Қазақстан Үкіметі бір жыл жыр қылып жүріп, «Халықтың Көші-қоны туралы» Заң жобасын сүзгіден өткізіп, ҚР Парламенті Мәжілісіне жолдады. Қазір Мәжіліс комитеттері заң жобасымен жұмыс істей бастады. Денсаулық және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің Этникалық көші-қонды реттеу басқармасының басшысы Марат Тоқсамбаев заң жобасының алдағы жазға дейін талқыға түсіп, қабылдануы мүмкін екендігін жеткізіп отыр.
Алыс-жақын шетелдерден келетін оралмандар үшін бұл заң аса маңызды құжатқа айналмақ. Өйткені заңдық нормалардың өзгеруі салдарынан Қазақстан қандастарымызды қарсы алуды күрделендіріп жіберді. Онсыз да күрделі өмір одан әрмен тарылып, бір тарының қауызына сиярдай болған. Сергелдеңге түскен қандастарымыз үшін ҚР азаматтығын алу былай тұрсын, шетел азаматы ретінде тұрақты тіркеуге тұрудың өзі қиямет қайымға айналып келгені белгілі. Осы мәселеге орай «Түркістан» газеті бетінде бірнеше рет дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, тұрақты тіркеуге тұра алмай сергелдеңге түскен қандастарымыз жайлы бірнеше мақала жарияланды. Бұған құзырлы органдар тарапынан, заң қабылданғанын күтіңіз дегеннен өзге ешқандай қайран жасай алмағандығы да мәлім. Былтыр оралмандардың азаматтық алу мерзімін 3 айдан 4 жылға созған Қазақ билігі, этникалық қазақтардың Қазақстанға оралу процедурасын жеңілдету шараларын қолға алатындықтарын айтты. Егер соңғы қабылданған қаулылар бойынша, шетелден келетін қазақтар дәрежесі өзге де шетелдіктермен теңестіріліп, атамекенінде тұрақты тіркелуі үшін есеп-шотында 2 миллиондай теңге бар екенін дәлелдеуі қажет болып келсе, былтыр мамырдың 25-cінде қабылданған Үкіметтің №248 Қаулысы бойынша этникалық оралмандарға мұндай талап қойылмайтын болды. Алайда Ішкі істер органдары енгізген қатаң талаптарға орай, ешқандай жаңа қаулы қабылданған жоқ. Соның салдарынан Қазақстанда тұрақты тіркеуге тұра алмай шығу визасын бастырып, кетіп қалған жандар қаншама? Олардың кейбірі виза өткелегінен өтіп, қайта келіп жатса, көбі қолын бір сермеп, тұрып жатқан елінде қала беруді жөн көрген.
Сондықтан оралмандардың көбінің жаңа заңнан күтіп отырғаны, этникалық қазақтардың атажұртында тұрақты тіркелу процесін жылдамдату және жеңілдету. Марат Тоқсамбаев заң жобасында дәл осы тұрақты тіркеуге қатысты баптардың жоқ екендігін айтады.
– Заңды талқылау барысында қоғамдық институттар белсене қатысып, заңдағы тұрақты тіркеуге қатысты түйткілдерді жөндеуге, ішкі істер басқармаларының қатаң талаптарын өзгертуге күш салуы керек, – дейді ол.
Заң жобасымен жұмыс істеген жұмыс тобы мүшелерінің біразына хабарласып көргенімізде, олар заң жобасының әлі қолға тимегендігін айтты. Ал, заң жобасымен таныс журналист Ауыт Мұқибекұлы заңда оралмандардың құқықтық мәселелерін жеңілдететін баптардың жеткілікті екендігін айтып, оқырман қауымнан сүйінші сұрапты: «Енді аталмыш Заңның өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жаңа жобасына келсек, «Түсіндірме жазбасында» сүйінші сұрарлық оң өзгерістер мен тиімді тармақтар бар екен. Атап айтар болсақ:
«Этникалық көші-қон саласында: 1) кейіннен тұруға ықтиярхат алуға мүмкіндік беретін оралман мәртебесін беру; 2) этникалық қазақтарға қоныстанған өңіріне қарамастан оралман мәртебесін беру; 3) этникалық қазақтарға ықтиярхат алу рәсімін, визасының санатына қарамастан төлем қабілетін растаусыз көші-қон полициясына өтініш беру негізінде ұсына отырып жеңілдету; 4) оралмандардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алу мерзімін жеңілдетілген (тіркеу) тәртіппен (өтініш берген күннен бастап үш ай ішінде) тұрғылықты тұруға рұхсат алған күннен бастап бір жыл ішінде белгілеу; 5) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен және шарттарда оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасын белгілеу; 6) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныстанған не көшкен жағдайда оралман мәртебесін алған күннен бастап бір жыл ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары шеңберінде оралмандардың әлеуметтік пәкет алуы (көліктік жол шығындарын өтеу, қызметтік үй не жатақханадан бөлме беру қатарлылар көзделген делініпті» дейді ол www.abai.kz сайтындағы мақаласында. Көріп отырғандарыңыздай, белгіленген жеңілдіктер арасында тұрақты тіркеу мәселесі арнайы бапқа енгізілмеген.
Оралмандардың республикалық «Жебеу» қоғамдық ұйымының мүшесі Базаралы Әріпұлы оралмандарға қиындық тудырып отырған екі мәселе барын айтады. Оның бірі – Қазақстанда тұрақты тұрғысы келетін қытай азаматтары ондағы тұрақты тіркеуден шығып келуі тиіс. Екіншіден, сотталмағаны туралы анықтама әкелуі керек. Бұл шетелдік азаматтар үшін бұрыннан келе жатқан талаптар. Бірақ әрбір баптың соңында жақша ішінде «бұның этникалық қазақтарға қатысы жоқ» деген сөйлемдер болушы еді. Кейінгі редакцияларында осы сөйлем түсіп қалды да, этникалық қазақтар өзге ұлт өкілдерімен теңестірілді. Жоғарыда аталған екі құжатты Қытайдың Қазақстандағы консулдығына растату туралы талап тағы бар. Қытай консулдығы алғашында бұл құжаттарды еш кедергісіз растап беріп келді. Алайда бір жылдан кейін, аталған құжаттарды растау үшін бақандай төрт құжат талап ететін болды. Олар: 1) Банкте қарызы жоқ деген анықтама; 2) Егер қызметкер болса, қызметтен қол үзгені рас деген анықтама; 3) Сотталмағаны жайында анықтама; 4) НОПОСТ өшіріп келу.
Алайда бұған дейін айтып келгеніміздей, Қытай шетел төлқұжатын сотталған азаматтарына бермейді. Ал, НОПОСТ өшіру үшін азаматтықтан шығуы тиіс. Алайда Қытай заңында өз азаматы өзге елдің азаматтығын алмайынша, оны азаматтықтан шығармайды. Сол себепті де, бұл талаптар орынсыз болып отыр. Демек заң жобасы көпшілік талқысына салынуды әрі жетілдіруді қажет етеді.
ОРАЛМАНДАРДЫ ҚАБЫЛДАУ ПРОЦЕСІ ЖЕҢІЛДЕТІЛУІ ТИІС
Дос Көшім, саясаттанушы:
– Қазақстан шеттегі қандастарын шақырып жатқан үш мемлекеттің бірі деп мақтанамыз. Ондай жағдайда біз олардың Қазақстанға келу, орналасу процесін барынша жеңілдетуіміз керек. Қазіргі заңдар керісінше, олардың азаматтық алу мәселесін мүлдем күрделендіріп жібереді. Мысалы, Израильде шеттен келген еврейлерге ұшақтан түсісімен, қолына төлқұжатын ұстатады. Израильде бір ай болған уақытымда, оларға арнайы салынып қойған үйлерді өз көзіммен көрдім. Біз қандастарымызды шақырып жатқаннан кейін, дәл Израильдегідей жағдайға жеткізуге тиіспіз. Бұл – біздің міндетіміз. Себебі қазір сырттан келіп жатқан қазақтардың бәрі қазақы адамдар. Олар ұлттық мәселені қолдайтын топ. Көптеген сарапшылар оралмандардың келуіне тосқауылдың қойылу себебін, әлеуметтік мәселелерден іздейді. Жұмысы жоқтық, баспанамен қамтамасыз ете алмау секілді мәселелерді алға тартады. Меніңше, себебі онда емес. Мұнда менталитеттің арасындағы күрес жүріп жатыр. Өйткені біз оларды шақырдық. Шақырған қонағына жағдай жасау біздің міндетіміз.
turkystan.kz



