Нұрлан Жүнісұлы – 1973 жылы Ұлан-батыр қаласында туған. Бодибилдинг спортымен шұғылданады. Аталмыш спорт түрінен Моңғол елінің 8 дүркін жеңімпазы және Азия чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері атанған қазақ баласы. Нұрлан бауырымыз өткен жылдың соңы, желтоқсан айының 5-10 аралығында Үнді елінің Мумбай қаласында жалауын көтерген әлем чемпионатында 40-49 жастағы ерлер арасында 85 келі салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетіп алтын медал және барлық жас бойынша қола медалға ие болып, жеңістің биік тұғырынан көріне білді. Яғни, бодибилдинг спорт түрі бойынша әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ. Осы орайда, алыста тұратын азаматпен тілдесіп, мән-жайды біліскен едік.
– Нұреке, жеңісіңіз құтты болсын, қай жылдардан бастап бодибилдингпен айналыстыңыз?
– Рахмет. Мен бодибилдингпен 1992 жылдан бастап айналыстым, бірақ арасында екі жылдай тастап етіп, 1995 жылдан бері тұрақты шұғылданып келемін. Алғаш айналысқан жылдары менің салмағым бар-жоғы 60 келі шамасында болды. Қысқасы, бұл спортпен айналысқаныма 20 жылдың жүзі болды. Жалпы бодибилдинг спорты өте көп еңбек етуді қажетсінеді.
–Бұл спорт түрін таңдауыңызға не себеп?
–Жасы үлкен таныс ағай бар-тын. Ол кісі бодибилдинг, фитнесс спорты жайлы кітап-журнал жинайтын. Осы журналдардағы бұлшық еттері буылтықтанған адамдарға қарап қызығушылығым оянды. Содан жоғарыдағы ағай екеуміз журналдағы суреттерге қарап қажет құрал-жабдықтарды қолдан жасап алдық. Ескі қирап қалған жылу қазандығының ғимаратын жөндеп зал жасадық. Алғашқы жылдары қазіргідей құнарлы витаминдер тапшы, құнарлы тағамдар табылмайтын. Бұндай қиындыққа мән бермей су көжемді ішіп, бауырсаққа тойып алып тер төгетін едім. Бұл спорттың басты ерекшелігі – жас талғамайды. Көп жағдайда спортшылар 30 жастан кейін жетістікке жетіп жатады. Тек ерінбей жаттығу жасау керек. Адамдар ойлайтын шығар: темір көтеріп ширығып шыға келуге болады деп. Олай емес, тамақтың өзін арнайы жоспармен ішесіз, тұзды, майлы, тағам жеуге болмайды. Жаттығу барысында өте көп күш-қуат жоғалтасыз. Сол себепті, арнайы дәрумендер қажет. Олар қымбат тұрады. Сондықтан да, бұл спортпен екінің бірі айналыспайды.
–Алғашқы жетістігіңіз, яки, төккен тердің өтеуі нәтиже бере бастаған сәттер жайлы айта отырғайсыз?
–Алғаш рет 1991-1992 жылдары ішкі ел чемпионатына қатысып бағымды сынадым. 2000 жылға дейін айтарлықтай нәтижеге көрсете алмадым. 2001 жылы ішкі чемпионатта қола медалға қол жеткізіп, «Болашақ мистер» деген арнайы жүлде алдым.
–Ауыр жаттығулардан бетіңіз қайтып, «бұл спортқа бекер ұрындым-ау» деген кезіңіз болды ма?
–Ондай жайттар болды. Бірақ дәл тастап кету жайлы ойым болған жоқ. Егер ондай ойдың жылт еткен ұшығы болғанда қазіргі үлкен жетістікке жетуім екі талай еді. Өйткені, екіұшты ой бүтін биікке жеткізбейді.
–Нұреке сіз Мумбайда өткен әлем чемпионатында өз жасыңыз бойынша (40-49 жастағылар) алтын медаль ала отырып, барлық спортшыларға ортақ сайыстан қола жүлде алған көрінесіз. Яғни, сіз бір чемпионаттан бір алтын, бір қола медалға қол жеткізген екенсіз, солай ма?
–Дұрыс айтасыз, солай болды. Менің жетістігім Моңғол елі үшін жаңа парақтың беті болды. Маған дейін бұл елде бодибилдингтен ешкім мұндай атаққа қол жеткізген жоқ. Үнді елінің үлкен қаласы Мумбайда өткен жарысқа әлемнің 50 мемлекетінен 550 спортшы келіп қатысты. Әрбір сайыс жоғары деңгейдегі бәсекелестік жорасын көрсетті.
Мен алтын медалға қол жеткізе отырып, ересектер арасында 80 келіден жоғары сайысқа қатысып, қола жүлдеге қол жеткіздім. Болашақта осы түр бойынша да әлемді бағындыруға болады-ау деген үмітім оянды.
–Салмақ көп қуасыз ба?
–Көп салмақ қумаймын, үнемі бір қалыпта сақтауға тырысамын. Сол себепті, жылдың төрт мезгілінде үзбей жаттығу жасаймын. Әлем чемпионатынан кейін салмағым өсіп, 95 келіге барып қалды.
–Жалпы бодибилдинг спортын бағалаудың негізі шарттары қандай?
–Төрешілер спортшы дене бітімінің бірдей шынығуын басты талап деп көреді. Мысалы, аяғың шидей, кеудең талыстай болса, бұл дұрыс емес. Тері астында май болмауы тиіс. Одан кейін әрине, бұлшық еттердің жиырылу, серпілу, жиналу әрекеттерін назарға алады.
–Спорт сізге не берді?
–Өмірде шынайы күресе білуге үйретті.
–Шәкірттеріңіз бар ма?
–Бұл спорттың ерекшелігі сондай, өзің айналысып жүріп, екінші бір адамды жаттықтыру мүмкіндігі өте аз. Десе де, бір-екі шәкіртім бар. Бірде жақын досым жас баланы жетектеп алып келіп: «Нұрлан мына баланы тәрбиелеп көрші» деп өтінді. Өзі де жанып тұрған азамат екен менің істегенімді жасап үйренді. Оны Азия біріншілігіне ертіп бардым. Шәкіртім фитнесс түрі бойынша күміс жүлде алды.
–Жалпы бұл спортпен айналысуышлар сіздің елде көп пе?
–Аз. Жастар келеді, бір-екі жылдан кейін төзімі жетпей тастайды. Одан кейін шығыны көп спорт бұл. Қаржы болмаса, қайдан болсын.
–Үкімет тарапынан арнайы қамқорлық жоқ па?
–Бодибилдинг олимпиадалық спорт түріне жатпайтындықтан үкімет соқыр тиын бөлмейді.
–Шетелге жарысқа қалай барасыздар?
–Өз басым барлық қаржы-қаражатты қалтамнан шығарамын.
-Бодибилдинг, фитнесс спортымен айналысушыларға жас шектеу деген бар ма?
–Жаста шектеу жоқ. 60-70 жасқа дейін айналысуға мүмкіндік бар.
–Сіз бодибилдингтен басқа пауэрлифт спортымен де айналысады деп естідік?
–Пауэрлифтингтің жаттығулары негізінен бодибилдингпен бірдей. Өз басым 2005-2006 жылдары пауэрлифтингтен ел біріншілігіне қатысып, екі дүркін чемпион атандым.
–Әлемге әйгілі бодибилдингшілерден кімді үлгі тұтасыз?
–Әлемдік дәрежеде танымал Арнольд Шварценеггер үлгі тұтуға лайық адам. Ал, өз басым әлемнің 10 дүркін чемпионы Малайзия азаматы Сазали Самадты ерекше қадырлеймін.

–Әлем чемпионы болған сәттегі көңіл-күйіңізді білсек…
–Жарыстың қортындысын таныстыру үшін әділқазылар 5 спортшыны таңдап сахнаға шақырды. Соның бірі ретінде менде сахнаға көтерілдім. Сыйлықты соңғы 5-ші орыннан бастап жариялады. Әуелгіде атым шықпаған соң қола бұйыратын шығар деген үмітте болдым. Үшінші орын қола жүлдені жариялады. Атым шықпаған соң, «Құдайға шүкір күміс бұйырды» деп қуанып тұрдым. Менің қасымда әлі есімі жарияланбаған Бразилия спортшысы тұрған еді. Оның қолын қысып құттықтап тастадым. Біз кезде екінші орын күміс жүлде деп бразилиялықты шақырып жатыр. Сонда барып чемпион болғанымды түсіндім. Көзімнен жас сорғалап жүре берді.
Сұхбаттасқан Бекен Қайратұлы
baq.kz



