Мақпал ЖҮНІСОВА,
Қазақстанның Халық әртісі:
КОНЦЕРТКЕ БІР АДАМ МЕНІ САХНАДА ҚҰЛАТУ НИЕТІМЕН КЕЛІП ОТЫРҒАН
Шешемнің үш баласы қатарынан көз тиіп шетінеген
‐ Мақпал апай, қазіргі кезде «көз тиіп ауырып қалыпты» деген әңгімені жиі еститін болдық. Жалпы, өзіңіз көз тиюдің бар екеніне сенесіз бе?
– Әрине, сенемін. Себебі «тіл-көз тиді» дегенді бала кезден естіп өстік. «Пәленшенің баласына көз тиіпті. Ұшықтап жіберіңдер, бақсыға, емшіге апарып емдетіңдер» деген сөздерді жиі еститінбіз. Баламыз ғой, түсінбейміз, шешемізден «көз тию деген не?» деп сұрайтынбыз. Сонда шешем «Менің үш балам да тіл-көзден шетінеп кетті» деп айтып отыратын. Балалары екі жасқа келгенде үйге қонақ шақырады. Қонақтар кеткеннен кейін бала өзінен-өзі көкпеңбек болып, бірден тілсіз кетеді екен. Бұл жағдай үш баласында да қайталанған. Балалары бірінен соң бірі өмірден өте берген соң шешем «енді менде бала тұрақтамайтын шығар» деп түңіліп жүргенде, айналасындағы жақын адамдары Баянауыл жақта тұратын бір бақсыға апарады. Сол кісі «Сенің үш балаңа да бір кемпірдің көзі тиген» депті. Негізінде, көзі тиетін адам әдейі жамандық ойлап жасамайды екен. Тек сұқтанып немесе шын көңілден сүйсініп, «мынаның әдемісін-ай!», «қандай аппақ еді, торсықтай екен!» деп айтса, бала бірден жалп етіп ауырып қалады екен. Кейбір адамдар көзі бар екенін өздері де білмейді. Содан әлгі бақсы анама «Қыз тусаң да, ұл тусаң да атын Елемес деп қой. Сенің балаңды ешкім елемесін» дейді. Анам келесі туған баласының есімін Елемес деп қойғаннан кейін ғана балалары тұрақтап, тоғыз бала көтереді.
– Өзіңізге көз тиіп, ауырып қалған кездеріңіз болып па еді?
– Мұндай жағдайлар менің басымда талай болған. Мен өзім тіл-көзге жақын адаммын. Үлкен концерттерден кейін қатты ауырып қалатын кездерім жиі болады. Мұндайда көбіне-көп анамның көмегіне жүгінемін. Анам – қожаның қызы. Өзінің айтуынша, аталарының қасиеті бар болған екен. Бұл қасиет шешеме де жұққан. Балаларын, немерелерін өзі ұшықтап отырады.
– Есіңізде қалып кеткен сондай бір оқиғаларды айтып берсеңіз…
– Жеке концерттерімді өткізгенде үйге үлкен табыспен, ерекше қуанышты сезіммен жап-жақсы ораламын. Халықтың көрсеткен қошеметі мені марқайтып тастайды. Бірақ ертесіне таңертең мойным сіресіп, орнымнан тұра алмай қаламын. Соның бірі, қателеспесем, 1999 жылы мамыр айында болды. Алматыда өткен жеке концертімнен кейін қатты ауырып, орнымнан тұра алмай қалдым. Айнаға қарасам, бір бетім қисайып кетіпті. Шошып, не істерімді білмей қалдым. Зәкең (жұбайы Заманбек) емші-домшыларға бір кісілер арқылы хабарласып, Айсұлу деген емші келіншекті әкелді. Айсұлу тамырымды ұстап көріп: «Сіздің суретіңізді орыс емшілеріне берген. Сол сурет арқылы сізді дуалап, сахнаға шыға алмай қалсын, өліп кетсін деген ниетпен жасаған», – деді. Содан жатпай-тұрмай он бес күн бойы мені Құранмен, дұғалармен оқып емдеді. Аузымнан да, мұрнымнан да неше түрлі нәрселер шықты. Еш жерім ауырмайды, бірақ өзінен-өзі көзімнен жас сорғалап аға берді. Сонда да бетімнің қисайғаны қайта қоймады. Емші қыз бетіме тоғыз сүлік салды. Сүліктер сау бетіме жоламай, қисайған бетімнен қан алды. Осыдан кейін дуалау дегенге сенетін болдым.
Көзінің ішінде қалы бар адамдардың көзі тиеді екен
– Халықтың алдында көп жүресіз, осындай нәрселерден сақтану үшін көзмоншақтар тағып немесе қандай да бір ырымдар ұстанасыз ба?
– Әрине. Тұмарым ылғи мойнымда. Дұға, Құраннан сүрелер оқып, түйреуіштер тағып жүремін. Қайда жүрсем де тәспімді тастамаймын. Сүрелердің біразын жатқа білемін. Құдай қаласа, бес уақыт намазға жығылу ойымда бар.
– Алла ниетіңізге жеткізсін!
– Әумин! Рақмет. Жалпы, менің басымнан талай қиыншылықтар өтті. Оның бәріне мойымауға тырысамын. Айналамдағы адамдармен байқап араласатын болдым. Қазір ішінен жамандық ойлап тұрған адамды бірден білемін. Концерттердің бірінде домбырамен ән айтатын болдым. Сахнаға шыққанымда көрермендер керемет қошемет көрсетті. Әнімнің бір шумағын айтып біте бергенімде, оң жақ қолым ұйып, бірте-бірте саусақтарымның жаны кете бастады. Домбырамды тоқтатпай, халыққа білдірмейін деп әнімді әрең-әрең соңына дейін айтып шықтым. Ән біткенде «бісміллә» деп қолымды тастап жібердім. Өңім құп-қу болып, маңдайымнан суық тер бұрқ ете түсті. Сахнаның сыртындағы әншілер «Мақпал, не болды? Боп-боз болып кетіпсің ғой» деп қолымды уқалап, массаж жасады. Ішімнен дұғаларымды оқыдым. Залда жаман пиғылмен келіп отырған бір адамның болғанын сездім. Концерттен кейін емшілеріме барғанымда, олар да концертке бір адам мені сахнада құлату ниетімен келіп отырғанын айтты. Сонда әдейі мені күтіп, көзін қадап отырған екен. Емшілер дұғаларын оқып, емдеген соң жағдайым жақсарды. Сол оқиғадан кейін «Мақпал, сен ерінбе. Саған тіл-көз жақын жүреді. Өзің де қасиетің бар адамсың. Дегенмен қазір неше түрлі адамдар бар. Солардан сақтану үшін әр концерттерден, тойлардан кейін ваннаға тұзды суды толтырып, шайынып жібер» деп ескертті. Содан бері концертте, тойда ән айтып келген соң он минут тұзды суға шайынып жататын болдым.
– Әлгінде үш бауырым да кішкентай кездерінде тіл-көзден кеткен деп айттыңыз ғой, өзіңіз де тіл-көзге жақын екенсіз…
– Көпшіліктің алдында жүрген кез келген адамға тіл-көз үйір болады. Көз тию жалғыз қазақтарда ғана емес, барлық халықтарда бар. Қай жерде жүрсең де сақтанып жүру керек. Алла сақтанғанды сақтайды.
– Мысалы, он адам тұрса, оның қайсысының көзі тиетінін біз біле бермейміз. Көзі тиетін адамдарды қалай ажыратуға болады?
– Көзінің ішінде қалы бар адамдардың көзі тиеді екен. Осындай адамдардан алшақ жүремін. Олар мейірімді адам болуы мүмкін. Бірақ көзі тиетін қасиеті болады. Мысалы, менің ешкімге көзім тимейді. Бірақ кішкентай балалардың тойына шақырса, бармауға тырысамын. Себебі сүйкімді балаларды көрген соң еркіңнен тыс «Тәттісін-ай!» деп айтып қаласың. Ертеңіне балалар ауырып қалып, обалына қаламын ба деп қорқамын. Көп адамдар ырымдап балаларына түкіртіп те жатады. Сол балаларды біраз жыл өткен соң көрсем, «сіз түкіргеннен кейін ән айтады, билейді, сабағын жақсы оқиды» деп мақтап жатады. Мен оған қуанып қаламын. Қазақ ырымшыл халық қой. Зәкең екеуміз қазақтың сүйікті қызы болсын деген ниетпен Мерейдің тұсауын Роза Бағланова мен Бибігүл Төлегенова сияқты қадірлі апаларымызға кестіргенбіз.
Шашымды қиып алып, оқытуға алып кеткен
– Мерейдің де көз тиіп, ауырған кездері болды ма?
– Иә. Ылғи анам келіп ұшықтап тұрады. Кейде Мерейдің көзі кішкене қызарып қалса, анам өзі білетін дұғаларын оқиды. Сонда көзі бірден жазылып кетеді. Анамызға сеніп алғанбыз. Ол кісі үйге келген кезде мен де оқылып, тәп-тәуір болып жеңілдеп қаламын.
– Кейбір адамдар көлік алғанда немесе жаңа үй тұрғызғанда адамның көзі қызылға түссін деп, қызыл мата байлап жатады. Сіз қандай әрекет жасайсыз?
– Мен олай қызыл мата байламайды екенмін. Тек аршамен аластаймын.
– Қазіргі таңда біреуге дуа жасап, жолын байлап жататын адамдар да баршылық. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай? Жалпы, осындай оқиғаларға куә болғансыз ба?
– Дуаны адам жаман ниетпен, әдейі жасайды. Әйелдер еркектердің, еркектер әйелдердің бастарын айналдырып, өздеріне қаратып жатады. Мұндай оқиғаларды көп естимін. Әсіресе орыс емшілерінің жасаған дуасы өте жаман болады. Мысалы, бір әйел басқа біреуге ғашық болған күйеуін қайтарып алу үшін дуа жасаған. Сожасағаннда күйеуінің басы айналып, әйеліне қайтып келді. Бірақ дуаның жаман жасалғандығы соншалық – бір-екі жыл өткеннен кейін күйеуі қайтыс болды. Артынан әйелдің өзі де өмірден өтті. Дуаланған адам бес жыл, он жыл жүруі мүмкін. Бірақ соңы жаман болады. Мүмкіндігінше мұндай нәрселерден аулақ болған жөн. Өкінішке қарай, өмірде болып жатқаннан кейін көріп тұрып, көрмедім дей алмаймыз. Қазір небір адамдар бар. Шоколадты немесе конфеттерді, коньяк, шараптарды арнайы оқытып әкеледі екен. Кейінгі кезде «алып қой» деген жерлерде алмай, жан-жағымызға абайлап қарайтын болдық.
– «Суретіне қарап немесе шашын қиып алып дуа жасайтындар да бар» дейді…
– Иә. Баяғыда мұндай нәрсе менің басымнан өткен. Бір күні айнаға қарасам, артқы шашым қып-қысқа. Бір бармақтың көлеміндей шашымды қиып алыпты. Сөйтсем, жанымда бірге тұратын қыз ұйықтап жатқанымда шашымды қиып, оқытуға алып кеткен екен. Сондықтан қазір қасыма бөтен ешкімді жолатпайтын, ешкіммен жақын араласпайтын да болдым. Олар саған дос боламын деп келіп, «Мақпалжан, сенен асқан адам жоқ, сен кереметсің, сен талантсың, сен ғажап жансың!» деп мақтап-мақтап іші-бауырыңа кіріп алады да, одан кейін өздерінің арам пиғылдарын іске асырады.
Жүрегінде иманы бар адам ешқашан жаман қадамға бармайды
– Мына заманда абайлап жүрмесең қиын десеңізші…
– Өте қиын. Адамдардың пейілі тарылды деген осы. Кейде сахнаға елден ерекше болып шығуға да қорқасың. Әрине, жақсы ән айтсаң, халық керемет қабылдайды. Бірақ, екінші жағынан, алакөзденіп тұратын адамдар болады. Ондай адамдар өзіңнің әріптестеріңнің ішінен де табылып жатады. Мен бір марапатқа ие болып жатсам, құттықтамай, бір саусағын бүгіп тұратын әріптестерім бар.
– Көре алмайтын, іші тар адамдар дейсіз ғой?
– Өкінішке орай, мұндай адамдар бар. Адамның пейілі түзелмейінше, ешқашан жақсылық болмайды. Бастысы, ниет таза, жүректе иман болу керек. Қолға Құран ұстап, намазға жығылып, Аллаға құлшылық етуге тиіспіз. Алланың ақ жолымен жүргендер ғана жақсылыққа жетеді. Біреудің жолын жауып немесе дуа жасап, өзгеге өлім тілегенше, өзімізге өмір тілегеніміз жөн.
Мені «ішіп кетті, алқаш» деп халықтың алдында қаралағысы келіп, талай жамандық жасағандар болды. Зәкең өмірден өткенде, «Зәкеңді Мақпал өлтірді» деп маған жала жапқандардың көбісі қайтыс болып кетті. Сол кезде Зәкеңнің әпкесі неше түрлі әңгіме айтып, мені ғайбаттады. Алла тағала кімнің ақ, кімнің қара екенін көріп отыр. Сондықтан маған жамандық жасағандардың қарғысы өзіне немесе баласына тиіп кетсе обал ғой деп аяп тұрамын. Жүрегінде иманы бар адам ешқашан жаман қадамға бармайды. Мен өзім бір нәрсені қате жасап қойсам, ең бірінші, Алладан кешірім сұраймын.
– Өзіңіз ауыра қалсаңыз халық емшілеріне барасыз ба жоқ әлде дәстүрлі медицинаның көмегіне жүгінесіз бе?
– Ешқайсысына жиі бармаймын. Жылына екі рет анализ тапсырып, тексеріліп тұрамын.
Сұхбаттасқан Фариза ДӘУЛЕТ
Мирас БЕКЖАНОВ, әнші:
ДУАЛАНҒАН ЖІГІТ ӨМІР БОЙЫҮЙЛЕНБЕЙ ӨТКЕН
– Мирас аға, көз тию, дуа жасау дегенге сенесіз бе?
– Көз тию, дуаға сенемін. Бұл жайында дінімізде де айтылған. Адам дінді дұрыс ұстанып, намазын, дұғаларын оқып жүрсе ешқандай көз де тимейді, дуаға да алдырмайды деп ойлаймын. Дуалау – жын-шайтандардың қатысымен болатын нәрсе. Балгерлер, көріпкелдер адамдарды жындар арқылы дуалап жатады.
– Ал өзіңіз өмірде осындай оқиғаны естіген бе едіңіз?
– Иә, естігенмін. Баяғыда бір қыз ұнатқан жігітін өзіне қарату үшін басын дуалатып тастаған. Бірақ өзі басқа бір жігітке тұрмысқа шығып кеткен. Осының кесірінен дуаланған жігіт үйленбей, өмірден жалғыз өткен. Өмір бойы өзін дуалатқан келіншектің соңында жүрген. Сол әйелдің үйінің сыртында күн батқанша қарап тұрады екен. Кәдімгі күзетте жүрген адамдай болған. Жетпіс жасқа келгенше солай ғұмыр кешіпті. Бұл сұмдық емес пе?! Бірақ мұндай арам пиғылдың соңы жақсылыққа апармайды. Дуа жасаған адамның өзі де одан азап шегеді.
– Өз басыңызда да осындай оқиға болды ма?
– Дін жолында жүргендіктен мұндай нәрселерден алыспын.
– Балаларыңызға көз тиеді деп қорықпайсыз ба?
– Иә, ондай қауіп бар. Тіпті әке-шешенің өз баласына көзі тиіп кетуі мүмкін. Негізі, кішкентай сәбиді қатты жақсы көруге болмайды. Қанша дегенмен адамның көзінің нұры өткір болады. Көз тимес үшін «Машалла» деп айту керек. Осы сөзді айтқанда көз тимейді екен. Бұл сөз қазақ тілінде «Алланың не деген заты» деген мағына береді. Кейде балаларымызды қатты жақсы көріп қалсақ, «машалла» деп айтамыз.
– Ал қара күйе, түйреуіш тағу ше?
– Мен мұндай нәрселерден бойымды аулақ ұстаймын. Түйреуіш, көзмоншақ тағу, қара күйе – ол дінге жат. Адамның иманы күшейген сайын осындай жаман нәрселерден аулақ жүреді.
Сұхбаттасқан Анар ДӘУКЕН
–Болат аға, көз тию және дуалауға сенесіз бе?
– Иә, екеуі де бар нәрсе. Көз тию, дуаны айту үшін алдымен көзге көрінбейтін күштердің не екенін білуіміз қажет. Көзге көрінбейтін күштер болады. Адам бір нәрсеге қарағанда көзінің нұры өтеді. Көз аса зер салып, қызығып қарағаннан тиеді. Ал дуа деген – сөз. Дұғаларды теріс оқығаннан пайда болады. Екеуі екі бөлек дүние. «Көз бен тілдің сұғынан сақта» деген сөздің түбі осында жатыр.
– Сонда кез келген адамның көзі тиюі мүмкін бе?
– Кез келген адамның көзі тие бермейді. Және көз тек адамға ғана емес, сондай-ақ малға, құсқа, жәндікке, басқа нәрселерге де тиеді. Бұған өзім куә болғанмын. Туған жерім ҚХР-дың Алтай аймағы Көктоғай ауданы Нүре ауылында жасы сексенге таяп қалған Тиянақ деген ақсақал болатын. Ол кісіні өз көзіммен көрдім. Сол кісінің тілінің ортасында дөңгелек қалы бар еді. Оны кейде «мең» деп айтамыз. Не нәрсеге қарайды, соған көзі тиіп кететін. Ауыл адамдарына «Мына малды сойып тастаңдар. Менің көзім, тілім тиді. Мал болмайды» деп айтып отыратыны есімде. Ауылда «сертпе» деген аурумен ауырған кішкене балаларды сол кісі емдейтін. Ауырған баланың арқасын жеті рет тілімен жалайды. Содан кейін денесінің барлық жеріне тілін тигізіп шығады. Ертесіне әлгі бала секіріп ойнап кететін.
– Кейде «оны дуалаған екен» деген әңгімелер естиміз. Сіздің де көрген-білгеніңіз бар шығар?
– Бірде Тиянақ ата екеуміз жер жыртып жүріп, егістіктен биіктігі бір жарым метр, аумағы киіз үйдей құмырсқа илеуін кездестіріп қалдық. Мұны көрген ауылдың бастығы Айдархан деген кісі «Құмырсқаның илеуін жерге сепсеңдер, егін құнарлы өседі деуші еді. Илеуді бұзып, шашып тастаңдар» деп тапсырды. Тиянақ ата мені құмырсқаның илеуінен қанатты аналық құмырсқаны алып келуге жұмсады. Айтуынша, жылан, қырғауыл, құмырсқа патшалық құрады екен. Бір илеуден екінші илеуге жұмыртқаларды осы қанатты құмырсқалар таситын көрінеді. Ол 41 уәзірден тұрады екен. Илеуден қанатты құмырсқаны ұстап, Тиянақ атаның қолына бердім. Содан ол кісі басына шапанын бүркеп, күбірлеп бір дұғаларды оқи бастады. Кешкі бейуақ кез болатын. Дұғаларын оқып болған соң құмырсқаға үшкірді де, жібере салды. Ертесіне келгенімізде илеуде бірде-бір құмырсқа қалмапты. «Ақсақал, бұл қалай болғаны? Құмырсқаның бәрі қайда кеткен?» деп сұрағанымда «Мен оларға мына жерді топан су басады деп көшіріп жібердім» деді. Қаптаған құмырсқадан біреуі де қалмаған. Сонда тек адамды ғана емес, жыбырлаған жәндікті де дуалауға болатынын көрдім.
– Ал адамды қалай дуалауы мүмкін?
– Мираш есімді сыныптасым болған. Сыныптағы ең сұлу жігіт сол болды. Елдің бәрі әдемілігін сөз қылатын. Бір күні Мираш ауыра бастады. Беттері қарайып, бұжыр-бұжыр болып кетті. Төбе шашына дейін түсе бастады. Сұлулығынан түк қалмады. Дәрігерге апарып еді, еш нәтиже болмады. Ара-тұра біздің үйге келіп тұратын. Бір күні Мираш тағы да біздікіне келді. Түрінен түр қалмаған. Сол күні ауылдағы мықты имам Мағзан да қонаққа келген болатын. Балаға кіргеннен қарап отырған ол кісі «Бұл баланың бойында дуа бар» деп, емдеу керектігін айтты. Мирашты жеті метр ақ матаға отырғызып, жеті түрлі нәрсе алғызды. Есімде қалғаны қалампыр, тұз, арпа, сүт, тағы да бір нәрселер қосты. Бәрін 49-ға толтырып, баланы ұшықтай бастады. Ұзын қара темірді отқа қыздырып, қосындылар бар сумен бүркіді. Осылай үш күннен дем салып жүрді. Баланың бойындағы дуа 28 күн дегенде бір-ақ кетті. Кейіннен имамның айтуынша, балаға көз тиген, сөз өткен және біреу қастандықпен дуа жасаған.
– Мұндай оқиға өзіңіздің басыңыздан өтпеді ме? Дуа қайтаратын адамға барып көргенсіз бе?
– Жеке өзім барған емеспін. Бір жігітті апарған болатынмын. Құлжа қаласы маңындағы Аққой фермасында құмалақ ашатын Нұргүлсін деген әйел бар. Ол кісі алдына келген адам жайында бәрін айтады. 2012 жылы Қостанайдың бір жігіті «Аға, мені көзі қарақты кісіге көрсетсеңіз. Бармаған дәрігерім жоқ. Басым қоймай ауыра береді» деп келіпті. Содан жаңағы әйелді Үрімжі қаласына шақырдық. Құмалағын ашып отырып, жігітке үйінде ілулі тұрған Құран кітапты алып келуін тапсырды. «Сен дуаланғансың, бойыңдағы дуа өте ұзаққа созылған екен. Дуа сол кітапта. Онсыз сенімен сөйлеспеймін» деп қайтарып жіберді. Жігіт үйінен кітапты алып келген соң, әйелмен тағы кездестік. Еліктің терісімен тігілген қаптың ішін ақтарып әлгі жігітке көрсетті. Сөйтсе, қаптан кітап емес тырнақ, шаш, шырпы шықты. Осы нәрселермен жігітке қарсы дуа жасаған екен. Салынған күйінде әлгілерді отқа өртеді. Қап жігіттің үйінде жиырма жыл бойы ілулі тұрған. Бірақ қастық жасаған адам қайтыс болып кеткен екен. Байғұс жігіт сонша уақыт аурушаң болып жүрген. Қарап отырсаңыз, адамды әр нәрсемен дуалайды. Тіптен бір тал шашпен де дуа жасайды.
– Тіл-көз тию, дуадан қалай сақтануға болады?
– Кезінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) те дуаланған. Тамақ тасып жүрген сиқыршы әйел пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шаш тарайтын тарағын ұрлап әкеткен. Тарақтың тісінде қалған шашқа дуа оқып, оны «Зәруан» құдығының астына бастырып қойған. Дуадан пайғамбар (с.ғ.с.) орнынан тұра алмай жатып қалған. Сол уақытта Алладан ең алғаш Фәлақ сүресі түсіпті. Одан соң Фатиха, Нас, Аятүл-Күрсі уахи етілген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осы төрт сүрені оқып, басындағы дуадан айыққан екен. Кейіннен адамзатына «Сендер осы төрт дұғаны оқып жүрсеңдер, тіл-көз, дуадан сақтанғандарың» деп айтыпты. Дуа, көз тию, сөзден сақтанудың бір амалы – осы төрт сүре болмақ. Кішкене балаларға көзмоншақ тағу да бекер емес. Адам қарағанда көзі алдымен сол металл затқа түседі. Әшекей бұйымдарды осы тіл-көзден сақтану үшін де тағады.
– Өзіңіз қалай сақтанасыз?
– Мен он жасымнан бастап осы төрт сүрені жаттап алғанмын. Кейде адамның жолы болмай жатады. Сондай уақыттарда сүрелерді оқып, сақтанып жүремін.
Сұхбаттасқан Анар ДӘУКЕН
Ұлықпан ЖОЛДАСОВ, әнші:
ӨЗ БАСЫМ ДУАҒА СЕНБЕЙМІН
– Ұлықпан аға, көз тию, дуалау жайында не білесіз?
– Көз тиеді дегенге сенемін. Кез келген адамның көзінде энергия болады. Ата-әжелердің «көзден сақтан» деп айтып жататындары бекер емес. Кішкене күнімізде өзімнен кейінгі қарындасым қатты ауырды. Дәрігерлер көмектесе алмай, сәби шетінеп кетті. Ауылдағылар оған көз тиген екен десті. Себебі сәбидің жауырынының ортасы бозарып кетіпті. Көп балаларға көз тигенде жауырынының ортасы көгеріп жататынын өзіңіз де естіген боларсыз?!
– Сонда ересек адамдарға қарағанда, сәбилерге көбірек көз тиетін болып тұр ғой?
– Иә. Ересек адамдарға да тиетін шығар. Бірақ өзіме тимейді. «Менің қай жеріме көз тиеді?» деп жүре беремін. Кім қарайды маған?! Бізге қарағанда жас, әдемі жігіттерге көз тез өтеді. Концерт бергенде, көп кісі жиналған жерлерден қайтқанда кәдімгідей шаршап қалатын кездерім болады. Өйткені ол жерде саған мың адамның көзі қарайды. Бірі қызығып қараса, кейбіреуі қызғана, сұқтана қарауы мүмкін. Кімнің қалай қабылдайтынын білмейсің ғой?! Осындай уақыттарда үйге келіп демалған дұрыс. Кейде жаман энергияларды бойыңа сіңіріп алғаннан тұрмай жатып қалатын да жағдайлар болады. Мұндайда көз тек адамға ғана емес, жануарға да тиеді екен.
– Оны қайдан білдіңіз?
– Маңғыстауда тұрғанымызда бір түйеміздің аппақ, әдемі ботасы болды. Көздері сондай қап-қара, сүйкімді болатын. Бір күні үйге келген орыс кемпір далада жүрген ботаға ұзақ қарап: «Не деген сүйкімді бота еді!» деп таңғалған. Ертесінде сап-сау жүрген әлгі бота қорадан шықпай қалды. Бір түннің ішінде азып, жаман болып кетті. Ботаға әлгі кемпірдің көзі тиді ме деп ойлаймын. Екі-үш күннен кейін бота өліп қалды.
– Ал дуа жайында естігеніңіз бар ма?
– Өз басым дуаға сенбеймін. «Басын айналдырып дуалап алған» деген әңгімелерді, әрине, естідім. Бірақ бұл маған өтірік нәрсе секілді көрінеді.
Біздің ауылда бір жігіт болатын. Кезінде әдемі, сері жігіт еді. Кейіннен есі кетіп, өз-өзінен жынұрған адамның кейпіне еніп кетті. Көшеде өз бетімен кетіп бара жатқан адамдарға айқайлап, боқтайтын. Маңына бір адамды жуытпайтын. Ауылдағылардың айтуынша, оны бір әйел дуалап тастаған екен. Осындай оқиғаларды өз көзіммен көрсем де, дуалау дегенге аса сене бермеймін.
Сұхбаттасқан Анар ДӘУКЕН
Мұрат ҚОЖА, әнші:
МЕНІ ДЕ БІР ҚЫЗ ДУАЛАП АЛҒАН
– Мұрат аға, көз тию, дуаға сенесіз бе?
– Көз тию, дуа деген нәрселерге сенемін. Өйткені басымнан екеуі де өтті.
Маған 6-сыныпта көз тиген. Ауылда бір кісі болды. Кімге қарайды, сол адамға көзі тиіп кететін. Сондықтан адамға қарамауға тырысады екен. Бірде анам мені сол кісінің үйіне алып барды. Мен жұрттың алдында тұрып ән айттым. Неге екені белгісіз, жаңағы кісіге көзім түсіп кетті. Ол да маған қарап қалған болатын. Кішкене баламыз, «көз тиеді-ау» дегенді білмейміз. Ән айтып болған соң «Ал, балам, тамаққа келе ғой» деп шақырды. Бірақ орнымнан тұра бергенде есімнен танып құлап қалдым. Бәрі шулап, жедел жәрдем шақыртып, мені ауруханаға жеткізді. Ауырып қалғанымды естіген әлгі кісі «Ойбай, оған менің көзім тиген. Баланы маған алып келіңдер» деген екен. Ертесіне өзі ұшықтап, дұға оқыды. Бір апта ауырып жаттым. Сол кезде «көз тиген» деп айтқан. Кішкене күнімізде анамыз кеудемізге түйреуіш тағып қоятын. Соның бәрі осы көз тию, сөз деген бәледен құтқарып қалу үшін жасалады екен. Жалпы, көзі өткір адамдардың барына сенемін. Баяғыда сондай бір кісі қатты жүріп бара жатқан жүк мәшинесіне қарап, «Пай, пай, мына мәшиненің жүйткігені-ай» дегені сол екен, кетіп бара жатқан жерінде мәшине аударылып кетіпті. Нені айтса, соған көзі өтіп кетеді екен. Осындай кісінің Маңғыстау жақта болғаны рас.
– Естуімізше, кезінде сізді де дуалаған көрінеді?
– Мені 1-курс оқып жүргенде дуалапты. Бір қызбен дос болған едік. Қасымда жүрген достарым «Ойбай, Мұрат, сен өзгеріп барасың. Ешкіммен амандаспайсың, сөйлеспейсің. Басқа адам болып барасың» дей бастады. Бірақ мен «Ой, қойыңдар» деп олардың сөздерін елең қылмадым. Бір күні жолда карта ашып отырған кемпірді көрген жолдастарым қызық үшін карта аштырады. Орыс кемпір болатын. «Сендер маған бекер келіп отырған жоқсыңдар. Маған сендерді Құдай айдап әкелді. Бірге жүрген достарың ауырып жүр. Оны дуалап қойған. Тезірек әкеліңдер, дуасын кетіру керек» депті кемпір оларға. Содан достарым мені алдап-сулап жаңағы кемпірге алып барды. Келе жатқанымда-ақ мені алыстан таныған кемпір «Сен бе, Мұрат? Артыңнан қара түтін көрініп тұр» деді. Үйіне барған соң балауыз жағып, қасына отырғызып қойып бір дұғалар оқи бастады. Сәлден соң «Сені дуалаған адамның өзіне дуасын қайтарайын ба? Бірақ ол да қатты ауыратын болады» деп сұрады. «Мейлі, көрейік. Дуалағаны рас па тексерейік. Қайтарсаңыз қайтарып көріңіз» деп, қыздың мені немен дуалағанын сұрадым. Кемпірдің айтуынша, қыздың бөлмесіне барып жүргенде, суретімді алып қалған екен. Бәріміз жатақханада тұрамыз. Сөйтіп, суреттің қасына қара ине-жіп қойған. Ине-жіпті бас жағыма да қойыпты. Содан ертесіне қыздың бөлмесінен суретімді алып, өртеп тастадым. Әлгі ине мен қара жіпті де таптым. Бәрін кемпірдің айтуынша істедім. Тура сол күннен кейін қыздың өзі келіп менен кешірім сұрады.
– Сонда дуаланып қалғаныңызды сезбегенсіз бе?
– Әлгі кемпірдің «Үйіңе барғаннан кейін ұйықтап қаласың. Тұрғанда ішің ауырып мазаң болмайды. Түнде шошисың, ауырасың» деп айтқанындай-ақ болды. Түнде ұйықтасам дем ала алмай, ауа жетпей қалатын. Денемді бірдеңе басып қалатындай тұра алмайтын халде болдым. Көзімді ашсам, қарама-қарсы төсекте отырған бір қыз маған қарап қарқылдап күлетін. Басқа жаққа қарай аунайын десем, денемді бастырып тастағандай. Осылай арпалысып жатып, әрең дегенде оянатынмын. Орнымнан тұрып «бісміллә» деп, әйтеуір, аман қалғанмын. Негізі, мен дуланғаныма қатты сенген жоқпын. Сол себептен болуы керек, басымдағы дуадан бір күнде айыққанмын. Бірақ сол уақытта достарыммен араласпай кетіппін. Ешкіммен сөйлеспей, бәріне айқайлап боқтап сөйлеген екенмін. Тек әлгі қыздың ғана қасынан табылып, ол қайда барса сонда жүріппін. Тіптен «сабаққа барма» десе бармайтынмын. Осыған қарағанда, мені дуалағаны рас болса керек.
Сұхбаттасқан Анар ДӘУКЕН
«Жұлдыздар отбасы» журналы №4 (142) 2013 жыл







