Бүгінгі күні Қытайдағы жекпе-жеке спорт түрлерінде аз ұлт өкілдерінің саны артып келеді. Бұған Қытай мәжбүрлі түрде барып отыр десек артық емес. Себебі, күрес, бокс секілді спорт түрлерінде аз ұлттардың нәтиже жаратып, жеңіске жету мүмкіндігі жоғары. Бұл олардың қанына біткен мықтылығы, табиғаттан дарыған ерекшелігі.
Солардың қатарында қазақ жастары да бар. Біз сөз еткелі отырған жас оғлан – Ұлпар Қарқынұлы. Қытайдағы еркін күрестен мемлекеттік чемпион Серік Қожабайұлының ізі қалған, бүгінгі күні әлемде өзіндік аты шығып жүрген бокеріміз, қазақтың мақтанышы — Қанат Исламның туған жері Қаба ауданының түлегі. Ол 1996 жылы Қаба ауданының Сарбұлақ ауылы, Түлкілі қыстағындағы қарапайым отбасында дүниеге келген. Кішкентайынан боксқа әуес Ұлпар 2005 жылы танымал жаттықтырушы, Қанат Исламның алғашқы бапкері Мұрат Бошайұлының бокс үйірмесіне қабылданады. Ат болатын құлынды мүшесінен танитын Мұрат бапкер оның болашағынан зор үміт күтеді.
2010 жылы 13 жасында алғашқы жеңісіне қол жеткізген Ұлпар, Алтай аймағы бойынша өткізілген жас өспірімдер арасындағы жарыста 63 келі салмақта алтын жүлде иеленеді. 2011 жылы аймақтық жарыста 70 келі салмақта өнер көрсетіп, тағы да чемпион атанады. 2012 жылы Қытай астанасы Бейжіңнен келген бапкерлердің көзіне түсіп, орталықтағы Мемлекеттік боксерлер мектебіне қабылданады. Бұл жағдай бала қыранның тәжірибесін шыңдап, адымын аша түседі. 2013 жылы жастар мен жас өспірімдер арасында өткізілген мемлекеттік жарыста 75 келі салмақта қола медалды қанағат тұтады. Екінші рет, күміс медал еншілейді. Шапқан сайын тынысы ашылатын тұлпар сынды оғлан ұл, 2014 жылы маусымда өткен мемлекеттік жарыста ағалап алға озып, 75 келі салмақта бүкіл қытайдағы қарсыластарының бәрін бет қаратпай жеңеді. Кеудесіне алтын медал таққан ұл Қытайдағы қазақтардың ғана мерейін тасытып қоймай, Шыңжаң өлкесінің де атын асқақтатады.
Бүгінде «томағасы енді алынып, тұғырынан түлеген бала қыран» тек қытай қазақтарының ғана емес, күллі қазақтың мақтанышы болуға лайық ұл. Жарыс жолында жаңа ғана қара көрсетіп, алғашқы биігін бағындырған жас батырдың алдағы үлкен бәсекелерде, әлемдік жарыстарда, олимпиада ойындарында топ жарып, қазақ атын төрткүл дүниеге таныта түсуге, спорттағы жолының әрдайым ашық болуына тілектеспіз!
Мұрат Алмасбекұлы
qiyan.kz




