Ұлттар мен ұлыстарды ұйыстырып, тату-тәтті тұрмыс кешудің жолын тапқан қазақстандық модельді таныту үшін таяуда бір топ азаматтарымыз Швеция мемлекетіне арнайы сапарлап қайтты. Қазақстан халқы ассамблеясының атынан барған өкілдер Уппсала қаласында Этносаралық ынтымақтастық мәселелеріне арналған халықаралық конференцияға қатысып, швециялықтардың өтінішімен «Н.Ә.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің моделін» жан-жақты таныстырыпты.
7-9 қаңтар аралығында Уппсала қаласының Уппсала университетінде болған халықаралық конференцияны оқу орнының басшылығы, Азшылық мәселелері жөніндегі Еуропа орталығы және ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ұйымдастырыпты. Конференцияға Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Бельгия, Ресей, Австрия және басқа да елдердің 15-тен аса ірі университеттері мен ғылыми орталықтарының өкілдері қатысқан. Атап айтқанда, Кембридж университеті, Эдинбург университеті, Пенсильвания университеті, Колумбия университеті, Женеваның халықаралық қатынастар және даму институты, Ресейдің Фин-Угор ассамблеясы, Иванэ Джавахишвили атындағы Тбилиси мемлекеттік университеті, Левена университеті, Бирмингем университеті, Литваның тарих институты, Глазго университеті, Белфасттағы Королева университеті, Тампере университеті, Украина Ұлттық академиясының делегациялары бар. Ал еліміздің атынан Мемлекеттік басқару академиясының ғалымдары, Қазақстан халқы ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесі, Білім және ғылым министрлігі Философия, саясаттану және дінтану институты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қызметкерлері болды. Қазақстандық делегация халықаралық ғылыми қауымдастық алдында Н.Ә. Назарбаевтың этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің моделін, Қазақстанның бейбітшілік пен келісім саясатының қағидаттарын таныстыруды басты мақсат етіп барыпты.
– Халықаралық конференцияда көп елдерден жиналған ғалымдар қазақстандық модельге айрықша қызығушылық танытты, – дейді кеше Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде делегация атынан брифинг өткізген Қазақстан халқы ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесі төрағасының орынбасары, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Сәдуақасова. – Онда көтерілген бірінші мәселе дау-жанжалға, қақтығыстарға жол бермеу тұрғысында болды. Ал бұл тұрғыда Қазақстан ерекше, себебі елімізде көптеген ұлт өкілдерінің бірлігі мен татулығынан алатын өнеге баршылық. Осы орайда шетелдіктер біздің тәжірибеміз бойынша көп сауалдар жолдап, жауап алды. Шетелдік ғалымдар «Қазақстандағы этностар ішінде қандай мәселелер бар және олар қалай шешіледі?» деген сұрақты қойды. Бұл тұрғыда ең басты институт – Қазақстан халқы ассамблеясы екенін түсіндіріп бердік. Олар қаншама ұлыстардың бір шаңырақ астында бір-бірін сыйлап, тіршілік кешіп жатқанын айрықша қызығушылықпен тыңдады. Мәселен, біздегі татулық моделіне Балтық елдерінің сарапшылары өте үлкен қызығушылық танытты. Себебі ондағы Еуропалық одаққа мүше үш елде ішкі мәселелер, оның ішінде тараптардың мүдделерін қорғау, азаматтық құқық саласындағы көптеген жайттар өзінің өзектілігін жойған жоқ. Сондай-ақ үлкен ықыласты Украина ғалымдарынан, Англия университеттерінен байқадық. Әсіресе, оларды тіл саясаты толғандырды. Белгілі бір шектеулер немесе басымдықтар барын не жоғын білгілері келеді. Олар «балалар мектептерді және оқыту тілін қалай таңдайды» деген сауал қойды. Мен ата-аналардың және оқушылардың тілегі бойынша өздерінің таңдау жасауға құқығы бар екендігін айттым.
Биыл ҚХА-ның құрылғанына 20 жыл толуына орай Швецияда ұйымдастырылған халықаралық конференцияның маңызы зор. Бұдан бөлек те, ассамблея өкілдері шетелдерге сапарлайтын түрлі үкіметтік делегациялардың қатарынан қалмай келеді. Сапарлар барысында олар «қазақстандық модельді» өзге мемлекеттерге тереңнен түсіндіріп, тәжірибе алмасуды қалыпты үрдіске айналдырып отыр. Бұл турасында ҚХА атынан Парламенттің Мәжілісіне депутат болып сайланған Ахмед Мурадов әңгімеледі.
– Қазіргі кезде ассамблея Қазақстан брендіне айналып келеді. Ұйым арқылы имидждік жобаларды қолға ала бастау керек. Бір жағынан, ол біздің ұлысаралық бірлікті сақтаудың моделін дәріптейтін негізгі ресурс. Мәселен, Уппсаладағы конференцияда Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысына қызығушылық танытатындар «24 жылда Қазақстан қалайша қақтығыстардан аман қалды?» деген сауал қойды. Олар өз елдерінде толықтай орныға алмай жатыр және біздің елден осындай татулықтың, бірліктің ұя салуына ықпал еткен ең негізгі факторды білгілері келеді. Біздің жеріміздегі әл-ауқаттылықтың ұстыны – қазақ халқының толеранттылығы. Бұл фактор негізге алынбаса, қалғанының барлығы жай пайымдау болып кетеді» дейді депутат Мурадов.
Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығына орай басталған шаралар енді әртүрлі жобада елімізде және шетелдерде ұйымдастырылатын болады.
Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ
aikyn.kz



