізін басқан алғашқы мұрагері. Әбу Бәкір әл Садықтан Мұхаммед, одан Сұлтан Қайып, одан Сұлтан Хамит, одан Сұлтан Халит, одан Сұлтан Қайдар, одан Сұлтан Маулит, одан Әбу-л-Фана, одан Сұлтан Сәлім, одан Сұлтан Садық, одан Сұлтан Әбу-л-Хақ, одан Сұлтан Осман, одан Жалаллидин, одан Баба Түкті Шашты Әзиз (Туклас), одан Тырма, одан Карачи, одан Ислам Қия, одан Құтлу Қия туады. Едіге осы Құтлу Қияның ұлы. (Бұл деректер Кәмел қажы Жүністегінің «Едіге» атты тарихи романынан алынды).
Әу бастан Баба Түкті Шашты Әзизді Қожа Ахмед Яссауи, Ысқақ бабтармен туыстыра атайтын қазақтар оны қалай еншілеп алғанына енді таңданбай көріңіз. Шыңғыс хан ұрпағының азғындалып, тоз-тозы шығуы қанының бұзылуынан, азуынан делінеді. Сөз жоқ, хан болған соң беті жылтыр сұлуды құшқысы келген болар. Тексіз сұлу түп тамырын тоздырғанын тарихтан балталасақ өшер ме? Едігенің Алтын Орданың тірекшісі, тоз-тоз болып жүрген елді біріктірушісі, ішкі-сыртқы жаулардан қорғаушы ретінде исі қазаққа сіңіріп алсақ та жеткілікті. Әйтпесе, Әмір Темірді біржола меншіктеп алған өзбектер секілді Едіге батырды да өзгелер меншіктеп кетуі әбден мүмкін.
Енді тағы да Едігенің Ұлытаудағы моласы туралы. Орыстардың адамның басы десе екіленіп кететін әдеті. Мәселен, Кенесарының басын Санкт-Петербургтегі Эрмитажға қойғанын тарих куәландырады. 1941 жылы орыстар атақты жиһанкез Әмір Темірдің моласын ашып, басын Москваға жөнелтті. Сол сияқты 1950 жылдары Москвадан үш орыс ғалымы келіп Едіге батырдың моласын тінтуі жан түршіктіреді. Ұлы бидің сүйегін қорлатқысы келмеген жергілікті екі ақсақал: «Мынау Едіге жатқан жер» деп ғалымдарды жаңылыстырған. Соның өзінде Едігенің жанында жатқан мәйіт арада бес ғасыр өтсе де бұзылмаған деседі.
Қалай дегенде де ұлы бабасы Баба Түкті Шашты Әзиздің Меккеде, Алтын Ордада, Маңғыстау облысындағы Үштаған-Сазды және Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Құмкент ауылында моласы кездесетіні сияқты, Едіге батырдың да екі моласы бар екенін жұртшылық біледі. Бұл жолы бейіттердің қосарланып келуін сопылардың іс-әрекетімен байланыстыруға болмас.
ХIХ ғасырда өмір сүрген татар оқымыстысы Ибрагим Халфин «Едігенің аталары Сирия мен Иракты, Бағдат пен Дамаскіні билеген», деп жазып қалдырған. Сол секілді Едігенің Ақсақ Темір қол астындағы Хорезм жерін оншақты жыл билегенін көне тарих жоққа шығармайды. Оған парсы жақтағы Керменені билегенін қосыңыз. Өзі қолдан құрған ноғайлы ұлысын басқарады. Ұлы би ретінде Алтын Орда мемлекетінің тізгінін он бес жылдай ұстайды. Осы тұрғыдан алғанда Едігенің мемлекетті басқару өнерін өз алдына бөлек құрастырған абзал.
Қорыта келгенде, ер Едіге отаншылдық атты ұлы сезімді оятатын алып тұлға. Оның бойындағы асыл қасиеттер ұрпақ бойынан табыла білсе тәуелсіз еліміздің қуаты бұдан да берік нығаятынына сенім мол. Едігедей ері бар қазақ бақытты.
еркінеуразия.кз


