Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қысқа күнде қырық құбылған жаһанның беті жаман. Халықаралық қатынастар шиеленіске түсіп келеді. Ядролық державалар бір-біріне қоқан-лоққы жасауға айналды. Мұндай оқиғалар соңғы жиырма жылдан аса жүргізілген жойқын қаруды таратпау жөніндегі келіссөздерді қағаз жүзінде ғана қалдырды», – деген болатын. Президент осындай алмағайып кезеңде еліміз үшін бірлік пен ынтымақтың, татулықтың маңызын жете түсіндіруге тырысты. Өйткені бұл құндылықтарды сыртқы саясаттың ұстанымы еткен мемлекеттер азайып барады. Есесіне, көз алартқандар мен жұдырық көрсеткендер көбейді. Бұған әлем елдерінің әскери бюджетті еселеп, жаппай қарулануға ден қоюы дәлел. Әлемдік геосаяси жағдайға талдау жасап, кімнің мысы, кімнің күші басым екенін салыстырып көрдік.
Өткен аптада Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі жанындағы әскери-техникалық ынтымақтастық және экспорттық бақылау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы Олег Гладковский Украинаның НАТО-ға мүше мемлекеттердің қару-жарақ сатып алу жүйесіне қосылатын күні таяу екенін хабарлады. Жоғарғы Рада елдің блоктан тыс статусын жойғалы бері Украина НАТО-мен байланысты жаңа сатыға көтеруге мықтап бекінген. Украиндарды өз қатарына қосуға НАТО да кетәрі емес. Алайда Украинаның алпауыт одаққа бірден қосыла алмасы анық. Оған әлеуеті жетпейді. Десе де, Киев қолдаудан құралақан қалған жоқ. АҚШ сенаты жуырда «Украинадағы бостандықты қолдау туралы Акті» деп аталатын заң қабылдап, Украинаға «Major Non-NATO Ally», яғни «НАТО-дан тыс одақтас» деген мәртебе берді.
«Major Non-NATO Ally» мәртебесі 1989 жылы Батыстың көмегіне мұқтаж мемлекеттер үшін енгізілген. Алайда мұндай мәртебе жәрдем сұрағанның бәріне бірдей берілмейді. Тек тағдыры Ақ үйдің қызығушылығын тудыратын мемлекеттер ғана қолдауға ие бола алады. Өйткені АҚШ «НАТО-дан тыс одақтас» мәртебесін алған елдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өз мойнына алады, одақтың өзге мүшелері бұл мәселеге араласпайды. Ынтымақтастықтың бұл түріне мысал ретінде шешілмеген территориялық түйткілдеріне байланысты НАТО-ға кіре алмайтын Израильді айтуға болады. Бұл мемлекеттің қорғаныс министрлігі Ақ үймен тығыз әріптестік қатынас орнатып, АҚШ-тың қолдауына сүйеніп келеді. 2000-2009 жылдар аралығында Израильға Америкадан құны 19 миллиард долларды құрайтын 670 миллион бірліктен астам қару-жарақ жеткізілген. Оның есесіне АҚШ одақтас мемлекет аумағына өзінің әскери базаларын орнатуға мүмкіндік алады. Өз әскерінің мобильділігін қамтамасыз ету үшін Пентагон мұндай базаларды әдетте қару-жарақ қоймасы ретінде пайдаланады. АҚШ қарулы күштері араласуы тиіс кикілжің туа қалса, техниканы алыстан тасымас үшін Пентагон өзінің әскери базаларын әлемнің барлық қиырына орналастырған. «НАТО-дан тыс одақтас» мәртебелі лауазымын кеше ғана иемденген Украинаға келсек, ондағы барлық қару – автоматтан бастап ұшақтарға дейін КСРО стандартына сай. Әскерді басқару жүйесі де ескі сүрлеуден айыға алған жоқ. НАТО стандартына көшу үшін украиндардың біраз терлеуіне тура келеді. Әскер қатарын 250 мыңға арттыру қажеттігін ескеру керек. Өткен сәрсенбіде Украина президенті Петр Порошенконың 2015 жылдан бастап әскерге 3 рет мобилизация жүргізу туралы жарлыққа қол қоюы да сондықтан. Дәл қазір Украинаға АҚШ-тың көмегі ауадай қажет. Өйткені Америка украиндарды оқ-дәрімен қамтамасыз ету арқылы елдің қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, Солтүстік Атлантикалық келісім ұйымының стандарттарын орындау мәселесін жартылай болса да шешіп бермек.
Ақ үйдің бұдан ұтары не? Украинаның «podrobnosti.ua» сайтының жазуына қарағанда, бұл «қайырымдылық» Пентагонның «Жедел жаһандық соққы» концепциясы аясында жасалып жатыр. Яғни, АҚШ Украинаны желеу қылып, Кремльдің басты қорғанысы – ядролық қаруды тартып алуды көздейді-мыс. АҚШ сенаторлары бірауыздан мақұлдаған «Украинадағы бостандықты қолдау туралы Акті» де о бастан осы мақсатта дүниеге келген дейді. Ұйымнан тыс одақтас ретінде тану арқылы Украинаны орыс газына тәуелділіктен арылтуды және Ресей Федерациясына қарсы салынатын санкцияларды арттыруды көксейтін құжат жуырда жүзеге аспақ дейді. Шынайы жағдай расында да «podrobnosti.ua» сайты жазғандай ма? Бұл сайт теріс қоғамдық пікір қалыптастырып, Атлант мұхитының ар жағындағы АҚШ-ты бекер қаралап, «жаптым жала, жақтым күйе» деп отырмағанына дәлеліміз жоқ.
«Украинадағы бостандықты қолдау туралы Актіде» Украинаға 350 миллион АҚШ доллары тұратын әскери көмек беру, елдің энергетикалық секторына қысқа мерзімде 50 миллион АҚШ доллары көлемінде жәрдем көрсету қарастырылған. Сондай-ақ, құжат «НАТО-дан тыс одақтас» мәртебесін Грузия мен Молдоваға да беру мәселесін көтерген. Еуропа елдерінің орыс тілді аудиториясына және ТМД елдеріне арналған «Настоящее время» бағдарламасына сұхбат берген АҚШ-тың Украинадағы бұрынғы елшісі Уильям Тейлор: «Украинаға қару-жарақ ұсыну арқылы біз Киевтің қолдаушысы бар екенін, агрессияның жазасыз қалмайтынын Мәскеуге ұқтырмақпыз. Грузиядағы кикілжің кезінде де, Қырым аннексиясы тұсында да біз Ресейге қысым көрсеткен жоқпыз. Енді ол Донбассқа баса көктеп кіргенде біз көз жұмып қарап отыра алмаймыз», – депті. 2008 жылы Грузияда орын алған жағдай кезінде АҚШ-тың бейтарап ұстанымда болғанын, Ресейге қарсы санкциялардың салынбағанын батыс саясаткерлері мойындайды. Ақ үйдің грузиндерге өз қаруын ұсынбағаны да – шындық. Бірақ бұл жолы АҚШ бейтарап қала алмайтын сияқты. «Әлем елдерінің көпшілігі біздің қазіргі жазалау шараларымыз 2008 жылдан қатал болу керек деп есептейді. Расында да солай болды: Ресейге қарсы санкцияларды үдеттік, бізге Еуропа қосылды, нәтижесінде мұнай бағасы құлдырап, Ресей экономикасы тұралап қалды. Біз Украина өзін-өзі толықтай қорғай алатын жағдайға жеткенше оған қару-жарақ ұсынуды тоқтатпаймыз», – дейді Уильям Тейлор мырза. Бірақ Америка Конгресі қабылдаған шешімге қарсы топ Украинаға көрсетілген әскери көмек Ресей агрессиясын үдете түседі деп алаңдаулы. Десе де, АҚШ-тың Украинадағы экс-елшісі қорқудың реті жоқ деп сендірді: «Олар Пентагонның бұл әрекеті Ресейдің Украинаға басып кіруіне түрткі болады деп сескенуде. Менің ойымша, керісінше, Ресейге тоқтау болмақ».
«НАТО – біздің ең басты геосаяси қарсыласымыз»
«Взгляд» газетінің Ресейдің НАТО-ға қатысты жаңа ұстанымын айғақтайтын басмақаласы осындай тақырыппен жарық көрді. Мақалада В.Путин қол қойған Ресейдің жаңа әскери доктринасына талдау жасалған. «Бұл құжатты 2010 жылы Д.Медведевтің тұсында қабылданған доктринамен салыстыруға келмейді. Ұстанымдар мен құндылықтарымыз басқа. Дос пен дұшпан да өзгерген. Мысалы, НАТО – бұдан былай біз үшін әскери әріптес емес, геосаяси қарсылас», – деп жазады басылым. Ресей Қарулы күштері Бас штабын 2004-2008 жылдары басқарған генерал-полковник Юрий Балуевскийдің пікірін де келтірген: «Дербес мемлекет ретінде Ресей Федерациясы өзі түзген стратегиялық жоспарлау құжаттары – Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы, Әскери доктрина мен Ішкі саясат концепциясын ішкі және сыртқы саясатының негізі ретінде басшылыққа алады. НАТО-ның Ресейді бейбіт келісім мен ынтымақтастықты қолдамайды деген айыптауы негізсіз. Жаңа доктрина осыны дәлелдейді. Керісінше, егер НАТО мен оған мүше әрбір мемлекет бізге тең құқықты әріптес деп қараса, біз одақпен бірлікті арттырар едік. Ресейге деген сенімсіздікті жеңу қиын шығар, бірақ солай істеу керек. Қырғи-қабақ соғыстың рудименттерін қолданбай, НАТО-ның стратегиялық концепцияларын ХХІ ғасыр жағдайына бейімдеген жөн».
Ұрыста тұрыс жоқ
Ресей сарапшыларының айтуынша, НАТО-ның жойқын шабуылға дайындалып жатқанын меңзейтін белгілер көбейген. Мәселен, Еуропада бой көтеріп жатқан жаңа нысандар, америкалық 150 «М1 Abrams» танкісінің Шығыс Еуропаға жөнелтілуі, Балтық жағалауы елдерінің төбесінде B-61 ядролық бомбасын алып жүре алатын F-16 әуе кемелерінің ұшып жүруі, АҚШ-тың Германиядағы әуе базасын жаңа қарулармен толықтыруы, Румыния мен Польшада зымыранға қарсы қорғаныс базасын құру мәселесін күн тәртібіне қоюы, тағысын тағылар. Әсіресе, АҚШ пен НАТО әскери ұшақтарының Балтық және Баренц теңіздері ұстінде ұшуды жиілетуі (аптасына 8-10 рет) Ресейдің шамына тие бастады. Ресей Қарулы күштерінің қолбасшысы Владимир Болдыревтің айтуынша, RC-135 із кесуші ұшағы 2013 жылы 22 рет ұшса, 2014 жылы 140 рет әуеге көтерілген. Калининград облысы мен Балтық жағалауы соңғы кезде Швецияның «Гольфстрим», Германияның «Орион», Данияның «Челленджер» және Литваның Зокняй әуе базасын уақытша қолданып отырған Португалияның «Орион» із кесуші ұшақтарының «құтты» мекеніне айналыпты.
Ресей Қарулы күштері бас штабының басшысы Валерий Герасимовтың сөзі де негізсіз емес: «Мәскеу үшін ең жағымсызы – АҚШ-тың посткеңестік кеңістікте «түрлі-түсті төңкеріс» жасауға әрекеттенуі. Грузиядағы оқиға, оның ізінше тұтанған Оңтүстік Осетиядағы соғыс, украиндардың Майданы, Донбасстағы толқу – мұның бәрі бізді әлемдегі жаңа геосаяси жағдайларға жауап қатудың тың тәсілін іздеуге итермелейді. Солтүстік Атлантикалық келісім ұйымы Украинадағы жағдайды өзінің әскери инфрақұрылымын Ресей шекарасына жақындату үшін ұтымды пайдаланып қалмақ. Польшада, Балтық және Қара теңіздің акваторияларында одақтың құрлық, әуе және теңіз күштері күн санап күшейіп келеді». Герасимов батыс елдерінің көпшілігінде Ресей туралы «Украинадағы қантөгістің басты айыпкері» деген көзқарастың қатып-семіп қалғанына да АҚШ-ты кіналайды. Ресейдің жаңа әскери доктринасында дербес мемлекет ретінде АҚШ-тың аты аталмауы да сондықтан болар. Бірақ, құжаттың Америка туралы жақ ашпай, оны НАТО-ның шеңберіне шегендеп қоюынан астыртын саясат іздеудің қажеті жоқ сияқты. Түптеп келгенде, АҚШ пен НАТО-ның көзқарасы мен ұстанымы, жүргізіп отырған саясаты ортақ. Өйткені Солтүстік Атлантикалық келісім ұйымының 75 пайызын Ақ үй қаржыландырып отыр.
Кремль де қорғанысты күшейтпек. Федералды бюджеттен көптеген әлеуметтік жеңілдіктер қысқартылды, есесіне Ресей әскерді модернизациялауға және әскери инфрақұрылымды дамытуға биыл 3,3 трлн. рубль бөлетін болды. Қорғаныс вице-министрі Татьяна Шевцованың айтуынша, бұл сома ішкі жалпы өнімнің 4,2 пайызын құрайды, яғни осы уақытқа дейін жұмсалып келген қаражаттан екі есе көп. Демек, Ресей НАТО белгілеген шектен де асып түспек. Өткен жылдың қыркүйегінде Уэльсте өткен НАТО саммитінде ұйымға мүше әрбір мемлекеттің әскери бюджеті ІЖӨ-нің 2 пайызынан кем болмауы тиіс деген меже қойған болатын. Бірден емес, әрине. Талапты орындауға он жыл уақыт берілді. Егер одаққа мүше мемлекеттер осы уақыт ішінде белгіленген көрсеткішке қол жеткізбесе, оған саммитте қабылданған 24 бет, 113-бөлімнен тұратын Декларацияның 5-бөлімі бойынша жаза қолданылмақ. Яғни, шартты орындамаған мемлекетке сырттан қауіп төнетін болса, НАТО оған қолдау көрсетпейді. Бұл қорғанысқа бөлетін қаражаты ІЖӨ-нің 1 пайызына да жетпейтін Литва (0,8 пайыз), Латвия (0,9 пайыз) сияқты мемлекеттерге жасалған ескерту болса керек.
Кімнің қорғанысы мықты?
Енді әлем елдерінің қарулану көрсеткішін айғақтайтын цифрлар айтарлықтай өзгеретіні анық. Әзірге біз Әлем проблемаларын зерттеудің Стокгольм институты ((SIPRI) дайындаған баяндама деректерін басшылыққа алып келеміз. Институт жасаған рейтинг бойынша қорғаныс саласына 640 млрд. доллард жұмсаған АҚШ сөзсіз көшбасшы. Ал әскери бюджеті 188 млрд. долларды құрайтын Қытай екінші орынға жайғасқан. Бүкіл әлемде қорғанысқа бөлінетін қаржының 11 пайызы қытайлардың қалтасынан шығады екен. Соңғы жылдары әскери бюджетті арттыра түскен Мәскеу Бейжіңнен кейінгі үшінші орынға жайғасқан. Былтыр Ресей Федерациясы қорғаныс саласына 87,8 млрд. АҚШ долларын жұмсаған. Ресей – әлемдегі аумағы ең үлкен мемлекет. Ішкі жалпы өнім көлемі бойынша әлемде алтыншы орында. Халқының саны – 142 млн, адам басына шаққандағы табысы 13 мың 200 доллардан келеді. Әйтсе де, Мәскеудің әскери қуатын Пентагонмен салыстыруға болмайтыны анық. Қазіргі күні Америка әлемнің 130 елінде әскери база ұстап отыр. Жалпы саны 7 мыңның көлемінде. Оның 6 мыңы АҚШ-тың өзінде болса, 1 мыңға жуығы өзге мемлекеттердің аумағында. Сондай-ақ Пентагон әлемдегі ең ірі қозғалмайтын мүлікке ие. АҚШ әскери ведомствасында 600 мың ғимарат бар. ХІХ ғасырдан бастау алатын АҚШ әскери базаларының тарихы 1898 жылы АҚШ-тың Испаниямен соғыса отырып Филиппин, Мариан аралын, Куба және Пуэрто-Риконы тартып алуынан һәм сол жерге өз қарулы күштерін орнатуынан басталған. Ал екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Америка Исландия, Солтүстік Африка, Үнді мұхиты, Германия, Италия, Франция, Жапонияда және Кореяның оңтүстік аймағында әскери база ашты. 1960 жылы Ақ үй 42 мемлекетпен 8 ауқымды әскери қарым-қатынас орнату үшін келісімшартқа отырды. 2001 жылы 11 қыркүйектегі оқиғадан кейін лаңкестікпен соғысу үшін АҚШ әлемнің әр елінде 19 жаңа әскери база ашуға мүмкіндік алды. Иракқа басып кірген соң, ол елдің территориясында 6 база ашылды. Ал АҚШ-тың осы салада соңғы жылдары қол жеткізген жетістігіне келер болсақ, Румыниядан ашылған Констанца базасын айтуға болады. Америка мұнымен тоқтап қалмақ емес. НАТО-ға мүше мемлекеттердің кейбірінде (Балтық жағалауы елдері, Болгария, Польша) Пентагонның әскери базасы жоқ. Енді осы олқылықтың орнын толтыруға күш салмақ.
Ал Ресейдің өз аумағынан тыс жерде небәрі 7 базасы бар. Оның үстіне, Сириядағы Тартус әскери-теңіз базасынан басқасы ТМД елдерінде. Бұдан басқа Ресейдің Абхазияда 1 500, Оңтүстік Осетияда 900, Приднестровьеде 1 мыңға жуық бітімгершілік күштері бар. Сондай-ақ, Ресей әскери әуе күштерінің Белоруссия және Әзірбайжанда баллистикалық зымырандарды бақылайтын стансасы орналасқан. Бұған Ресей жалға алып отырған біздің Байқоңыр ғарыш айлағы да кіреді.
Жоғары қуатты қару қолдану нені меңзейді?
Ресейдің жаңа әскери доктринасын талқылау барысында Ресей Қарулы күштері Бас штабының экс-басшысы генерал-полковник Юрий Балуевский құжатқа мемлекет бүтіндігіне АҚШ және НАТО тарапынан қауіп төнген жағдайда ядролық қару қолдану туралы бөлім енгізуді ұсынған. «Біз стратегиялық тосқауылдың басқа түрлеріне қарағанда ядролық қарудың салмағы басым екенін білеміз. Кеше солай болған, бүгін де, ертең де дәл осылай жалғаса бермек. Ядролық қарудан бас тарту туралы әңгіменің болуы мүмкін емес. Халықаралық әскери-саяси жағдайды барлап қарасаңыз, ядролық қаруды қолданамын деп қорқыту арқылы қарсылас тарапынан болатын қысымды азайтуға болатынын түсінер едіңіз». Яғни Балуевский ядролық қаруға иелік ету өзге мемлекеттерді үнемі үрейде ұстауға, сол арқылы қауіпсіздікті толық қамтамасыз етуге кепілдік береді деп есептейді. Редакцияланған доктринада ядролық соққы беру туралы сөз жоқ. Алайда өзіне және одақтастарына қауіп төнсе, Ресейдің жоғары қуатты қару қолданатыны жайлы жаңа бөлім енгізіліпті. «Жоғары қуатты қару қолдану» дегенді сан-саққа жүгіртіп жатқандар көп. Құжаттың қарудың қай түрін меңзегенін тап басып айту қиын. Бірақ, соқтыққанға берілер соққының оңай болмайтыны түсінікті.
Қуаттылығы 22 килотонна болатын ең алғашқы ядролық қаруды Кеңес Одағы 1949 жылдың 29 тамызында сынаған болатын. Ал тұңғыш термоядролық жарылыс 1953 жылы 12 тамызда жасалды. Бірақ бұл 1960 жылы 30 қазанда Архангельск облысында сыналған қарудың қасында түк емес-тін. Оның қуаттылығы 58 мегатоннаны құраған. Кеңес Одағының ядролық мұрасы Ресейге аманат болып қалды. Қазіргі таңда Кремльдің қолында әрқайсысы 1900 ядролық оқтұмсықты алып жүре алатын 499 стратегиялық тасымалдағыш бар. Балуевскийдің батыл сөйлеп тұрғаны сондықтан.
Ядролық қару АҚШ-та да бар. Америка қуаттылығы 20 килотоннаны құрайтын жойқын қаруын ең алғаш рет 1945 жылы 16 шілдеде Нью-Мексико штатындағы Аламогоро шөлінде сынақтан өткізді. Дәл осындай екі бомбаны (қуаттылығы 21 және 18 килотонна) араға екі ай салып Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына тастады. Ал алғашқы термоядролық қаруды Ақ үй 1952 жылы 1 қарашада Тынық мұхитының Эниветок аралында сынады. Әскері мен қару-жарақтарының саны бойынша АҚШ-қа тең келетін мемлекет жоқ. Бірақ, ядролық қаруға келгенде Ресейге шыдас бере алмайды. Өйткені Вашингтонның 7500 ядролық оқтұмсығы болса, Мәскеудің қолында 8500 белсенді оқтұмсық бар.
Ядролық қару туралы сөз болғанда, адамзатты түп-тұқиянымен жоқ қылып жіберуге шамасы жететін тағы бір үштікті айтпай кетуге болмайды: Ұлыбритания, Франция және Қытай. Лондон өзінің алғашқы сынағын «Құйын» деп атады. 1952 жылы өткізілген сынақ барысында қуаттылығы 25 килотоннаны құрайтын ядролық қару тексерілген болатын. Термоядролық сынақты 1957 жылы Полинезияның Рождество аралында өткізді. Бұл жарылыстардың негізгі мақсаты – КСРО бастаған ядролық жарысқа лайықты жауап қату еді. Бірақ кейін қуатты қарудан құтылуға асыққан жоқ. Ұлыбритания аумағында әлі күнге дейін 250-ден астам оқтұмсық сақтаулы.
Франция да өзінің ядролық қаруын әскери қуатының негізі деп есептейді. Париж жойқын құралды ең алғаш рет 1960 жылы 13 ақпанда сынап көрген. Өз аумағынан жырақта, Алжирде. Араға 8 жыл салып, 1968 жылы термоядролық сынақ жасады. Оны да өз жерінен аулақта, Тынық мұхитының Муруроа аралында өткізген. Қазір Франция ядролық арсеналында 290 баллистикалық снаряд бар екен.
Қытай 1964 жылы 16 қазанда Лобнор көлінің жағасында қуаттылығы 20 килотонна болатын ядролық қаруды сынақтан өткізді. Үш жылдан кейін дәл сол жерде термоядролық қаруының да «беташарын» жасады. Бірақ Қытай үкіметі мұны қанағат тұтқан жоқ. 2006 жылы 9 қазанда қуаттылығы алғашқы қарумен шамалас тағы бір жойқын жарылғышты сынап көрді. Үш жыл үзілістен соң, 2009 жылдың 25 мамырында қуаттылығы 12 тонна болатын баллистикалық снарядты ауаға атты. Содан соң ядролық қару саны жөнінен АҚШ-ты қуып жетеміз деген меже қойды. Ел Конституциясына стратегиялық қарулану туралы өзгертулер мен толықтырулар енгізілген соң Қытайдың бұл іске шындап кіріскені түсінікті болды. АҚШ Қорғаныс министрлігінің Конгреске арналған былтырғы есебіне (Military and Security Developments Involving the People’s Republic of China) сүйенсек, Қытайдың қазіргі ядролық арсеналы жер астында және сүңгүір қайықтарда орналасқан 50-75 континентаралық баллистикалық зымыраннан және қысқа қашықтыққа арналған 1100 баллистикалық зымыраннан тұрады екен.
Ядролық қару санын мезгіл-мезгілімен қысқарту туралы АҚШ пен КСРО, одан кейінгі уақытта АҚШ пен Ресей арасында бірқатар келісім болғаны мәлім. Тіпті 2013 жылы Берлинде өткен халықаралық жиында АҚШ президенті Барак Обама аймақ қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін жойқын қарулар санын шектеу бағытында жұмыс істеуге уәде берген. Осы бағыттағы нақты қадам ретінде НАТО-ға мүше мемлекеттерде орналасқан В61 атты 200 ядролық бомбаларын жоятынын жариялады. Тиісінше Ресейді де ядролық оқтұмсықтарының санын қысқартуға шақырған еді. Бірақ тынысы жиілеп кеткен әлемдік геосаясаттың тамырын басып көрсеңіз, бұл келісімдердің әзірге сөз жүзінде ғана қалатынына күмән жоқ.
Толық қауіпсіздікке тек ядролық қару кепілдік бере алады деген ұстанымды қолдайтын мемлекеттер қатары күн санап артып келеді. Қазақстан, Украина, Беларусь, ОАР (Оңтүстік Африка Республикасы) сынды бірқатар елдер жойқын қарудан ерікті түрде бас тартқанымен, іргесінің бүтіндігін ядролық қаруға иелік ету арқылы сақтауға ұмтылған мемлекеттердің саны 20-ға жеткен. Бұл – «SIPRI» таратқан мәлімет. Ядролық қаруды қолдайтындар Пхеньян жүргізген саясатты алға тартады. Солтүстік Кореяның мемлекет ретінде сыртқы әскери қауіптен барынша ада болуының бір ұшы ядролық қаруға келіп тірелетінін мойындау керек. Егер жойқын қаруға жылдам иелік етіп үлгермегенде ол да Ирак, Ливия, бірнеше елдерге күшпен бөлініп кеткен Югославия секілді елдердің күнін кешіп кетуі мүмкін екендігін саяси сарапшылар жоққа шығармайды. Алайда әлемнің түкпір-түкпірінде қанат жая бастаған нәсілшілдік пен әсіредіншілдік жағдайында жойқын қару қайда, қалай жұмсалатынына ешкім кепілдік бере алмайтыны белгілі.
Қалай десек те, жай қаруға қанағаттанбайтындар жаппай қырып-жоятын қаруға ұмтылыстың жаңа кезеңін бастап берді. Мемлекеттердің әскери бюджеті өсіпті деген ақпарат құлаққа түрпідей тиетін болды. Мәжіліс депутаты Алдан Смайылдың «Жаңадан ядролық қару жасауға қаржы жұмсау ессіздік болып табылады және оған ешқандай мемлекет бара қояды деп айта алмаймын» деген сөзі көңілге сенім ұялатты. Бәлкім, тым сенгіш болармыз, қанға сіңген аңғалдық та бар шығар бойымызда. Бірақ біз – қазақ, «ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз». Сол ұстанымнан тайған жоқпыз. Ядролық қарудан өзіміз ғана бас тартып қоймай, Елбасының осы сарабдал саясатын өзгеге де үлгі етіп келеміз. Жойқын қару ұстамасақ та іргеміз бүтін, еліміз аман.
Анар ЛЕПЕСОВА
turkystan.kz



