Кітап ─ деген қазына
Жүректерге сәуле сепкен ─ «Сана суреттері»
Белгілі ақын, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лаураеты Аманғазы Кәріпжанәулетінің есімі жыр сүйер қауымға жақсы таныс. Оның алғашқы жырлары сонау өткен ХХ-ғасырдың 80-жылдарының басындағы студент кезінде-ақ мерзімді басылым беттерінде жиі жарық көріп жататын. Ол ақындығымен қатар озық ойлы пікірлерін де жасқанбай ашық білдіретін азаматтығымен де ерекшеленіп тұратын. Содан да болар 1986 жылғы Желтоқсан көтерлісіне қатысушы белсенді жастардың бірі болды. Сол кездегі билік тарапынан небір қысастықты басынан өткізді.
Жә, ол өзге әңгімеміздің өзегі болар. Бүгінгі сөз талантты ақын бауырымыздың сиясы кеуіп үлгермеген таяуда ғана «Жазушы» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген «Сана суреттері» атты жаңа жинағы туралы болмақ.
Иә, жыр кітабы «Сана суреттері» деп аталыпты. Ойлансақ, шынымен де санамыздың түкпірінде жатқан сансыз суреттер оянып, өткен жылдардан сыр шертері сөзсіз. Аманғазы ақын да осы ойды меңзесе керек. Жинақтың алғашқы бетіндегі «Сырқат» атты Өлеңге зер салып көрелік.
…Түзеген болдым сыртымды,
Ішімде әлі төңкеріс.
Көзімнен ытқып жыртылды,
Өзекті жарған теңселіс… Шынында да әр пенденің ішінде сәт сайын ұлы күрес, төңкеріс жүріп жататыны қапысыз шындық.
…Жараттың мендей мүсінді,
Өнерің тасып бір Құдай.
Өз қолың істеген ісіңді,
Ұрғылай берме, ұрғылай … деп Жаратушы Алладан жанына медет сұрайды. Мазасыз көңілдің бір сәттік бұлқынысын көз алдыңызға келтіреді.
… Заманақыр ордасын от қамады,
Мен кідірдім, Дүние тоқтамады.
Жүрегіме жармастым, Жыртығынан,
Менің көзім өзіме оқталады… Бұл жолдардағы астарлы ой Ұлы Абайдың «жұп-жұмыр тегіс келсін айналасына» көлеңке түсіріп тұрған жоқ. Қайта бейнелі суретімен қызықтырады. Ақын жүрегінің көзінен өзіне сынай қарап тұрған екінші бір жанарды көресіз.
Жалпы соңғы кездері осындай әрі жұмбақ, әрі ойлы, әрі суретті жыр жолдарын біраз қаламдастарымыздың жырларынан жиі кездестіретін болдық. Оқырмандардың да пікірі әр түрлі. Солай бола тұра, өз оқырмандарының ойынан шығып жүргені бәрімізді қуантады.
Мәселен, осы жинақтың бірінші бөліміндегі «Адасу» атты өлеңнің алғашқы 2-шумағын оқып көрелік.
… Жараттың ба Тәңірім, есі барды,
Күн де нұрын көзімнен шешіп алды.
Жөргөгінде жыртылған көңілімнен,
Сусып түскен қиялдың несі қалды.
Тәңір Сізге, ойым жоқ алабөтен,
Ғаламнан тыс іздедім жаңа мекен.
О дүниең мен бұ дүниең, тағы басқа,
Қай дүние бар, бәрін де ала кетем…
Осы өлең жолдарындағы «Күн де нұрын көзімнен шешіп алды», «Ғаламнан тыс іздедім жаңа мекен» деген жыр жолдарының астарында ақындық пафос, өршілдік, асқақтық жатқандай көрінеді. Өршілдік демекші, ақынның «Махамбетше», «Мен өзім» тағы басқа жырларында да тау өзендеріндегі бұрқаныс, іштей ширығу байқалады.
…Адамнан да, ғаламнан да бөлекпін,
Бәсеңдемес бойымдағы бар екпін.
Қашып жүріп өмірден де, көрден де,
Заманақыр келгенде…
Жаңа ғұмыр жаратуға керекпін… Ажалдан қашқан Қорқыт бабамыздың да сірә «қайда барсаң Қорқыттың көрі» дейтіні болашақ ұрпақ үшін мәңгілік ғұмырды іздегені болар. Бұл ақын да қандай жағдайда болсын болашақ, келешек ұрпақ үшін күресуге белін бекем буған секілді. Оқырманын осындай ойға жетелейді.
… Мен, мен едім, мен едім,
Мен фәниге жазылған,
Мәңгіліктің шері едім.
Ажалға арнап қазылған,
Әңгүдіктің көрі едім.
Жылдамдығын жарықтың,
Бағындырсам деп едім,
Жаратылыс дегенді,
Табындырсам деп едім.
Бәрін тиеп мұңыма,
Тағдыр деген мазақтың,
Жұмақтың да тозақтың,
Түбін кешсем деп едім… Бұл ақынның дауылпаз Махамбетше толғанысы. Ұлы Мұқағалидің «Жер бетіндегі жамандықтардың барлығын, Көрге ала кетем керексе» дегенімен үндесіп тұрғандай. Иә, ақын біткеннің мәңгілік қиянатпен, озбырлықпен, әділетсіздікпен күресі біткен бе. Ғасырдан ғасырға жалғасып келеді. Осы ұзақтау жырды оқып отырғанда Махамбет, Абай, Қасым, Мұқағали-лар кешкен мұң Аманғазы ақынның да басынан айналып өтпегеніне кәміл сенесіз.
Мақаламыздың бас жағында айтып кеткеніміздей, шынында да Аманғазы ақын ойлы пікірлерін жасқанбай ашық білдіретін азаматтығымен де ерекшеленіп тұратын дарын иесі. Ол өз ұлтының болашағына мазасызданады. Орын алған келеңсіздіктерге қаламымен қарсы шығады. «шыбын жанын шүбереке түйіп» жырларына арқау етеді. Мұндай өлеңдер «Сана суреттерінде» жетіп артылады. Мәселен, күні кешегі Жаңаөзендегі қанды оқиға да ақын жүрегіне жара салған, ашындырған. Болмаса,
… Жердің үстін лаулатқан намыстары,
Тұтаспасын жер астын деп тіледім… деп шамырқана жырламас та еді. Иә, бүгінгі биліктің қарапайым халықты жазықсыз қан-қақсатып, арғы дүниеде жатқан аруақтардың сай-сүйегін сырқыратып жатқаны қалай деп ойланасың. Ұлы Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым» ұрпақтарына аманат етсе, бүгінгі ұрпақтары бірі-бірі шиебөрідей талап жатқанына жаның ашиды. Аманғазы ақынның жоғарыдағы жырлары еріксіз осындай ойға жетелейді.
Ақынның бұл жинағындағы «Оқылмадым оқымаған ғаламға» атты бөлімінде түгелдей дерлік кешегі Желтоқсан көтерілісі мен бүгінгі Тәуелсіздікке арналған жырлар топтастырылыпты. Желтоқсан каһармандары Ербол Сыпатаевқа, Қайрат Рысқұлбековке, Ләззат Асанова тағы басқаларға арналған өлеңдерін аза жырлары деуге болады. Мұнда да мұңды өлеңдердің өзінен өршілдік рух есіп тұрады.
…Темір табыт әкелді шыға алмасқа,
Темір қоғам қандай сыр ұғар басқа.
Темір табыт әкелді тұншықтырып,
Ұлттың үніні аспанға шығармасқа… дейді Ербол Сыпатаевтың рухына бағышталған жырда. Одан әрі
… Намысты елге жарасқан дархан қылық,
Ұзақ тұрмас бас еркін арқанға іліп.
Ербол да елін ұшпаққа алып шықты,
Жалғандықты жайлаған талқан қылып…
Айна-қатесіз шындық. Бүгінгі бейбіт заманның құрбандары Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбаевтың рухына арналған өлеңдегі мына жолдар бүгінгі күннің де көріністерін көз алдыңызға әкеледі.
… Басқан ізін шаң емес, нала көміп,
Тоқтатпады жорығын «қара көлік»
Тірі әділет тірліктен тұрақ таппай,
Арыстардың көзінде барады өліп….
Тарих қойнауында жатқан өткен ХХ-ғасырдың 30-жылдарындағы зобалаңдағы жазықсыз арыстарымызды жалмаған «қара көлік те» бүгінде қанды жорығын тоқтатпағандай. Десек те, Тәуелсіздік ─ халқының азаттығы үшін арпалысып өткен арғы-бергі батыр бабаларымыздың, кешегі Желтоқсан құрбан болған біздің буынның қайсар перзенттерінің өшпес рухтарының Жеңісі деп ойлаймыз, ойлаймыз емес ─ дәл солай.
Бұл бөлімдегі өлеңдердің кез-келгеніне жеке-жеке тоқтап, көркемдігі жайлы үлкен әңгіме өзегіне айналдыруға болады. Оны оқырмандардың өзіне қалдыралық.
Оқырмандарымыз Аманғазы ақынның өлеңдері жайлы біржақты пікірде қалып қалмау үшін енді жырларындағы өзге қырларын да азды-көпті сөз етелік. Айталық, осы жыр кітабындағы 4-бөліміндегі өлеңдеріндегі ақын жанының жаймашуақ сәттеріне жолығасыз. «Ауылға барғанда», «Сенің жаның не білді», «Ағын», «Жалғасы бар тойымның», «Өскемен» тағы басқа да жырлары осы ойымызға дәлел болады. Әсіресе, жас оқырмандарымызға арналған «Қазақстан картасы» өлеңі күллі қазақ жеріне көрікті өлең жолдарымен саяхат жасайды.Сонымен бірге, жыр жинағында ақынның ән текстеріне жазылған өлеңдері де беріліпті.
Түйіндей айтқанда, Аманғазы Кәріпжанәулетінің кезекті жыр жинағы ақын шығармашылығының тағы бір жаңа белеске көтерілгенін айғақтайды. «Сана суреттері» жыр сүйер қауымның жүректеріне сәулесін себе берсін, демекпіз.
Серікжан ҚАЖИ, ақын,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі


