Уақыт алға басқан сайын заманның әр кезеңі таңбасын тот басқан, тарихтың сарғайған парағына айнала береді. Бірақ, ерте ме, кеш пе, ол сарғайған парақтарды қолға майшам алып, шаңын сүрткізер бір себеп, сондай зор мүмкіндік туындайды. Міне, биыл біз үшін де бүгінгі егемендігіміздің кешегі күрделі тарихын, қиын-қыстау кезеңдерін қайта жаңғыртар, тіпті, 2 мыңжылдық тарихымыздың ең қымбат кезеңі – Қазақ хандығының үлкен датасын дүбірлетіп тойлар мүмкіндік туып отыр.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жуырдағы жолдауында «2015 жылды ұлттық тарихымызды ұлықтау, бүгінгі белестерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы деп есептеу керекпіз. Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтеміз», — деп зор демеу көрсетті. Сондықтан, бұл айтулы жылды өз деңгейінде тойлау – үлкен міндет, баба алдындағы парыз, болашаққа қалдырар мор ғибрат.
Жалпы, Елбасы тарапынан тиісті тапсырма берілген соң, тарихшылар Қазақ хандығының дәл құрылған жылына қатысты мәлімдемелер айтып жүр. Себебі, «неге 550 жыл?» деген сауалдардың туындағаны жасырын емес. Бұған қатысты Халықаралық Түркі академиясында өткен «Аманат» клубының жиынында тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған «Қазақ хандығының құрылғанына қатысты неге 1465 жыл деген датаға тоқталдық? Бұл жерде ұлы тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» деген кітабындағы деректерге сүйендік. Тарихи кітапта Керей ханның Шу бойына көшкен уақыты ретінде Хижра жыл санауымен дәл осы жыл көрсетілген. «Дәл дұрысын Алла біледі» деген де сөзі бар. Бұл бекер емес, себебі мемлекеттің құрылуы, қалыптасуы бір жылда жүзеге аса қоймайды, ол кемінде 15-20 жылға созылуы мүмкін. Ал Керей мен Жәнібек хандардың көшкен жылы біздің қазіргі күнтізбеміз бойынша дәу де болса 1465 жылмен тұспа-тұс келеді», — деген пікірін айтып, Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауға биыл толық негіз бар екенін түсіндірген.
Осы ретте, Қазақ хандығының негізін қалаған Керей және Жәнібек бабаларымыз туралы да толық мағлұмат таратып, өмір жолдарын бұрмалаусыз насихаттау керектігі айдан анық. Тарихта бұл екі тұлғаға қатысты, әрине, нақты деректердің аздығын тарихшылар аз айтқан жоқ. Дегенмен, осы уақытқа дейін табылған мәліметтерді насихаттау, тарихтың тасада жатқан тұсын тіктеу – үлкен міндет. Сондықтан, бүгін Қазақ хандығының негізін салған тұлғалардың бірі – Керей хан туралы мәліметтер терсек деген оймен оның есіміне қатысты фактілерді тізіп отырмыз.
Жалпы, зерттеушілер ХV ғасырдың ортасына дейінгі тарихи оқиғаларда Керей хан туралы мәліметтердің кездеспейтінін айтып жүр. М.Х.Дулатидің атақты «Тарих-и Рашиди» атты кітабында Керей хан Жәнібек ханмен бірге XV ғасырдың ортасында Қазақ хандығын құруға қатысты оқиғаларға ат салысқан деген деректердің бары мәлім. Белгілі тарихшы, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев: «Керей ханның шығу тегі, бұған дейін айтылғандай, Жошы ханның үлкен ұлы – Орда Еженнен бастау алады. Орда Ежен, оның ұлы Сасы бұқа, оның ұлы Ерзен, оның ұлы Шымтай және оның ұлы Орыс хан болып жалғасады. Орыс ханнан Керейге дейінгі шежіре ортағасырлық деректерде жақсы сақталған. Т.И.Сұлтанов аударған «Муизз ал-ансабтың» мәліметінде «Орыс ханның 15 баласы: 8 ұл және 7 қызы болған делінеді де: «Бірінші ұл – Тоқтақия, ол хандық билікте болған. Оның үш қызы және үш ұлы болған: 1) Анике-Булад, 2) Бугучак, 3) Тенгриберди» деп айтылады. Ал «Тауарих-и гузида-йи нусрат-намада» Тоқтақияның ұлдары «Тенгри-Берди, Йагуджак-анеке, Пулад» деп беріледі. «Анике» немесе «анеке» сөзінің біресе Болаттың алдында, біресе Йагуджактың соңында берілуін қолжазбаны көшірушілерден жіберілген техникалық қате деуге болады. «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наманың» осы мәліметтері 1426 жылы жазылған «Муизз ал-ансабқа» тәуелді болғандықтан, біз осы шығармадағы мәліметті негізге аламыз. Ал Анике-Булад немесе Болатта бір ғана ұл болған, оның есімі – Керей. Сөйтіп, Орыс ханнан бері қарай таратсақ, Орыс-хан, оның ұлы Тоқтақия, оның ұлы Анике Болат және оның ұлы Керей хан болып жалғасады», — дейді.
Б.Кәрібаев өзінің бұл талдауында сондай-ақ Керей ханның есіміне қатысты тарихи деректерді айтады. Әрине, санамызға «Керей» деп сінген батырдың есімінде өте ертедегі түсініктер бар. «Жазба деректер мен тарихи зерттеулерде алғашқы қазақ ханының есімі – Гирей, Герей, Кирай, Керей түрінде кездеседі», — деген тарихшы Кәрібаев: «қазақ тілінде жазылған әдебиеттер мен зерттеулерде соңғы есім жиі және тұрақты пайдаланылатындықтан, біз де осы есімді өз зерттеуімізде қолданамыз. Бұл сөздің түп-төркіні мен мағынасына келсек, В.В.Бартольд ол жөнінде былай деп жазады: «Өзінің деректерін көрсетпей, Ахмед Вефик-паша өз сөздігінде «гирей» – моңғол сөзі, моңғолша «гарай» делініп, «еңбегі сіңген», «лайықты», «құқылы» деген мағынада қолданылады». Қазіргі кезде Моңғолиядан тарихи Отанына қоныс аударған және көне моңғол тілін жетік білетін бауырларымыздан бұл сөздің мән-мағынасы жөнінде сұрастырғанымызда, кезінде тарих пәнінің мұғалімі болып, зейнеткерлікке шыққан, ардагер-ұстаз Нығмет Мәмбетұлы ақсақал: «гарай» – көне моңғол сөзі, оның екі мағынасы бар, біріншісі – «биік», «еңселі», «алып» дегенді білдірсе, екіншісі – «ержүрек», «батыл», «еркін», «берік» деген мағынаны білдіретінін хабардар етті. Араб тілінде бұл мағыналардың «хайдар», «ғайдар» деген сөздермен берілетінін ескере келе, моңғол тіліндегі – «керей» сөзі мен араб тіліндегі – «хайдар» сөздерінің мағынасы ортақ, бірдей деген қорытындыға келеміз», — деген түйін шығарып отыр. Яғни, «Керей» есімінің мағынасы жоғарыда айтып өткен «ержүрек», «батыл», «алып», «берік» деген мағынаны білдірмек. Міне, қазақтың алғашқы хандарының бірі – Керей ханның есімінің астарында осындай бір үзік сыр жатыр.


