Барар ең отаныңда ауылың жоқ…
Бір досың ауылына жүр демейді,
Жүрсең де сырласы боп бірге мейлі.
Барар ең отаныңда ауылың жоқ…
Көңілің қалай ғана кірлемейді?!
Өзгерген ел мінезі мүлдем бүгін,
Бір ағаң көрсетпейді білгендігін.
Айтады мақтанышпен саған келіп,
Ауылына барып ойнап-күлгендігін…
Толтырып уайымға уысыңды,
Сағыныш бүлк еткізіп қу ішіңді.
Ойлайсың шекарадан шетте қалған,
Ауылың ағайын мен туысыңды…
Дегенмен отанында жүрсің күліп,
Күндер бар кететұғын күрсіндіріп.
Сен кеше туған жерге хош айтқасың,
Көзіңнің жасын сүртіп, бір сіңбіріп…
Отан бар, отаныңда, қаладасың,
Кірпіш боп қажетіне қаланасың.
Қыраның ауылды аңсар бірақ кейде,
Жаныңның мекендеген жаламасын.
Бір досың ауылына жүр демейді,
Жүрсең де сырласы боп бірге мейлі.
Барар ең отаныңда ауылың жоқ…
Көңілің қалай ғана кірлемейді?!
Жиырманың жалыны
Жиырмаға келдім міне биыл мен,
Азаматпын жұдырығы түйілген.
Азаматпын жағаласқан қыйынмен,
Азаматпын ақиқатқа иілген,
Жиырмаға келдім міне биыл мен!
Кеше әкемде жиырма да болған-ау,
Өкініш қой жиырманы толғамау.
Он жасымнан ой дүнием оянып,
Он жасыман жағып келем жолға алау…
Өкініш қой жиырманы толғамау.
Жиырманы мықты кез деп түсінем,
Шабыт алғыш табиғаттың түсінен.
Шабыт алғыш адамдардың ісінен,
Ақыл алғыш ақылы бар кісіден…
Жиырманы мықты кез деп түсінем!
Жиырма да үлкен жас қой бір талай,
Жиырма да тұра алмаймын шырқамай.
Соған айғақ қарауытқан жырларым,
Қарауытқан қырат-қырат қырқадай.
Жиырма да тұра алмаймын шырқамай.
Бөгемейін жиырманың жалынын,
Бір көрейін тұлпарымның шалымын.
Мақтаныңдар мақтануға татысам,
Баласы деп қазақтың бір шалының…
Бөгемейін жиырманың жалынын!
1994 жыл
Жұбату
Жапырақтар төгілді дейсің…
Толқыны қайтқан қайраңдай налып.
Бақилық болған бүршіктер де бар,
Жапыраққа айналмай қалып.
Құстарда анау арман жоқ шығар,
Қанаты бір сәт қағылып, талған.
Туылып, бірақ шайқалып болмай,
Жұмыртқалар бар шағылып қалған…
Адамның жүрек,бауырын езіп,
Көз жасы болып бұршақтап өткен.
Жете алмай мынау жарық әлемге,
Нәресте аз ба құрсақта кеткен?..
Жаратушының жазулы заңы,
Жарылқап кімді аяп қалады?
Бақыттылардың тағдыры, бәлкім,
Басталмай жатып аяқталады…
Жапырақтар төгілді дейсің…
Жапырақтар соқпай қалған жүректей
Жапырақтар соқпай қалған жүректей,
Қуаң тартып жатыр жерде дір етпей.
Қаншама рет қол бұлғадым құстарға,
Қаншама күз өте шықты күректей?..
Қаншама рет жылу күттім оттардан,
Қаншама рет мені жарға соқты арман?
Қанша тойға бардым қанша қазаға,
Оның санын санағаным жоқ қарғам…
Буалдыр бу бақшаларды жүр ақтап,
Кебін киген аруақтай бір әппақ.
Суық торғай шиқылдайды көңілсіз,
Біз осында қаламыз деп тұрақтап…
Бұта-бүрген сары-қызыл түске еніп,
Тау-даланы қалған сынды мыс көміп.
Ағаштарда бір жар мықты жапырақ,
Қуарса да құламай тұр тістаніп.
Алагеуім созып баяу сұлбасын,
Аздан кейін басар бақтың тұлғасын.
Ой қамырық қадалармын күзгі айға,
Бірдемені қажет қылып бұл басым…
Сен мені көрдің дағы…
Сен мені көрдің дағы тайып тұрдың,
Мұңдардан келмеді ме айықтырғың.
Тапсаңшы жолығуға лайық бір күн,
Айдыннан ақ желкенді кеме күткен,
Жағадай құшағымды жайып тұрмын…
Біріміз-бірімізге құлақ түріп,
Сылтау ғып оны-мұны сұрап-біліп.
Қалтарыс қай бір бақты тұрақ қылып.
Отырсақ сезімдерде бір-ақ құлып…
Бақыттан жынданғандай жылап-күліп.
Сонан соң мен айналсам ақ құйынға,
Сонан соң сен айналсаң ақ құйынға.
Біріміз-бірімізге қимаймыз-ау,
Дегенге мен сенбеймін бақ қиын да…
Ай мені естисің бе
Ай мені естисің бе сыбырласам,
Болғалы менің жаным ығыр қашан.
Аққайың тым кінәмшіл болып кетті,
Өрімдей өрім талмен қыдырмасам…
Іздеген дұрыс па айтшы жиі кінә,
Тіреле бердім жолдың тұйығына.
Ол кеше еркелейтін есімді алып,
Төгіліп жаңбыр шашы иығына…
Мен оны еркелетіп ай, күн дедім,
Аққулы жүздірген соң айдын көлін…
Жаным бар жапырақтай жазға сенген,
Боларын қайдан білем қайғым менің.
Аққайың енді маған өкпелемес,
Шаршадым қуа-қуа көптен елес.
Ай, мені естисің бе, рас айтам,
Көктемім болып кетті көктем емес…
Өрімдей өрім талмен қыдырмасам…
Тағы бір күз таяп қалды
Тағы бір күз таяп қалды, сезем мен,
Жаздың өңі солғын тартты безенген.
Сол қара күз, қара суды суытып,
Кешіп өтіп келе жатыр өзеннен…
Биылғы жаз келе сала зыр етті,
Әдемі әнмен тербемедім жүректі.
Былтырғыдан бір шаттығым кем болды,
Бір ағамды араз қылды бір епті…
Үндемедім тұрса дағы іш толып,
Өмір кейде боп көрінер түс толық .
Менің әппақ үміттерім секілді,
Жұмыртқалар ұшып кетті құс болып…
Күз таяса сағындырар өткенді,
Ұмыттырар ұсақ-түйек өкпеңді.
Еске түсер ескі тамыр-таныстар,
Көңіліңнен желік кетіп көктемгі…
Тағы бір күз таяп қалды, сезем мен,
Жаздың өңі солғын тартты безенген.
Сол қара күз, түріп алып балағын,
Кешіп өтіп келе жатыр өзеннен…
Көрген сайын…
Көрген сайын не істесем екен дейсің,
Сенімімді сол сөзбен бекемдейсің.
Алаңсыз бол құдірет құсыммен бір,
Менің жылы кеудемді мекендейсің.
Әрбір тамшы сәуледен азық күткен,
Жүрегімді жаулайсың нәзіктікпен.
Құдаймен де жіберер құрдас қылып,
Жырларымнан аумайсың жазып біткен…
Болмаса да өткенді қайталар күн,
Бармай кеткен бақтарға қайта бардым…
Қайың болып сен маған құшақ ашсаң,
Емен болып қасыңда жайқалармын!
Маған сенің ұнайды қылықтарың,
Ашатұғын жанымның құлыптарын.
Алла жазса бұдан соң бірге болып,
Өткізерміз күндердің күліп бәрін.
Көрген сайын не істесем екен дейсің…
Бас ию
Ақшам нұрлы азан үні зерлеген,
Бір мешітке тұрам жақын жерде мен.
Басымды ием исламдық ілімге,
Дұға қылам бірақ ана тілімде…
Діндарларға ұнамай ма, ұнай ма?
Ұнайды ісім ұлт жаратқан құдайға…
Мүсәпірді кездерім жоқ құр еткен,
Ғұмыр сүрем мейірімді жүрекпен!
Қайнары мол қуанышым, күлкімнің,
Мұңына да ортақтасам зіл түннің…
Бабалардан қалған салтқа иемін,
Жөнін білем, обал, сауап, киенің…
Ақшам нұрлы азан үні зерлеген,
Бір мешітке тұрам жақын жерде мен.
Жұма сайын бармасам да… күнде өзім,
Жанарыммен сүйіп қоям күмбезін…
Басымды ием исламдық ілімге,
Дұға қылам бірақ ана тілімде…
Қолыңды әкел…
Қолыңды әкел, өкпелеспей өтем деп!
Соны алдымен алайықшы бекемдеп.
Онсыз дағы азабы мол тірлікте,
Ойларменен шаршамайық бөтен көп…
Қыс кетті де, сол баяғы сүрдекпен,
Міне тағы бүршік жарып тұр көктем.
Аялайын сені жаңа көргендей,
Сен де маған қара сондай құрметпен!
Сезімдердің гүлін салқын ұрмасын,
Көңілімде жатыр ойнап бір жасын.
Қарашы әне, еркелейді,
ғажап қой,
Өрім талдың самал сүйіп сырғасын…
Өрім тал боп, самал болып өбіскен,
Ғашықтарға бақ тілеймін тегіс мен.
Бақа көлде, шегірткелер айтуда,
Махаббаттың маздақ жырын егістен…
Қыс кетті де,сол баяғы сүрдекпен,
Міне тағы бүршік жарып тұр көктем.
Аялайын сені жаңа көргендей,
Сен де маған қара сондай құрметпен.
Қолыңды әкел, өкпелеспей өтем деп!
Сен бәрібір менікісің
Сен бәрібір менікісің! ұқтың ба,
Кете бердің бір дауылға ықтың да.
Көз алдымда мұхиттардың мұңлығы,
Тамып кетті шық құмға…
Өмір қуып ағып жатыр жылғасын,
Танымадың менен таудың тұлғасын.
Шық қайтеді құмға барып құрымай,
Шайқаған соң гүл басын…
Нәзіктігін қорғамақ ем ғаламның,
Махаббатын қорғамақ ем даламның.
Бұдан кейін қандай ғұмыр сүремін,
Алаңмын!
Күзгі ауа бетке ұрып тұр зіл демін,
Таға беріп не қылайын гүлге мін.
Аздан кейін оянатын шығармын,
Қорқынышты түсім шығар бұл менің…
Сен бәрібір менікісің!
Muratkhan Shokan facebook парақшасынан алынды




