ҒАЛЫМ БОҚАШ, ШЫҒЫСТАНУШЫ-ЖУРНАЛИСТ, АЗАТ ЕУРОПА/АЗАТТЫҚ РАДИОСЫ ҚАЗАҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ ОНЛАЙН-ПРОДЮСЕРІ:
«БАРДЫ ЖОҒАЛТЫП, ЖОҚТАН БАР ЖАСАУ МӘСЕЛЕНІ ШЕШПЕЙДІ»
– СОҢҒЫ УАҚЫТТА СИРИЯДАҒЫ СОҒЫСТА ЖҮРГЕН ДЖИҺАДШЫ ҚАЗАҚТАР ТУРАЛЫ ИНТЕРНЕТТЕ АҚПАРАТ ЖИІЛЕП КЕТТІ. АЛ БІЗДІҢ РЕСМИ ОРГАНДАР ОЛ АҚПАРАТҚА ӘДЕТТЕГІДЕЙ «БҰҒАТТАУ» ӘДІСІМЕН ҒАНА ЖАУАП БЕРІП ӘЛЕК. ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ СІЗ ҚЫЗМЕТ ЖАСАЙТЫН «АЗАТТЫҚ» САЙТЫ ДА ЖИІ БҰҒАТТАЛЫП КЕЛЕДІ. МҰНДАЙ МЕМЛЕКЕТ ҚАУІПСІЗДІГІ ҮШІН ӨТЕ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕДЕ БІЗДІҢ БИЛІК ҰСТАНҒАН АҚПАРАТТЫ БҰҒАТТАУ ӘДІСІ ҚАНШАЛЫҚТЫ ОРЫНДЫ ДЕП ОЙЛАЙСЫЗ?
– Егер қауіпсіздік органдары бұл тәсілі арқылы терроризмге, қатыгездікке, я зорлық-зомбылыққа ашық шақыратын үндеулерді таратпауды мақсат тұтса, онда елдің конституциясы мен заңдарына сәйкес қандай да бір шара қолдануға хақылы шығар. Бірақ мұндай тыйым арқылы маңызды саяси-әлеуметтік мәселелердің қоғамдық платформада талқылануы шектелсе, бұл – сөз бостандығына төнген қатер. Радикалдық, я ультра-радикалдық көз¬қарастағы діни топтардың құрылымы, табиғаты, мақсат-мүддесі мен көз¬қарасы ашық талқыланбаса, халық бұл мәселеден қайтіп хабардар болмақ? Негізсіз шектеудің, жаппай цензураның кесірінен қоғамресми ақпарат арналарына күмәнмен қарап,бұрынғы совет заманындағы «ұзынқұлақтан естіп», «ұзынқұлаққа сену» әдетін қайта қалыптастыра бастайды. Мұндай жағ¬дай бірнеше қиыншылыққа ұрындырады.
Біріншіден, маңызды мәселелерден дер кезінде хабардар болып, оны шешу жолдарын бірлесе іздейтін халықтың бойындағы құрылтай, я форум мә¬дениеті кенжелеп қалады; екіншіден, жаппай құпияландыру жағдайында радикалдық топтар үшін діни идеологиясын жасырын арналар арқылы тарата беруге қолайлы ахуал туады; үшіншіден, «діни экстремизммен күрес» науқаны ашық жүрмегендіктен күштік құрылымдардың кімді, қалай, қайтіп, не үшін жазаға тартып жатқанын да қоғам бақылай алмайды; төртіншіден,көбіне экстремизмге қатысы жоқ топтар көрсеткіш үшін оңай құрбандыққа шалынып жатады.
– Сонымен қатар билік жиі қолданатын әдістердің бірі – жоққа шығару. Бар мәселені жасыру, мойындамау, алдау позициясы жағдайымызды ушықтырып жібереді деп ойламайсыз ба?
– Азаттық қызметінің тілшісі Мақпал Мұқанқызы қаңтардың 13-і күні «Ислам мемлекеті» содырлар ұйымының қолымен «өлім жазасына тартылғандар» туралы видео жарияланған соң, бұл екі азаматтың да Қазақстанда туып-өскенін анықтады. Бәлкім олар кейін Ресейдің, я басқа елдің азаматтығын қабылдаған шығар. Ол жағы анық емес. ҰҚК-нің қандай дерекке негіздеп оларды «Қазақстан азаматы емес» деп жариялағанын анық ұға алмадым. Жаңа айтқанымдай, барды жоғалтып, жоқтан бар жасау бұл мәселені шешпейді, керісінше, халықтың көңіліндегі күдікті ұлғайта түседі.
– Жалпы ИМ атымен танымал ол топтың атышулы сол видеосы жөнінде талқылау көп. Сіздіңше, ол шын түсірілген видео ма, әлде тек қойылым ба?
– ИМ-нің «Әл-Хаят» студиясы тү¬сірген бұл видео– форматы бойынша үгіт-насихат қойылымы. Бірақ видеода ИМ «жансыз» деп атаған екі адамды қазаққа ұқсайтын ұл баланың қолымен «өтірік өлім жазасына кесті» деп айту қиын. Бәлкім баллистикалық сараптама жасаушылар мен ұрыс қаруын қолдану мамандары дәлірек сипаттама бере алар.
– Қазір көптеген қазақстандықтардың Сирияда джиһадшылық жолында жүргені жасырын емес. Жоғарыда айтылған Сириядан жиілеп кеткен интернет сәлемдемелер соның айқын дәлелі. Бұл Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қалай әсер етуі мүмкін?
– «Әр кәллада – бір қиял» дейтін қазақ 21-ғасырда әр адамның саяси һәм діни көзқарас ұстану еркіне ешкімнің қол сұға алмайтынын түсінуі керек деп ойлаймын. Діни радикализм қай заманда да болған. Зайырлы мемлекет радикалдардың қолына қару ұстатпайтын, керісінше қолын жіпсіз байлап тастайтын жағдай тудыруы тиіс. Бұған білім мен мәдениет деңгейін өсіру арқылы қол жеткізуге болады. Мемлекет біржақты жазалау механизміне айналып кетсе, радикализмді өзі күшейтеді.Одан да сорақысы – зайырлы мемлекеттің өзі діни риторика қолданып, айтысқа араласып, қандай да бір діни тараптың адвокаты ретінде көрінсе, діни ахуалды тіпті нашарлатады. Қандай да бір радикалдың белсенділігі, жүріс-тұрысы зайырлы мемлекет конституциясының аясында бақылауға алынса, онымен тиісті органдар ашық диалог орнатса, көзқарасы мен ой-өрісінің қай бағытқа бұрылып бара жатқанына үнемі мониторинг жасалса, елдің ұлттық қауіпсіздігіне кенеттен, тіке қатер төндіре алмайды. Әлбетте, терроршыға, я экстремиске жүз пайыз бақылау орнату мүмкін емес. Дамыған Батыс елдерінің өздері кейде олардан көз жазып қалып жатады.Бірақ ондай адамдардың араласатын, үгіт-насихат жүргізетін ортасымен үнемі, тығыз байланыс жасауға тырысады. Ал егер мемлекет сол радикалдардың алдында беделі жоқ қандай да бір діни топқа «дәстүрлі» деген атақ беріп, ресми институтқа айналдырып, қалқан қылып ұстап алса, арғы жақтағылардың немен айналысып жатқанынан бейхабар күйі отыра берсе,онда болары болған соң қылышын тасқа шабудан басқа амалы қалмайды.
– Діни тұрғыдан әр түрлі діни топтарға, жамағаттарға, тариқаттарға бөлініп үлгерген Қазақстанның болашағы қалай болмақ?
– Діни көзқарас алуандығы – адам¬ның табиғатына тән нәрсе. Бұл мәселеге қатысты «бөліну» деген сөзді жағымсыз түрде қолдануға журналист ретінде де, шығыстанушы ретінде де қарсымын. «Түрлі діни топтарға бөліну, секталарға ыдырау» деген сол баяғы советтік атеизмнен, я болмаса теологиялық режимдерден қалған түсініктер. Әсіресе, журналистер бұл мәселеге келгенде барынша бейтарап, зайырлы позиция ұстанулары тиіс. «Дәстүрлі, таза діннен ірге ажыратып, жат ағымға ілескен» деп сөйлейтін Сауд Арабиясының, я Иранның журналистері емеспіз. Конституциясы бойынша демократиямен зайырлы қоғам құрушы, саяси һәм діни көзқарас ұстану еркіндігін және сөз бостандығын жариялаушы мемлекеттің азаматымыз. «Діни секталармен күрес» деген советтік науқанның кейбір тәсілдерін 21-ғасырда қайта қолдану кейбір авторитарлық режимдер үшін еркін ойлы, ыңғайсыз оппоненттерінен құтылудың бір амалы болып шығуы да мүмкін. Осы науқанды бүркемелеу, я ақтау үшін билік әркез «дәстүрлі діннің қорғаушысы» ретінде әрекет етеді. Ал саналы адам «дәстүрлі дін» деген түсініктің әрбір саяси режимнің идеологиялық векторына қарай құбылып тұратынын жақсы біледі. Осы мәселені талқылаған кезде сіз сұраған «Қазақстанның болашағына» қатысты бір нәрсеге назар аударуға тырысамын. Дәл қазір ресми түрде «халқының басым көпшілігі – ханафи мазхабты, матуриди ақидалы сүннит мұсылман» деп сипатталатын Қазақстан қоғамын ортағасырлық, жабайы діни айтыс-тартыс пен қантөгістен сақтап тұрған категория – осы елдің зайырлы, білімді, білікті, мәдениетті, академиялық рационализмге бейім азаматтары сияқты көрінеді. Нағыз басым көпшілік – осылар. Осы категория өкілдерінің бәрін секулярист, я атеист деп атауға да келмейді, арасында діндарлары да бар, бірақ олар – заманауи мемлекеттегі дін мен азаматтың қарым-қатынасын терең түсінген адамдар. Былайша айтқанда өзгенің діни сезімін сыйлайтын, кәсібіне адал, әдебиет пен өнерге, музыка мен спортқа, ғылым мен технологияға құмар, өмірге құштар жандар. Бұл категория көпшілік болып тұра берсе, Қазақстанның болашағына қатер төнбейді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Мадина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ
Ашық Алаң газетi


