«Уай, Төл-Мұхаммед, басыңды қатерге байлап келгенің үшін емес, қаймықпай сөйлегенің үшін қаныңды кештім. Уа, мына жұрт менде де арман бар деп ойлайды екен-ау. Мен де өлімнен қорқады деп ойлайды екен-ау. Мен неменеге өкінемін?! Неден тайсалам?! Қырық жыл хан болдым. Жиырма екі жыл жалғанды жалпағынан бастым. Он сегіз жыл жауыммен жағаластым. Иілмедім — сындым. Беріктігімнен. Бөріні бүркіт алып жесе — тағдырдың жазуы. Жұрт жаңа ие тапса — Тәңірінің қалауы. Ақ патшаға айтар өкпем жоқ. Қаруы қатты, қарымы ұзын шықты. Қолымнан келсе, босағама кісендеп байлар едім. Ел-жұртыма артар кінәм жоқ. Өнері асты, өресі биік шықты. Қолымнан келсе, ордасын ойрандар едім. Енді менде не қалды? Алланың хақ өлімі ғана. Алланың өлімге тарлығы жоқ, көмусіз қалсам да, ноқтасыз өтем!»
Қаза тапқанға дейін отаршылдармен күресін тоқтатпаған Сібір хандығының соңғы ханы Көшімнің елші ретінде келіп тұрған Төл-Мұхаммедке айтқаны.
Мұхтар Мағауин. «Аласапыран» кітабынан.
Jolimbet Makishev facebook тегі парақшасынан алынды.


