Қазақ жазушысы, сөз шебері, ұлтшыл, намысшыл тұлға Мұхтар Мағауин 75 жасқа толды. Бұл адамның қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесі турасында ұзақ әңгімелеуге болады. Осы ретте біз жазушыға қазақ тілінің қазіргі жағдайына қатысты 5 сауал дайындаған едік. Бірақ аталмыш сауалдардың жауаптарын өзінен емес, тиісінше жазушының шығармашылығынан, баспа бетін көрген ой-толғамдарынан іздеп тауып, оқырман қауымға ұсынып отырмыз.
–Сізге біреу келіп: «Қазақ тілін білмеймін, үйренгім де келмейді, бірақ күні-түні қазаққа қызмет етіп жүрмін» десе, қалай қабылдар едіңіз?
–Менің ұғымымда қазақ үшін кісілік өлшемі туған тілін білу. Анасын сатқан адамда қандай қасиет болуы мүмкін. Жарайды, танымай туғанына кінәлі емес. Бірақ қазір ес біледі ғой. Яғни, көріп тұрған анасына қайтып оралуы шарт.
Яғни, дәл осы ретте аюға намаз үйреткен – таяқ емес, соның туыстас ағайыны – тамақ. Тамақ табу үшін, күнкөріс үшін зәңгінің тілін де үйренесің. Ал қазақ тілін үйрену шарт емес. Өйткені, ешқандай қажеттілік жоқ. Ал біз «ойбай, тіл білмеген ұят» деп ұлттық сана, адамдық намыс дейтін абстрактілі ұғымдарды алға тартамыз. Ата-бабасының тілін білмеген, дәстүр-салтын мойындамаған, бар тәрбиесі орыс-советтік, тек түрі ғана қазақ «бауырыңда» адамдық намыс деген ұғым – туған ұлтына мүлде қатыссыз, керісінше ұлтын сөгіп, тілдеп жатқанда қорлану, намыстану орнына өзі қосыла қорлауға бейім.
Керек десеңіз, өзін ұлттан жоғары санайды. Өйткені «төменгі нәсілдің» тілін тәрік еткен, дәстүр-салтынан жиренеді, қазақ тілді жұрттың бәрін жек көреді. Қояншық сана, құлдық мінез осындай былғаныш шыңыраудың түбіне түсірген. Қайтып шығуы үшін, бірдеңені түсініп емес, әлденеге түшіркеніп емес, басқаша жағдайда қу құлқыннан қағылатынын аңдау үшін манағы ағылшын, түрік, араукан, копт, инк, санскрит, масайы тілдерін үйренгені сияқты қажеттілік тууы керек. Бүгінгі жадағай ұранмен ешқашан ешқандай нәтижеге жете алмайсыз. Бұл үшін ең алдымен, қазақша білетіндер өзара қазақша сөйлессін. От басынан базарға дейінгі аралықта. Біздің бар тіршілік осы ошақ қасынан бастап бүлінді емес пе. Енді бүгінгі қаптаған базарға қарасаңыз, жыпырлаған қазақ және мәліш саудада отырғандардың көпшілігі ауылдан келген, орысшаға шалағай қазақ, сонда да құдай атып, қасынан өтіп бара жатқан қазақ кемпіріне: «дебұшка, дебұшка, пажалыста, купайте ұу мене…» деп мәдениетсіп жатқаны.
–Ана тіліміздің мәртебесі жоғарылуына ең басты себеп не?
–Егер 1932-33 жылғы советтік геноцид болмаса, бүгінгі қазақтың саны кемі жиырма миллионға тартар еді, Орталық Азиядағы ең қуатты мемлекет аталар едік, тіліңіз не, біздің ойымызға да кірмеген қаншама мәселе өзінен-өзі шешіліп жатар еді, мінезіміз де, жүріс-тұрысымыз да, әлеуметтік, экономикалық жағдайымыз да басқаша болар еді… деп зарлана бергеннен не қайыр. Болмаған болашақ, жүзеге аспаған, орта жолдан қиылған тарих. Халқымыздың үш мың жылдық ерлік күресі, ұзақ тарихта жеткен барлық игілік – айналасы екі-ақ жылда сарып болды, ақыры, міне, өз жұртымызда осыншама бейшара күн кешіп жатырмыз. Бірақ ақыр түбі бұл емес. Тілегіміз біржола кесілген жоқ. Болашағымыз біржола тұйықталған жоқ. Өз ел, өз жерімізде отырмыз. Соған орай, өз сыбағамызды, тиесілі еншімізді иелену үшін… ең басты шарт – көбею! Бүгінгі республика шегінде басым көпшілікке айналсақ, «қара орысыңыздың» қайтадан қазақтануы тұрыпты, тілі жақын, діні ортақ ағайындас жұртыңыз не, сары орыстың өзі қазақ шығады. Тілімен ғана емес, ділімен де. Әрине, ерікті түрде, өзінің ынта-тілегімен. Қазір біздің орыс тілді қазақ журналистері бастап айтып жүргендей, әлемнің даму үрдісі, шет мемлекеттердің ұлттық құрылым тәжірибесі осындай. Франция – француздардың мемлекеті, Германия – алмандардың мемлекеті. Кішкентай ғана Чехия – чехтардың, Словакия – словактардың, Венгрия – мажарлардың елі. Бәрінде де аз ба, көп пе, басқа бір ұлттардың өкілдері болған, әлі де бар. Бірақ солардың бәрі де жұрт иесінің тілінде сөйлейді, сол жұртқа сіңісіп, қосылып жатыр. Өткен тарихта да солай болған. Бүгінгі қазақ та осылай құралды. Басым көпшілік, жетекші нәсіл қалған азшылықты өз ортасына қабылдап алады да, небәрі екі, үш, асса төрт ұрпақ өткенде айта-қатесіз өзі қылып шығарады. Тілін, дәстүр-салтын ғана емес, түр-тұлғасына дейін.
–Түсінікті. Бабадан қалған аманат еді. Бірақ тілдің обалы кімге?
–Жарайды, төңірек түгел орыс екен, орыс тілін жетік білу – қызмет үшін де, ғылым-білім үшін де пайдалы екен, тақау төңіректе қазақша мектеп жоқ екен, бірақ… өзіңіз қазақ едіңіз ғой, әйеліңіз қазақ, мейлі орыс болсын, өз үйіңізде өз балаңызбен қазақша сөйлесу қиын ба еді? Тіліңізді бұрап, өз шаңырағыңыздың астында, өз дастарханыңыздың басында тек балаңызбен ғана емес, шаласауат, мейлі білімге жетік, бірақ қазақ әйеліңізбен орысша сөйлесу де мәртебе болды ма? Жетістік, қуаныш болды ма? Шын сорлылық, шын құнсыздық осы емес пе. Біреу, екеу емес, мыңдаған шаңырақ ғұзырлы министрден қарапайым кеңсе қызметкеріне дейінгі, ғұлама академиктен қарапайым жұмысшыға дейінгі аралықтағы мыңдаған, он мың, бәлкім жүз мыңдаған қазақ осылай ерікті түрде, өз халқына, халықты қойыңыз, тым жоғары ұғым, өз ұрпағы, өз баласына қарсы ондаған жылдар бойы үздіксіз қиянат үстінде күн кешті. Сөйтіп, туған тіліне ғана емес, туған жұртына жат жаңа бір этнографиялық топ, бәлкім, мүлде жаңа, басқа бір халық дүниеге келді. Қазақтың өз ішінде. Осыдан соң, қазақ тілі, обалың орыс-орманға деп қалай айтасыз.Әуелгі, шешуші, негізгі обалың қазақтың өзіне, қалғанының бәрі қосалқы нәрсе дейміз.
Обалы – қазақтың өзіне болатыны – отбасында орыс тілінде сөйле деп кім нұсқау беріпті. Ана тілін білмегендерге айрықша сыбаға бар деген де жарлық шықпады. Өкімет пен партия тарапынан, басқа болса да, дәл осындай шешім, қаулы түспеген соң, қыжыртпай айтсақ, тағдырлас алыс-жақын көршіңіз – ұлттық санасы, адамдық намысы сақталған жұрттардың ешқайсысында ана тілдері дәл біздегідей аяқ асты қалып көрген емес.
–Жарайды, мәселені жан-жақты айтуын айтып-ақ жатырмыз. Шешімін айтыңызшы, аға?
–Бірақ… өзге емес, бізде мүлде керісінше – тіліңді де, дінің мен ата дәстүріңді де біржола тәрік етіп, басқа бір халыққа – орыс емес, аралықтан шыққан дүбара да емес, көп ұзамай мүлде құрып бітер тексіз тобырға айналу қаупі тұрғанын да терістей алмаймыз. Бүгінгі, қазаққа шекесінен қарайтын номенклатура, олардың өзі шыққан ұлтты жек көретін мәңгүрт әулеті байлыққа батып, билікке жетіп, сырт жерде осыншама құрметті болып отыруы – арттағы қара орман жұрттың арқасы екенін түсінбейтіні таң қаларлық жағдай. Қазақ ұлттық сыпатынан айрылса, көп ұзамай қазақ атымен аталатын ел де жер бетінен көшеді. Қалған қарапайым жұрт дәл бүгінгіше итшілеп тағы да біраз тіршілік кешер. Ал өзі мойындамаған, өзі қарсы жұмыс жасаған, ақыр түбінде өзі сатып кеткен елдің туы құлаған соң кешегі жандайшап кімге керек, бытқыраған байлығымен бұрынғыша тұра бермейді, ең алдымен солардың көзі жойылады – басқаны айтпағанда, қолындағы қазынасын тартып алу үшін. Бірақ азғындарының жаза тартқанынан өтіп кеткен елге келер ешқандай пайда жоқ. Күріш орылғанда күрмектің қоса кеткенінен не қайыр. Ішті, сорды, тойды, тиесілі теріс міндетін түгел атқарады. Ендеше, әуелі осы күрмек мәселесін шешіп алған жөн. Яғни, қара орман халқыңыз аман болсын, аман болу үшін арамнан тазарсын, арамнан тазару үшін етек-жеңін жинасын. Манағы сөзімізге қайтып оралсақ – бүгінгі, ұзын саны әжептәуір, бірақ өз елінде ұлттық басымдыққа жете алмай отырған қазақ еселеп көбеюі керек. Сонда ғана өз еліңізде Кісі боласыз.
Материалды дайындаған Данияр Кеңшіліктегі
namys.kz



