
Атам қазақ айтады: “Нағыз балуанға оң мен сол бірдей” деп. Ол сөзді тәпсірлесек, қара күші қаптал, рухы өр, әдіс-айласы мол, аңғарымпаз балуан, яғни, күш иесі оң мен солға қарамайды, қарсыласын қақыратып жығады деген сөз. Бірақ біздің қазақ жігіттері қарсыласын қақырата алмай жүр.
Дәлел керек пе, күрес түрлерінен қазақ жігіттерінің Олимпиада ойындарынан алтын алмағалы 34 жыл (Жақсылық Үшкемпіров, 1980 жылы – Мәскеу), әлем біріншілігінен алтын алмағалы 16 жыл (Баяқтияр Байсейітов, 1998 жылы-Швеция) бопты.
Неге бұлай? Әлде біздің жігіттердің күш-қуаты жетпей ме? Әлде, спортқа бөлінетін қаржы тапшы ма? Мүмкін спорттық оқу-жаттығу жасайтын орындар аз шығар?
Жоқ бәрі бар. Біздің балуандардың дені-сау, күш-қуаты қалпында, спортқа бөлініп жатқан қаржыны тіпті игере алмай әлекпіз, оқу-жаттығу орындары жетіп артылады, шетел асып барып дайындық көретін күйдеміз.
Енді неге мандымаймыз? Осы сұрақты спорттың жөн-жобасын біледі-ау деген бапкерлер мен мамандарға қойып көрдік. Көбі иығын қиқаң еткізеді. Ал, біледі-ау дегендері “бәрі жеребеге байланысты” дегенді айтты.
Менің түсінгенім: біздің жігіттердің бағын “жеребе” дейтін жетпегір байлайтын көрінеді. Яғни, үлкен жарыстарда біздің балуандар ә дегенде мықтылармен жолы түйісіп қалады екен де, амалсыз жығылатын көрінеді.
Құдай-ау, балуан мықтыны жыққанда ғана балуан саналмаушы ма еді. Соңғы кезде осы жеребе дегенді бапкерлер өзін ақтайтын, жауапкершілікті жеңілдететін құрал қылып алған сыңайлы. Мысалы, “дзюдошылар әлем чемпионатынан неге медальсыз оралды?” десем, бір білермен айтады: “жеребе бойынша жапондықтарға жолығып қалдық” дейді.
Дәл осы сияқты күрес түрлерінен ресейлік (негізінен кавказ жігіттері) балуанға жолығып жеңілген жағдайда “жеңілдік” бар. Бокста кубалықтардан таяқ жесек кешірімді. Міне, біздің спортта осындай түсінік қалыптасқан.
Қысқасы, бапкерлер мен балуандардың миынан жоғарыдағы “жеребе синдромы” арылмайынша, күрестің көші ешқашан түзелмейді. Бұның арғы жағында “біз әлсізбіз” деген құлдық сана жатыр.
Бұдан арылтатын жол, оқу-жаттығу жиыны немесе дәрі-дәрмек, қаржы-қаражат емес. Тек қана – ұлттық рух. Яғни, “мен де мықтымын, қазақтың баласы ешкімнен кем емес” дейтін түсінікті балуанның миына құю керек.
Шығыс даналығы бойынша “қойды арыстан басқарса, қойлар да арыстанға айналады” дейтін ұғым бар. Осыған қарағанда әуелі, біздің бапкерлерде ұлттық рух пен намыс жойқын болуы керек сияқты.
Рух пен намыс жоқ бапкер балаға не үйретеді? Тек күрестің әдіс пен тәсілін үйретеді де, бойына жалынды өр рух дарыта алмайды. Тек әдіс-тәсілмен ғана қаруланған балуан кавказдың ұлдары күркіреп жетіп келгенде, тізесі дірілдеп жүре бермей қайтеді. Өйткені, олар әуелі рухпен суарылған жігіттер.
namys.kz


